ІІ. Негізгі бөлім
2.1. «Толқын» өлеңіндегі көтерілген мәселе – тәрбие.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Мағжанның өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын тылсым буғандай әсерге енесің, таңғаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің, не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін мойындайсың. Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жар, күн, ай жайында айтсын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінімі, ішкі жай күйі тұрады; сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебіренеді. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестелеген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. Осындай өлеңдерінің бірі – «Толқын». Бұл өлеңде ақын толқындардың қозғалысының əртүрлі болып келетіндігіне назар аудартады. Сылдырап аққан бұлақтың бетінде бірде көпіршіп, бірде иіріле ағатын толқындар нəзік, қарапайым, зиянсыз, сырттай қарағанда өмірге қатер тудырмайды. «Толқын» сөзінің негізгі мағынасы табиғаттағы су бетінің ырғалысынан пайда болатын тербелісті білдіреді. Мағжан табиғаттың осы бір құбылысын ала отырып, терең ой толғайды. «Толқын» – қозғалыс перзенті, ал өмірдің өзі қозғалыстан тұрады. Ақын өлеңде «Толқыннан толқын туады» деп бастап, өмір заңдылықтары: уақыт, қозғалыс, өмірдің өзгермелігін, өмір жолындағы жарыс пен тартысты, ұрпақ жалғастығын, жылайтын, күлетін адамның болмысы мен сезім-күйін өлеңнің мағыналық астарына дәріптейді. Алдыңғы толқынның өмірден озуы, кейінгі толқынның орнын басуы заңдылық. Өлеңнің идеялық өзегінде өмір философиясы кеңінен бой көрсетеді.
Меніңше, бұл өлеңді адам өмірімен байланысты қарауға болады.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад.
... Ерке бала былдырлап,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толқын қуады. - деп аға буын мен жас буын арасындағы байланысты көрсетті. Қай заманда болмасын келер ұрпақ алдыңғы аға буын салып кеткен жолмен жүреді, сол тәрбиені көреді. Сондықтан ұлт жастары адаспас үшін сара жол, дара жол салынуы керек.
Толқынының қимылынан бірінен-бірі жақындап келіп, сырласқан болып, бірінің сырын бірі ұрлап, бірін-бірі жұтып жіберетін жымысқы адамдардың əрекеті көрінеді. Толқындар бірін-бірі қуалай алдап, еркелей ойнап, жарыса жүгірген болып, абайсызда итеріп, құлатып жібергеннен кейін өтірік жылап, көз жасын сүртіп, жағалауға шегініп, өзге толқындарға ілесіп, көрінбей кететін адам образын ойға салады. Жартасқа сүйеніп, көз жасын сүртіп, сылқ-сылқ күліп, бірінің ізін бірі аңдып, жоғалып жататын адам тағдырымен астарлайды. Осылайша, өмірдің толқынды құбылысының қозғалысын ойға салғандай образдайды.
Өлеңде ақын өмір философиясы туралы толғанады.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысады,
деп, ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрмақ. Өмір ағысы осындай.
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын тынады.
Достарыңызбен бөлісу: |