МАТЕМАТИКА, ФИЗИКА, ИНФОРМАТИКА
ӘОЖ 45.10
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІНДЕ ІЗГІЛІК
ҚАСИЕТТЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Еркебеков Д.
№35 орта мектеп, Тараз қ.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің адамзат баласының жеке тұлғалық сапалық қасиеттерінің қалыптасуына ықпалы бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Ол туралы «Адам құқығы конвенциясында», қоғамымыздағы демократиялық жаңғыруларға сай жалпы азаматтық ұлттық құндылықтарға, адамгершілік ойларға негізделген «Қазақстан Республикасындағы гуманитарлық білім беру» тұжырымдамасында» және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында қарастырылады. Білім берудің маңызды мақсаты – адамды әдеттегі үйреншікті сана-сезім шеңберінен алып шығып, мәдениеттің биік деңгейіне көтеру, өз гуманистік дүниетанымы мен адамзат табыстарына негізделген өзіндік сенім көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік тудыру, жеке тұлғаның ізгілік қасиеттері мен мәдениеті арқылы өркениетті көтеруін көздейді.
Жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіру - бүгінгі заманның басты талабы. Гуманизмнің негізі және оның тәлім-тәрбиелік маңызы туралы құнды ой-пікірлер туралы қазақ даласындағы ұлы ғұламалар әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қ.А.Ясауи және т.б. ағартушылар Ы.Алтынсариннің, Ш.Уәлихановтың, А.Құнанбаевтың, қазақ зиялылары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. болашақ ұрпақты адалдық, парасаттылық, шыншылдық сынды қасиеттерге тәрбиелеудегі халық даналығын жоғары бағалағандығы және соған талпынғаны да аңғарылады.
Мектеп оқушыларына ізгілік тәрбие беру мәселесін зерттеуде Ш.Амонашвилидің ауқымды үлесін және жеке тұлғаны тәрбиелеу мен оның психологиялық жағы Л.М.Божович және т.б. ғалымдардың еңбектерінде баяндалған. Оқу-тәрбие үдерісін гуманизациялау туралы көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өздерінің зерттеулерінде ізгілік қасиеттердің, қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, олардың заңдылықтары мен қалыптасу әдістерін қарастыру педагог-ғалымдардың назарынан тыс қалмады. Оқушыларда ізгілік қасиеттерді қалыптастыру мәселесіне қатысты А.А.Бейсенбаева мектеп білімін ізгілендірудің теориясы мен практикасы, Ш.С.Ахимбекова мектеп өмірінде мектеп кеңесін ізгілендіру іс-әрекеттері, Г.Ерғалиева рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде студенттердің өзін-өзі тәрбиелеудің педагогикалық шарттары бағытындағы ғылыми-зерттеулерде рухани-мәдени дамуымыздағы тәлім-тәрбиенің мәні ғылыми тұрғыда қарастырылған. Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді, көрегенді етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын жоғары деңгейге көтеру, қоғамды ілгерілету үдерісінде адами ізгілік қасиеттерін дамытуға үлкен мән беру, ұлттық намысы жоғары ұлтжанды өкілдерді тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екендігі айқын десек те, бұл міндеттердің өмірлік практикада толық мәнді жүзеге асырылмай жататыны да белгілі. Олай дейтініміздің бір себебі, мектеп мұғалімдері мәртебесінің өз дәрежесінде қоғамдық ортадан көрініс таппауы.
Қазіргі кезде білімнің беделі төмендеп, мәдениеттің, рухани байлықтың мәртебесі құнсызданып отырған жағдайда А.А.Бейсенбаева бұл гуманитарлық мәселені шешудегі негізгі тұлға – мұғалімге үлкен мән береді және «Себебі білім беруді гуманитарландыруда педагог маманның мәртебесін көтеру елімізді өркениетті мемлекеттер деңгейіне жеткізудің басты шарты деп есептейміз» - деп біледі. Педагог-ғалымның бұл пікірі құптарлық ой десек те, оның қамтама-сыз етілуі бірқатар зерттеулердің, жұмыстардың атқарылуын талап етеді.
Педагогикалық жүйеде педагогтың атқарар рөлі, алатын орны өте жоғары екендігі белгілі. Ол жөнінде қазақ ағартушылары және жазушы педагогтары Ы.Алтынсариннің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың және басқалардың айтқан пікірлерінің мәні өте зор. Мұғалім туралы қазақтың аса көрнекті қайраткері, ақын, аудармашы, лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың «Ең әуелі мектепке керегі білімді, әрі педагогика, әдістемеден хабардар, оқытып білетін мұғалім» деп баға бергені бүгінгі күнде де өз мәнін жойған жоқ.
Мұғалім және оның педагогикалық іс-әрекеті жөнінде кезінде көптеген ғұламалар, педагог ғалымдар өздерінің пікірлерін жазып қалдырған. Атап айтар болсақ: Ян Амос Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци т.б. Кеңес дәуірінің ірі педагогі А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский балалармен күнделікті қарым-қатынаста болу адамға деген сүйіспеншілікті, сенімділікті арттыратындығын жазған.
Мұғалім мамандығын даярлау – қашан да педагогиканың көкейкесті мәселесінің бірі және солай қала береді де. Оның себебінің бірі ретінде ғылым мен техниканың, ел экономикасының дамуы мен әлеуметтік өмір сүру жағдайының жоғарылауына және т.б. байланысты білім мен тәрбие ісінің өзгеруін, соған сәйкес жаңа тұрпатты мұғалімді даярлау ұдайы өзгерісте болуын айтуға болады.
Қазіргі кезде жоғары мектеп педагогикасы жоғары білімді мамандарды даярлауды жүзеге асырумен айналысуда. Жоғары білімді мамандарды даярлау негізгі нормативтік құжат - стандарт шеңберінде жүзеге асырылатыны белгілі. Зерттеу міндеттеріне тән болашақ педагог-психологтарды дайындауда нормативтік құжаттар басшылыққа алынады.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Гуманизм адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет» ретінде қарастырылады. Ал, «Гуманитарлық» ұғымы «.. халықтың мәдениеті мен тарихын терең зерттеуге бейім қоғамдық ғылымға қатысты ғылым» болып табылады.
Философиялық сөздіктегі анықтамада: «Гуманизм – адамның қадір-қасиеті мен құқығын құрметтеуді, оның жеке тұлға ретіндегі адамның игілігіне, оның жан-жақты дамуына, адам үшін қолайлы қоғамдық өмір жағдайын жасаған қамқорлықты білдіретін көзқарастың жиынтығы», - деп тұжырымдалған.
Педагогика және психология қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «гуманизм (лат-gumanus – адамгершілік) – дүниетаным үдерісі. Оның негізінде адамның мүмкіншілігінің шексіздігіне өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты мен мұраты жатады» - деп анықтама берген. Гумандық ұғымын сипаттауда ғылымдар арасында бірізділік көрінісі кездесе бермейді. Бұл салалық ғылымдарға ғана қатысты емес, түрлі дәуірдегі түрлі көзқарастарға да тән. Сондай-ақ гуманизм адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет ретінде қарастырылса, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «ізгі – адал, ақ, игі», «ізгілік – жақсылық, адалдық, игілік» деген мағына беретіндігі жөнінде айтылады. Қ.Т.Әтемова, М.Ералиева, Г.Ерғалиева, т.б. ғылыми-зерттеу еңбектерінде «ізгі», «ізгілік», «ізгілендіру», «гуманизм» т.б. ұғымдарға қатысты зерттеулер көрініс тапқан.
«Гуманизм» ұғымы көне түркі әлемінде «жәуанмәртлік» термині аясында қарастырылып келгенін байқадық. «Жәуанмәртлік» ұғымы парсы халқының «жувонмард» сөзінен шыққан «жувон» - жігіт, ал «мард» - жомарттықты, қайырымдылық пен кішіпейілділікті, яғни ұнамды қасиеттер жиынтығын білдіреді.
Бұл бағытта А.А.Бейсенбаева, Ж.Таубалдиева, т.б. педагог-ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ аталған мәселе бағытын зерделеу мен оны оқытуда «гумандық педагогика» жөніндегі ойлар туындауда.
Достарыңызбен бөлісу: |