Қазақстан Республикасының Конституциясы адамды оның өмірі мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық ретінде таниды. Адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығы туралы постулат Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінде одан әрі дамытылған. Сондықтан да қылмыстық құқықтық қорғау объектілерінің арасында бірініші орынға жеке адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы қағида қойылған.
Одан бөлек, ҚР ҚК-нің Ерекше бөлігі «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» тарауынан басталады. Жеке адамға қарсы қылмыстар дегеніміз ҚР ҚК Ерекше бөлігінің бірінші тарауында қарастырылған жеке адамның өміріне, денсаулығына, жеке басының бостандығына, жыныстық бостандығы мен жыныстық қол сұғылмаушылығына, ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қол сұғатын қоғамдық қауіпті, кінәлі іс-әрекеттер болып табылады.
Қылмыстық құқық теориясында жеке адамды қарсы қылмыстарды кең және тар мәністерінде қарастыру қабылданған.
Жеке адам ҚР ҚК-нің 1 тарауына біріктірілген қылмыстардың топтық объектісі болып табылады. Қылмыс объектісі ретіндегі жеке тұлға дегеніміз – бұл әлеуметтік рөлдер және қоғамдық қатынастар жүйесінде қарастырылатын адам. Ол бірмезгілде биологиялық тірі организм және белгілі бір құқықтардың, міндеттердің, бостандықтардың және әлеуметтік игіліктердің иесі де болып табылады. Сондықтан да «жеке тұлға» және «адам» ұғымдарын қылмыстық құқықтық қорғау объектісі ретінде қарсы қоюға негіз жоқ деп тануға болады.
Жеке тұлғаның өмір, денсаулық, жеке бостандығы, жыныстық бостандығы, жыныстық қол сұғылмаушылығы, ар-ожданы мен қадір-қасиеті сияқты игіліктері жеке адамға қарсы қылмыстардың тікелей объектісі болып табылады.
Тікелей объектісіне тәуелді түрде жеке адамға қарсы қылмыстарды шартты түрде келесідей топтарға бөлуге болады: 1) өмірге қарсы қылмыстар; 2) денсаулыққа қарсы қылмыстар; 3) адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қылмыстар; 4) жыныстық бостандық пен жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар; 5) жеке бас бостандығына қарсы қылмыстар; 6) ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қарсы қылмыстар.
Жеке адамға қарсы қылмыстар барынша қауіпті және кең таралған қылмыстық қол сұғушылық болып табылады. Оларды жасағаны үшін жауаптылық көптеген елдердің заңнамасында бекітілген. Сонымен бірге осындай қол сұғушылықтың жүйесі, қылмыстық жауаптылықты реттеу тәсілдері, жуаптылықтың шегі айырмашылықтарға ие болады.
Адам өлтіру – жеке адамға қарсы жасалатын қылмыстардың барынша ауыр түрі болып табылады. ҚР ҚҚК-нің 99 б. бірінші бөлігінде берілген анықтама бойынша адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату.
Адам өлтірудің объектісі. Жеке адам адам өлтірудің тектік (топтық) объектісі болып табылады (ҚР ҚК Ерекше бөлігінің 1 тарауының атауы бойынша). Құқық теориясында «жеке тұлға» және «адам» ұғымдарының арасында айырмашылық бар деген пікір орын алған. Жекелеген авторлардың пікірі бойынша, «жеке тұлға болып туылмайды, қалыптасады. «Жеке тұлға» ұғымы «адам» ұғымымен салыстырғанда тар мәніске ие болады. Жеке тұлғаны осылай түсіну, өзіне тиесілі құқықтарды өз бетінше жүзеге асыруға жәнебелгілі бір міндеттерді орындауға (соның ішінде өзіне жауаптылық алуға да), өзінің айналысындағы адамдармен және табиғи ортамен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауға қабілетті адам ретінде қарастыратын әлеуметтік-философиялық және саяси-құқықтық аспектілер үшін тән болып табылады.
Адам өлтірудің түрлік объектісі ретінде басқа адамның өмірі мен денсаулығын қарастырамыз.
Белгілі бір индивидумның, жалғыз және қайталанбас нақты адамның өмірі адам өлтірудің тікелей объектісі болып табылады.
ҚР ҚК-нің 99 б. бірінші бөлігінде көрсетілген адам өлтіру ұғымынан оны (кісі өлтіруді) мынадай белгілерімен сипатталатын өзін-өзі өлтіруден ажырату қажет:
- өз еркімен;
- саналы түрде;
- өзге тұлғалардың ықпалынсыз;
- әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылатын өз қолымен өзін өмірден айыру.
Отандық заңнамаға сәйкес өзін-өзі өлтіру (дәлірек айтқанда өзін-өзі өлтіруге оқталу) қылмыс болып табылмайды, қылмыстық жауаптылықты туындатпайды.
Ендеше, өзін-өзі өлтіруге «бірігіп қатысу» да қылмыстық жазалауға жатпауы тиіс. Алайда мына жағдайды ескеру қажет. Бірігіп қатысу екі түрлі нысанда орын алуы мүмкін:
- бірігіп орындаушылық, яғни өзге тұлға жәбірленушінің өмірден айырылуына тікелей қатысады;
- бірігіп көмектесушілік, яғни өзге тұлғаның жәбірленушінің өзін өмірден айыруына айдап салушының, көмектесушінің немесе ұйымдастырушының рөлдерін орындай отырып, көмек көрсетуі.
Олай болса, мынадай жағдайлар оған жатқызылмайды:
- «бірігіп орындаушылық» өзін-өзі өлтіру барысына өзін-өзі өлтірушінің өзін өмірден айыру үрдісіне өзге адамның тікелей араласуы немесе қатысуы, бұл жәбірленушінің өтініші бойынша (жәбірленушінің ағзасына улы заттарды енгізу, дарға асылмақ болғанның аяғынан астынан орындықты теуіп жіберу, биіктікте ілініп тұрған адамның қолындағы жіпті кесіп жіберу) «қарапайым» түріндегі адам өлтіру ретінде саралануы тиіс.
- «бірігіп көмектесушілік» өзінің жеке басының қасиеттеріне байланысты(жүйке ауруы болуы, кем ақылдылық, тым жас немесе кәрі болуы) берілген актінің маңызын сезінбейтін, өзіне қатысты орын мән-жайларға тиісті баға бере алмайтын адамның өзін-өзі өлтіруін кінәлі адамның сезінуін қылмысқа жанама түрде қатысу (жәбірленушінің өзінің күшін пайдалану жолымен тікелей қатысуы) деп саралаған дұрыс.
Аяқталған адам өлтіруді тек оның объектісіне (адамның өміріне) зиян келтіру арқылы жасауға болады, себебі адам өлтіру заңшығарушымен материалдық құрам ретінде құрастырылған. Олай болса, өмірдің басталу сәтін және оның аяқталу сәтін анықтаудың маңызы зор, себебі ол басталғанша немесе ол аяқталғаннан кейін аяқталған адам өлтіруді жасау мүмкін болмайды (себебі қылмыс құрамының бір элементі – объектісі орын алмайды). Осындай жағдайларда әңгіме тек адам өлтіруге оқталу туралы немесе басқа қылмыс түрі туралы ғана болуы мүмкін.
Өмір бұл – өздігінен психофизилогиялық тіршілік етудің кезеңі болып табылатын уақытша жай-күйі. Ол өзінің бастапқы (туылу) және ақырғы (өлу) сәттеріне ие болады.
Адамның биологиялық тіршілігі ең жоғарғы деңгейдегі тірі организмнің қызмет атқаруынан және дамуынан көрініс табады. «Организм бұл – тарихи қалыптасқан тұтас, өзінің ерекше құрылысына және дамуына ие болатын, қоршаған ортамен зат алмасуға, өсуге және көбеюге қабілетті барлық уақытта өзгеріп отыратын жүйе».
Туылу (туу-шақалақтың, нәрестенің жарық дүниеге келуі өмірдің бастапқы сәті ретінде заң әдебиеттерінде әрқилы түсіндіріледі). Негізінен шешімінің үш нұсқасы ұсынылады. Бұл 1) туудың басталу сәті; 2) нәрестенің анасының құрсағынан бөліну сәті; және 3) өз бетінше дербес тыныс алу сәті.
Өмірдің басталу сәтін анықтай отырып, адам өмірінің басталу сәті деп босанушы әйелдің ағзасынан жүрегі соғып тұрған нәрестенің денесінің бір бөлігінің болса да шығуын санау қажет деп санайтын ғалымдардың пікірімен келіскен дұрыс. Осы сәттен бастап шақалақ бала болып есептеледі және оның өмірі қылмыстық заңмен қорғауға алынады.
Осының барысында жаңа туған баланың анасының ағзасынан қандай жолмен алынғандығы саралау үшін маңызға ие болмайды:
- табиғи тәсілмен жатырдан шығу жолдары арқылы немесе
- кесарлық тілу (табиғи босану жолдары арқылы туу мүмкін болмаған реттерде (жамбас қуысының тарлығы, әйелдің ауыр науқасты болуы), сондай-ақ нәрестенің тұншығып қалуының барысында) қарынды және жатырды тілу арқылы нәрестені шығарып алатын акушерлік ота жасау).
Егер нәресте жарық дүниеге өлі туылған болса, оның дене мүшелерінің көрінуі сәтінде оны өмірден айыру мақсатында қол сұғушылықты пиғылдың бағытталуы бойынша адам өлтіруге оқталу деп саралау қажет.
Адам өміріне аяқталған қол сұғу үшін жауаптылық мәселесін шешуде өлімнің (өмірдің аяқталған сәті) орын алған уақыты маңызға ие болады.