Ажырасу – бұл отбасылық өмірдің дұрыс ұйымдаспауының, ұрыс-керіс, жиналған ашу-ыза, реніш және келеңсіздіктердің ұзақ уақытқа созылуының мәресі.
Психологтар мен әлеуметтанушылар алдында тұрған үлкен мәселе нақты неке жұптарының құлдырауының бірлік фактісі емес, ажырасу жағдайының әлеуметтік мәселелері мен отбасылық өмірдің дұрыс ұйымдаспауына әкелетін жағдайлардың жиынтығын қарастыру болып табылады. Мысалы, ажырасу саны 1999- ші жылдармен салыстырғанда 2009– шы жылдары 4,6 есе өсті, бұл неке-отбасылық қарым-қатынаста маңызды өзгерістердің болғандығын көрсетеді. Бұл өзгерістер, ең алдымен, маңызды әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен байланысты: қоғамдық өндірісте әйелдердің жоғары деңгейде орын алуы, әйелдердің білім деңгейлерінің күрт көтерілуі, әйелдердің аналық және өндірістік фукцияларының арасында қарама-қайшылық жүйелерінің пайда болуы.
Ажырасу мәселесінде оның географиясы да өте маңызды. Біршама жоғары деңгей көршілес Украина және Белорусия елдерінде деп көрсетілсе, Орта Азия мен Кавказ елдерінде ажырасу деңгейі бұлармен салыстырғанда 2 – 3 есе төмен. Әйтсе де, бұған мәдени-тарихи және этнографиялық ерекшеліктер, сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, отбасында патриархалдықтың кейбір элементтерінің болуы және т.б. себеп болады.
Ажырасу динамикасын қарастырудағы маңызды тағы бір нәрсе - ол ауыл тұрғындарының арасында ажырасу, қала тұрғындарымен салыстырғанда, 2 – 3 есе төмен болуы. Бұл жерде басқа да статистикалық заңдылықты ескеру керек: тұрғындардың есеппен 1000 адамына ажырасу саны қалалардың көлемінің өсуіне байланысты болады.
70-ші жылдардың басында демографтар мен әлеуметтанушылар ажырасудың мотивтерін талдауды бастаған болатын. Мұндай зерттеулерді әр түрлі қалалардың зеттеушілері жүргізді (Л.В. Чуйко – Киев, В.Д. Чечот – Ленинград, В.Т. Колокольников – Минск) және т.б. Олар ажырасудың мотивтері мен себептерінің түрлі классификацияларын ұсынды, олар өте көп, бірақ ең маңыздыларына тоқталып өткеніміз жөн.
Ең алғашқы ажырасудың мотивтері мен себептерінің классификациясын ұсынған Н.Я. Соловьева болды. Ол мынандай себептер:
1. ерлі-зайыптылардың біреуінің ауруы;
2. баланың болмауы;
3. мәжбүрлі айырылысу;
4. өгей балалардың болуы;
5. физикалық күш көрсету;
6. көзге шөп салу, басқа отбасының болуы;
7. маскүнемдік;
8. мінездердің сай келмеуі;
9. екі жақ ата-аналарының араласуы;
10. басқа біреуді жақсы көріп қалу;
11.әлеуметтік жағдайлардың сәйкессіздігі және т.б.
Көріп тұрғандай, классификация отбасылық өмірдің сыни жағдайларының көптеген жақтарын қамтиды. Бұлардың барлығы шын мәнінде өмірде бар және некені бұзуға бірден-бір себеп болады.
Н.Г. Юркевич ажырасудың мотивтері мен себептерінің біршама басқаша классификациясын ұсынды:
1. ерлі-зайыптылардың мінездерінің сәйкессіздігі;
2. жұбайлар сенімдерінің бұзылуы;
3. ата-анаға деген қарым-қатынастың нашар болуы;
4. маскүнемдік;
5. некеге махаббатсыз түсу немесе жеңілтектік күйде болу арқылы некеге түсу;
6. жұбайлардың біреуінің бас бостандығынан 3 жыл немесе одан көп ұзақ уақытқа айырылуы. Сонымен, Н.Г. Юркевич Н.Я. Соловьеваның классификациясын толықтырғанын байқаймыз. Ажырасу мотивтерінің жаңа аспектілері Н.В. Колокольниковтың классификациясында байқалады:
1. маскүнемдік;
2. мінездерінің сәйкессіздігі;
3. басқа адамға көз салу;
4. некеге жеңілтектікпен отыру;
5. ұзақуақыттық бөлектенушілік (объективті себептерге байланысты);
6. қатыгездік;
7. бас бостандығынан 3 жыл және одан да көп жылға айырылуы;
8. физикалық және жан ауруларына шалдығу;
9. ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы;
10. әйелдің бала көтере алмауы;
11. Басқа да себептер.
Көрініп тұрғандай, бұл классификация алдыңғы екеуін толықтырады. Осыдан келіп, ғылыми тұрғыдан ажырасу жағдайының жаңа аспектілері және ажырасу мотивтерінің көлемі кеңейе беретіндігін байқауға болады [4]. Ажырасу жағдайы мотивтерінің әртүрлілігіне байланысты бұл мәселе бойынша мотивтерді объктивті емес, субъективті түрде талқылау қажет етіледі. Ажырасушы жұптардың ажырасуының субъективті мотивтері әрқашан әр түрлі болады. Мұндай мотивтер арқылы некені бұзушылардың шынайы себептерін талдау қиынға түседі. Кей кездері шынайы мотивтер басқалармен ауысуы мүмкін. Мысалы, күйеуі әйелінің отбасында лидер болуын қаламаса, сотта ол ажырасудың себебі әйелінің нашар адам, өзінің үй шаруасын дұрыс атқармайтындығымен түсіндіруі мүмкін.Сол үшін шынайы себепті анықтау ажырасу процесінің материалын зерттеу кезінде қиындық туғызады [5].
Ажырасу туралы шешім - әйел мен ерінің өмірлеріндегі маңызды оқиға. Бұған ұзақ уақыттық мотивация процесінің жүруі кіреді. Бұл - тұлғалық қажеттіліктер мен қызығушылықтар, көзқарастар, құндылықтық бағдарлары жағынан қалыптасқан көзқарас бойынша жан-жақты қарастырылып қабылданған шешім. Бұл - мінез-құлықтың өте күрделі формасы, оның шартты атауы ажырасу мінез-құлқы. Ажырасу процесі мотивтерінің ар жағында біз есепке алмайтын басқа да себептер мен мотивтер жатуы мүмкін. Мысалы, «мінездеріміз сәйкес келмейді» деген стереотипті ойлау. Егер жұбайлар бірнеше жылдар бойы бірге тұрып, арман-тілектерін сәйкестендірген болса, «мінезіміз сәйкес келмеді» деген себеп туындамауы қажет [6]. Осы мәселемен айналысатындардың зерттеулерінің нәтижесі көрсеткендей, ажырасу жағдайы кезінде ең көп эмоционалды күйзеліске түсетін- бұл әйелдердер мен балалары дейді. Америкалық зерттеулерге сүйенсек ерлі-зайыптылардың қатынасын бұзуға тәуекел фактор-кедейлік, жұмыссыздық немесе жұмысқа қысым мен жүктеменің көптігі, қаржылық мәселелер болып табылады. Қанағаттану деңгейі төмендеп, ажырасуға әкелуі мүмкін. Ажырасу кезінде ерлі-зайптылар арасындағы мәселелер күрт көбейеді, себебі олар оны алдын ала ойламайды(Фигдор Г.,1995).
Жас отбасының ажырасуына объективті және субъективті себептер әсер ететіні анық, оның бастысы қарым-қатынасқа түсу мен қақтығыс кезінде бір-бірімен түсіністікке келуге шешім қабылдамайтыны [7].
Қорыта келе, жас отбасылардың ажырасу мәселесі тек жастарға ғана қатысты емес, олардың материялдық жағдайына, отбасы құрамына да байланысты деген тұжырымдама айтқымыз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |