2.1 Екі немесе одан да көп адамды өлтіру (ҚР ҚК 99 б. 2 б. «1» тармағы) Сот тәжірибелеріне жүгінер болсақ, егер кінәлі адамның әрекеттері бір ниетпен қамтылып және бір уақытта жасалған болса екі немесе одан да көп адамды өлтіру деп сараланатындығына көз жеткізуге болады. Осылайша, екі немесе одан да көп адамды өлтіру бір қылмыс болып саналады.
ҚР ҚК 99 б. 2 б. 1 тармағымен сараланған қылмыстарды сипаттау барысында құқықтық әдебиеттерде әділетті түрде қылмыстың субъективтік жағына (ниеттің бағытталуы және оның бірлігі) екпін беріледі. Ниеттің бірлігі ғана қылмысты бір қылмыс ретінде сипаттауға негіз береді.
Дегенмен ниеттің бірлігін мақсаттың бірлігімен шатастыруға болмайды. Қасақаналық ниет кінәнің бір нысаны ретінде кінәлі адамның өзінің жасаған әрекетіне деген психикалық қатынасымен сипатталады және қылмыстық іс-әрекетін жүзеге асырған сәттен пайда болады, яғни («ниеттің анықталуы», дәлірек айтқанда «мақсаттың анықталуы» деп аталатын) мақсаттың пайда болуының сәтінен емес, оны жүзеге асырудың басталған сәтінен (нақты бір тұлғаны өлтіруге дайындық әрекеттерін жүзеге асырудан) басталады. Дәл осы сәттен бастап қасақаналық ниет пайда болады.
Екі немесе одан да көп адамды өлтіруге деген бірегей мақсат оны жүзеге асыраудан көп бұрын пайда болып және бір қасақаналық ниетпен қамтылмауы ды мүмкін. Мысалы, кінәлі адам өзінің жасаған қылмысына куә болған әртүрлі қалаларда (аймақтарда, елдерде) тұратын барлық адамдарды өлтіру мақсатын қояды. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін ол бір қалаға келіп куәлардың біреуін өлтіруге дайындығын бастайды (мән-жайды, жәбірленушінің жүріп-тұратын бағытын, оның өмір салтын, жұмыс кестесін зерттейді, адам өлтіруге арналған қару және құралдарды алады). Осы сәттен бастап кінәлі адам өзінің мақсатын жүзеге асыра бастайды және оның ойында нақты адам өлтіру туралы қасақаналық ниет пайда болады.
Бірінші нақты жәбірленушіні (куәні) өлтіргеннен кейін қылмыстың өге де куәларын өлтіру мақсаты кінәлі адамда сақталады. Бірақ екінші (үшінші және б.) адамды өлтіруге деген ниет келесі адамды өлтіруге қатысты нақты дайындық әрекеттерін жасай бастаған сәттен пайда болады тиісінше екінші үшінші және б.) жәбірленушіні өлтіру үшін кінәлі адамның оны дайындау немесе жасау жеріне келгеннен кейін.
Кінәлі тұлғаның адам өлтірулерді жасау арасындағы уақыт кезіндегі жүріс-тұрыстарын (уақыт өткізуі: бір жерлерге баруы, тамақ ішуі, ұйықтауы, өзге адамдармен қатынас жасауы және т.б.) нақты адам өлтіруге дайындық ретінде қарастырудың жөні болмайды.
Осыған орай, жекелеген ғалымдармен адам өлтірудің берілген түрінің объективтік критерийі болып саналатын – сот тәжірибесінде біруақыттылық деп анықталатын оны жасаудың уақытына жеткілікті баға берілмейтін сияқты.
