4.3 Тәрбие жұмыстарын жоспарлаудың формалары, әдістері мен тәсілдері . Мектептегі тәрбие жұмысын жоспарлау тәрбие заңдылықтары мен ұстанымдары мазмұнға байланысты әртүрлі әдіс-тәсілдер мен құралдарды қолдану арқылы іске асырылады. Оқушылардың бойындағы құндылықты қалыптастырудың сәтті болуы оның әдіс-тәсілдеріне байланысты болады. Яғни, әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдай білудің маңызы зор. Тәрбие жүйесіне – тәрбие ісінің мазмұны, құрылымы мен қолданудың әдіс-тәсілдері және білім беру үрдісін ұйымдастыру істерінің жиынтығы болып табылуымен қатар, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара қарым-қатынасына құрылған сабақ үстіндегі және сыныптан тыс жұмыс түрлері тәрбие, сынып сағаттары, үйірме жұмыстарды, кештер мен жарыстар, байқаулар т.б. енеді.
Тәрбие тәсілі - әдістерді белгілі бір жағдайларда нақты пайдалануды қамтамасыз ететініне тоқтала келе, әдісті іске асыруда тәсілді нақты, айқын пайдалану көзделеді. Тәсілдерді дұрыс айқындау арқылы тұлғаның құндылығын оның санасына, сезіміне, іс-әрекетіне, алға қойған мақсаттың орындалуына бағыттайды.
Жеке тұлғаны қалыптастыру мақсаты тәрбие жұмыстарының жоспарын нақты құруға бағытталады. Осыған орай, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің ортақ мақсатқа жетуге бағытталған өзара тиімді әрекеті, яғни ынтымақтастығы деуге болады.
Тәрбиенің мақсаты – қоғамды ізгілендіру мен демократияландыру үдерістеріне, нарықтық қатынастарға, жалпыадамзаттық құндылықтарға және тәрбиенің осы заманғы теориясына сүйенумен, Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін есепке алумен, өзінің ішкі мүмкіндігін өздігінен толық пайдалануға даяр, белсенді, іскер, қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін сезінетін, сонымен бірге қайырымды және тапқыр, қоғамдық талаптарға икемді, жеке басының мүдделерін қоғамдық мүддемен ұштастыруға қабілетті, жеке басының құнын бағалай білетін, адал, ұлттық санасы оянған, басқада ізгі қасиеттері жетілген, мәдениетті азамат тәрбиелеу.
Тәрбие мақсатын жүзеге асару нақтылы тәрбие формаларын қажет етеді. Тәрбие формасы – тәрбиешінің арнайы тәрбиелік істерді ұйымдастыруы. Тәрбие үдерісі рухани қарым-қатынас барысындағы тәрбиелік істер тізбегінен құралады. Тәрбие жұмысын жоспарлауда тәрбиенің түрлі формалары тәрбие және сынып сағаттары, пән сабақтары үстінде қамтылатын тәрбие, тәрбие кештері, ғылыми - практикалық семинар, конференция, диспут, треннинг, дөңгелек үстелдер т.б. іске асырылады. Мектептегі тәрбие жоспары тұлғаның интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға бағытталған негізгі құжат болып табылады.
Сабақ, экскурсия, кештер, таза ауада және мектепте ұйымдастырылатын ойындар, табиғат аясындағы серуен, сынып жиналысы, ұзақ мерзімді жорықтар, жазғы экспедиция осының бәрінде мұғалім мақсатты түрде тәрбие үдерісін іске асырса ғана, ол тәрбие формасына айналады.
Кез келген тәрбиелік істер педагог тарапынан белгілі мақсатқа бағытталып, бақыланбаса, ондағы атқарылатын істер жүйесіз болғандықтан оқушылардың сапалық қасиеттерін қалыптастыруда ешқандай пайдасы болмайды. Оқушылар тәрбиелік істерге қатысып, белгілі бір іс атқарғанымен де, ол нақты тәрбие формасына сәйкеспейді. Сондықтан нақты тәрбиелік істерді өткізуге тоқталып, оқушылардың атқаратын істерінің мазмұнын бақылайық. Белгіленген мақсат оқушыға түсініктіме, ол оқушыларды түгелдей қызықтыра алдыма, жалпы атқарылатын істерде оқушы өзінің орнын таба білеме, онда тәрбиенің белгілі принциптері іске асырылдыма, педагог тәрбие әдістерін дұрыс таңдай алдыма, оқушылардың өзара әрекеттесуі мен қарым-қатынасы дұрыс белгіленді ме, сол тәрізді айналадағы адамдармен қарым-қатынас құрып, іс-әрекетке түсе алды ма, атқарылған тәрбиелік шара оқушыларды қанағаттандырды ма? Міне осы көрсетілген мәселелер дұрыс шешімін тапса ғана тәрбиелік үдерістің жүзеге асқанын көруге болады.
Тәрбие формасы – тәрбиешінің тәрбиеленушілерді қатыстыруымен ұйымдастыратын тәрбиелік істері. Осы тәрбиелік істер оқушының айналадағы объектілермен қарым-қатынасын тәрбиелейтін (сыныптық-сабақ, үйірме, әңгіме, жорық, т.б.) тәрбиелік үдерістің үздіксіз тізбегін құрайды.
Тәрбие формаларын сабақ барысында және сабақтан тыс пайдалану ерекшеліктері. Оқыту формасы белгілі мақсатқа сәйкес ұйымдастырылып, мазмұндық және әдістемелік жағынан танымдық және тәрбиелік қарым-қатынас орнату, өзара әрекеттесу және мұғалім-оқушықарым-қатынасынан тұрады. Оқыту формасы–оқыту мазмұны, оқыту құралдары мен әдістерінің тығыз бірлігі арқылы іске асырылады. Бірегей оқыту формасы (сыныптық-сабақ, дәріс, лабораториялық сабақ, семинар, экскурсия, т.б.) оқу-тәрбиелік мәнге ие. Осы оқу-тәрбиелік сабан формалары балалардың нақты фактілерді, жалпылама түсініктерді, тұжырымдарды, белгілі білім, білік, дағдыларды меңгеруін қалыптастырады. Түрлі тақырыптар мен тарауларды, теориялар мен тұжырымдамаларды, бірімен-бірі байланысты білім, білік, дағдыларды пайдалана білудің жалпы оқу-тәрбиелік маңызы жоғары, олар оқушылардың жүйелі білім імен жеке тұлғалық қасиеттерін дамытады. Оқытудың тиімділігі оқыту формасының жеке бір түрімен ғана емес, алдын ала таңдалып алынған, өзара байланысты формалар жүйесі арқылы іске асырылады. Түрлі оқыту формаларының жүйесі: жеке, топтық, сыныптық-сабақ, т.б.
Мектепте ұйымдастырылатын тәрбие жұмысының негізгі формасы – сынып немесе тәрбие сағаты. Сынып сағаты оқушылардың дүниетанымын, мәдениетін, іс-әрекетін қалыптастырады. Сынып сағаты ағартушылық, бағыттаушылық, болжамдық және қалыптастырушылық қызмет атқарады.
Тәрбиенің ағартушылық қызметі оқыту формаларының түрлі жүйесінде іске асырылатын жетекші идеямен рекет түрлерін, білім жүйесімен дүниетанымды меңгеруге, біліктер мен дағдылардың қалыптасуына көмектеседі. Тәрбиенің ағартушылық қызметі оның болжамдық қызметімен тығыз байланысты. Болжамдық қызмет оқушыларда өмір шындығына белгілі бір қарым-қатынас орнатуға, рухани және материалдық құндылықтар жасауға талпындырып, оларды бағалай білуге үйретеді. Тәрбие формасының бағыттаушылық қызметі оқушылардың өмірін тәжірибелік әрекетке бағыттайды. Нақты бағытты белгілеудің тәрбиелік ықпалы жоғары болады, ол оқушының мінез-құлқын жетілдіре түседі. Қалыптастырушылық қызмет тәрбие формасының алдыңғы аталған қызметтерінің іске асырылуымен байланысты, атқаратын ісін ойланып іске асыруға, өз өміріне коректі құндылықтарды бағалай білуге, өзгелермен тіл табысуға, өз пікірін дәлелді жеткізуге тәрбиелейді.
Мектепте сынып жетекшісінің басшылығымен сынып және тәрбие сағатының жоспары дайындалып, сол бойынша іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Сыныптық сабақтарда басты екі мәселе қарастырылады. Оқушылардың апта бойындағы оқу үлгерімдері, тәртібі, қоғамдық істері, бірімен-бірінің қарым-қатынасын қарастыратын сынып жиналыстары мен әр аптада атқарылатын тәрбиелік шаралар. Сынып сағаты белгілі жоспарға байланысты нақты белгіленген уақытта өткізіліп отырады.
Тәрбие сағаттары тәрбие жоспарына сәйкес белгіленген тақырыптарға байланысты жүргізіледі. Әр тақырыпқа сәйкес тәрбие жұмысының әдістемесі дайындалады. Сонымен қатар, тәрбиелік шаралар түрлі мәдени, сәулет орындарын тамашалауға, табиғат аясына, өзіне жақын айналасындағы өндіріс және шаруашылық орындарымен танысуға т.б. шаралар кеңінен қамтылады.
Бір тұтас педагогикалық үдерістегі оқыту мен тәрбие формаларының ортақ түрлері бар. Дәстүрлі формалары: сабақ, дәріс, әңгіме, экскурсия, дәстүрлі емес формалар: конференция, пікірталас, саяси хабарлама, дөңгелек үстел, оқырмандар конференциясы, тақырыптық конференция, баспасөз конференциясы, конкурстар, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |