12-ші лекция тақырыбы. Мәдениет әлеуметтануы.
Жоспары.
1. Мәдениетті әлеуметтанулық талдау. Мәдениеттің мәні. Мәдениет және әлеуметтану.
2. Мәдениеттің әртүрлі элементтерінің қызметтері: тіл, қатынас, құндылықтар, тәртіп және нормалар. Мәдениет пен идеологияның қарым- қатынасын әлеуметтанулық талдау.
3. Мәдениет түрлері: элитарлық, халықтық және бұқаралық. Субмәдениет және қарсы мәдениет ұғымдары. Қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін, дәстүрлі қазақ құндылықтарының өзгеруін әлеуметтанулық талдау.
«Мәдениет» атауы латын тілінде алғашында «топырақ өңдеу» дегенді білдіреді. Сөйтіп табиғи себептерден туған өзгерістерден өзгеше, адам әрекетінен табиғат обьектісінде болатын барлық өзгерістер мәдениет деп түсінілді. Кейіннен «мәдениет» сөзі адам жасағанның бәрін білдіретін жинақтаушы атауға айналды. Осы тұрғыда алғанда мәдениет адам жасаған «екінші табиғат», табиғатта жоқ, адамның саналы қызметімен жасалған бүкіл дұние ретінде қарастырылады. Мәдениет дегеніміз –белгілі бір адамдар тобы үшін ортақ мінез-құлық нормалары мен үлгілері, сенімдер мен адамгершілік құндылықтарының жиынтығы.
Адамдардың өзара байланыстарының өзгеруі олардың мәдениетіндегі өзгерісті де туғызады. Осы жөнінен алғанда адам мәдениетінің әлемі адамның аса мәнді қуатты кұштері қалыптасуының дамуы мен көрініс табуының, олардың табиғат пен қоғамда іс-жұзінде асырылуының аясы болып табылады.
Кұнделікті санада мәдениет ұғымы дербес адам, белгілі бір әлеуметтік тұтастық сипаттамасы үшін әдетте бағалаушылық қызмет атқарады. Ал мәдениеттің ғылыми ұғымына келетін болсақ, онда оны адамдардың жасампаздық қызметі нәтижесінде жасалған және жасалынатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы ретінде қарастырамыз. Рухани мәдениет - өркенді рухани құндылықтар жиынтығын, тиісті мәдени-ағарту мекемелерінің құндылықтары мен өзіндік өндірісін танытатын рухани өмір дамуының нәтижесі, адам шығармашылығының жемісі. Бұл ұғым жасалынған құндылықтарды ғана емес, сондай-ақ оларды өндіру, бөлу және тұтыну процесінің өзін де қамтиды.
Әлеуметтануда мәдениет деп заттар қатынасы емес және әлеуметтік ұйымдасу жүйесіндегі рөлдер қатынасы емес және қоғам дамуының жеке тұлғалары мен субьектілері түріндегі адамдар, олардың өздерінің қатынастары түсініледі. Рухани мәдениет аса күрделі де өзіндік ерекшеліктері бар қоғамдық құбылыс.
Адам мәдениетінің көрінісі әлеуметтану тұрғысынан ұш негізгі белгімен анықталады. Біріншісі-адамның қоршаған табиғатқа қатынасы. Қазіргі жағдайда мәдениет пен жеке адам, мәдениет пен қоғам адам тұрған ортасына тұзетуге келмейтін зардаптарды болдырмайтын жауапкершілікпен қатынасуға тиіс хал-ахуалдың сана деңгейімен өлшенеді. Адам қоғамы мәденеиеті – қоғамның табиғатпен өзара байланыстарының ең алуан түрлі аяларынан, өндірісте демалыста, тұрмыста көрінетін ұйлесімдікте. Екіншіден, мәдениет-адамның басқа адаммен қатынасы. Адмадар, мемлекеттер этникалық топтар арасындағы қатынастар мәдениетінің дәрежесі, ұжымдағы, кұнделікті тұрмыстағы, отбасындағы өзара қатынасының мәдени ахуалы адамдардың өзара байланысы фактісін жете түсіну дәрежесіне тәуелді. Үшіншіден, мәдениет- адамның өзіне өзінің қатынасы.