Оның себебі ең алдымен, «біруақыттылық» деген белгіні көрсету барысында «тәртіпке сай» немесе «әдетте» деген сөз тіркестерінің қолданалуына байланысты, яғни аталған жағдайдан өзге де жағдайлардың орын алуыныңмүмкіндігіне байланысты туындайды деп санау қажет. Сондықтан кейбір авторлар міндетті белгі ретіндегі біруақыттылық пен қатар біргей ниеттің болуының барысында екі немесе одан да көп адамдарды өлтірудің барысында олардың әртүрліуақытта орын алуының мүмкін екендігі туралы ұғым енгізеді.
Осының барысында бірнші және одан кейінгі адам өлтірулердің барысында айтарлықтай уақыт үзілісінің болуына жол беріледі. Олардың ойынша, адам өлтірудің осындай түрін ҚК 99 б. 2 бөлігінің 1 тармағымен саралаудың бірден-бір шарты қылмыстық ниеттің бірлігі және тек тікелей қасақаналықтың болуы табылады.
Дегенмен кінәлі адамның біргей қылмыстық мақсатының (ниетінің) болуы тіпті бірнеше адамды әртүрлі уақытта өлтіргеннің өзінде де жанама қасақаналықтың болуын да теріске шығара алмайды. Мысалы, қылмыстың ізін жасыру мақсатында оған куә болғандарды айғақ беру мүмкіндігінен айыру үшін кінәлі адам оларды аяусыз ұрып-соғады оларды өлтіруді тілемесе де, бірақ олардың өліп қалуының мүмкін екендігіне немқұрайымдылықпен қарайды және соған саналы түрде жол береді. Жәбірленушінің әрқайсысына қаза келтірген жағдайда кінәлінің әрекеттері бір мақсатпен (ниетпен) бірақ жанама қасақаналықпен әртүрлі уақытта жасалған адам өлтіру деп саралануы тиіс.
Ауырлатылған түрдегі адам өлтірудің объективтік белгісіне екпін берілуі кездейсоқ емес. Бірегей мақсаттың болмауының өзінде де (тіпті олар нақты түрде біруақытта орын алғанда да мысалы, бір адам өлтіруді жасау барысында кездейсоқ келіп қалған екінші адамды өлтірген кезде), сондай-ақ екі немесе одан да көп адамды өлтіру біруақытта орын алмаған кезде (тіпті бір мақсат, ниет болғанның өзінде де-қасақаналықпен шатастырмау керек!) осындай адам өлтіруді ҚР ҚК 99 б. 2 б. 1 тармағымен саралауға болмайды.
«Тәртіп бойынша, әдетте» деген сөз тіркестері бірінші және екінші адам өлтірулердің арасында белгілі бір уақыт орын алады дегенді білдіреді. Бірақ бұл – кінәлі адамның бірегей қасақанылығымен қамтылған жалғасқан қол сұғушылықтың уақыты. Мысалы, бір жәбірленушіні өлтіріп және қол сұғушылық барысында кісі өлтірушіден қашып үлгерген өзге жәбірленушінің соңына түсіп кейін (белгілі бір уақыт өткен соң) оны өлтіру.
Егер жәбірленуші кінәлі адамнан ұзақ уақыт бойына бой тасалауға қол жеткізсе және оны өлтіруге деген ниет қалыптасқан нақты жағдайға тәуелді түрде (мән-жайларға, орынға, уақытқа және т.б.) жәбірленушіні тауып алуға байланысты өзгерістерге ұшырайтын болса,онда біргей пиғыл (қасақаналық) туралы айтуға болмайды.
Осындай мән-жайларда қасақаналық пиғыл, мақсаттың (ниеттің) бірлігі сақталып қалғанымен, екінші жәбірленушіні өлтіру үшін жаңа нақты дайындық жұмыстарын жасай бастаған кезден қайтадан пайда болады.
Адам өлтірудің осындай түрі бірнеше рет жасалған адам өлтіру ретінде сараланған болатын.
Екі немесе одан да көп адамды өлтіру тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналық арқылы да (бау-бақшаны бөтен адамдардан қорғау үшін қойылған жарылғыш құрылғының өздігінен жарылуының барысында бірнеше адамның қаза табуы) жасалуы мүмкін.
Бір адамды өлтіруге қатысты тікелей қасақаналық және өзге адамдарға қатысты жанама қасақаналықтың ұштастырылуы да мүмкін (көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру).
Сот тәжірибелеріне сәйкес қалыптасқан ұстаным бойынша бір адамды өлтіру және екінші адамды өлтіруге оқталу – екі адамды өлтіру ретіндегі аяқталған қылмыс ретінде қарастырылмайды.
Бұл жағдайда қылмыстық әрекеттердің кезектілігіне тәуелсіз түрде іс-әрекетті ҚР ҚК 99 б. 1-ші немесе 2-ші бөлімімен және 24 б. 3-ші бөлімімен және 99 б. 2-ші бөлімінің 1-ші тармағымен қылмыстардың жиынтығымен саралануы тиіс.
Кейбір ғалымдардың әділетті пікірлері бойынша, екі немесе одан да көп адамды өлтіру бір қылмыс болып табылады және оның әртүрлі эпизодтары (бір адамды өлтіру және екінші адамды өлтіруге оқталу) қылмыстардың жиынтығы ретінде саралана алмайды.
Мәселен, бір мүлікті ірі көлемде жымқыру және нақ сол мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыруға оқталу қылмыстардың жиынтығын құрамайды.
Мысалы, кінәлі сейфтен бес миллион теңге ұрламақ болды, онда бар болғаны бір миллион жарым теңге болды да, ол соны алып кетті. Әрекет тұтастай алғанда, аса ірі мөлшердегі ұрлық жасауға оқталу ретінде сараланады.
Олай болса, қылмыстық құқықтың теориясына сәйкес бір адамды өлтіру және өзге адамды өлтіруге оқталу екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу ретінде саралануы тиіс.
Кейбір ғалымдар сот тәжірибесіне сәйкес қалыптасқан ұстанымның жекелеген олқылықтарын атап көрсете отырып, алайда онымен келіседі және «тұтастай алғандағы бір қылмыс ретіндегі барлық іс-әрекетті оқталу деп тану іс-әрекеттің қауіптілігін төмендетіп және ҚК 56-бабының 3,4 бөлігіне сәйкес кінәлінің жауаптылығын жеңілдетуге алып келер еді» деген пікір айтады.
Қылмыс қаншалықты ауыр болса да, мақсатқа сайлылықты басшылыққа алып қылмысты саралаудың логикалық заңдарын бұзуға жол берілмеуі тиіс деп ойлаймыз. Іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігінің деңгейі мен сипаты заңшығарушымен қылмыстық-құқықтық норманы құрастырудың барысында-ақ есепке алынады.
Екі немесе одан да көп адамды өлтірудің мақсаты және мотивтері әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен олар әдетте, сәйкес келеді. Мәселен, кінәлі адам өзінің барлық қастарын олардың әрқайсысына қатысты әртүрлі мақсаттары мен мотивтері бола отырып бір жерге жинайды: әшкере болудан қорқып қылмысын жасыру үшін біреуін, өзгесін қызғаныштан, үшінсісін кек алу мақсатында, төртіншісін пайдакүнемдік ниетпен немесе ұлттық жеккөрушілік және т.б. мотивтермен өлтіреді.
Адамның өмірі қол сұғушылықтың негізгі объектісі ретінде көрініс табатын жалпы нормадан бөлек, қылмыстық заңнамада адам өмірі қосымша тікелей объект ретінде қарастырылатын арнайы нормалар да бар, мысалы, қоғамдық қауіпсіздік (терроризм актісі – ҚК 255 б.), сот төрелігі (сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғу - ҚК 408 б.), адамзат қауіпсіздігі (геноцид – ҚК168 б.).
Кінәлі адам мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің (судьяның, құқық қорғау органдарының қызметкерінің) және «қатардағы» адамның өміріне бірмезгілде қол сұққан жағдайда оның әрекеттерін саралау мәселесі құқықтық әдебиеттерде бірыңғай шешілмейді.
Кейбір ғалымдар осындай іс-әрекетті тиісінше қылмыстардың жиынтығы бойынша яғни, ҚР ҚК 255 (168, 408 бб.) және 99 б. 2-ші бөлімінің 1-ші тармағы бойынша саралауды ұсынады.
Қылмыстық құқық теориясы және сот тәжірибесі өмірге қол сұғуды, атап айтқанда, полиция қызметкерінің немесе халық жасақшысының өміріне олардың қызметіне байланысты қол сұғуды осы тұлғаларды өлтіру немесе осы тұлғаларды өлтіруге оқталу ретінде бағалап келгендіктен жекелеген ғалымдардың келтірген дәйектеріне ден қоюға болады.
Алайда осындай саралаудың барысында әділеттілік қағидасының бұзылуына жол беріледі деп ойлауға негіз бар, себебі нақты бір қылмыс үшін (арнайы жәбірленушінің өміріне қол сұғу) кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа екі рет тартылады: жәбірленушінің өмірі қосымша объекті болып табылатын тиісті арнайы норма бойынша (ҚК 168,255,408 бб. бойынша) және оның өмірі негізгі объектіге «айналып кететін» ҚК 99 б. 2-ші бөлімінің 1-ші тармағы бойынша «қосарланған» адам өлтіру үшін.
Саралаудың ережелері бойынша, нақ сол бір қылмыста нақ сол бір объект бірмезгілде негізгі де және қосымша да объекті бола алмайды.
Екі немесе одан да көп арнайы жәбірленушіні (мемлекеттік қайраткерлерді, судьяларды, прокурорларды, полиция қызметкерін) өлтірудің «қосарланған» адам өлтіру ретінде қосымша саралана алмауы жоғарыда айтылған пікірге қарсы қосымша дәйек болып табылады.
Қатысушылықпен жасалған екі немесе одан да көп адамды өлтіруді саралау мәселесі кейбір қиыншылықтарды туындатады.
Егер осындай адам өлтірудің объективтік жағын орындаушының өзі толықтай жүзеге асыратын болса, онда айдап салушының, көмектесушінің және ұйымдастырушының әрекеттерін көрсетілген қатысушылардың барлығы қылмыс орнында болып және адам өлтіруді байқап тұрған болса да ҚР ҚК 29 бабымен және 99 б. 2-ші бөлігінің 1-ші тармағымен саралау қажет.
Екі кінәлі адам өзара келісім жасап бірмезгілде адам өлтіретін болса, олардың әрқайсысы тек бір жәбірленушіге қаза келтіріп, өзгедей ауырлататын белгілер болмаған ретте сот тәжірибесінде қарапайым түріндегі адам өлтіру ретінде сараланады. Осының барысында олардың әрқайсысының рөлін есепке алу ұсынылады. Әрбір кінәлі «қосарланған» адам өлтірудің объективтік жағының бір бөлігін де болса орындауы керек, яғни оларға қаза келтірудің барысында әрбір жәбірленушіге күш қолдануы тиіс деген тұжырым жасалады.
Осының барысында әрбір бірігіп орындаушының өлімші жарақат салуы міндетті болып табылмайды. Жәбірленушінің әрқайсысына өзге орындаушыға жәбірленушілерге қаза келтіруге көмек көрсетеді деп сезіне отырып күш қолданудың өзі (ұстап тұру, қолын қайыру, тықсыру, ұрып-соғу және т.б.) жеткілікті болып табылады.
Адам өлтірудің барысында сол жерде болу және орындаушыға «моральдық» қолдау көрсету (қошеметтеу) тұлғаны бірігіп орындаушы ретінде тану үшін жеткіліксіз болып табылады. Өзінің рөліне тәуелді түрде ол адам өлтірудің ауырлатылған түрінде көмектесуші немесе айдап салушы ретінде танылуы мүмкін.
Дегенмен құқықтық әдебиеттерде өзге де пікірлер кездеседі оларға сәйкес ҚР ҚК 99 б. 2-ші бөлігінің 1-ші және 7-ші тармақтары бойынша саралау үшін әбір кінәлі барлық жәбірленушіге қаза келтіруге бағытталған әрекеттерді жасауы талап етілмейді және алдын ала жасалған келісімнен көрініс тапқан екі немесе одан да көп адамды өлтіруге деген бірегей ниеттің болуының барысында, олардың әрқайсысы жәбірленушілердің біреуіне қатысты күш қолдануды жасаса жеткілікті болады.
Екі немесе одан да көп адамды өлтіру бұл – қайталап жасалған емес, объективтік жағы жәбірленушілерге қаза келтірудің екі немесе одан да көп актілерінен тұратын сараланған бірегей қылмыс. Жалпы ереже бойынша, қылмыстың объективтік жағының бір бөлігін болса да орындаған тұлға бірігіп орындаушы деп танылады. Олай болса, екі немесе одан да көп адамды өлтіру туралы кінәлілердің арасындағы келісім бойынша жәбірленушілердің біреуіне қаза келтіру ҚР ҚК 99 б. 2-ші бөлігінің 1-ші тармағында көзделген бірегей адам өлтірудің объективтік жағының бөлігі болып табылады.
Жекелеген қылмыстық істер істер бойынша ҚР Жоғарғы Сотының ұстанымы сот тәжірибесін бірігіп орындаушылық нысанындағы қылмысқа бірігіп қатысушылықты жасанды түрде бұзу жолына және сараланған адам өлтіруді қарапайым түрдегі адам өлтіруге «айналдыруға» итермелейді. Осындай ұстанымның барысында тұтқынға алынған жауынгерлерді жаппай атудың барысында әрбір содыр тек бір жәбірленушіні атқан жағдайда ол қарапайым түріндегі адам өлтіру болып табылады.
Жоғарыда қарастырылған жағдайда бірігіп орындаушы болып табылмайтын қылмысқа қатысушылардың (ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесуші) әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесі ҚР Жоғарғы Соты ұстанымының олқылықсыз емес екендігінің қосымша дәйегі болып табылады. Өздерінің бірмезгілде бірегей қылмыспен екі немесе одан да көп адамды өлтіретіндегіқылмысқа қатысушылардың санасымен қамтылады және олар сараланған адам өлтіруге қатысқандары үшін жауапқа тартылуы тиіс.
Алайда егер, ҚР Жоғарғы Сотының пікірі бойынша орындаушылар әрбір қарапайым түріндегі адам өлтіру үшін жауап беруі тиіс болса, онда саралау ережелері бойынша өзге қатысушылардың әрекеттерін орындаушылардың әрекеттері сараланатын ҚК бабының бөлігімен бірақ, ҚР ҚК-нің 29-бабының тиісті бөлігіне сілтеме жасай отырып, яғни қарапайым түріндегі адам өлтіруге қатысу деп саралау қажет болады.
Осылай саралаудың қателігі айқын. Осындай тәжірибе өзгедей топтық қылмыстарда да бірігіп қатысушылықты танымауға алып келуі мүмкін.
Мысалы, кінәлілер алдын ала келісім бойынша рөлдер бөлісу арқылы қарақшылық шабуыл жасауының барысында әрбір қатысушы тек бір кассирге қатысты өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданады.
Осы орайда кінәлілер аса ірі көлемдегі (айлық есептік көрсеткіштен 2000 есе асатын) мүлікті жымқыруға келісім жасаса, алайда олардың әрқайсысы қылмыстың қарапайым құрамын құрайтын (айлық есептік көрсеткіштен 500 есе аспайтын) мүлікті алған жағдайда жымқыруға бірігіп қатысуды тану үшін негіз болмай қалады. Осындай ұстаным қылмыстық заңға қайшы келеді