Тапсырма: Әр мақала түріне мысал жазу. Тақырыптық мақала Ұстаз болу – жүректің батырлығы Қандай мамандық болсын өзіндк ауыртпашылығы бар екені рас. Бірақ соның ішінде ұстаз болу бәрінен де қиын дер едім. Себебі, ұстаз-адам тағдырына жауапты тұлға. Кез келген адам баланың ойының желкенін көтерген сәтінен бастап, өзінің бүкіл саналы ғұмырының негізін мектепте қалайды. Балалық шақтан болашаққа, балалықтан даналыққа дейінгі аралықта өтетін құбылыстың барлығы өз бастауын мұғалімнен алады.
Өмір бойы оқып, ізденумен уақытын өткізіп, білім саласына әр жылдары енген сан алуан реформаларды жүрексінбей қабылдау, аз уақыттың ішінде тәжірибеге енгізіп, оны өзге әріптестерімен бөлісуден еш жалықпайтын мұғалімдер кейде мәңгілік шәкірт тәрізді боп көрінсе , кейде мәңгілік тәлімгер сияқты. Мұның барлығы төзім мен табандылықты , интеллект пен қабілеттілікті қажет етеді десек, нағыз мұғалімнің екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Біреуі шебер сөйлегенмен, айтқан сөзін жүректен шығарып, жүрекке жеткізе алмауы мүмкін, біреуі көппен араласқанымен , адам жанын түсініп , оның жүрек қалауын таба алмауы мүмкін. Бұл тұрғыдан келгенде мұғалім – адами, кәсіби болмысы қалыптасқан, жан-жақты дамыған биік тұлға. Ол – қиын да, күрделі ұғымды қарапайым да түсінікті тілмен жеткізе алатын шебер, баланың рухани әлемінде жасырулы жатқан қабілеттің көзін аша білетін зере, дүниенің кереметін жан бітіре суреттейтін шешен , әр сөздің қисынын келтіріп, орайын тауып сөйлей білетін ділмар, бала әлеміне бала болып еніп , сол тілде сөйлесе алатын әртіс, білім сахнасындағы рөлдерді аса ыждахаттылықпен орындап, шебер ұйымдастыратын режиссер, нәзік те сезімтал бала жанының бір жібін де сетінетіп алмай, діттеген мақсатына жетуге тырысатын психолог. Даулы мәселелердің тігісін жатқызып, жүгінген жақтардың көкейіне қонымды жауап тауып, істің оң шешімін таба білетін ұстаздар қауымын бүгінгі күннің би- шешендері десе де болғандай.
Нағыз мұғалім болу-үлкен абырой, зор еңбек, ішкі қажеттілік және балаларға деген жалындаған махаббат. Ұстаз деген атаққа ие болудың өзі бір бақыт. Қай заманда болмасын , ұстаз үздіксіз ізденуші, ұшқыр ойлы болуы тиіс деп ойлаймын. Шәкірттері білім додасынан қатарласынан оза шауып, оң нәтижеге қол жеткізіп жатса , ұстазға бұдан артық қуаныш бар ма? Ұстаздардың өз ісін өнер деңгейіне жеткізуге , кәсіби сауаттылығын шыңдауға ұйытқы болатын әдістемелік жұмыстың қажеттілігі бүгінгі таңда ерекше. Мемлекеттік білім стандартын жүзеге асыру, Қазақстан ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді келелі мәселелер ұстаздардан жоғары кәсіби шеберлік пен іскерлікті талап етеді. Жазушы Мағжан Жұмабаевтың: «Мектептің қаны бір, жаны бір жолбасшысы- мұғалім»- деген ұлағатты сөзіне лайық ұстаз болатыны болу керек.
« Тәрбие басы-тал бесік»- дейді халық, ал баланың дұрыс өсуі , дұрыс тәлім-тәрбиеге бейімделуі-алдымен отбасынан,содан соң балабақша мен мектептегі тәрбиеге байланысты. Ұстаздар күнделікті сәт сайын ізденіс үстінде болуы тиіс. Қорыта келе, ұлы тұлға О.Бальзактың «Ұдайы еңбек ету- өнердің де, өмірдің де заңы» дегеніндей , тынымсыз еңбек ұстазды заман талабына сай шыңдайды жаңа формация мұғалімі дәрежесіне көтереді.