Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулық
Тақырып мазмұнына қатысты теориялық материал
Лимфаның қызметтері:
1) жасушалардың интерстициалды сұйықтығы мен микроорта құрамының тұрақтылығы және көлемін сақтау;
2) нәруызды ұлпа ортасынан қанға қайтару;
3) ағзада сұйықтықты қайта бөлуге қатысу;
4) ұлпалар мен мүшелер, лимфалық жүйе мен қан арасындағы гуморалды байланысты қамтамасыз ету;
5) тағамның гидролиздік өнімдерін, әсіресе, асқазан-ішек жолдарынан қанға липидтерді сору және тасымалдау;
6) антигендер мен антиденелерді тасымалдау, лимфоидты мүшелерден плазмалық жасуша, иммундық лимфоциттер және макрофагтарды тасымалдау арқылы иммунитет механизмдерін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, лимфа нәруыздар мен ферменттерді, минералды заттарды, су мен метаболиттерді тасымалдау арқылы зат алмасуды реттеуге, ағзаны гуморалды интергациясы мен қызметтерін реттеуге қатысады, себебі лимфа ақпараттық макромолекулаларды, биологиялық белсенді заттар мен гормондарды тасымалдайды.
Лимфаның мөлшері, құрамы және қасиеттері
Адамда орта есеппен 1.5-2 л лимфа айналады. Лимфа плазма мен жасушалардан тұрады. Шеткі лимфада жасуша өте аз, орталық лимфада айтарлықтай көп. рН 8.4-9.2 аралығында болады. Лимфадағы жеке лейкоциттердің пайыздық қатынасы лимфаның лейкоциттік формуласы деп аталады.
Ол мынадай негізде болады:
лимфоциттер — 90%;
моноциттер — 5%;
сегментті-ядролы нейтрофилдер — 1%;
эозинофилдер — 2%;
басқа да жасушалар — 2%.
Қатерлі ісік кезінде лимфа қозғалысы үдерістің таралуына жағдай жасайды, себебі ұлпалардың қатерлі жасушалары лимфаға оңай түсіп, ол арқылы басқа ұлпалар мен мүшелерге тарайды (бірінші кезекте лимфа түйіндері), бұл ісік метастазасының негізгі механизмі болып табылады.
Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар
Сабақ барысында оқушылардың биология кабинетіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауына назар аударылады.
Сабақты ұйымдастыруға қатысты қосымша ұсыныстар
Сабақтың басында 7-сыныптағы микроағзалар мен жұқпалы аурулар, терінің қызметтері туралы білімдерін қолданады. Ағзаның қорғанышы лимфа жүйесінің қатысуымен жүретініне назар аудартылады. Асқорыту жүйесі туралы тақырыптан алған білімдерімен байланыстырылады. Лимфа жүйесінің қызметі қарастырылады.
Лимфа жүйесінің капиллярларының ұштары тұйықталған, олар жасуша аралық кеңістіктерге тарамдалады деген түсінік маңызды. Осы орайда капиллярдың қабырғасы арқылы қандай үдерістің (диффузия) көмегімен заттар лимфаға өте алады деп физика пәнімен және 7-сыныптағы заттардың тасымалдануы тарауымен байланыстырылады.
Қан, ұлпа сұйықтығы және лимфаның айырмашылықтары мен өзара байланысын түсіну маңызды. Олардың құрамы туралы айтылғанда химия пәнімен байланыс орнатылады.
Осы орайда оқушыларға топтық немесе жұптық жұмыс барысында ынтымақтастықта бола білу маңызды деп құндылықтарға сілтеме жасалады.
Ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығы тірі ағзаның тіршілігін сақтап қалуының негізі екенін түсіну маңызды. Бұл дегеніміз табиғаттағы тепе-теңдік сияқты, биосфера, экожүйедегі, экономикадағы тұрақтылық сияқты маңызды деп жаһандық азаматтықты дамыту құндылығына сілтеме жасалады.
Сұрақтар құрастырғанда жауап бергенде талқылаулар жүргізілгенде сыйластықта бола білу құндылығына сілтеме жасалады.
Қалыптастырушы бағалауды жүргізуге байланысты ұсыныстар
Лимфа жүйесінің құрылысын сипаттай алуы, лимфаның қан плазмасынан түзілетінін, оның рөлін, құрамын сипаттай алуы, лимфаның ұлпа сұйықтығы, қан плазмасымен байланысын сипаттай алуы, лимфаның маңызын түсіндіре білулері бағаланады.
Оқушылардың тиісті пәндік терминологияны қолдана білулері тексеріледі.
Сабақтың әр кезеңіндегі тапсырмалар нақты мақсаттарға жетуге бағытталып, әрқайсысына дескрипторлар ұсынылған. Сондықтан әр іс-әрекетті критерийлер мен дескрипторларға сай бағалап отыруға болады. Сонымен қатар сабақ барысында оқушыларға жекелеген түрде кері байланыс беру арқылы олардың оқу мақсатына жетуіне көмек көрсетіледі. Оқушылар жұмыстарын дескрипторлар арқылы бағалап отырады.
Саралау тапсырмалары
5-қосымша:
1) Жасушаға өтетін заттар: оттек, көмірқышқыл газы, аминқышқылы, глюкоза, тұздар, су, дәрілік препараттар, бояғыш заттар.
Жасушадан бөлініп шығатын заттар: су, тұздар, зат алмасудың соңғы өнімдері: аммиак, дәрі қалдықтары, бояғыш заттар.
2) лимфаға өтетін бөлшектер: су, тұздар, зат алмасудың соңғы өнімдері: аммиак, дәрі қалдықтары, бояулар, микробтар, лейкоциттер.
Тапсырма жауаптары, критерийлері
3-қосымша.
Сұрақтар:
- қан қайда болады? (қан тамырында)
- қанның жасушасыз бөлігі қалай аталады? (плазма)
- лимфа қайда болады? (лимфа тамырларында)
- лимфа қайдан пайда болады? (плазмадан)
- жасушалардың арасындағы сұйықтық қалай аталады? (ұлпа сұйықтығы)
- ұлпа сұйықтығы қанға қалай қайтып келеді? (лимфаға айналу арқылы)
- ол қалай тазартылады? (лимфа түйіндерде)
4-қосымша: Оң жақтан бастап: оң жақ лимфа венасы, аш ішектегі лимфа тамырлары, лимфа түйіндері, құрсақ өзектері, оң жақ лимфа өзегі (жоғарғы қуыс венаға құйылады)
Сілтемелер мен ресурстар
Ақпараттар: https://studopedia.org/7-4365.html
Лимфа жүйесі туралы онлайн тапсырмалар: https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/adam-biologiyalyq-tur-retinde/ahzanyng-ishki-ortasy/lesson/limfa
https://bilimland.kz/kk/courses/biologiya-kk/adam-biologiyalyq-tur-retinde/zhurek-qan-tamyry-zhujesi/lesson/limfa-zhujesi
Достарыңызбен бөлісу: |