Адамның жеке басының бостандығына деген құқығы азаматтардың конституциялық құқығы болып табылады және оған қол сұғу ҚК 126-бабында көзделген қылмыстың құрамын құрайды.
Аталған қылмыс адамның жеке басының бостандығына қол сұғады (негізгі тікелей объект). Жекелеген жағдайларда адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қосымша объекті ретінде орын алуы мүмкін.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамын және ҚК 125-бабында көзделген қылмыс құрамдарын ажырату үшін, заң мәтінінде адамды оны ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыру барысында қылмыс ҚК 126-бабы бойынша сараланатындығы көрсетілгендігін басшылыққа алу қажет. Олай болса, адамды бас бостандығынан заңсыз айырудың адамды ұрлаудан басты айырмашылығы, ол жәбірленушіні оның еркіне қарсы басқа жерге орын ауыстырусыз жасалады. Сондықтан белгілі бір орында өз еркімен жүрген адамды (мысалы, маусымдық жұмысты атқарып жүрген жұмысшыны келісім-шарт аяқталғаннан кейін жібермеу) одан кейін заңсыз ұстау бас бостандығынан заңсыз айыру ретінде қарастырылып, ҚК 126-бабы бойынша саралануы тиіс. Адасып кеткен бөтен баланы оның еркіне қарсы ұстап отыру да бас бостандығынан айыру болып табылады. Сонымен бірге, ата-аналардың өздерінің кәмелетке толмаған балаларына қатысты тәрбиелік-мәжбүрлеу шаралары ретінде жүзеге асыруы қылмыстық жауаптылық туындатпайды.
Объективтік жағына қатысты алғанда, бас бостандығынан заңсыз айыру тұлғаны белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстауды және оны сол жерде белгілі бір уақыт бойына жібермей ұстап отыруды білдіреді. Психикалық немесе тәндік тұрғыдағы күш қолданулар, уәде етулер, алдау, жүріс-тұрыс бостандықтарын шектеу және т.б. бас бостандығынан заңсыз айырудың тәсілдері болуы мүмкін. Іс-әрекетті саралау барысында бас бостандығынан айырудың тәсілі тек қылмыстар жиынтығы орын алған реттерде (мысалы, бас бостандығынан заңсыз айырылған адамды ұстау жағдайлары оның денсаулығына әдейі зиян келтірумен байланысты болады) немесе әңгіме өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану не қару қолдану туралы болғанда ғана маңызға ие болады.
Қалған реттерде, қылмысты жасаудың тәсілдері жауаптылық пен жазаны дербестеу барысында маңызға ие болады.
Қарастырылып отырған баптың дәлме-дәл мазмұнына сәйкес бұл ретте әңгіме тек жүріс-тұрыстың бостандығын белгілі бір түрде шектеу туралы болып отырған жоқ (мысалы, телефонға жақындауға тыйым салу), бұл жағдайда қандай да болмасын үй-жайда немесе қорғауға алынған орында ұстап, оқшаулау жолымен бас бостандығынан айыру туралы айтылып отыр.
Тұлғаны нақты оқшаулаған сәттен бас бостандығынан заңсыз айыру аяқталған қылмыс деп саналады. Дегенмен жәбірленушінің өз еркімен жүріп-тұру мүмкіндігін болмашы уақытқа ғана шектеу, маңызы шамалы болғандықтан ҚК 10-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Егер бас бостандығынан заңсыз айырумен байланысты іс-әрекеттер адамды кепілге алу болатын болса, онда ол ҚК 126-бабына сілтеме жасалмай сараланады.
Субъективтік жағынан бас бостандығынан заңсыз айыру тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі тұлға өзге адамның еркіне қарсы заңсыз оны еркін жүріп-тұру мүмкіндігінен айыратындығын сезінеді және осыны тілейді. Бас бостандығынан заңсыз айырудың мотивтері әртүрлі болуы мүмкін: бұзақылық ниет, кек алу, қызғаныш, жәбірленушіні іскерлік келіссөздерге, кездесулерге қатысу мүмкіндігінен айыруды тілеу және басқа. 16 жасқа толған, есі дұрыс, жеке тұлға оның субъектісі болады. Егер іс-әрекет лауазымдық өкілеттіктерді пайдаланумен байланысты болатын болса, істің нақты мән-жайларына тәуелді түрде лауазымдық қылмыс үшін жауаптылық туындайды.
ҚК 126-бабының 1,2-бөліктерінде бас бостандығынан заңсыз айырудың ауырлатылған және ерекше белгілері бекітілген. Олар ҚК 125-бабында көзделген белгілерге толықтай сәйкес келеді деп айтуға болады. Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру басқа қылмыстармен бір уақытта немесе солармен байланысты жасалған жағдайда онда іс-әрекет қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.