Философияның негізгі сұрағының гносеологиялық жағына қатысты екі бағыт туындайды: Сенсуализм– (латынның «sensus» - сезім) – таным көзі және ақиқат өлшемі – сезімдер (түйсіктер) екені мойындалатын философиялық ағым.
Эмипиризм («эмпирио»-«сезімдік тәжірибе»)-біліміздің қайнар көзі – сезімдік тәжірибе деп түсінетін философиялық бағыт. Рационализмнің (латынның ratio-«ақыл» сөзінен) негізін қалаушы Р. Декарт деп саналады. Рационализмнің басты идеясы – ақиқат білім тек ақылдан, тікелей ақылдан алынады және сезім мен тәжірибеге тәуелсіз.
Философияның даму тарихында философиялық зерттеулердің іске асуына құрал ретінде пайдалынылған және пайдаланылатын әдістер: Диалектика– заттар мен құбылыстардың ішкі қайшылықтарын, олардың өзгеру, даму ерекшеліктерін, себеп – салдарлық байланыстарын, қарама – қарсылықтардың бірлігі мен күресін ескере отырып, қарастыратын зерттеу әдісі. Метафизика – диалектикаға қарама – қарсы әдіс. Догматизм – қоршаған дүниені догматтар шеңберінде – «жоғарыдан берілген», абсолютті дәлелдеуді қажет етпейтін мызғымас сенімдер, көзқарастар тұрғысынан ғана қарастыратын және қабылдайтын ойлау әдісі. Эклектика– біртұтас творчествоға енбейтін түрлі, еркінше алынған фактілерді, ұғымдарды, концепцияларды біріктіру нәтижесінде сырт қарағанда шын көрінгенмен үстірт, ақиқаттан алыс жатқан тұжырымдар жасау. Софистика – ақиқат болмаса да ұтымды құрастырылған жалған алғышарттардан жаңа, логикалық тұрғыдан дұрыс, бірақ мағынасы жалған ойқорытынды жасау әдісі. Герменевтика – мәтіндер мағынасын дұрыс оқу және түсіндіру әдісі. Герменевтика батыстық философияда кең таралған. Философиялық ілімдерді бастапқы негіздерінің саны бойынша классификациялау нәтижесінде: Монизм– болмыста бір ғана бастапқы негіздің болуы мойындалатын философиялық ілім. Плюрализм– болмыста екіден көп бастапқы негіздердің болуы мойындалатын философиялық ілім.