Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар



бет4/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

Адамның өлімі – оның ағзасының өз қызметін қалпына келтірілместей болып тоқтауы. Қазіргі уақытта адамның қайтыс болу уақыты бастағы мидың өз қызметін толықтай тоқтатуы (мидың өлуі) сәтімен анықталады.
Олай болса, адам миының, оның барлық бөліктерінің қызметінің толықтай тоқтауы, онда қалпына келмейтіндей және жаппай органикалық өзгерістердің, ыдыраудың басталуы сәтін (биологиялық өлім) адамның өлген сәті деп санаған дұрыс.
Егер адамның миы өзінің қызметін жалғастырып, тыныс алуы және жүрек соғысы тоқтап қалып, өзге ағзалар мен тіндерге оттегінің жетіспеушілігі үдей түскен жағдайларда (клиникалық өлім) адам тірі деп саналады және қылмыстық заңның қорғауында болады.
Өлген адамға (мәйітке) қол сұғу кінәлінің пиғылының бағытталуы бойынша адам өлтіруге оқталу деп саралануы тиіс.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде адам өлтірудің объектісі туралы төмендегідей тұжырымдар жасауға болады.
Адамның азаматтығына, ұлттық және нәсілдік тиістілігіне, шығу тегі мен жас шамасына, әлеуметтік жағдайына, кәсібіне, денсаулық жағдайы мен біліміне, зияткерлігіне тәуелсіз түрде адамның өмірі адам өлтірудің объектісі болып табылады.
Қылмыстың объектісі сапасындағы өмірді бір жағынан, табиғи физиологиялық үрдіс (басталу және аяқталу мерзімі бар) ретінде, екінші жағынан - тұлғаның заңмен қамтамасыз етілген қоғамда тіршілік ету мүмкіндігі ретінде түсіну қажет.
Қылмыстық заң тек басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуды ғана емес, сонымен бірге оның келісімі бойынша өлтіруді де (эвтаназия) адам өлтіру ретінде бағалайды. Жәбірленушінің жеке басы бойынша қателесу іс-әрекетті аяқталған қылмыс ретінде саралауға ықпал етпейді.
Адам өлтірудің объективтік жағы. Заң шығарушымен қылмыстың материалдық құрамы ретінде құрастырылған адам өлтірудің объективтік жағы, үш негізгі белгілерімен (мән-жайлармен) сипатталады:
1) іс-әрекетпен;
2) оның салдарымен;
3) іс-әрекет пен салдардың арасындағы себепті байланыспен.
Адам ағзасына әсер ететін, оның ағзасының бұзылуына (қазаға ұшырауға) алып келген әртүрлі күштерді қолданудан көрініс табатын кінәлінің жүріс-тұрысы іс-әрекет (қылық, іс, әрекет) деп танылады.
Кінәлінің кімнің күшін пайдалануына тәуелді түрде оны мыналарға жіктеуге болады:
- өзінің (жеке) және
- өзгенің (бөтеннің).
Өзінің күшін (жеке) қолдану (адам өлтіруді тікелей өзінің орындауы) – кінәлінің өзінің бұлшық еттерінің күшін пайдалануы (соның ішінде «сөзбен өлтірудің» барысында сөздер айту немесе ишарат, ымдау арқылы ақпарат беруі).
Жеке (өзінің) күштеріне тек кінәлінің дене мүшесінің жекелеген сыртқы органдарын (қолдары, аяқтары) жатқызып ғана қоймай, сонымен бірге адам өлтірудің құралы ретінде пайдаланылатын заттарды (соның ішінде суық қаруды) қолдануын да жатқызамыз, бұл жағдайда бұлшық ет энергиясы күш көзініңбірден-бір бастауы болып табылады.
Өзгенің (бөтеннің) күшін (адам өлтіруді жанама түрде орындауды) оның бастауына сәйкес мынадай етіп бөлуге болады:
1) механизмдердің күштерін (көліктің, атыс қаруын, жарғыш құрылғыларды және т.б.);
2) табиғи құбылыстардың күші (найзағай, су тасқыны, өрт, жер сілкінісі және т.б.);
3) жануарлардың күші: үй жануарлары (ит, жылқы, өгіз) немесе жабайы аңдар (қасқыр, қабан, аю), жыртқыштар (ет көректілер) немесе шөп көректілер және т.с.с.
4) өзге адамдардың күші а) есі дұрыс еместердің, б) жасөспірімдердің, в) кінәсіздердің (қажетті қорғаныс барысында, бұйрықты немесе өкімді орындау барысында), г) қаза келтіруге қатысушылардың (бірігіп қатысушылардың, жәбірленушінің өзінің).
Жіктеудің негізіне алынған негіздемелердің әлдебір түріне тәуелді түрде адамға әсер етудің бірнеше түрін ажыратып көрсетуге болады.
Егер осындай жіктеудің негізі ретінде адам ағзасына әсер етудің нысанын қарастыратын болсақ, онда ол екі нысанда орын алуы мүмкін:
тікелей тәндік әсер ету (заң әдебиеттерінде бұл нысанды әрқилы атайды: материалдық, энергетикалық, физикалық) және жанама түрде тәндік әсер ету (әдебиеттерде интеллектуалдық, ақпараттық, психикалық нысандары деп аталады).
Тікелей тәндік әсер ету материалдық энергияны (күшті) көшірумен байланысты және кінәлі адамның өзінің бұлшық еттерінің күшін пайдалануынан көрініс табады және өзінің дене мүшелерімен (қолдарымен, аяқтарымен, басымен) немесе әртүрлі материалдық нәрселердің (таяқ, пышақ, балта, сүймен және т.б.) не болмаса механизмдердің (көлік құралдарының, атыс қаруының), жануарлардың (иттің, сілеусіннің, бұқаның және т.б.) табиғат құбылыстарының (найзағайдың, су тасқынының, өрттің т.с.с.), өзге тұлғалардың (есі дұрыс еместердің, жас балалардың, кінәсіздердің, бірігіп қатысушылардың және т.б.) күшін пайдаланудың көмегімен жәбірленушінің тәнінің тұтастығын бұзу үшін тікелей жүзеге асырылады.
Осылайша, тікелей тәндік әсер ету кінәлі тұлғаның сыртқы ортаның факторларын пайдалануы жолмен жүзеге асырылады және соған тәуелді түрде әсер етулерді келесідей етіп жіктеуге болады:
- механикалық – өзінің дене мүшесінің (қолдың, аяқтың), әлдеқандай нәрсенің немесе механизмнің (қарудың, көліктің, жарғыш құрылғының), жануардың (иттің, жылқының, маймылдың және т.б.), табиғи құбылыстардың (тас, қар көшкіндерінің, су тасқыны, жер сілкінісінің), өзге тұлғалардың кинетикалық энергияларын (күшін) пайдалану;
- физикалық – физикалық құбылыстардың (өте жоғары немесе төмен температуралардың, электр тоғының, сәуле күштерін, барометрлік қысымдардың және т.б.) күшін пайдалану;
- химиялық – химиялық құрамалардың (сұйықтық, қатты және газ түріндегі улы және күшті әсер ететін заттардың) күштерін пайдалану;
- биологиялық – биологиялық агенттердің және токсиндердің (патогенді микробтардың, бактериалды токсиндердің, ағзаны өлім жағдайына әкелуге қабілеті өзге де агенттердің) күштерін пайдалану.
Тікелей тәнге әсер ету әрекет арқылы да, сондай-ақ әрекетсіздікпен де жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен бірге өз денесінің күшін (жеке күшін) пайдалану арқылы тәнге механикалық әсер етуді әрекетсіздік нысанында жүзеге асыру әсте мүмкін болмайды.
Адам саналы тіршілік иесі болып табылады, яғни оған ең жоғарғы деңгейдегі психика тән. Адам материалдық және рухани, биологиялық және әлеуметтік бірлік.
Олай болса, адамға жанама түрде тәндік әсер жолымен де (интеллектуалдық, ақпараттық, психикалық) оның психикасы арқылы (соның көмегімен) ағзасына әсер етуге болады.
Бұл жерде әңгіме жәбірленушінің ағзасына жанама негізде таза түрінде әсер ету туралы болып отыр, яғни кінәлі адам басқа адамның психикасына келесідей жолдармен әсер етеді:
- әрекет – жәбірленушіге жағымсыз психикалық көңіл-күйді (күйгелектік, алаңдаушылық, қорқыныш, үрей және т.б. ) туғызатын жағымсыз мәліметтерді (ақпараттарды хабарлау) беру;
- әрекетсіздік –психикалық бұзылудың салдарынан бірден және жедел ушығатын жәбірленушінің өмірі үшін қауіпті болып табылатын жәнеміндетті түрде оның қаза табуына алып келетін аурудың (патологиялық жағдайдағы) бетін қайтару бойынша міндеттерін әдейі орындамау. Сөз өзінің күші бойынша кейбір жағдайларда тәндік әсер етулерден асып түсіп, ең ауыр салдарға, тіпті өлімге де душар етуі мүмкін. Халқымыз айтқандай «Таяқ еттен өтеді-сөз сүйектен өтеді»
Әсер етудің жанама тәндік нысаны (интеллектуалдық, ақпараттық, психикалық) кінәлі адамның сөздердің немесе ишаралардың, ымдаулардың (конклюдентті түрде) көмегі арқылы оны қабылдап алатын жәбірленушіге беруінен көрініс табады. Бұл сигналдарды трансляциялауды, қабылдап алуды, қайта қорытуды және сақтауды кірістіретін ақпаратты қайта өңдеудің толық циклі - ақпараттық үрдіс түрінде орын алады.
Психикалық бұзылушылығы бар, секемшіл жәбірленушінің дұрыс бағалай алмауының салдарынан, оның өмірі үшін қауіпті ауруының заңды түрде қозуына алып келетіндей қылмыс жағдайын кінәлінің әдейі жасайтын кездерін де осыған қосуға болады. Мысалы, дәрігер жабық кеңістікте қан қысымы жоғары (жүрегі ауратын, қант деңгейі көп), жалғыз қалудан қатты қорқатын адамды, оның қан қысымын төмендету үшін ине салатын уақытта әдейі жалғыз тастап кетеді. Дәрігердің әрекетсіздігінің нәтижесінде психикалық ауру және қатты үрейдің салдарынан ауру ушығып, жәбірленуші қаза тапқан жағдайда әрекетсіздік нысанындағы тәндік әсер ету жолымен адам өлтіру деп саралау қажет. Дәрігердің кінәсін дәлелдеудің мүмкіндігі туралы мәселе – өзге ғылымдардың зерттеу нәрсесі болып табылады.
Психикалық әсер ету тікелей немесе жанама (байланыстың әртүрлі техникалық арналарын, соның ішінде Интернетті, телевидениені, радионы және т.б. пайдалану) түрде орын алуы мүмкін.
Осылайша, жәбірленушінің ағзасына тікелей тәндік әсер етудің барысында қаза келтіру адамның тәніне тікелей әсер ету жолы арқылы келтірілсе, жанама тәндік әсер етуде ағзаның бұзылуы (өлуі) жәбірленушінің психикасымен өзара іс-әрекет ету жолымен жүзеге асырылады.
Жәбірленушінің еркіне (тілегіне) тәуелді түрде адамның ағзасына әсер етуді төмендегідей етіп бөлуге болады:
- ерікті түрде (жәбірленушінің өтініші немесе келісімі бойынша);
- күш қолдану арқылы (оның тілегіне қарсы немесе одан тыс).
Ағзаға ерікті түрде әсер ету өз кезегінде толық және ішін-ара болуы мүмкін.
Толықтай ерікті түрде әсер етудің барысында кінәлі жәбірленушінің өтініші нмесе келісімі бойынша адам өлтірудің объективтік жағын толықтай орындайды (мылтықпен атады, пышақ тығады, улы инъекция жасайды, аурудың өмірін қамтамасыз ету жүйесін айырып тастайды, биіктіктен итеріп жіберді және т.б.).
Ішін-ара әсер етудің барысында кінәлі өзін-өзі өлтірудің барысында өмірден айыруға тікелей қатысады (өзін дарға асқан адамның аяғының астынан орындықты алып тастайды; жәбірленуші асылған жіптің екінші ұшын ұстап тұрады; өзін-өзі өлтіруші кіріп алған камераның салқындатқыш жүйесін іске қосады; суға тұншығып өлгісі келген адамның ыдысына су құяды және т.с.с.).
Адамның ағзасына әсер етуді оның тәсіліне тәуелді түрде екі түрге жіктеуге болады
- сыртқы (тысқы, тыстан, сырттай)
- ішкі (іштей).
Сырттай әсер ету жәбірленушінің тәнімен тері жамылғысы арқылы сырттай тікелей іс-әрекет жолымен жүзеге асырылады осының барысында тікелей тәндік бұзылулар арқылы қаза келтіріледі (әдетте бұл механикалық және физикалық тәндік әсер ету). Сырттай әсер ету жана тәндік бола алмайды.
Іштей әсер ету өмір үшін қауіпті ауруды немесе жәбірленушінің патологиялық жағдайын пайдалану арқылы ағзаны бұзудан көрініс табады, оның барысында кінәлі адам ішкі ағзалар және (немесе) тіндер арқылы (әдетте бұлар химиялық және биологиялық тәндік әсер етулер) өмірге қауіп төндіретін жағдайды қалыптастырады немесе дамытады. Жанама тәндік әсер ету тек ішкі бола алады.
Адам өлтірудің барысындағы іс-әрекет тек екі нысанда жасалуы мүмкін:
- әрекет нысанында;
- әрекетсіздік нысанында.
Әрекет (қандай да болмасын энергияның, қызметтің көрініс беруі, сондай-ақ әлдененің күші, қызметі, функция атқаруы) – бұл кінәлінің жүріс-тұрысының белсенді нысаны және жәбірленушіге қатысты әртүрлі ұғымындағы күшті қолданудан көрініс табады.
Әрекетсіздік (қызметтің, тиісті энергияның болмауы) – бұл кінәлінің енжар жүріс-тұрысының нысаны және жәбірленушінің өлімінің алдын алу үшін берілген нақты сәтте ол жасауға міндетті және жасай алатын әрекеттерді әдейі жасамауынан өмірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындамауынан (орындаудан бас тартуынан) көрініс табады.
Әрекетсіздік мыналардан көрініс табуы мүмкін:
- адамға ағзаның тіршілігін қамтамасыз ететін құралдарды бермеу;
- соның салдарынан ол қаза тапқан, оның өмірі үшін қауіптердің алдын алмау (жоймау). Ол келесідей объективтік белгілерімен сипатталады:
1) жәбірленушінің өзінің өз ағзасының өмірлік маңызды функцияларын сақтауға немесе қаза табудың алдын алуға мүмкіндігінің болмауы немесе оған құлықсыз болуы;
2) бұл функциялардың өмірі мен қызмет атқаруына немесе өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде міндетті болуы;
3) берілген нақты сәтте (сол минутта) бұл міндеттерді орындаудың нақты мүмкіндігінің болуы;
4) көрсетілген міндеттерді орындамау (жас сәбиді анасының тамақтандырмауы немесе суықта қалдыруы, жәбірленушінің темір жол бойында пайда болуы сәтінде локомотив машинисінің тежегішті іске қоспауы, жәбірленушінің аяғының астында жарылғыш заттың бар екендігі туралы жарылыс жасаушы маманның айтпауы, өрт сөндірушінің өртеніп жатқан үй-жайдан жәбірленушіні алып шығудан бас тартуы, қатты қан ағып жатқан жарақатты таңып беруден дәрігердің бас тартуы және т.б.).
Заң әдебиеттерінде кейбір ғалымдар әрекетсіздіктің екі түрін бөліп көрсетеді: «аралас» және «таза». Жекелеген авторлардың пікірлері бойынша, адам өлтірудің барысындағы әрекетсіздік барлық уақытта «аралас» болады, себебі ол жағдайда, бұрын пайда болған өзгедей себептердің нәтижесімен шартты болып табылмайтын, қаза келтіру, яғни жәбірленушіні өмірінен айыру орын алуы тиіс. Олардың пайымдауынша, жәбірленушінің қаза табуына алып келген қауіпті жағдай нақ сол әрекетсіздіктің нәтижесінде орын алған реттерде ғана адам өлтіру әрекетсіздік арқылы жасалған деп санауға болады. Сондықтан дейді олар, мысалы өрт болған жердегі өрт сөндірушінің жәбірленушінің қаза табуын тілеп, адамға көмек көрсетпеуін немесе көшеде жарқаттанған адамды көріп және оған көмек көрсетпеген дәрігердің әрекетсіздіктерін әрекетсіздікпен адам өлтіру деп санауға болмайды. Осындай жағдайларда, олардың ойынша, ҚР ҚК-нің 119-бабында көзделген (қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыс құрамын құрайтын «таза әрекетсіздік» орын алады.
Адам өлтіру құрамының объективтік жағының міндетті белгілерінен бөлек оның тәсілі, жағдайы, құралы және қаруы, уақыт жағдайы тәрізді оның факультативтік белгілері де оны саралауға ықпал ете алады. Мысалы, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру (ҚР ҚК-нің 99 б. 2 бөлігінің 6-тармағы). Психикалық аффект және қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіру оның жеңілдік берілген құрамының дәлелі болып табылады (ҚР ҚК-нің 101 және 102 бб.). Баланы босану кезінде анасының өлтіруі де жеңілдететін мән-жай ретінде танылады.
Жәбірленушінің ағзасына әсер етудің механизмі болып табылатын - әрекет немесе әрекеттер жүйесі ретіндегі адам өлтірудің тәсілі, әлдебір нәрсені жүзеге асырудың барысында қолданылатын амалдар мен әдістердің жиынтығынан басқа ешнәрсе емес, оларды жіктеудің негіздері және оның түрлері туралы біз жоғарыда атап көрсеткен болатынбыз. Адам өлтіруді ауырлататын нақты тәсілдері туралы біз төменде қарастырамыз.
Адам өлтірудің мән-жайлары дегеніміз бұл - соның барысында жәбірленушінің өміріне қол сұғылатын заңдылықты (қажетті) және кездейсоқ (жанама) өзара шартты, өзара байланысты және өзара іс-қимыл жасайтын әлеуметтік қатынастар субъектілерінің және материалдық дүние объектілерінің, олардың орналасуының, тіршілік етуінің мән-жайлары мен жағдайларының жиынтығы.
Адам өлтірудің қаруы дегеніміз – бұл жәбірленушінің ағзасына тікелей әсер ететін материалдық дүниенің құбылысы немесе заты болып табылатын қылмыс құралының түрі. Қылмыстың құралын конструкциялық құрылысына сәйкес қаруға және қару сапасында пайдаланылатын заттарға бөліп қарастыруға болады.
Көмекші құралдар – бұл жәбірленушінің ағзасына тікелей әсер ету үшін қолданылмаған, бірақ оның қаза табуына жағдай туғызған іс-қимылдар, құбылыстар және материалдық нәрселер (мысалы, жәбірленушіні орманға алып келіп қылғындырып өлтіру үшін тасымалдаған автокөлік).
Қылмыстың құралдары мен қарулары адам өлтіруді саралауға тікелей ықпал етпейтін болғандықтан оларды толықтай талдау қажет болмайды.
Адам өлтірудің субъективтік жағы. Қылмыстың субъективтік жағы – бұл кінәлі тұлғаның қылмыс жасауымен тікелей байланысты болатын оның өзінің іс-әрекетіне психикалық қатынасы, көзқарасы, оның мазмұны адамның психикалық белсенділігінің әртүрлі нысандарын сипаттайтын кінә, мотив және мақсат тәрізді заңи белгілердің көмегі арқылы ашылады.
Кінә қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі болып табылады. Қылмыстық заңнамада кінәнің құқықтық анықтамасы берілмеген. Оны қылмыстық құқық ғылымы тұжырымдаған.
Кінә – бұл жасалған қылмыстың объективтік белгілеріне тұлғаның психикалық қатынасының белгілі бір нысаны:
іс-әрекетке (әрекетке немесе әрекетсіздікке);
қылмыстың салдарына;
- олардың арасындағы себепті байланысқа қатысты және санада орын алатын психикалық процес болып табылады.
Адам өлтірудің субъективтік жағы кінәнің текқасақаналық нысанымен сипатталады және ол адам өлтірудің заңнамалық анықтамасынан тікелей туындайды.
ҚР ҚК-нің 99 б. бірінші бөлімінде адам өлтірудің «қарапайым» түрі үшін жауаптылық көзделген және ол басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату деп тұжырымдалған. Осыған орай абайсызда қазаға ұшырату адам өлтіру болып саналмайды. Сондықтан «абайсызда адам өлтіру» немесе «қасақаналықпен адам өлтіру» сөз тіркестерін қолдану дұрыс болмайды, дегенмен заң әдебиеттерінде және сот тәжірибесінде осындай жағдайлар кездесіп жатады.
Адам өлтіру тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін.
Тікелей қасақаналық жанама қасақаналықтан өзінің интеллектуалдық және еріктілік мазмұндары бойынша да айырмашылықтарға ие болады.
Тікелей қасақаналықтың барысында тұлға адамның қаза табуының болатындығын (болмай қоймайтындығын) көре біледі және оның орын алуын қалайды,жанама қасақаналықтың барысында адамның қаза табуының мүмкін екендігін тек көре біледі, (бірақ жеңілойлылықтың барысындағыдай абстарактілі емес, нақты мүмкіндігін) оны қаламағанымен, бірақ оған саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайлы қарайды.
Қылмыстық құқық ғылымында және сондай-ақ сот тәжірибесінде егер адам өлтіру тікелей және жанама қасақаналықпен жасалуы да мүмкін болса, адам өлтіруге оқталу тек тікелей қасақаналықпен жасалады деген ереже жалпылай танылған.
Осындай ұстаныммен қағидалық негізде келісе отырып, дегенмен осылай саралаудың объективтік себептер бойынша (оқ атып, бірақ тигізе алмай қалу; өзге адамдар кедергі келтірді; дер кезінде дәрігерлік жәрдем көрсетілді) аяқталмай қалған адам өлтіруге қатысты алғанда дұрыс болатындығын атап көрсету қажет.
Алайда аталған ұстаным қылмыс субъективтік себептер (мысалы, жәбірленушінің жеке басы бойынша қателесу жағдайында) бойынша аяқталмай қалған жағдайларда, даусыз деп айтуға болмайды. Мысалы, кінәлі адам кек алу (қызғаныштан) мақсатында жүктілігі өзіне көрнеу белгілі әйелге қарай оқ атады және бұл жағдайда әйелдің қаза табуының мүмкін екендігіне немқұрайлы қарайды, бірақ оған саналы түрде жол береді. Бұл арада қылмыстың салдарына (адамның қаза табуы) қатысты жанама қасақаналық айқын. Егер алған жарақатының нәтижесінде жәбірленуші қайтыс болса, онда кінәлінің әрекеттерін жүкті әйелді жанама қасақаналықпен өлтіру деп ҚР ҚК-нің 99 б. екінші бөлігінің 4-тармағымен саралау қажет.
Алайда осы арада мынадай сұрақ туындайды: егер жүкті әйелдің орнында оның егіз-сыңары болса ше? Бұл жағдайда қарапайым түріндегі адам өлтіру туралы айту дұрыс болмайды. Кінәлінің ниеті (мақсатымен шатастырмау керек) қалай болғанда да жүкті әйелді өлтіруге бағытталды-ғой. Бұл арада аяқталған сараланған адам өлтіру де орын алмайды, себебі ҚК-тің 99 б. екінші бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстың объективтік белгілерінің бірі – жүкті әйелдің қазаға ұшырауы орын алмайды.
Алайда сот тәжірибесінің ұстанымын басшылыққа алар болсақ, онда жоғарыда келтірілген мысалда кінәлінің әрекетін жүкті әйелді өлтіруге оқталу деп саралауға да болмайды, себебі адам өлтіруге деген қасақаналық жанама түрде орын алған.
Басқа бір мысал. Кезекті ұрыс-керістің кезінде әйелі ашуға булығып күйеуіне өзінің басқа еркектен жүкті екендігін айтады. Күйеуі қызғаныштан оны қатты сабап тастайды, оны өлтіруді қаламағанымен, әйелінің өліп қалуының мүмкін екендігіне немқұрайлы қарайды.
Жанама қасақаналық айқын. Келтірілген дене жарақаттарынан әйелі кейіннен қаза табады. Шындығында ол жүкті болмай шығады. Егер адам өлтіруге оқталудың барлық жағдайында қасақаналық тек тікелей болады деген сот тәжірибесінің ұстанымын басшылыққа алар болсақ, онда күйеуінің әрекеттерін орын алған нақты салдар бойынша, яғни ҚК-тің 99 б. бірінші бөлімі бойынша саралау қажет.Бірақ жүкті әйелді өлтіруге деген пиғылды (мақсатты, тілекті емес) қайда қоямыз? Шындығында жәбірленушінің жүкті болуы оны қатал ұрып-соғудың және оған жанама қасақаналықпен қаза келтірудің себебі болды-ғой.
Сондықтан жанама пиғылмен адам өлтіруге оқталудың да орын алуымүмкін болады, алайда ол белгілері адам өлтірудің ауырлатылған мән-жайлары ретінде қарастырылған жәбірленушінің жеке басына қатысты кінәлі тұлғаның қателесуі барысында ғана орын алуы мүмкін.
Субъективтік жақтың факультативтік белгілеріне мотив, мақсат және эмоцияларды да жатқызамыз.
Мотив бұл – белгілі бір қажеттіліктермен шартталған, басқа адамға қаза келтіру барысында кінәлі тұлға басшылыққа алған, іштей сезінілген қозғаушы күш.
Мақсат бұл – адам өлтіруді жасау барысында кінәлі тұлға қол жеткізуге тырысатын болашақтағы түпкі нәтиженің идеалды ойша сұлбасы.
ҚР ҚК 99 б. екінші бөлімінде көрсетілген кейбір мотивтер және мақсаттар адам өлтірудің ауырлатылған түрінің міндетті белгілері болып табылады. Оларға біз төменде толығырақ тоқталатын боламыз.
Эмоция бұл – жан-дүниелік қамығу, сезім. Ғалымдардың көпшілігі кінәлінің эмоциялық жағдайын қылмыстың субъективтік жағының сипатына (белгісіне) жатқызады. Басқалары оны қылмыс субъектісін сипаттайтын мән-жай ретінде қарастырады. Аффект түріндегі эмоциялық жағдай (күшті жан-күйзелісі, өзіне бақылау жасаудың жоғалуы) адам өлтіруді өмірге қарсы қылмыстардың жеңілдік берілген құрамына жатқызады (ҚК-тің 101 б.).
Мақсатты қасақаналықтан, ал эмоцияны мотивтен ажырата білу қажет.
Адам өлтірудің мақсаты көп реттерде адам өлтіруге деген қасақаналық пиғылдан бұрын пайда болады. Кінәнің нысаны ретіндегі қасақаналық кінәлі тұлғада тек қылмыс жасаудың басталу сәтінде пайда болады және адам өлтірудің мақсатын жүзеге асыру үдерісінде нақтылануы мүмкін.
Мақсаттың бірлігі қасақаналық түріндегі пиғылдың бірлігімен сәйкес келмейді. Бірегей мақсаттың болуы бірегей пиғылдың болуын білдірмейді. Мәселен, мұрагерлердің біреуі өзінің алдына мақсат қойған – бірі-бірінен қашықта орналасқан қалаларда (елдерде) тұратын өзге мұрагерлерді өлтіру арқылы мұраға ие болу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін кінәлі адам бір қалаға келеді және бірінші мұрагерді өлтіреді. Біраз уақыттан кейін ол екінші, ал содан кейін – үшінші рет адам өлтіруді жүзеге асырады. Мақсат біреу, бірақ пиғыл үшеу. Әрбір пиғыл кезекті дербес адам өлтіруді жасау үшін нақты дайындық әрекеттерін орындаудың басталуымен пайда болады. Екі немесе одан да көп адамды өлтірудің сараланған құрамын қарапайым түріндегі (қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланатын) бірнеше рет адам өлтіруден ажырату барысында ескеру қажет болады.
Адам өлтірудің негізгі және ауырлатылған құрамдарының субъектісі болып 14 жасқа толған, есі дұрыс тұлға табылады (ҚР ҚК 99 б.). Адам өлтірудің жеңілдетілген құрамдарының (ҚК 100-103 бб.) субъектісі болуы үшін тұлға 16 жасқа толуы тиіс.
Қылмыстың жекелеген түрлері, солардың қатарында жеңілдететін мән-жайларсыз адам өлтіру үшін жауаптылық басталатын жас шамасын 14 жас деп бекіте отырып, заң шығарушы ең алдымен, қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің дәрежесі мен сипатын басшылыққа алмайды және оны келесідей екі мән-жаймен түсіндіруге болады:
1) осындай жас шамасына толған кінәлілердің қол сұғу объектісініңәлеуметтік құндылығын және іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігін толықтай шамасында сезіне алатындығы;
2) осындай қылмыстардың 14-15 жас шамасындағы кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетіндігі.
ҚР ҚК 15 б. қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есі дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жататындығы айтылған.
ҚР ҚК 5 б. Қоғамға қауіпті әрекет (әрекетсіздік) жүзеге асырылған уақыт, зардаптардың туындаған уақытына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақыт деп танылатындығы айтылған. Осыған сәйкес адам өлтірудің заңи уақыты ретінде қазаның орын алған уақыты емес,іс-әрекеттің (әрекеттің немесе әрекетсіздіктің) жасалған уақыты танылуы тиіс.
Осыған байланысты қаза келтіру түріндегі адам өлтірудің салдары уақыты бойынша іс-әрекетпен сәйкес келмеуі де мүмкін, бұл мәселе қылмысты саралау үшін өзекті болып табылады.
Егер тұлға қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасына іс-әрекетті жасағаннан кейін (жәбірленушіге дене жарақаттарын салу, ұзақ уақыт әсер ететін у беру, тірілей көміп тастау, яғни аяқталған оқталу сатысында) бірақ қазаның келген сәтіне дейін толатын болса, онда адам өлтіргені үшін жауаптылық туындамайды.
Адамды өмірінен біртіндеп айыру процесі тұлғаның бақылауында болатын реттерде жауаптылық туралы мәселені шешу күрделірек болады. Мысалы, жәбірленушіні өмірінен айыру үшін оны тоңазытқыш камерасына қамап қойғанда немесе оны аяғынан байлап төбеге асып қойғанда кәмелетке толмаған адамның үнемі жәбірленушінің қасында болуы. Бұл аяқталмаған оқталу сатысы болып танылады.
Егер тұлға қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасына аяқталмаған оқталу сатысының кезінде толатын болса, онда тұлғаны ол 14 жасқа толған сәттен бастап әрекетсіздік нысанында жасалған адам өлтірудің субъектісі ретінде тануға толық негіз пайда болады.
Қылмыстық жауаптылық басталатын жас шамасына тола отырып, кінәлі адам жәбірленушінің өмірі үшін қауіпті жағдайда болғандығын және оның бұл қауіптің бетін алуға міндетті және оның бетін қайтаруға, яғни жәбірленушіні босатуға мүмкіндігі болады. Осы сәттен бастап оның жүріс-тұрысы қоғамға қауіпті іс-әрекеттерден қылмыстық әрекетсіздікке «айналады».
Қылмыстық құқықтың теориясы және сот тәжірибесі адам өлтірудің үш түрін ажыратып көрсетеді:
1) қарапайым түріндегі адам өлтіру (ҚР ҚК 99 б. 1 б.) – жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларсыз жасалған адам өлтіру;
2) сараланған адам өлтіру – ауырлататын мән-жайлардағы адам өлтіру (ҚК 99 б. 2 б.);
3) жеңілдік берілген адам өлтіру – жауаптылықты жеңілдетін мән-жайлардағы адам өлтіру (ҚК 100-105 бб.).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет