- Проблемді ерлі-зайыптылар жұбы деп-өмір жолдарындағы ерекше қиындықтағы жағдайлар пайда болып, некенің тұрақтылығына соққы әкелетін (мысалы, баспананың болмауы, жұбайлардың біреуінің ауыр немесе ұзақ мерзімді ауруға шалдығуы, отбасын қамтамасыз етуге қажетті қаражаттың жоқтығы, қылмыс жасап бас бостандығынан ұзақ мерзімге айырылу және тағы басқа сияқты болатын өмірлік жағдайлар) мәселелер. Некенің тұрақтылығы немесе тұрақсыздығын жұбайлардың тұлғалық және эмоционалды-психологиялық қажеттіліктерінің қанағаттануы арқылы қарастырады. Өйткені, некенің тұрақтылығы тек материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар, эмоционалды-психологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға да байланысты болады. Отбасын құрған жұбайлар көп жағдайда өздерінің ұзақ уақытқа созылған конфликтілерін ажырасу арқылы шешеді.
Осының дәлелі ретінде мынандай статистикалық мәліметтерді келтіруге болады: 2009 жылдары Қазақстанда бір мың адамға 6,3 некелесу және 3,7 ажырасу жағдайы тіркелген. Сонымен қатар 25-40 жас аралығындағы некелесулер соңы ажырасумен аяқталып,осыған қоса бұл отбасылардың көпшілігінде жасөспірім шақтағы балалары болатыны анықталған [3].
Осы ажырасуға негіз болатын және де ажырасқаннан кейін әсер ететін көптеген факторларды есепке алу қажет: ажырасудың себептері баланың отбасынан ата-анасының біреуінің кетуіне қаншалықты дайын болғандығы, нақты жағдайдағы ата-ананың мінез-құлқы, ажырасу жағдайынан кейінгі жасөспірімдердің бейімделуі және т.б. факторлар.
Ең алдымен мына жағдайларды ескеру қажет:
• жасөспірімдердің ата-анасының ажырасуына көрсеткен эмоционалды реакциялары;
• отбасындағы ажырасу жағдайына бейімделу кезінде пайда болған проблемалар;
• ажырасудың жасөспірімнің болашағына, тұлғалық дамуына тигізетін әсері.
С.С.Седельников бойынша, ажырасу жағдайында адам ішкі психологиялық әлеміндегі тұрақсыздығымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан да, мысалы, қарым-қатынас формасында, белсенді іс-әрекет барысында да тұрақсыздық көрсетеді. Отбасының құлдырауы моральдық-психологиялық және әлеуметтік ұстанымдарының тек қана ішкі жағдайда субъектінің жекедара өмірінде ғана емес сонымен бірге өзі өмір сүретін микроортада да қалыптасуына алып келеді [3].
Көптеген жұмыстардың ішінде ең жақсы қорытылған еңбек – ажырасқан әйелдер мен балаларының проблемалары туралы жазылған Гельмут Фигдордың еңбегі. Г.Фигдордың ойы бойынша, ажырасудан кейінгі дағдарыстың ұлғайып кетуіне екі себеп бар: яғни, біріншіден, ол ажырасудың салдарынан болатын баладағы әртүрлі жағдайларда өзіне жауапкершілік ала алмауы, екіншісі – баламен қалған әкесінің немесе анасының дағдарысы. Ажырасқан әйелдер мен ер адамдардың көпшілігі біраз уақыт өткеннен кейін қайтадан отбасын құруды шешеді (кейбір мәліметтер бойынша 83% ер адамдар және 76% әйелдер). Екінші рет отбасын құрғанда олар өз қарым-қатынасын қадірлей біледі, өз міндеттерін жақсы орындайды, барлық нәрсеге салмақпен қарайды.
Отбасылық өмірдің дұрыс ұйымдаспауы және ерлі-зайыптылар арасындағы конфликтілердің болуы әсіресе ажырасу статистикасынан анық байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |