Дәрістің мақсаты: - адам өлтірудің ауырлатылған құрамдарын талдаудың негіздерін талқылау;
- адам өлтірудің ауырлатылған құрамдарын қылмыстың объектісі және объективтік жағы бойынша жіктеу;
- адам өлтірудің ауырлатылған құрамдарын қылмыстың субъектісі мен субъективтік жағының белгілері бойынша жіктеудің негіздерін қарастыру.
Адам өлтірудің ауырлатылған құрамдары
ҚР ҚК 99 б. екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың орын алуының барысында жасалған адам өлтіру оның сараланған түрі ретінде бағаланады.
Адам өлтірудің барлық саралушы (ауырлатылған) белгілері қылмыс құрамының элементтеріне сәйкестікте белгілі бір кезектілікпен орналастырылған.
1)қылмыстың объектісі (дәлірек айтқанда, жәбірленушінің жеке басының белгілері) бойынша:
- екі немесе одан да көп адамды;
- адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына не кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын;
- кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;
- кінәлі адамға жүктілік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелді;
- көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру;(ҚК 99 б. 2 бөлігінің 1-4, 14 тармақтары) ;
2)объективтік жағы бойынша(тәсілі):
- аса қатыгездікпен жасалған;
- басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған (ҚК 99 б. 2 бөлігінің 5-6 тармақтары);
3)субъективтік жағы бойынша (ниет және мақсаттары бойынша):
- пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан;
- бұзақылық ниетпен;
- басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан;
- әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни өшпенділік немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша;
- жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатымен жасалған (ҚК 99 б. 2 бөлігінің 8-12 тармақтары);
4) адам өлтірудің субъектісі бойынша (қатысушылардың санына және қылмыс субъектісінің жеке басының ерекшеліктеріне тәуелді түрде):
- бірнеше рет жасалған;
- қылмыстық топ жасаған адам өлтіру (ҚК 99 б. 2 бөлігінің 13,15 тармақтары).
Жоғарыда көрсетілген белгілерден бөлек адам өлтірудің жасалу жағдайын мәселен, төтенше жағдай немесе жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған адам өлтіруді атап көрсетуге болады. Аталған белгі өзінің мәнісі бойынша қылмыстық объективтік жағының белгісіне жақын келеді.
Адам өлтіруді ауырлатылған мән-жайда жасалған деп саралау үшін жоғарыда аталған белгілердің біреуінің орын алуы жеткілікті болады. Екі немесе одан да көп ауырлататын белгінің орын алуы адам өлтіруді ҚК 99 б. 2 бөлімімен әрбір белгіні көрсетете отырып («тармақтардың жиынтығы») саралауды талап етеді.
Осы айтылған ережені қолдану қылмыс құрамының объективтік белгілерін сипаттайтын мән-жайларға қатысты ешқандай дау туғызбайды.
Адам өлтірудің субъективтік жағын сипаттайтын мән-жайлар жиынтығының мүмкіндігі туралы пікір қылмыстық құқық теориясында айырмашылықтарға ие.
Кейбір ғалымдардың пікірлері бойынша осындай жиынтыққа жол беріледі. Ал басқаларының негізді пікірлері бойынша, ауырлатылған адам өлтіру қылмысының әртүрлі мотивтері мен мақсаттарын сипаттайтын белгілер өздерінің жиынтығында сәйкеспейді.
Нақты өмір жағдайларында қылмыстық жүріс-тұрыс мотивтерінің сәйкестігінің (бәсекелестігінің) орын алуының мүмкіндігіне қарамастан, адам өлтіруді саралау барысында мотивтерді ажырату қажет болады:негізгі (басымдыққа ие болатын, басты)және екінші дәрежелі (іспелі, қосымша, негізгі емес).
Қылмысты жасау барысында кінәлі адам өзінің жүріс-тұрысын қандай да болмасын бір мотивке бағындырады және де ол (мотив) қылмыскердің ниеті мен мақсатының сондай-ақ, жүзеге асырған әрекеттерінің мәнісі мен мазмұнын айқындайды.
Сараланған адам өлтірудің мотиві мен мақсаттарын сипаттау барысында қасақаналықтың түрлеріне қатысты алғанда құқықтық әдебиеттерде бірегей пікір жоқ екендігін айту қажет. Бұл мәселе бойынша екі көзқарасты атап көрсетуге болады.
Біреулері заңшығарушымен қылмыс құрамына кірістірілген арнайы мақсаттың тек тікелей қасақаналыққа сыйымды болатындығына және пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру, қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету, жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсаттарымен жасалатын адам өлтірулердің тек тікелей қасақаналықпен жасалатындығына сенімді.
Өзгелердің ойларынша, тек тікелей қасақаналықпен жасалатын «таза пайдакүнемдік» адам өлтіруді, жәбірленушінің қаза табуына кінәлінің психикалық қатынасы немқұрайымдылықпен (оған саналы түрде жол берумен) көрініс беретін қарақшылықпен ұштасқан адам өлтіруді ажырату қажет.