Мәдениет өз бойына материалдық және рухани өндіріс нәтижелерін бейнелендіріп сіңіреді. Сондықтан осыған сәйкес мәдениетті материалдық және рухани деп негізгі екі салаға бөледі. Осылайша бөле отырып, мәдениет біртұтас жүйе, оның барлық элементтері өзара байланысты екенін ұмытуға болмайды. Әрине мәдениеттің рухани және материалдық салаларға бөлінуі олардың әрқайсысы қоғамдық қатынастар дамуында өзіндік өзгешелігі болатындығымен және ерекше рөл атқаратындығымен өз ақтауын табады.
Материалдық мәдениет материалдық қызметінің барлық саласын қамтиды және оның нәтижелері (еңбек құралдары, тұрғын ұй, көлік құралдары) адам идеяларының материалдандырылуы, білімнің заттандырылуы болып табылады. Қоршаған ортаны қайта құрумен байланысты материалдық мәдениет ұғымы, біріншіден, өндірістің матриалдық ортасын мақсатқа сай қалыптастыруды, екіншіден, тұрмыстың материалдық ортасын өзгертуді және, үшіншіден, адам организм дамуының әлеуметтік ортасын өзгертуді білдіреді.
Рухани мәдениет ұғымы қоғамдық сананың барлық формалары мен деңгейлерін, білім мен тәрбие жүйелерін, мәдениет мекемелері жүйелерін қамтитын күрделі де көпжақты құрылым. Таным мен білім берудің барлық түрлері, әдебиеттің, өнердің, философияның, діннің, ғылымның барлық формалары мен түрлері осыған жатады. Демократиялық қоғам орнатып жатқан қазіргі жағдайда рухани мәдениет Жан-жақты кемелденген және әлеуметтік белсенділігі зор жеке адамды қалыптастыруда зор рөл атқарады. Егер қоғамның рухани өмірі адамдардың рухани қызметінде болатын қоғам өмірінің біршама дербес саласы, ол қоғамдық сананы өндірумен, таратумен және қоғам мүшелерінің рухани сүраныстарын қанағаттандырумен байланысты десек, ал рухани мәдениет адамдардың шығармашылық қызметі нәтижесінде жасалған және жасалынатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы.
Әлеуметтануда әлеуметтік қатынастарда заттарды, идеяларды, құндылықты түсініктерді жасауға, игеруге, сақтау мен таратуға бағытталған, алуан түрлі әлеуметтік ситуацияларда адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін әлеуметтік табиғаты бар мәдениет күрделі динамикалық құрылым ретінде қарастырылады.
Әрбір нақтылы қауымдастық (өркениет, мемлекет, халық) көптеген ғасырлар бойы өзінің таңғажайып алып мәдениетін жасайды, бұл мәдениет индивидті оның бүкіл өмірі бойына жетелейді де ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Нәтижесінде тарихи процесте мәдениеттер көптігі туады. Әлеуметтанушылар алдында адамзат мәденитінде ортақ әмбебап негіздер бар ма? деген сүрақ туындайды. Американ әлеуметтанушысы Джордж Мордок барлық қоғамдарға тән алпыстан аса мәдени әмбебаптарды (ортақ негіздері): тілді, дінді, шартты таңбаларды, еңбек құралдарын жасауды, сексуалды шектеулерді, денені сәндендіретін бұйымдарды т.т. бөліп көрсетті. Бұл әмбебаптар неғұрлым маңызды биологиялық, психологиялық, және әлеуметтік қажеттіктерді қанағаттандыратындықтан өмір сүреді.
Адамдардың бөтен мәдениетті қадірлеуі социологияның маңызды проблемасы болып табылады. Адамдар көбінесе басқа мәденеттерді өз мәдениетінің келбеті арқылы бағалауға бейім. Мұндай бағамдау этноцентризм деп аталады. Этноцентризм сондайлық көп тараған құбылыс. Кез келген миссионерлік қызмет мәселен, өз дінін өзіне бағынышты елдерге мойындату этноцентризмнің айқын бір көрінісі болып табылады.
2. Мәдениеттің негізгі элементтеріне ең алдымен тіл жатады. Ол-адамзат тәжирибесін сақтау мен болашақ ұрпаққа берудің обьективтік формасы. Демек, тіл адамдардың қатынас құралы, ойлаудың тікелей шындығы бола отырып, олар туралы мәлімет берудің құралы болып табылады.
Белгілі бір халықтың дұниені қабылдауына тән ұғымдар, ұғымдар жүйесі тіл арқылы бейнеленеді, ол –кез - келген мәдениеттің алғашқы негізі. Барлық халықтар дұниені өзінше, ерекше тұрде меңгереді, оның ұсақ-тұйектеріне дейін ойлайды.
Тіл мәдениеті тіркеуде де маңызды рөл атқарады. Олай болатыны мәдениет дене қимылымен, әдет-ғұрыппен, ыммен, бимен т.т. тарайды. Заттарда және басқа формаларда өмірден өткен ұрпақтар ой құрылысын, өз қабілеттері мен дағдыларын қазіргі заманға жеткізеді. Бірақ мәдениетті жеткізудің ең сиымды да тиімді, дәлме-дәл жолы болып табылатын тілге ештеңе де келмейді.
Қазіргі жағдайда қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатын Қазақстанда барлық азаматтар тегіне, тіліне және басқа да жағдайларына қарамастан заң алдында тең, сондай-ақ тілдер теңдігіне де кепілдік берілген. Мемлекеттік тілмен қатар қолданылатын орыс тілі елімізде ресми тіл болып табылады. Тіл проблемасның бұлайша өз шешімін табуы мәдениетіміз дамуына септігін тигізетіні даусыз. Республикамызда қазақ тілі шынайы өзінің мемлекеттік деңгейіне жетуі үшін алдымен оған қазақ жастары патриоттық, отаншылдық танытуы қажет.
Екіншіден, ұлттық мәдениетті және кез келген басқа мәдениеттің негізгі элементтеріне сенім мен білім жатады. Сенімде адамдардың шынайы бейімділігі, кұнделікті қызметінде нені басшылыққа алатындығы айқындалады да, ол мінез-құлық үлгілерінен, нормалары мен дағдыларынан т.т. көрініс табады. Сенімдер табиғи обьектілерімен және әлеуметтік жағдайлармен байланысты болады да, өз бойында белгілі бір ғылыми және дағдылы мәліметтер мен ақпарат енгізеді.
Үшіншіден, мәдениеттің құндылық-танымдық жүйесі оның маңызды компоненті (құрамды бөлігі) болып алады. Құндылық дегеніміз-бұл белгілі бір қоғамдық заттың, құбылыстың қажеттілігі, ынтаны, мұддені қанағаттандыру қасиеті. Құндылықтар әлеуметтік субьекті өз қажеттерін саналы тұрде сезінуі нәтижесінде, қоршаған ортамен олардың сәйкестігінде, демек, бағалау актісінде жүзеге асатын құндылық қатынасы нәтижесінде қалыптасады.
Төртіншіден, мәдениеттің жинақталған, синтетикалық түрі, формасы мінез-құлық үлгілері: ырымдар, әдет-ғұрыптар, дәстүрлер болып табылады. Ырымдар дегеніміз-өз бойына қандайда әлеуметтік идеяларды, түсініктерді, нормалар мен құндылықтарды топтастырған және белгілі бір ұжымдық сезімдерді оятатын ұжымдық әрекеттердің символикалық өлешемдерінің жиынтығы. Ырымдар кұші оның адамға эмоционалдық-психологиялық әсер етуінде. Әдет-ғұрыпқа өткеннен қабылданған ережелер соңынан қалтықсыз еру де жатады. Алуан түрлі ырымдар, мейрамдар және басқалар әдет-ғұрыптар рөлінде көріне алады. Әдет-ғұрып – мінез-құлықтың еш жерде жазылмаған ережелері.
Дәстүрлер-ұрпақтан ұрпаққа берілетін және белгілі бір қауымдастықта, әлеуметтік топта ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік және мәдени мұра элементтері. Дәстүрлер барлық әлеуметтік жүйелерде қызмет атқарады және олардың өмірлік қызметінің қажетті шарты болып табылады. Дәстұрге ұқыпсыз қарау қоғам мен мәдениеттегі сабақтастықты бұзуға, адамзаттың құндылықты жетістіктерін жоғалтуға келтіреді. Ал дәстүр алдында көз жұмып бас ию қоғамдық өмірдегі керітартпалық пен тоқырауды тудырады.
Бұл сипаттамалар бір халықтың, бір ұлттың, алуан түрлі ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың, әлеуметтік топтардың және сондайлардың мәдениетіне ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттық мәдениетке де қатынасты болып келеді. Алайда мәдениет белгілі бір нақтылы формалардағы алуан түрлі деңгейлерде қоғамдық өзара байланстарда қызмет етеді. Мәдениет болмысының осы нақты формасын бейнелеу үшін әлеуметтануда өзіндік мәдениет ұғымы пайдаланады. Өзіндік мәдениет-қандай да бір қауымдастықты немесе белгілі бір әлеуметтік топты ажырататын символдар, сенімдер, құндылықтар нормалар, мінез-құлық үлгілері жиынтығы. Әрбір қауымдастық өзіндік мәдениетін жасайды. Өзіндік мәдениет жалпыадамзаттық мәдениетті жоққа шығармайды, қайта сонымен бір мезгілде оның өз айырмашылықтары болады. Бұл айырмашылықтар қандай да бір қауымдастықтардың өмірлік қызметінің ерекшеліктерімен байланысты.
Сонымен әлеуметтану үшін өзіндік мәдениеттер араласа ма, қатар өмір сүре ме және бір-біріне шыдамдылқпен қатыса ма немесе мәдени жанжалдар орын ала ма дегенді маңызды деп айқындауға болады. Осы мемлекеттің экономикасының жай-кұйі, әлеуметтік – саяси ахуалы және кұллі әл-ауқаты дұрыс мәдениет саясатына тәуелді.
Әрбір мәдениеттің өзіндік ерекшеліктері, белгілері болады, оларды мәдениеттің элементтері деп атайды. Рухани мәдениеттің базистік элементтеріне әдет-ғұрыптар, адамгершілік, заңдар, құндылықтар жатады.
Әлеуметтанушылар мәдениет дамуының бірнеше негізгі заңдылықтарын атап көрсетеді:
- мәдениеттің типі қоғам өмірінің табиғи және қолдан жасалған жағдайына және оның өзгеруіне, олардың кері ықпалына тәуелді;
- мәдениет дамуы уақыт пен кеңістікте, жағымды және жағымсыз жағдайда сабақтастығын табады;
- мәдениеттің әркелкі дамуы, бұл екі мәселеден көрінеді: а) мәдениеттің гүлденуі мен құлдырауы қоғамдық өмірдің басқа салаларының гұлденуі мен құлдырауының дәуіріне сәйкес келмейді, мысалы, экономикада; б) мәдениеттің өз түрлері де біркелкі дамымайды.
Егерде шынайы және бұқаралық мәдениет өздерінің мақсаттары мен құндылықтары жағынан айырмашылықтары болса, үстемдік етуші мәдениетке орай суб-және контрмәдениеттер, яғни әр түрлі әлеуметтік топтардың: жастардың, кәсіби, аймақтық топтардың, т.с.с. мәдениеті айырықшыланады. Бұларды, басқаша сөзбен айтқанда, жарым-жарты мәдениеттер немесе мәдениет ішіндегі «мәдениет» деп атайды.
Әлеуметтанушылар кейінгі жылдары жастар мәдениетіне көп көңіл аударып жұр. Ол түснінікті де. Өйткені ұзақ жылдар бойы әлеуьеттік біркелкілікке жетекші болған социалистік қоғамда жастарда ерекшелікті құндылықтар болған емес және болмайды да деп есептелді. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік, әдептенген мінез-құлық формаларының көрінуі аномалия, әлеуметтік ауытқушылық, Батысқа еліктеушілік деп бағаланды.
Шығарма мазмұнының ұлттық сипаты мына негізгі факторларға:
- мәдени құндылықты жасаушының өз шығармаларында осы халық үшін, сол ұлт үшін аса маңызды көкейкесті мәселелерді көтере білу қабілетіне байланысты;
- ұлттық мәдениет дәстүрін, соның ішінде халықтық этиканы, педагогиканы, медицинаны, дінді, өнерді шебер қолдана білуіне байланысты;
- қоғамдық ғылымдар, философия, мораль, теология жөнінде жазылған еңбектерде, көркем шығармаларда ұлттық психологияның ерекшеліктері, яғни ұлттық мінез-құлық, ұлттық сезім, ұлттық қарым-қатынас және т.с.с. терең ашылумен байланысты;
- өмірде бар ұлттық мектептер мен мәдениеттегі бағыттарға арқа сүйеуге байланысты.
Сөйтіп, мәдениетті әлеуметтану тұрғысынан зерттеу адамның ішкі дұниесін, оның тұлғалық өзегін зерттеуге сөзсіз итермелейді. Бұдан тыс мәдениет өмір сүре алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |