179 - Әйтеуір қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта тұру керек, қай уақытта
тымақты көзден алып, кең отыруға болады, бәрін өзің айтып отыр! - деп өтініп
тұр.
Абай Ерболдың енді басқаша міндетке ауысқанына қарап, ойланып қалды.
Бүгін Абаймен бірге, күйеу өтетін тар есік, тас босағаның бәрін бұл да өткелі
тұр. Соған бар ынтасымен кеткен. Тіпті Абай ойламаған жайдың бәрін де Абай
үшін бұл ойлайды. Мұнысы да достығы. Абайға бар ынтамен берілгені. Бірақ
мынау Ербол мен анадағы Ербол қайда? Бұл қазір екі кісі сияқтанып барады.
Сонда қайсысы ыстық? Қайсысы қымбат?
Дәл осы кешке шейін Абайға таңдатса, анау Ербол, қызыл өгізге мініп,
тасқын судан Абай үшін өтіп келген Ербол, аспанда тұрғандай жоғары.
Осы жолға ере шыққан күні Ербол Абайға аса бір өзгеше сәлем әкелді.
Тоғжан мұның Абай қайнына бірге баратынын естіп отырып:
- Ай батқандай қылды да, адастырып кетті ғой! Бірақ сонда да жолы
болсын! Жақсы қызық көрсін, сәлем айт! - депті де, Ербол кете бергенде,
орамалымен көзін басып, жылап қапты.
Осыны есіткелі Абай жол бойында бір сейіле алмады. Өзін бір бұйрық
қуып, еріксіз әкеле жатқандай көретін. Осындай күйлерде күйеулер тосып
тұрғанда, бір шақта, сам жақтан күлкі естілді. Әйелдер күлкісі. Келесі секундте
көп шолпының шылдыры да жетті. Күйеу алдынан шыққан қыз-келіншек екен.
Қалың топ. Ақ жаулықты келіншектер, үкілі кәмшат бөрікті қыздар көрінеді.
Айнала жүгірген балалар да көп.
Абайлар топталып тұр. Жақындай бергенде, келіншектердің алдыңғы
қатарында, орта тұсында келе жатқан біреулері:
- Абай қайсы?
- Күйеу қайсы бұл!
-Бәрінің киімі бірдейі несі! Күйеуше неге киінбеген? - десіп, жақындап кеп,
амандаса бастады.
Абай жаңағы үндерді естігенде, сескеніп қысылып қалды. Енді біраз бойын
жинап, күліп:
- Қайсымызды ұйғарасыз, сонымыз Абай болсын! - деді. Келіншектер күлді
де, Абайдың дәл өзін таныды. Бірақ тани сала, бір келіншек:
- Қой, шырағым! Тобықты тымағын аулыңда киерсің. Біздің аулымызда
күйеу тымағымен жүр! - деп бұйрық берді.
Осы жайды күлкі етіп, қалжыңдай бастаған келіншек, күйеу киімін іздеп,
сұрау салды. Жұмағұл шыдамады. Атының қанжығасынан қоржынын шешіп
алып:
- Бәсе, ки десем бір көнбейді. Ал, міне, үйретіп алыңдар! Бар киімі мына
менің қанжығамда, - деп, келіншектерге берді.
Осы кезде келіншектерге еріп келген балалар күйеу жігіттердің аттарына
екіден, үштен мінгесіп ап, шаба-шаба жөнелісті. Абайдың мінгені, ақжал, сары
жорға ат. «Күйеу атымен күл тасы» дейтін әдет бойынша, енді ақжал аттың көзі
ашылмайтын
мәлім.
- Өзі жорға ғой!
- Ойбай, рақат екен! - деп, мінгесіп алған үш бала соқтырып, тайпалта
жөнелген. Алшынбай аулына күйеулер мен барлық қыз-келіншек жаяулап келді.
180 Күйеуге арналған үй өзге үйлерден де ерекше шатырдай аппақ екен. Ішінде
жүк, сандық көп емес. Кең болсын деп, бос қойыпты. Бірақ үйдің керегелері
көрінбейді. Уықтың қарына шейін жағалай тұтылған, ылғи су жаңа жібек кілем.
Ашық түсті бояулары да, ұсақ шебер өрнектері де үйдің ішіне қызыл, жасыл
көрік беріп тұр. Есіктен төрге шейін жайылған тақыр алаша, манат мақпал мен
оюлап сырған үлкен-үлкен сырмақтар. Соның үстінде қабат-қабат жаңа көрпе,
кестелі жастықтар. Үлкен бұйымынан - оң жақта әдемі сүйек төсек тұр. Он бес
қатардай жібек көмкерудің үстіне құстөсек, үлкен ақ жастықтар, шағи көрпелер
жиналыпты. Көкшіл-қызғылт еңі бар шілтері шымылдық биік төсектің жоғары
жағын перделеп тұр.
Абай осы төсектің алдына кеп отырғанда, екі жағынан Ерболдар отырған
жоқ. Балдыздар, құрбы қыздар, қайынбикелер отырды.
Солардан жоғары таман Ербол, Жұмағұлдар орналасты. Олар да бірыңғай,
өкшелеп калмаған. Орталарына үлкен сырғалы, кәмшат бөрікті кекселеу қыздар
араласып отырысқан екен.
Күйеулер осылайша орналаса бергенде, жаңағы бірге келген келіншектің
үшеуі кіріп кеп:
- Шымылдық, шымылдық түсір! - десті.
Абай қасындағы аққұба қыз атып тұрып, атлас шымылдықты сусылдатып
түсіріп жіберді. Сүйткенше, әлгі келіншектер есікті шалқасынан ашып:
- Кіріңіз, кіріңіздер! - деп, тысқа дауыс берді де, күйеулер жаққа қарап: -
Ал, балалар! Үлкендер! Енелерің келеді! - деді.
Абай, Ербол, Жұмағұл және қастарындағы бар қыздар орындарыңан ілезде
тұрысты.
Шымылдық түсірулі. Үй ішіне үш үлкен әйел кірді. Ортадағысы Абайдың
үлкен енесі - Алшынбайдың әйелі, семіз, қара бәйбіше.
Қасындағы орта жаста, ақ сары әйел - Абайдың өз енесі, Түсіптің қатыны.
- Ал, шешелер, көрімдік!
- Көрімдік кәні!
- Болмаса, балаларыңды көрсетпейміз, беті ұялады! - деп, алғашқы келген
келіншектер, күлген бойларында, шымылдықтың шетін ұстады.
-Алыңдар! Көрімдік сендердікі! Бірақ бізге баламыздың жүзін көрсетіңдер,
алыңдар! - деп, үлкен бәйбіше қолына шашуын алды. Сол сәтте атлас
шымылдық шалқая ашылды. Күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр
екен. Үлкен бәйбіше:
- Өмір-жасың ұзақ болсын! Алдыңнан жарылғасын, қарағым! - деп
шашуын шашты. Лақтырғаны бір табақ өрік, мейіз, кәмпит.
Өздері осы ауылдың балалары болғандықтан иілмей Абайларға күле қарап
тұрған қыздар, шашуды теруге тап берісті. Күлісіп, таласып алып жатыр.
- Қадамың құтты болсын! Қызығың ұзақ болсын, қарағым Абай! - деп,
Абайдың өз енесі де тілеуін айтты. Күйеулерінің жауап айтуы шарт емес. Олар
үндемей сызылып қана тұр.
Сол кезде екі ене жақындап кеп Абайдың бетінен сүйді де, көп бөгелмей
шығып кетті.
Абай бұл кеште өзінің өзгеше халына үйрене алмай, қатты қысылумен
болды. Ұзын тымақ та көзіне түсіп, терлетіп мазасын кетіріп отыр.