Тақырып: Әлеуметтану әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесінде



бет1/40
Дата29.12.2021
өлшемі173,31 Kb.
#106416
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
Байланысты:
Әлеуметтану лекция
Әлеуметтану лекция, Математика 7

  1. ТАҚЫРЫП: Әлеуметтану әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесінде.

Жоспары.

1.Әлеуметтану ғылым ретінде



  1. Әлеуметтану пәнінің институционалдануы, негізгі категориялары.

  2. Әлеуметтану пәнінің өзге қоғамдық ғылымдармен байланысы.

  3. Қоғамның дамуы заңдылықтары.


1. Жоғары оқу орындарының оқу жоспарына әлеуметтану пәні дербес ғылым ретінде 90-жылдардың басында енгізілді. Әлеуметтануды оқып үйренудегі мақсат - өзімізге бейтаныс адамдар мен олар ұйымдасқан бірлестіктер арасындағы кұнде кездесетін әдетті қатынастарды жаңа тұрғыдан дұрыс түсіну, әлеуметтік мәселелерді зерттеуге деген ынта – жігерді арттыру.

Әлеуметтік білімнің негізгі қызметі-әлеуметтік құбылыстар мен проблемаларды дұрыс түсініп, олардың пайда болу, бой көрсету себептерін ашу, оларды шешудің әртүрлі жолдарын танып білу.

Бұл ғылымның «социология» деген атауы латын, грек сөздерінен құралған: «societas»-латын тілінде қоғам, «logos» грекше ілім, ұғым деген сөз. Демек социология қоғам туралы ілім деген мағынаны білдіреді. Бірақ қоғам басқа да ғылымдардың зерттеу обьектісі болып табылады. Сондықтан әлеуметтану – қоғам туралы ғылым деумен шектелсек, бұл ғылымның өзіне тән обьектісі мен пәнін ашып бере алмайды.

«Қоғам» деген термин әлеуметтануда адамдар арасында болып жатқан алуан түрлі қарым-қатынастардың күрделі жиынтығын білдіреді. Сондықтан, жалпы алғанда, қоғам барлық қоғамдық ғылымдардың зерттеу обьектісі бола отырып, сонымен қатар әрбір ғылым өзінің ерекше зерттеу объектісін бөліп алады. Экономика ғылымдарының объектісі-өндіріс, өндірістік қатынастар, тұтыну мәселелері. Экономика саласымен салыстырғанда, саясаттанудың өз ерекшелігі бар. Саясаттану саяси билік жұргізу мәселелерімен тікелей байланысты. Бұл политологияның, саяси ғылымдардың обьектісі. Қоғамның рухани өмірін, яғни рухани байлықты өндіру, тарату ісімен, адамдардың рухани қажеттерін өтеудің жолдарын, түрлері мен әдістерін зерттейтін мәдениеттану, педагогика, психология сияқты бірқатар ғылымдар бар. Міне бұдан көптеген қоғамдық ғылымдардың зерттейтін объектісі –тұтас қоғам емес, оның белгілі бір саласы ғана екенін түсіну қиын емес.

Демек әлеуметтану қоғамды тұтас қарастырмайды, тек сол қоғамның әлеуметтік өмірін ғана зерттейді. Яғни, адамдардың айтарлықтай кең қауымдастықтарының арасындағы (таптар, халықтар және басқа әлеуметтік топтар, ұлттар т.б.) және осы қауымдастықтардың өкілі ретінде көзге тұсетін жеке адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды қарастырады. Осы қатынастардың субъектілерінің ерекшеліктеріне сәйкес әлеуметтік қатынастар әлеуметтік топтар (топтар мен әлеуметтік таптар), әлеуметтік-демографиялық (ерлер, әйелдер, балалар, жастар, зейнеткерлер, отбасы мүшелері), әлеуметтік территориялық (қала, село тұрғындары), әлеуметтік-этникалық (ұлттық, халықтық топтар), әлеуметтік-кәсіптік (еңбек коллективтері, кәсіптік бірлестіктер), жеке адамдар арасындағы қатынастар болып бөлінеді. Сонымен, әлеуметтік өмірдің өзегі-адамдардың және олардың бірлестіктерінің іс-әрекеттер, өзара байланыстары. Осыған сәйкес әлеуметтану адамдардың өзара қарым-қатынасында білдіретін мінез-құлқы жайлы ғылым деуге де болады.

Әлеуметтану ғылымының ішкі логикасын, оның пәнін ашатын, әлеуметтік құбылыстар мен процестердің мәнін танып білудің тірегі-категориялар мен заңдары. Категориялар-әлеуметтік болмыстың мәнді жақтарын, қасиет – белгілерін, құрылымдық элементтерін бейнелендіретін негізгі ғылыми ұғымдар. Ал осылардың арасындағы ішкі және қажетті байланыстар мен қатынастарды бейнелендіретін ұғымдар – заңдар болып табылады.

Әлеуметтану ғылымының негізгі категориясы «әлеуметтік» ұғымы. Бұл ұғым «әлеуметтік жүйе», «әлеуметтік құрылыс», «әлеуметтік институт» т.б. көлемді ұғымдарды қамтиды. Бұлардың әрқайсысы өз алдына бірнеше маңызды категорияларға бөлінеді. Мәселен, «әлеуметтік топ» категориясы «тап», «әлеуметтік қабат», «халық», «отбасы» ұғымдарымен тікелей байланысты.

Әлеуметтану әлеуметтік болмысты, социумды зерттейтін ғылым болғандықтан, оның заңдары да әлеуметтік сипатта болады, яғни қоғамның, әлеуметтік қауымдастықтардың, топтармен жеке адамдардың іс-әрекеттері мен өзара байланыстарының заңы болып табылады. Әлеуметтік заңдар адамдардың және олардың топтарының мінез-құлқын реттейді, жеке адамдар мен олардың қоғамдастықтарының арасындағы қарым-қатынстарды анықтайды. Ол заңдар адамдардың және олардың бірлестіктерінің іс-әрекеттерінен көрініс береді. Әлеуметтік заңдарға, мысалы, әлеуметтік жіктелу, бірігу заңдары, әлеуметтік мобильдік (бір топтан басқасына өту) заңы, қоғамдық өмірдің интернационалдануы, жеке адамның әлеуметтенуі т.б. заңдар жатады. Олардың сипатына көрініс беруіне қарай динамикалық және статистикалық заңдарға бөлінеді. Динамикалық заңдар нақты жағдайда өз ретімен болатын оқиғалар арасындағы бір мәнді, қатаң байланысты көрсетеді., олардың бағытын, түрлері мен факторларын анықтап береді. Статистикалық заңдар әлеуметтік құбылыстарды қатаң қажеттілік тұрде айқындамай, белгілі бір ықтималдыққа жол береді, сөйтіп әлеуметтік өзгерістердің негізгі бағыты мен тенденциясын ғана көрсетеді.



2. Әлеуметтану білімінің мәні оның құрылымынан көрінеді. Алынған білім деңгейіне қарай әлеуметтану теориялық және эмпирикалық болып бөлінеді. Теориялық деңгейде әлеуметтік өмір саласында жинақталған нақты материялдардың терең талдануы жұргізіледі, оның даму тенденциялары анықталады, негізгі категориялар мен заңдарға талдау жасалынады. Эмпирикалық деңгейде бақылау, сауал жұргізу, құжаттарға талдау жасау, статистикалық мәліметтер негізінде эмпирикалық материал жинақталады, сондай-ақ алынған материалдың алғашқы өңделуі жұргізіледі.

Іргелі және қолданбалы әлеуметтанудың айырмашылықтары көрсетіледі. Алғашқысы теория мен методологияны жетілдірумен, екіншісі - әлеуметтік өмірдің құрылымының іс-тәжирибелік мәселелерін зерттеумен айналысады.

Әлеуметтану білімін сондай-ақ ұш деңгейге жіктеуге болады:

Біріншісі - жалпы теориялық әлеуметтану. Бұл біртұтас социумның өмір сүруі мен дамуының жалпы заңдылықтарын анықтауға бағытталған макросоциологиялық зерттеу болып табылады.

Екіншісі-әлеуметтік жүйенің жекелеген құрамдас бөлімдерінің әрекет етуі мен өзара байланыстарының заңдылықтарын зерттеуге бағытталған жалпылығы орташа социология.

Үшіншісі - микросоциология. Ол жекелеген адамдардың қимылы мен өзара қарым – қатынасын, мінез-құлқын бақылау арқылы әлеуметтік құбылыстар мен процестерді зерттейді.

Әлеуметтану білімінің құрылымы осындай. Әлеуметтану ғылымының мәні сондай-ақ оның қоғамда орындайтын қызметіне қарай анықталады.


  1. Теориялық-танымдық қызметі. Әлеуметтану қоғамының сондай-ақ оның жеке құрылымдарының қызметі мен даму заңдарын, оны жинаудың әдістерін, әлеуметтік фактілер туралы білімді анықтайды.

  2. Іс-тәжирибелік қызмет адамдардың әлеуметтік өмірін жетілдіру бойынша практикалық ұсыныстарды беретін қолданбалы әлеуметтанумен де тығыз байланысты.

  3. Дұниетанымдық қызмет. Бұл ғылым өз зерттеулері арқылы қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне қатысады, қоғамның ілгерілеуіне ықпал етеді.

  4. Сындық қызмет. Әлеуметтану Әлеуметтану теорияларына сын көзбен қарайды, тұлғаның қызығушылығы тарапынан танымдық дұниені бағалайды.

  5. Бағалау қызметі зерттелінуші әлеуметтік өмірге әлеуметтік бағдар жасаумен (қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді) байланысты.

3. Әлеуметтанудың ғылым ретіндегі ерекшелігі басқа қоғамдық ғылымдармен арақатынасын айқындаумен танылады. Әлеуметтану тұтас қоғамды ғана емес, сонымен бірге оның жеке бөлшектерін, бөлімдерін де зерттейтін ғылым. Қоғам - өте күрделі объект, бір ғана ғылымның аумағында зерттеу мүмкін емес. Тек қана бірнеше ғылымның жетістіктерін біріктіре отырып, күрделі құрылым, адамзат қоғамын толық және қарама-қайшылықсыз зерттеп, жүйелі баяндауға болады.

Әлеуметтану басқа пәндермен тығыз байланысты . Психология, әлеуметтік психология, саяси ғылымдар және этнография ғылымдар білімінің жүйесімен байланыста әлеуметтік білімді құрайды. Туыстас пәндер-бір-бірінен ұғымдар мен категорияларды алып пайдаланып, зерттеу нәтижелері, тәсілдері және теориялық жаңалықтарымен алмасады. Әлеуметтанушылар өз зерттеулерінде психология, экономика, социология т.б. қоғамдық пәндердің методтарын еркін қиыстырып пайдаланады.

Басқа ғылымдармен салыстырғанда әлеуметтану мәселеге жан-жақты кең көлемде қарайды. Ол бұқараның мінез-құлқын жүйелеп зерттеуге мүмкіндігі бар, сондықтан статистикаға жақындайды. Алайда оның адамның ішкі дұниесіне еніп, зерттеуге мүмкіндігі жоқ.

Қазіргі кезде ғылымдар арасында әлеуметтануды гумантитарлық ғылымдар жүйесіне ме, әлде әлеуметтанулық ғылымдар жүйесіне жатқызу керек пе деген сауалға ортақ пікір қалыптасқан жоқ. Бір жағынан әлуметтану, психология, әлеуметтік психология, экономика, саясаттану әлеуметтік ғылымдар жүйесіне кіреді. Олар бір-бірімен тығыз байланысып, тығыз ғылыми одақ құрады.

Гуманитарлық пәндер жүйесіне тарих, философия, әдебиеттану, мәдениеттану кіреді. Гуманитарлық ғылымдар қарапайым модельдерге бағалау пікірлерге, сапалы методтарға сұйенсе, әлеуметтік ғылымдар – формальды модельдерге, математикалық аппаратқа және сандық білімге арқа сұйейді. Екі ғылым арасындағы тағы бір айырмашылық гуманитарлық ғылымдар рух, мәдениет, құндылықтар әлемін зерттейді, ал әлеуметтік пәндер бұларды қарастырмайды.

Екінші жағынан, әлеуметтанудың философия, тарих мәдениеттанумен көп ұқсастығы бар. Мұндай жағдайды әлеуметтануды гуманитарлық ғылымдар жүйесіне жатқызуға болады.

Мұндай жағдайда әлеуметтануды екі статусты: әлеуметтік және гуманитарлық ғылым ретінде қарастыруға болады. Әлеуметтануды әлуметтік ғылым ретінде қарастырғанда үлкен әлеуметтік топтың өкілі ретінде адамдардың мінез-құлқы туралы, қоғамның құрылымы, қызмет етуінің обьективті заңдылықтарын оған кіретін әлеуметтік институттармен бірге статистикалық мағлұматтарға сұйене отырып зерттейтін ғылым деуге болады.

Әлеуметтану басқа ғылымдармен салыстырғанда кейін пайда болып басқа ғылымдардың ұғымдарын, нақты статистикалық нәтижелерін, таблицалық мәліметтерін, графиктері мен ұғымдық схемаларын, теориялық схемаларын қабылдап алды. Философиядан әлеуметтануға қоғам, адам, құндылықтар, индивид, прогресс, даму және бірнеше т.б. ал театр өмірі тарапынан «рөл», юриспруденциядан- «статус» ұғымдары енді. Әлеуметтану өз тарапынан әлеуметтендіру, девиантты, делингвентті мінез-құлық, интеракция сияқты ұғымдарын қосты. Экономистерден әлеуметтану: капитал, еңбек, еңбекті ұйымдастыру, ақша, рынок, бюджет, меншік, тауар т.б. терминдерді қабылдады. Сонымен әлеуметтану ғылымын қоғамдық ғылымдармен арақатынасын қысқаша қарастырып көрелік. Әлеуметтану мен әлеуметтік философияның арақатынасын қарастырғанда ең алдымен әлеуметтанудың философиялық ғылымдарға жатпайтынын, өйткені ол әлеуметтік философияға қарағанда жалпылығы әлдеқайда төмен заңдылықтарды қарастыратынын атап көрсеткен жөн. Олардың тығыз байланысын анықтайтын мәселе- екеуі де қоғамды жүйелі тұрде тұтас әлеуметтік организм түрінде қарастырады. Бірақ әлеуметтік философия қоғамды бүкіл дұние ғаламның ерекше, құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оны жалпы философиялық ұғымдардың,, категориялар мен заңдардың көмегімен түсіндіреді. Әлеуметтік философия қоғам дамуын жалпы философиялық заңдардың, яғни табиғат, қоғам және адам ойлауының ең жалпы заңдарының әлеуметтік көрінісі тұрғысынан зерттейді. Әлеуметтік философия әлеуметтанудың жалпы теориялық және методологиялық негізі болып табылады. Өйткені әлеуметтану қоғамдық өмірге нақтылы талдау жасағанда, әлеуметтік философияның категориялары мен заңдарын басшылыққа алады да оның қағидалары мен қорытындыларын анықтау, нақтылау арқылы өзінің өмір шындығымен, практикамен байланысын кеңейте, тереңдете тұседі.

Әлеуметтану мен тарих өзара бір-біріне әсерін тигізеді. Әлеуметтанулық қорытындылар тарихи тәжирибеге, фактілерге сұйенеді, сөйтіп оның табыстарына себепші болады, өмірден алшақтауына, шамадан тыс абстракциялық жалпылауларға жол бермейді. Әлеуметтанулық зерттеулер тарихшыларға тарихи процестерді терең талдауға көмектеседі. Осы екі ғылымның өзара байланысының кұшеюі тарих әлеуметтануының тууына алып келеді. Сонымен, әлеуметтік философиямен бірге социология да тарих ғылымы үшін жалпы теориялық және методологиялық негіз болып табылады. Саясаттану мен әлеуметтанудың тығыз байланысы мен өзара әсері саясат әлеуметтануы деп аталатын арнаулы әлеуметтанулық теорияның тууынан айқын көрінеді. Солай болғанымен бірақ бұлар өз алдына жеке ғылымдар. Әлеуметтану әлеуметтік болмысты, қоғамның әлеуметтік өмірін зерттейтін ғылым болса, ал политология қоғамның саяси болмысын, саяи өмірін зерттейді. Өздерінің пәні мен тәсіліне сәйкес бұлардың әрқайсысы біртұтас қоғамдық құбылыстарды өз тұрғысынан ерекше зерттейді. Әлеуметтану басқа да арнайы қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Мысалы, құқықтану ғылымын алайық. Әлеуметтану құқықты, құқықтық қатынастарды жеке-дара қарастырмай, бүкіл қоғамдық өмірдің бір бөлігі ретінде қарап, әлеуметтанулық заңдардың құқық саласындағы көріністерін қарастырады. Әлеуметтанудың алдына қоятын міндеті- құқыққа және оның әлеуметтік рөліне әлеуметтік факторлардың, қатынастар мен институттардың және әлуметтік ұйымдардың тигізетін әсерін анықтау.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет