Қорытынды
Оқу орнында өткізілген сауалнаманың арқасында, көптеген ақпарат алдық.Әрі бұл сауалнамаға сүйенетін болсақ, латын әліпбиіне көшу өте жеңіл болады.Латын әліпбиіне көшу өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосушы фактордың біріне айналар еді. Өйткені бәріміз бір тілде сөйлегенімізбен, әртүрлі әліпбиді пайдаланамыз, мәселен, Ресейде, Монғолияда өмір сүретін қандастарымыз – кириллицаны, Қытай, Ауғанстан, Пәкістанда тұратын бауырларымыз – төте жазуды (араб жазуын), ал Түркия мен Еуропа мемлекеттерін мекендейтін алаш перзенті – латиницаны қолданады. Бұл, әрине, өзара хат-хабар алмасуды күрделендіріп, жазу арқылы тілдесуді қиындатады. Мұны шетелдің жоғары оқу орындары аралық келісімшарт негізінде білім алып жатқан Қытай мемлекетінен келген қандас студенттерімізді оқыту барысында көріп жүрміз. Яғни латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі деп айта аламыз.Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік.
IІІ.Бөлім. Латын әліпбиіне көшу- заман талабы
Қазақ халқы кеңестік қызыл империяның пәрменімен ХХ ғасырдың 20-30 жыл ішінде 3 рет әліпбиін (алфавитін) ауыстырған екен. Мұның астарында халықтың ғасырлар бойғы жинақталған бай рухани тарихын біржолата ұмыттыру, отарлау, орыстандыру, жалған «сауаттандыру», мәңгүрттендіру саясаты жатқандығын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Соңғы уақытта осы латын жазуына қайта көшу немесе қайта оралу мәселесі көпшілік арасында біраз пікірталасқа айналып отыр.
Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу біздерге көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.
Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.
Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланыстары екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді.
Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді. Мәселен, бұған дейін кириллицамен жазылып келген қазақ тіліндегі сөздерді латын әрпімен таңбалайтын болсақ, тіл үйренушілер ол сөздерді басқаша қабылдайды, олардың ойында басқа ассоциация пайда болады: Қазақстан – Qazaqstan, - қазақ – qazaq, Астана – Astana, Алматы- Almaty.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.
Біз, қазақ елі, уақыт көшіне ілесіп, қалып қоймай, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін, жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – заман талабы.
3.1. Латын әліпбиі туралы халық ойы
Шәкір Ыбыраев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті:
«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШАДЫ»
Әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қандай?
– Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.
Латын әліпбиін қолданысқа енгізуде қандай кедергілер бар?
– Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін.
Бекен Сағындықұлы:– Бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.(5;6)
Владимир Шнайдер:– Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын әріпінде жазу оңай, ал крииллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.
Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет.
Бұл ретте ескеретін бір жайт, бүкіл түркі әлемі 34 таңба пайдаланған екен. Біз осы нұсқаны аламыз ба, әлде 33 таңбаны қолданамыз ба? Осы жағын нақтылап алғанымыз жөн. Биыл бірыңғай стандарттар қабылданатын шығар деп ойлаймын.
Екінші мәселе –бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұрады. Оның 70 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор.(5;13)
Айман Зейнулина:–Жалпы, тіл тазалығы, тіл білімі үлкен ғылым. Қазір бір сөз бірнеше түрлі болып жазылады, айтылады. Осындай заңдылықтарды бірізділендіріп алу керек. Ол үшін латын әліпбиіне көшу науқаны аясында қазақ тілі туралы арнайы заң шығару қажет. Біздің елімізде тілдер туралы заң бар, бірақ, қазақ тілі туралы жеке заң жоқ. Осы мәселені оң жолға қойып, қауһарлы заң қабылдайтын уақыт жетті. Әйтпегенде, біздің ғалымдардың өзі дауласып жататын сәттер жиі кездеседі. Жазу нормасының ішінде орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтар бар, сондықтан нақты ұсыныстар жасауымыз керек.(5;17)
Жұмабек Сманов: «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары: - Көтеріліп жатқан мәселе өте өзекті. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл – заман талабы. Бастысы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол үшін неше таңбаны пайдаланған жөн, ол жағын ғалымдар зерттеп, дәлелдеп, тиімді тұсын ұсынсын. Екінші мәселе, қыруар қаражат қажет дедік. Бұл мәселені шешу – Үкіметтің міндеті. Ал әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Біз, қазақстандықтар, көпшілік болып латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп ойлаймын. (5;26)
Жарқынбек Амантай, ақын, журналист: - Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деп ойлаймын. Өйткені қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине. Ендігі міндет – ғалымдар ауызбіршілікпен латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасын анықтап, оны заң жүзінде бекітсе, қалғаны оңай деп ойлаймын. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастар да тез бейімделіп кетер еді деген сенімдемін. Түйін: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы әліпбиді қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет. Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында: «... қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»,-деді. Елбасының айтуынша, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастауымыз керек. Сондықтан дайындық мәселесін жеделдету - кезек күттірмес міндет болып табылады. Әліпби ауыстыру, бұл - ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды оқиға болып табылады. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Латын графикасын үйреніп алу аса қиындық туғыза қояды деп ойламаймын. Сондай-ақ, бұл шараның қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түркі әлемімен байланысы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді.Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдете түсер еді. Жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – ортақ әліпбиде жүру. Болашақта түрік халықтарының жазудағы бірлігі сақталатын болса, негізгі мақсаттарымыздың бірі орындалған болар еді. Тіпті, өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін.(5;32)
3.2.Қазіргі таңдағы латын әліпбиінің қажеттілігі
Ендігі ретте латынға көшу не үшін қажет?- дейтін сауалға ғалымдардың дәлелдеуімен жауап беріп көрейік.Бұл сауда мен экономика саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақын мәселе. Себебі, шетелден келетін күнделікті тұтыну тауарларынан бастап азық-түлік өнімдеріне дейін, соның ішінде бренд өнімдерінің барлығы дерлік атауы латын графикасымен жазылған. Біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде сағат сайын, сәт сайын осы мәселемен ұшырасамыз. Мысалы, Mersedes, Toyota, Land Cruzier деген атаулардың барлығын айна-қатесіз оқып, қиналмастан оның қандай маркалы автокөлік екендігін жазбай танимыз.Сонымен қатар, тұрмыстық техника құралдарын алатын болсақ LG, Samsung, Panasonic, Sony тағы басқаларының барлығының аты латын графикасымен жазылған. Бұл – әлемдік стандарт атаулыларының барлығына латын графикасы тән екендігін, атаулардың барлығы латын әрібінде жасалғандығын көрсетеді.Сондай-ақ, латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны, мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын Kazakhstan деп емес, Qazaqstan деп жазған болар едік.
Латын жазуын қабылдағанда қол жетер нәтижеміз әрқайсымызға байланысты және бұл уақыт еншісінде.
Болашақта латын әліпбиіне көшкенде 26 әріппен көшсек қана біз тілімізді өзінің үндесімді заңы негізінде сақтап қала аламыз. Ал 42 әріпті ауыстыра салу, «бір адым алға, екі артқа жүру» дегенге алып барары сөзсіз. Зияткерлік ұлтты қалыптастыруда латын әліпбиіне тек осылай ғана көшу ғана өзінің игі нәтижесін берері сөзсіз. Басында латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшу мынадай қиындықтар туғызатыны анық:
1) өз қазағымыздың өзі бір күнде «сауатсыз» болып қалатындай жағдай туындайды;
2) басқа ұлттардың түсінбестігі туатыны анық;
3) орфографиялық нормалар тұтасымен өзгеретіні барлық халыққа қиындық туғызады;
4) қаражат жұмсалады;
5) жер-су атауларын қайта жазу мәселесі дау-дамай тудырады;
6) бұрынғы тарихымыз, мәдениетіміздің мол мұрасы, кітаптар болашақ ұрпаққа түсініксіз болып қалуы ықтимал.
Дегенмен де латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшсек қазақтың болашақ таза қазақтық ұлтын қалыптастыратынымыз айдан анық. Латын әліпбиіне осылай көшсек мынадай жақсылықтарға жетеміз:
1) қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы, атап айтқанда, буын үндестік заңы, дыбыс үндестік заңы, ерін үндестік заңы бұзылудан сақталады;
2) акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды;
3) кірме лексика, терминдер сөздер үндестік заңдарына бағынады, мәселен: стартер – сартер.
4) бірінші кластан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 16 әріптен құтыламыз.
5) сөйлеу мәдениеті көтеріліп, орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды.
6) латын әліпбиін меңгеру ақпараттық кеңістікке шығуды жеңілдетеді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады.
7) басқа елде тұратын қандастарымызға өз тілінде ақпарат алуды жеңілдетеді.
Латын әліпбиін меңгеру қиынға түспейтіні анық, себебі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көпшілігі осы графикамен жазылуда.
Қазір еліміздің қазақ қоғамы таза қазақ, шала қазақ және қазақтықтан ада қазақ деген үш қабаттан тұратын белгілі. Егер, латынға 26 әріппен көшсек қана таза қазақ қабатын зияткерлік деңгейге көтере аламыз. Қазір бізде зияткерлік делініп жүргендер шала қазақ қабатындағы адамдардан тұратын жасырын емес.
Бұлар туралы Әлекең былай деп жазады: «Қазіргі орыс айтылымындағы «Ұлттық жобаның» негізінде жазып көрсетіп («федерацияны-ны п [p]-мен жазамыз ба?» деп жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, мазақ қып жүрген орыстілді ағайындарымыз таға бар. Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса амал қанша». Өз ана тілінің дыбыстау заңын бұзып сөйлейтін адамнан, яғни өз тілін сыйламайтын, орыс не ағылшын тілінде емін-еркін сайрайтын адамнан өз ұлтын шынайы сүю шығады дегенге сене қою қиын. Зияткерлік ұлт сапына кіремін деген адам ең алдымен өз ана тілін сүю керек, себебі өз ана тілін сүйген адамнан ғана өз елі мен өз ұлтын сүю туса керек. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінде бұрын болмаған реформа болса да одан қорқуды қоятын уақыт жеткені айқын. Әзірбайжан, Өзбекстанда әліпби ауыстыру, оған түпкілікті көшу әлі жүріп жатқанын есепке алсақ, Қазақ елі латын қарпіне көшуді биылдан бастағаны абзал болар. Оның үстіне, бұл ірі реформа болғандықтан, Әлекең өте дұрыс көрсеткен «сауат ашу» кезеңі де біраз уақытымызды алып кетері хақ. Мақалада өте дұрыс көтерілген мәселе – латынға көшу тілдік реформаның бастапқы кезеңі болуы тиіс екендігі. Бұл реформа Әлекең айтқандай, үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ережені бірдей қамтуы керек.
Жалпы әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе жалпы зияткерлік мен әлемдік деңгейдегі білім. Ал бұларға бастар қадам жақын уақытта латын әліпбиіне көшу деп есептеймін.
«Тіл – тірі құбылыс. Ол да кәдімгі тірі ағза секілді жаратылады, дамиды, тарайды. Егер қамқорлық болмаса, ол өзінің иммунитетін жоғалтады», – дейді Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, латын әліпбиіне өту жөніндегі сарапшы топтың төрайымы Айна Рахимова. Тілші-маманның айтуынша, латын әліпбиіне өту – тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-бір кепіл бола алады. Айна Рахимова, Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі: – Тілдің өзі арқылы адамның дыбыстық ойды қолданудағы энергиясын үнемдеуі сияқты үдерістер бар. Сол жағынан біз ұтамыз. Және ең бастысы өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді айқындайтын төл дыбыстарымызды анық, айқын түрде айта аламыз. Маманның бұл ойын белгілі саясаттанушы Дос Көшім де қолдап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына арнайы барған саясаткер жергілікті жұртшылықпен кездесіп, осы сұрақ төңірегінде сөз қозғады. Оның пайымдауынша, латын графикасы қазақ тілін халықаралық дәрежеге көтермек. Дос Көшім, қоғам қайраткері: – Біздің әліпбиімізге өзгеріс енгізетін уақыт келді. Бұл шындығында да таза тілдік тұрғыдағы келген қажеттіліктен туып отыр. Біреулер орыс әлемінен қашу дейді, біреуі түрік әлеміне жақындау дейді. Менің ойымша, негізгі орынға шығып отырған біздің өзіміздің тілдік қажеттілік. Қолдану жағынан келетін болсақ, тілші есебінде мен ежелеп оқи аламын. Өйткені филология факультетінде оқыған уақыттан білемін. Және адамдардың оқып, үйреніп кетуіне өз басым ешқандай қиындық келтірмейтініне сенемін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Заманбеков Н. А., Молдағұлов М.А. «Латын терминологиясы» пəнінен əдістемелік нұсқаулық. -Алматы, 2008
Латинский язык / Валл Г.И. - 1990 Латинский язык / Валл Г.И. – 1990
.
Назарбаев Н.Ә.Жолдау . «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Астана. 10.01.2018ж.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы.
5. Қазақ үні газеті 02.01.2013ж
6. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы “Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы”. //Солтүстік Қазақстан. № 122 (22139) 2017 ж. 1 б.
7. Қазақстан жазушылары: Анықтамалық/Құрастырушы: Қамшыгер Саят, Жумашева Қайырниса – Алматы: «Аң арыс» баспасы, 2009
8. Қазақ тілі.Энциклопедия. Алматы: 1998 ж., 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
9. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә.Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
10. Ақпараттық көздер
11. http://e-history.kz.
12. http://ruh.kz/kz
13. https://sputniknews.kz
14. http://abai.kz
15. http://semeyainasy.kz
16. http://www.kyzdaralemi.kz
Достарыңызбен бөлісу: |