5. «Сюжет композициясы» мәселесі. «Композиция» ұғымы «сюжет» ұғымынан әлдеқайда кең болып келеді. Сюжет шығарманың жалпы композициясына кірігіп, авторлық мақсатқа орай белгілі бір рөл атқарады. Сондай-ақ сюжеттің өзінің де ішкі композициясы болады.
Бұл термин көркем уақыт пен кеңістіктегі оқиғаның қозғалысын анықтауға арналған. Бұл қозғалысты зерттеу екі аспектіде жүргізіледі: сюжеттік-тақырыптық және сюжеттік-композициялық. Біріншісінде сюжет характерлердің өзара қарым-қатынасында көрініс тапқан тақырыптың ашылуы ретінде түсіндіріледі. Ал екіншісінде сюжет шығарманың көркемдік компоненттерінің өзара байланысуы, орналасуы түрінде түсіндіріледі.
«Сюжет композициясы» деген терминге Л.Цилевич мынандай анықтама береді: «Сюжет композициясы шығарманың бірқатар көркемдік компоненттерінің органикалық қарым-қатынасына негізделеді, атап айтқанда: фабулалық және фабуладан тыс элементтердің; сюжеттің құрамдас бөлшектерінің өзара байланысы; оқиғалардың баяндау тәртібі; эпизодтардың өзара байланысы; сюжеттік желілердің (желі – кейіпкер характерінің дамуы немесе кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас), сюжеттік мотивтердің қарым-қатынасы» [4, 145].
Жоғарыда келтірілген пікірлерден байқағанымыз, сюжет композициясы негізінен нақты шығармадағы сюжет пен фабуланың ара қатынасына байланысты анықталады.
Әдебиеттану ғылымында сюжет дамуының өзіндік заңдылықтары бар, яғни оқиға хронологиялық тәртіп бойынша дамуы керек деген қағида қалыптасқаны белгілі. Бірақ қазіргі қазақ повестерінің композициялық құрылымындағы еркіндік анық көзге түседі. Одақтық және шет елдік әдебиеттер тәжірибесінен хабардар авторлар повестерін күтпеген жерден бастап, аяқтайды. Повестегі оқиға хронологиялық тәртіп бойынша сатылы дамитын, яғни дәстүрлі, уақыт тезінен өткен құрылымдар қазіргі жазушыларды қанағаттандырмайды. Сондықтан соңынан немесе ортасынан басталатын, не символдық астары бар мифологиялық сюжетке құрылған повестерді көптеп кездестіруге болады.