Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар



бет1/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт


Тақырып 1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар (өмірге қарсы қылмыстар)

  1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі, маңызы және жүйесі

  2. Қылмысты саралау және оның маңызы

  3. Жеке адамға қарсы қылмыстар (өмірге қарсы қылмыстар)

Дәрістің мақсаты:
- қылмыстық құқықтың ерекше бөлімінің маңызын, мәнісін оның қылмыстық құқықтық саясатты жүзеге асырудағы рөлін айқындап, қарастыру;
- қылмысты саралаудағы қылмыстық құқықтың ерекше бөлігі нормаларының маңызын айқындау, қылмысты дұрыс саралаудың заңдылық, әділеттілік қағидаларының жүзеге асуына ықпалын қарастыру;
- жеке адамға (өмірге қарсы) қылмыстардың құрамдарын талдау.

  1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі, маңызы және жүйесі

Қылмыстық заңнама құқықтық органдар солардың көмегі арқылы қылмыстылықпен күрес жүргізетін құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады. Алайда қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормалары қылмыстық заңнаманың міндеттерін, қылмыстық жауаптылықтың негіздемесі мен қағидаттарын бекітіп, бірқатар негізгі институттарды (қылмыстық заңның уақытта және кеңістікте әрекет етуі, аяқталмаған қылмыс, қылмысқа сыбайлас қатысу, жаза және т.б.) айқындайтын болса, Ерекше бөлімнің міндеті, заңмен қорғалатын әлеуметтік құндылықтарға айтарлықтай зиян келтіретін қоғамдық қауіпті әрекеттердің шеңберін қылмыс ретінде бекітіп және олар үшін тағайындалатын нақты жазаларды айқын көрсету болып табылады.
Олай болса, қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қауіпті болып табылатын, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланатын іс-әрекеттердің шеңбері мен заңи белгілерін, сондай-ақ оларды жасағаны үшін қолданылатын нақты жазаларды бекітетін қылмыстық құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі оның Жалпы бөлімімен органикалық, ажырамас байланыста және олар біріккен түрде тұтас күйіндегі қазақстандық қылмыстық заңнаманы құрайды. Олардың нақ осы бірлігінде қылмыстық заңнама (Қылмыстық кодекс) өз міндеттерін – адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, меншікті, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігін қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауды қаматамасыз етуге және қылмыстардың алдын алуға қабілетті болады. Бейнелей айтқанда, қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімі Ерекше бөлімсіз маңызды бола тұрса да, өздігінен қолданыла алмайтын және қылмыстылықпен күресу үшін қауқарсыз декларация болып қалады, ал Ерекше бөлім – осы мақсат үшін тиімді болып табылатын құқықтық құралдар болғанымен, оларды қолдану бойынша тиісті инструкция тіркелемеген және сол себепті де ол құралдарды тиісті деңгейде қалай қолдану қажет екендігі белгісіз болар еді.
Былайша айтқанда, әңгіме анықтаушы, тергеуші, прокурор және сот ҚК Ерекше бөлімінің нормаларын тек Жалпы бөлімнің нормалары мен ережелерін пайдалану және сақтау негізінде ғана қолдана алатындығы туралы болып отыр. Екінші жағынан, ҚК Жалпы бөлімінде тұжырымдалған қылмыстық құқықтық нормалар Ерекше бөлімнің нормативтік ережелері арқылы ғана жүзеге аса алатындығын айту қажет.
Мәселен, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы адам өлтіруге оқталу бойынша қылмыстық істі тергеу барысында, тергеуші ҚК Ерекше бөліміндегі адам өлтіру туралы бапқа ғана жүгініп қоймайды сонымен бірге жалпы бөлімнің 15,20,24,29,31-баптарын пайдалануға да мәжбүр болады, ал сот ҚК Жалпы бөлімінің Жаза (3), Жаза тағайындау (4) деп аталатын бөлімдерін пайдаланады.
Басқаша айтар болсақ, мынадай қылмыстық жауаптылықтың негізі (ҚР ҚК 4 б.), қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар (ҚР ҚК 15 б.), кінә және оның нысандары (ҚР ҚК 19-22 бб.) тәрізді маңызды мәселелерді анықтап алмай, қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын дұрыс қолдану мүмкін болмайды.
Сонымен қатар ҚК Ерекше бөлімінде қылмыстың нақты құрамдарының белгілерін бекітетін нормалардан бөлек бірқатар баптардың ескертулерінде қылмыс жасаған тұлғаларды олардың шын өкінуіне немесе заңда бекітілген өзге де жағдайларға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды бекітетін нормативтік ережелер бар екендігін айту қажет және оларды ынталандырушы нормалар деп атау қалыптасқан. Ондай ережелер ҚК 118, 218, 255, 258, 261, 262, 287, 367, 375, 387, 430, 434 баптарында көрсетілген.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі де Жалпы бөлім сияқты белгілі бір өзгерістерге ұшырайды. Бұл көп жағдайларда қоғамдық қатынастардың өзгерістерге ұшырауына, саяси, экономикалық алғышарттарға сондай-ақ, елдегі өнегелік пен қылмыстылықтың деңгейіне байланысты. ҚК Ерекше бөлігі нормаларын өзгерту олардың қатарына қылмыстардың жаңа құрамын енгізу (криминализациялау) және қоғамдық қауіптілігі жойылған іс-әрекеттер үшін жауаптылықты тоқтату (декриминализациялау), ақыр аяғында Жалпы бөлімнің нормаларына өзгерістер енгізуге себеп болатын жағдайлар, яғни заңшығарушының қалыптасқан және даму үстіндегі әлеуметтік жағдайлардың барысында жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүддделерін қорғау үшін қылмыстық заңнаманы барынша тиімді қолдануға тырысуы болып табылады.
Сонымен бірге, қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі Жалпы бөліммен салыстырғанда өзегерістер мен толықтыруларға жиі ұшырайтындығын атап көрсету қажет. Ішкі және сыртқы саяси жағдайлардың, қоғам өмірінің экономикалық және өзге де өрістерінің өзгерістерге ұшырауы жаңаша баға беруді талап етеді. Бұл ең алдымен, ҚК Ерекше бөлімінде бекітілген қылмыстық құқықтық тыйым салулардың мазмұнына қатысты болады. Еліміздің саяси бағытының өзгеруі және экономикалық қайта құрулар, 1995 жылы еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануы 1998 жылдың 1 қаңтарына бастап күшіне енген ҚК қабылдануына себепкер болған болатын. Содан кейін 1999-2013 жылдар аралығында ҚК Ерекше бөлімі көптеген өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Қылмыстық кодекстің көптеген өзгерістерге ұшырауы жаңа қылмыстық заңнама қабылдауға деген қажеттілікті пайда қылды. Қазіргі қолданыстағы ҚК 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енді.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің маңызы ең алдымен мынада онда барынша толық nullum crimen sine lege (заңда көрсетілмесе қылмыс болмайды) қағидасына сәйкесті түрде жеке адамның, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне қол сұғатын қылмыс ретінде бағаланатын қоғамдық қауіпті іс-әрекеттер айқындалады және сипатталып жазылады. Осылайша, тек қылмыстық заңнаманың Ерекше бөлімінің нормаларын талдау ғана тұлғаның қылмыстық жауаптылыққа жататын іс-әрекетті жасағандығы және оның әрекетінде нақты қандай қылмыс құрамы бар екендігі туралы сұраққа жауап береді. Басқаша айтқанда, қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің нормалары көмегімен мемлекетпен өкілеттік берілген құқық қолдану субъектісі (анықтаушы, тергеуші, прокурор, сот) жеке алғандағы іс-әрекетте нақты қылмыс құрамы бар ма, егер бар болса нақты қандай қылмыс құрамы бар екендігін анықтайды, яғни іс-әрекетке қылмыстық құқықтық баға береді.
ҚК Ерекше бөлімінде қарастырылған қылмыс құрамдарынан басқа қылмыстық жауаптылыққа тартудың ешқандай басқа негізі болмайды. Тұлғаның бұрынғы қылмыстық әрекеті де, нақты адамның қоғамға жат көзқарасы да, оған тән болатын дөрекілік пен қатігездік де өздігінен оған қарсы қылмыстық құқықтық шара қабылдауға негіз болып табылмайды. ҚК Ерекше бөлімінде нақты тыйым салынған қоғамдық қауіпті іс-әрекет – қылмыста көрініс тапқан жағдайда ғана, олардың жасаған іс-әрекетінің ауырлығына сәйкес келетін қылмыстық жауаптылық шараларын қолданудың шарты болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйесі белгілі бір қылмыстар үшін жауаптылықты айқындайтын нормалардың ғылыми негізді түрде топтарға бөлінуі. Топтарға бөліну қылмыстың топтық және тікелей объектілеріне тәуелді түрде жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, Ерекше бөлімнің нормалары Кодексте қалай болса солай емес, белгілі бір қатаң тәртіппен орналасады және өзіндік жүйе құрайды.
Қылмыстың топтық және түрлік объектілері, яғни біртектес қоғамдық қатынастардың тобы Ерекше бөлімнің жүйесін құрастырудың негізі болып табылады. Қылмыстардың топтық (тектік) объектілері көп реттерде Ерекше бөлім тарауларының атауына сәйкес келеді.
Қолданыстағы ҚК Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастардың (игіліктердің, құндылықтардың, мүдделердің) маңыздылығын басшылыққа алады. ҚР 2014 жылы қабылданған ҚК Ерекше бөлімі «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (99-131 бб.), «Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (132-144 бб.), «Адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (145-159 бб.), «Бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қалмыстар» (160-174 бб), «Мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (175-204 бб.), «Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (205-213 бб.), «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (214-249 бб.), «Коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (250-254 бб.), «Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (255-295 бб.), «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (296-316 бб.), «Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар» (317-323 бб.), «Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар» (324-343 бб.), «Көліктегі қылмыстық құқық бұзушылықтар» (344-360 бб.), «Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар» (361-371), «Басқару тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (372-406 бб.), «Сот төрелігіне және жазалардың рындалу тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» (407-436 бб.), «Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар» (437-466 бб.) деген атауларға ие болған барлығы 18-тараудан тұрады.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет