Тарих тағылымы
Ертеңіңді болжағың келсе,
Еліңнің кешегісін танып ал.
М.Әлімбаев
Құлан тарамысын созып, қыран кереге қанатын жайған ұлан ғайыр қазақ даласының тарихы сан ғасыр шежіресін артқан талай ауыр томдарға жүк болса да,әлі де толық айтылып бітпепті.
Әлімсақтан сәйгүлік мініп, сайын дала самалына сүңгіп, еркін сайран салған сақ, сармат бабамыздан бері талай тарих қатталып, туған жер төсіндегі әр тас, әр тау мен әрбір бұта шежіреге айналған – тын. Біздің бұл басылымда әңгіме қылмағымыз да осынау ұлы тарихтың титімдей бір бөлшегі, шежірелі Шыңғырлау өңірінің тарихи мұрасы, көне жәдігерлері мен ежелгі ескерткіштері туралы болмақ.
Таң торғайы шырылдап, құланиектеніп қүн шуағы төгілгенде осы өңірдегі төбесін алғаш күн шалатын белгілі биік таулар, ғасыр ескерткіштері, қорымдар мен ескі бейіт – зираттар тарихы бүгінде сол тарихты зерттеуші аға буын ғалымдар, тарихшылар көзімен сыр шертеді.
Бүгінгі Шыңғырлау ауданы көлемінде нақты зерттелген, тұжырымдар жасалып, тарихи және мәдени мұра мәртебесі берілген 183 археологиялық ескерткіштер жиынтығы бар. Бұлардың барлығы арнайы қатталып, бірнеше тарихи басылымдарға шықты. Дегенмен біз өз оқырманымызға осы жәдігерлерді тарихи деректерге сүйене отырып, тағы бір сарапқа салып өтіп, өз өңіріміздің қазақ тарихындағы өзіне тиесілі орнын анықтап беру.
Аталған жәдігерлер ішінде көп жағынан ерекше, бірегей Еуроазиялық дерек болып есептелетін Үлгілі ауылы маңындағы бейітте және 2002 жылы әлемдік каталогқа кірген Лебедевка ауылы маңындағы бейіттік кешендер де бар. Бұл маңда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары тас ғасырына жататын тіршілік іздерін, жекелеген тұрақтар мен орындарды, сонымен бірге пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдарды тауып отыр.
Кейінгі кезеңнің ескерткіштері, қола дәуірінен орта ғасырлық дәуірге дейінгі аралықтағы ескерткіштер обалық бейіттер түрінде. Бұл оба- бейіттер Үлгілі елді мекені маңындағы Елекшар қорымында табылған болатын. Мұндағы көне жерлеу ескерткіштері ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мың.ж. екінші жартысында) көне ұра (шұңқыр) мәдениетіне жатады және сол уақытта Шығыс Европа мен қазақ даласында, яғни біздің өңірімізде мал шаруашылығы қалыптаса бастаған. Жерлеу ғұрпында обалық тәсіл негізгі салтқа айналған бұл қорымдардағы қабір кешендері Б.Қ. тарих және археология орталығы отрядының қызығушылығын тудырды. Мысалы, осы зираттағы №3 қабірдегі қабір шұңқырының құрылысы, қызыл бояумен боялған қаңқа сүйектер, құрал-сайман заттар (мысалы: алқа, бұрамалы сымнан жасалған қола түйреуіштер) біздің өңіріміздің ежелгі тарихы туралы құнды деректер берген болатын. Осыннан табылған қола заттар «қоймасы», найза ұшы, лавр жапырағы пішіндес пышақ, шот балта, самай сақина мен самайға тағылатын көп орамды әшекей – балдақ, бұл қабірлердің орта қола дәуірінің жәдігері екенін айғақтайды.
Тарихи терминде прохоровтық және щиповтық деген мәдени – хронологиялық кезеңдерге жататын ерте темір дәуірінің ескерткіш обалары да біздің өңіріміздің Лебедёвка ауылы мен Елекшар маңындағы қазбалардан табылып отыр. Оңтүстіктегі Егіндікөл ауылынан Лебедевкаға дейін құлаш жайған Есен-Амантау үстіртіндегі көшпелілер тұрғызған жүздеген обалар, осы үстірттің батысынан шығысқа қарай бір шақырымға созыла орналасқан оба-қорғандар тізбегі мен Лебедевка бейітінің тіктөртбұрышты сағана – ғибадатханалары жатыр.
Үстірттің орта тұсында скиф дәуіріне жататын ірі обалар жатыр және бейіттердің батысы мен шығысы шеттерінде ғұн дәуіріне жататын шаршы ғибадатханалар да табылып отыр. 1966 жылы оралдық өлкетанушы Б.И.Багриновтың жүргізген қазба жұмыстарынан бастап, күні бүгінге дейін Ғ.А.Қошаев (ОПИ), М.Г. Машкова (КСРО арх. институты) бірлесе жүргізген зерттеулер, бұл жұмыстарды әрі жалғастырған археолог Б.Ф.Железчиков пен В.А. Кригер жұмыстары және өткен ғасырдың 80-жылдарында облыстың өлке тану мұражайының қызметкері Б.Райымқұлов, 2002 жылы тарих ғылымының докторы, профессор М.Н.Сыдықовтың жасаған қазба жұмыстары біздің өңіріміздің тарих дамуындағы алар орнын анықтап, сонау сақ-сармат дәуірінде ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың мекен еткен ұлы дала, бүгінгі біздің туған өлке, қара шаңырағымыз екендігі көңілге үлкен мақтаныш сезімін тудырады.
Шырайлы өлке Шыңғырлау
... Айналаң-аяулы алтын бесігің.
Бесігін ардақ тұтпаған береке
қайтіп таппақшы?! Ә.Кекілбаев
Біздің өңіріміз көркімен көз суырар табиғат сұлулығына ие өлке. Тарихтардан қол бұлғап, туған жер төрінде тұлғалана жайғасқан таулары, көк орай шалғынымен көз иін қандырар көктерегі мен қарағашы, аршасы мен атқонағы араласа өскен жидек пен жеміс, шілігі, бетегесі мен баялышы ұйысқан маң, елі жұмақ тұтқан жайлы қоныс.
Фото № 1
Фото № 1 а,б,в
Шыңғырлау жерінің ең биік нүктесі саналатын, шөккен бурадай көсіле көлбеген Отрадный ауылы маңындағы Шыбынды тауы (273 м), боз даланың бөлінбес бөлшегіндей Белогор ақтаулары белдеуі, қолмен қашаған алып табиғат туындысындай Торыатбасы тауы, аталуына қарай әрқайсысы тарих қатпарынан шежіре шерткен Қылыш тау, Қыз отау, Қор тау, Қалмаққырған, Қыземшек, Жыланды, Ханшатыры, Алақантау биіктері бабалар мұра еткен киелі бойтұмар іспетті. Бұл биіктер туралы тарихи деректер, ел аузында талай аңыз -әңгімелерге арқау болған. Жергілікті ақын – жазушылардың өлеңі мен өнеріне шығарма-туындыларына өзек болған бұл таулар Шыңғырлау елінің мақтанышына айналған. Біздің өңіріміз ландшафтының әр түрлілігімен де ерекешеленеді. Жойылып бара жатқан немесе сиреп кеткен флора мен фауна түрлері де осы өңірден жиі кездесіп отырады. Айталық, Лебедевка, Баянас ландшафтысы, Қарағаш, Қандықты, Сегізсай орманды өңірі мен Аққұм ландшафттық қорықшасы, Бұйғұл құмды алаптарында мамыр інжугүлі, тікен жапырақты күреңот, дөңгелек жапырақты алмұртшөп, қойбүлдірген, дәрілік қырлышөп сияқты өсімдік түрлері өседі. Ал Торыатбасы тауы беткейлерінде Батыс Қазақстан облысының өзге ешбір жерінде кездеспейтін гүлді ырғайды жолықтыруға болады. Қарағаш, Аққұм бойындағы қазекем қадір тұтқан, қасиет санаған жұпар иісті аршалы өсінділер Сегізсай, Қуағаш мекеніндегі қайыңды – көктеректі көрікті шоқ ормандар көз тартып, Шыңғырлау аймағын шырайландыра түседі. Жергілікті Аққұм қорықшасы мен Қарағаш мемлекеттік дәрежедегі ұдайы өндірісті аң шаруашылығы 230 түрлі өсімдік түрі мен шалғындығы, бұталы-шілікті сәнімен «Қызыл кітапқа» енгені бар, енбегені бар алуан аңымен аудан мақтанышына айналған. Суының салқындығы шекеңді тесіп, тереңінен мөлдіреп тастары көрінетін сұлу Сарқыраманың өзі неге тұрады. Әрине, Шыңғырлау жерінің соншалықты бай, сәнді, шырайлы келбетімен біз қашанда мақтана алатын боламыз.
Фото №2
Алабым - ата-баба аманаты
Тарих-бір ғаламат алтын көпір,
Ұрпақты ұрпақтарға жалғайтұғын.
Ж.Молдағалиев
Ал енді Шыңғырлаудың жергілікті халқының өткен ата-баба буыны, белгілі қайраткерлері туралы не білеміз? Бағзы замандарда бұл алаптың біздің тегіміздің түп-төркіні түркі халықтарының ата-бабасы аландар мен оғыздар, печенегтер мен қыпшақтардың мекені болғандығын тарихшылар зерттеп анықтап берген болатын. Әуелі Оғыз мемлекеті қалыптасқан бұл өңір әуелі қыпшақ хандығы, одан соң ноғай ордасы кезеңін басынан өткерген. Кейіннен кіші жүз руларының мекені болды. Ғұн тайпаларының бір бұтағы тюгю түріктерінен тарады деп саналатын Оғыз тайпаларының ұранды іздері қалған жерімізге Күлтегін бабамыздың да табаны тиген. Заманында «Оғыздар даласы» аталған үлкен аймақтың кішкене бөлшегі болған бұл ара, кейін Дешті-Қыпшақ мекенінің иелігіне айналған. 92 баулы қыпшақ (Тоқсаба), жеті ру (жеті оба), төрт ру (төрт оба) деп жиынтық атаулармен аталған бұл тұста да елім деп еңіреген талай батырлар мен хандар, билер мен бектер шыққан. Одан кейін де қилы кезеңдер өтіп, осы аймақтарда билігі жүрген Алтын Орда, Ноғай ордасы, Сібір және Қазақ хандықтарының да заманы озды. Сайып келгенде ноғайлардың көшіп –қонған жері кәдімгі қазақ жері, Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығының бөлінбес бөлігі, бұрынғы Кіші жүз, Қазіргі Батыс Қазақстан территориясы түгел енген аймақ болды деп түйінделеді 2001 жылы Орал қаласында жарық көрген Батыс Қазақстан облысының тарихи оқу құралы кітабында. Мұның өзі біздің өңіріміздің басынан талай тарих шырғалаңын өткергенінің бір дәлелі болса керек. Бұл маң Алтын Орда хандары, Жәнібек, Тоқты хандардың, Қазақ ханы Қасымның, қасиетті Сейіт бабаның Отаны болған және мәңгі мекен тапқан жері. Ел аузында әлі күнге ішінара айтылып жүрген Ер Көкше, Ер Сайын, Ер Тарғын, Шора, Қамбар батырлар мен Мамай Тоқтамыс , Едіге хандар туралы батырлық дастандарға өзек болған да осы ара. «Найзасының ұшы алтын, бірі етек, бірі жең» Кіші жүз руларының ата- қонысы болған өңірімізде Тәуке хан, Әбілқайыр хандар, Сейітқұл, Болпаш, Әжібай, Әйтеке билер сынды тарихта өзіндік орны бар өз заманының қайраткер ұлдары шыққан. Бұның өзі бүгінгі біздің қонысымыздың тамыры тарих, тау -тасы шежіре екендігін тағы бір анықтап береді. Сол тарих парағының бірер бетін қарай өтсек, онда біз ел қорғап, ерлікпен өткен ата-бабалар туралы деректерге жолыққан болар едік. Соның бірі - 1728 жылы өзінің 26 жасында Бұланты өзенінің бойында , 1729 ж. Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарда Тайлақ батыр басқарған Кіші жүз әскері сапында мыңбасы болған Құттығай Сатыпалдыұлы батыр туралы. XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қолбасшы батыр Құттығай бабамыз қазіргі Орал облысының Шыңғырлау аумағында өмір сүрген дейді бізге жеткен тарихи деректер. Шайқастан елге оралған батыр бабамыз Шұбар, Саржала батырлармен бірге Тайсойған, Нарын өңірлерін құба қалмақтардан азат етеді. Жаудан босаған Ойыл өзенінің ортасына, Тұзтөбеден ағасы Айбастың ауылын әкеліп қоныстандырған. 1738 ж. он бір айға созылған шайқаста 20 мың үйлі қалмақты Қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына дейін тықсыра қуып, туған жерді азат еткен. Құттығай батырдан тараған тоғыз ұлдың ұрпақтары қазіргі кезде Атырау облысының Исатай ауданында тұрады. Сәт деген немересі кезінде сынықшы, көріпкел атанып, Б
Фото № 3
асықара атты немересі Исатай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан. Өткен жылы, яғни 2005 жылдың 25 маусымында Құттығай баба ұрпақтары батырға үлкен ас беріп, Шыңғырлау ауданының Торыатбасы елді- мекенінде ескерткіш- құлпытас орнатты. Бүгінде батырдың жатқан жері көпшілік құрмет тұтып, тәу етер киелі орынға айналған. Туған жер топырағының қасиеті дарыған батырлар өткен өңіріміз патшалық Ресейдің өзі ішін жиып, санаса сөйлескен Сырым бабамыздың да ізі түскен мекен, Арынғазы сұлтан, атақты Қаратай сұлтан (Көтібар Бәсенұлы) көтерілістері дүр сілкінткен аймақтың бір бөлшегі. Жоламан, Тіленші ұлының қозғалысына куә болған сайын дала, кешегі Исатай, Махамбет бастаған көтерілісте де талай ұлт азаттығы үшін қырқысқан қантөгіс шабуыл – шайқастар мен Ресейдің сұрқия саясаты аренасына айналған еді. Бұл арада тоқтала кететін бір жәйт, осы аталған ірі тарихи оқиғалардың кейбір тұстары біздің өңірімізде болғандығын дәлелдейтін тарих деректері баршылық. Соның бірі біздің Алмаз ауылының маңында, Сегізсай тұсынан өзеннен өтпек болған жазалаушы отряд қолынан Исатай мүрдесін Махамбет тобының ұрлап әкетуі «Үлкен халыққа үлкен ынсап, кіші халыққа үлкен қанжар керек» -деп айтып кеткен XIX ғасырдағы тау халықтарының көсемі, имам Шәмілдің ұлағатты сөзінің өсиет -өзегі күн сайынғы іс-әрекеті мен шайқасынан көрініп отырған қос арда ұлға, Шыңғырлау жері де ұмтылса ұран, шегінсе пана болған. Бұл да біздің туған өңірімізде тағылымды тарих ізі бар екендігін білдіретін шежірелі-сырдың бір иіні. Одан бері 1916 ж. Патша жарлығына қарсы кең құлаш жайған көтеріліс Орал облысында да етек алды. Бұл көтеріліс Шыңғырлау болыстығының бесінші ауылында болған оқиғамен байланысты өрбіген еді. Осы жылдың 8 шілдесінде 5 – ауылдың адамдары қара жұмысқа жіберілетіндердің тізімін беруден бас тартқан Ахмет болыс пен оның хатшысын өлтіреді де, осы оқиғаға орай Оралдан Мордвинов бастаған жазалаушы отряд шығады. Жазалаушылар тергеу барысында Д.Елубаев, Н.Елубаев, Қ. Жанбарақов пен оның інісі Мұхаметқазиев,Т.Қатаев, Е.Төриев, Б.Тажмұханов, І.Қолболсынов, С.Тәжімқұлов, Ғ.Бекжанов, Д.Арыстанов, Т.Қосбатыров барлығы 14 адамды анықтап, Орал түрмесіне жөнелтіп, болыстыққа Қаныбетті (Ахметтың інісі) тағайындайды. Содан былай Шыңғырлау халқы Үкімет тарапынан қысымға ұшырап, осы болыстықтан мыңнан астам 15 -17 жастағы жігіттер майданға алынды, ауылда қалғандарға алым-салық мөлшері өсірілді.
Қазан айының соңында Оралда Қазаннан келген төтенше сот Шыңғырлаудан ұсталған 14 адамға, Шиліден ұсталған 4 адамға сот жүргізіп, Шыңғырлау көтерілісінің төрт басшысы мен Шилі болысының төрт адамына дарға асу жазасын берді де, үкім бір аптадан кейін орындалды. Бұл оқиға да сол кездегі азаттыққа, еркіндікке ұмтылған Шыңғырлау халқының басынан кешкен ащы шындығының бірі.
Біздің бүгінгі күні суын ішіп, ауасын жұтып жүрген осынау Шыңғырлау ауданы 1897 жылы Орал уезіне енген Шыңғырлау және Шілік болыстығы болатын. Шыңғырлау болыстығында 7 ауыл, Шілік болыстығында 12 ауылдан тұратын бұл аймақ халқының саны да бірінде 5110 адам, екіншісінде 13552 адам болған деген мәліметтерді келтіреді аудандық мұрағат деректері. Кейін 1920 жылы Орал губерниясы құрылып, оған құрамында Қарашығанақ, Лубен, Шыңғырлау, Шілік болыстығы бар, Елек уезі енді. 1923 жылы жүзеге асырылған болыстықтарды қысқарту немесе тарату барысында Лубен болыстығында Алмаз , Қарағаш, Отрадный, Торыатбас болыстықтары біріктіріліп, орталығы Лубен ауылы болды. Шілік болыстығына Полтава, Ичкарченска(Ешкіқырған) болыстығы енді де, орталығы Шілік ауылы болып белгіленді. Ал Шыңғырлау болыстығы дербес болыстық ретінде өз күшін жойды да, Бөрлі болысы құрамына енді.
1
Фото № 6
928 жылы Лубен мен Шілік болыстығы біріктіріліп, Шілік ауданы пайда болды. Бес айдан кейін бұл аудан Шыңғырлау ауданы болып өзгертіліп, Орал маңы мен Бөрлі болыстығы жерінің есебінен жер көлемі ұлғайтылды. Кейіннен Бөрлі болыстығы аумағының Орал ауданына берілуіне орай, жер көлемі азайтылды. 1932 жылдың 10 наурызында Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы деп аталынды. Осылайша тәптіштей келгенде біздің ауданымыздың аудандық бірлік ретінде заңды тіркелуі және аталуы осы 1932 жылдан басталады.
Атыңнан айналайын алтын бесік!
«Тарихты жасау дәуірі бар,жазу
дәуірі бар,тек жасаушы қателесіп жазушы түзеймін деп әурелен-
беске керек.»
Ғ.Мүсірепов.
Ал Шыңғырлау атауының өзі қалай шыққан деген сұраққа түрлі ел аузындағы аңыз - әңгімелер болмаса, нақты зерттелген тарихи деректер жоқтың қасы. Бұл туралы ел аузында шертілер шежірелер де әртүрлі баяндалады. Тарих бетінде бағзы замандардан Шыңғырлау аталып, күні бүгінге дейін өзгере қоймаған бұл атаудың шығуы жөнінде түрлі аңыздардың бірі былай дейді:
«- Заманында алдына қара салмаған теңдессіз жүйрік торы ат болыпты және оның жәй уақытта көзге көрінбейтін екі қанаты болыпты- міс. Бірде бір бәйгеге жүйрігін қоса келген атбегі, әрі сері, сейіс жігіт сәйгүлігіне бөлек отау тіктіріп, ішіне бір астау сүт, бір астау су келтіріпті. Бәйгеден соң жүйрігін сонда кіргізіп, сыртынан күзет қойыпты. Десе де қапысын тапқан бір әйел жабық астынан сығалап, жүйрік торының қанаттарының бірін суға, бірін сүтке батырып, жусап тұрғанын көреді. Шегін тартып таңданған әйелдің оғаш даусынан шошыған тұлпар шыңғыра кісінеп, сол арада жан тапсырыпты. Бір рулы елдің маңдайына басқан сәйгүлігі мерт болған, шыңғырып барып үзілген жері бүгінгі осы Шыңғырлау болса керек дейді-міс. Туған жеріне ел болып арулап, көмген жылқының орнында, бүгінде Торыатбасы деген тау белгі болып қалған» -дейді.
Бұл әрине, ел ауызына жүрген аңыздың бірі ғана. Осындай аңыздың тағы бір түрін ақын Ж.Молдағалиев те жыр жолдарымен қалдырып кеткен.
Енді бір дерек осы аудан тұрғыны, осы жерде туып - өскен азамат Тілеген Байғалиев ақсақалдың әңгімесінде былай деп түсіндіріледі:
-
Фото №4
Бағзы замандарда, шамамен бұдан 2000 жылдай бұрын Арал мен Каспий (Хазар) теңізі тұтас бір су аймағы болып, бүгінгі Шыңғырлау өңірінің көп бөлігі су астында жатқан. Бұған дәлел болатын осы өңірдегі Торыатбасы, Жыланды, Қыземшек, Шолақбұлақ, Қарасай, бүгінгі Белогор елді-мекені маңындағы ақтаулар тізбегі, Жантай, Қотыртас, Шатыр тауларының теңіз түбінде болатын шөгінді бор жыныстарынан түзілуі. Кейін екіге бөлінген теңіз суы тартыла келе орнында біз әртүрлі атап жүрген осы таулар қалған. Шыңды таулар, биік қырлар және бұрынғы түркі тілдес сақтар мал жайлымына айналдырып «жайлау» атап кеткен ойпаттар да көптеп кездесетін бұл аймақтың Шыңғырлау өзені маңында Тілеулікөл аталатын үлкен ойпатты жерлер, Сырым ауданының Жосалы кентіне қарай Кеңашы, Жыланды тауының солтүстігі, Ағатан ауылынан Лубенге қарай беттегенде кездесетін Айтуар ойпаттары бар.Осындай географиялық жер бедеріне қарай бұрынғы сақ тайпалары «Шың» - таулар (вершины,горы), «Қыр» - биіктіктер (возвышенность), «Жайлау» - сөзінен алынған соңғы «лау» - буынын орайластырып осы Шыңғырлау атауын қалыптастырғанға ұқсайды. Демек, бұл пікірдің де дұрыс болуы әбден мүмкін.
Тағы бір жан-жақты зерттеліп, келтірілген деректің бірінде жергілікті тұрғын, Қаз. ССР оқу ісінің үздігі, осы кітаптың шығуына мұрындық болған азаматтардың бірі, аудандық мұражай қызметкері Б.С.Сапаров былай деп әңгімелейді:
- Біздің қазақ халқы ұзын аяқты мал тісіне еріп, көшіп – қонып жүргені қашаннан мәлім жай. Бар тірлігін малмен байланыстырған халықтың ең бірінші ойлағаны да осы малдың жайы. Әрине, жаугершілік заманда адам факторы да алдыңғы орында тұрған. Ел қорғауға жарайтын мықты жауынгерлер үнемі қажет болған. Олар әрине, дені сау сәбилерден, балалардан өспек. Оларды дүниеге әкелетін ана денсаулығы да мықты болуы керек. Осының бәрін ескерген ата бабаларымыз мұның бәрі көп ретте күнделікті пайдаланылатын судың құрамына байланысты екенін білген. Сайып келгенде аурудың басым көпшілігі судан болатыны бүгінде медициналық жолмен дәлелденген нәрсе. Сонымен малға, жанға жарамды суды ашық су көзінен, өзен – көлдерден ала алмайтынын пайымдаған бабаларымыз жер бедерін, топырақ құрылымын, өсімдік түрлерін саралай сараптап, жер асты суларының құрамын анықтай білген. Ауыл ақсақалдары жер –жердің өсімдігін жиып, топырағын жалап, дәмін анықтап, үйір-үйір жылқы айдап, жерге құлағын төсеп жер құрылымын, судың қашық- жақындығы мен су қорын біліп отырған. Сөйтіп, кейде тегіс даладан, кейде қыр басынан немесе тау ұшынан құдықтар қаздырып отырған. Әрине, таза судың тайыздан шықпайтыны тағы белгілі,осылайша сайын даладан талай шыңырау құдықтар қазылғанға ұқсайды. Осы құдықтардың шын мәнінде болғандығын дәлелдейтін орын–іздері бүгінгі Полтава, Правда елді мекендері аймағынан кездесіп қалып отырады. Шыңғырлау атауы да осы терең құдықтарға қатысты – шыңырау – шыңғырлау деген тұрғыдан қалыптасқан болуы керек.
Бұл пікірдің де жаны бар және бүгінгі таңда бірден-бір шындыққа жақын жанасатын да осы тұжырым. Өйткені Шыңғырлау төңірегінде таза, лабораториялық сарапқа сай су көзі тек тереңнен алынатыны дәлелденіп отыр. Алысқа бармай-ақ, осы ауылдың ішінде тұрғындар арасында «Мәуіл құдығы» аталып кеткен құдықты алуға болады. Осындай құдық аудан іргесіндегі Ақсұғұм нүктесінде де бар. Екеуі де айтарлықтай терең-ақ, толық мәнінде шыңырау құдық деп айтуға болады.
Бүгінде Шыңғырлау ауданының жер көлемі 7,2 мың шаршы шақырымды алып жатыр, яғни 720 мың гектарды құрайды. Ол облысымыздың солтүстік – шығысында орналасқан және солтүстігінде Ресейдің Орынбор облысы, шығысында Ақтөбе облысы Қобда ауданымен, оңтүстігінде БҚО Қаратөбе, Сырым аудандары және батысында Бөрлі аудандарымен шектеседі.
Ауданның жер бедері Орал маңы үстірті мен Орал аңғары жазығының маңын алып жатқандықтан әртүрлі болып келеді. Бұл өңірдің жері солтүстік-шығыстан бастап неғұрлым биік болып басталып, оңтүстік – батысқа қарай аласара береді. Ауданның шығысындағы Отрадный ауылының солтүстігінде осы өңірдің ең биік нүктесі – Шыбынды тауы жатыр. Оның биіктігі теңіз деңгейінен 273 м. Ауданның ең төменгі нүктесі –Бөрлі ауданымен шектес Елек өзенінің жарлауыт беттерінде орналасқан, бұл ара теңіз деңгейінен 63 м биікте жатыр. Ауданның жер беті жонды – төбелі жазықты құрайды. Ал Елек, Утва өзендері мен олардың суайрықтары жарқабақты, биік кемерлі болып келеді. Жер бедерін сипаттағанда тоқталып өтетін ірі нысандардың арасында ірі еңісті, бірегей эолды жазық – Қарағаш және Аққұм құмды алабы бар. Бұл алаптарда құмды жер бедерімен қатар батпақ, өзен, ірі орман шоқтары орналасқан.
Ауданның дала өзендері де негізінен ормансыз және аз сулы болып келеді. Көпшілігі тұрақты ағыны болмағандықтан жаз айларының соңына қарай кеуіп те қалады. Бұл өзендерге Утва, Ащы өзендерінің жоғары және орта ағыстары, Жусалы, Қуағаш және басқа да кішкене өзендердің жоғары ағыстары жатады.
Жалпы Батыс Қазақстан жері ежелден түркі халықтарының ата –бабалары аландар мен оғыздар, печенегтер мен қыпшақтардың мекені болғанын тарихи зерттеулер мен деректерге сүйене отырып айтып өттік. Одан бергі тарихтан қозғасақ, Қазақстанның Ресейге қосылуы кезеңіндегі зерттеуші ғалымдардың алғашқы арнайы экспедициясы мен патша әкімшілігі чиновниктерінің анықтамалары мен зерттеу жинақтарына сүйенер едік. Дегенмен өлкеміз тарихын түгел талдап беруге бұл мәліметтер де жеткіліксіз. Өйткені еліміздің батыс өңірінің тарихы туралы арнайы жүйеленген, толық тұжырымдалған еңбектер саны әлі де аз. Сондықтан тарихи деректермен қатар ел аузындағы шежіре-әңгімелер, аңыз, хикаяттарды да баяндап отырған жөн болар.
Батыс Қазақстан өңірі қазақ халқының Кіші жүз рулары мекен еткен аймақ. Осыған орай бұл өңірде өткен тарихи оқиғаларға сүбелі үлес қосқан да осы Кіші жүз рулары. Бұл арада тоқталып өтетін бір жайт – ол Кіші жүз руларының ерекшелігі –олардың батыл, өр және жаугер, жауынгер халық екендігі. Оны тарих та мойындап, барша қазақ танып білген. Бұған дәлел, осы Кіші жүз руларынан жаужүрек батырлар мен хандар, қолбасшы ерлердің көп шыққандығы халқының жауынгерлігін, санының көптігін, күш-қуатын сүйеніш қылып, арқа тұтқан батырлар мен билер, Кіші жүз көсемдері хан алдында да, Ұлыс алдында да именбеген, ар-намысын таптатпаған, еркін сөйлеп,ойын іркілмей ашық айта білген. Даналығы мен көрегендігі исі қазаққа мәлім Әйтеке би де «29 рудан құралған, санымен де, батырлығымен де бәрінен асқан, тәуелсіздігімен аты шыққан Кіші жүз» деп мақтаныш етеді.
Бұл жүздің осындай ерекшелігін әйгілі Бұхар жырау да «Найзасының ұшы алтын, бірі етек, бірі жең» деп Кіші жүздің аламан батырларын жоғары бағалаған.
XVIII- XIX ғасырларда да патша үкіметінің озбырлығына қарсы Қазақстанда болған 200-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістің едәуір бөлігі осы Батыс Қазақстан облысы аймағында болды.
Б
Фото № 5
үгінде осы Шыңғырлау елінің іргесін бұрыннан мекендеген Ысық, Шеркеш, Алаша рулары қалаған. Кіші жүздің Ресей бодандығына өтпей тұрып – ақ 1650 -1670 жылдардан бастап Ор өзенінен бері қарайғы Жайық өзені бойындағы Табын руларының жерлерін Поволжья орыстары иемдене бастаған. Ал Поволжьяға Германиядан немістер көшіріліп келген және сол уақыттарда Ор өзенінің бойынан «Жаманқала» (Орск), Жайық өзенінің бойынан Орынбор қалалары орын тепті. Бұл жерлерге Самара, Саратов, Челябі, Екатеринбург, Омбы (Омск) губернияларынан орыстар, башқұрттар мен татарлар қоныстанып,қаланы жібек саудасы және сауда- саттық орнына айналдыра бастаған.Осы тұста біздің бүгінгі Шыңғырлау жерінде де сауда сауған бақалшы-көпестер болғанға ұқсайды.Оған дәлел боларлықтай қазіргі аудан орталығында әлі де бой түзеп тұрған көпес үйлері.
Әрине, бұл тұрғыда Ұлы Жібек жолының маңызы өте зор болды. Осы маңдағы Ақбұлақ, Тұзтөбе, Жырықсай, Қалмык, Боранүй, Қызылүй (Покровка), Құндызды (Ново-Илецк) ,Леневканы тағы біраз Елек өзенінің арғы жағалауларын келімсектер қоныстанып, қазақтардың осы араны мекен еткен Табын руларын Елек өзенінің бергі бетіне, яғни Шыңғырлау жеріне ысыра бастаған.
1932 жылы Шыңғырлау ауданы болып заңды тіркелуінен сәл бұрын 1929 жылы Шыңғырлау ауданы еңбекшілер депутаттарының селолық кеңесі құрылды. Онда кеңес төрағасы, хатшы және есепші бар-жоғы үш-ақ адам қызмет ететін. 1933 жылы аудан бойынша 44 ауылдық кеңес болды, дегенмен бір жылдың ішінде олардың саны 25 – ке дейін азайған еді. Сол жылы Батыс Қазақстан облыстық атқару комитеті Президиумының мәжілісінде №24 бұйрық бойынша ауылдарды нөмірлеп белгілеу жүйесі жойылып, ауылсоветтік жүйе қолға алынды. Сөйтіп бұрынғы 1-ші, 2-ші... 25 –ші ауыл болып келетін елді-мекендер Ащысай, Мырзағара, Қаракемер т.б. ауылдық кеңестері болып атала бастады.
Аудандық кеңес төрағаларының алғашқыларының бірі – Фазлы Оспанов деген жерлесіміз болды. 1891 жылы Қызылкөл ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген ол 1910 – 1916 жылдар аралығында Орынбор губерниясының Леневка селосында байлардың жалшысы болып жұмыс жасайды.1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысының тыл жұмыстарына алынады. 1917 жылы Волынь губерниясында Австрия майданында жүрген Фазлы соғысты тоқтату және Минск қаласында бейбітшілік орнату туралы солдаттар мен еңбекшілер депутаттары кеңесі жиналысында сайланған делегат ретінде қатысады.
1918 жылы Шыңғырлау ауданы аймағына Қызыл армияның Красно-Кутск полкінің келуімен қатар, осы жылдың ақпан айында Фазлы Оспанов Қызылкөл жұмысшы-шаруа және Қызыләскер депутаттары кеңесінің бірінші төрағасы болып тағайындалады. Осы жылдың жаз айында алғашқы кеңестіктерді ақ казактар жойып жібереді де, Фазлы тұтқынға түседі. Түрмеден қашып шыққан ол Орынбор губерниясы елді мекендеріндегі қойшы-қазақтар арасына сіңіп кетеді.
1919 жылдың жазында Қызыл Армияның Уфа мұсылмандары полкімен Шыңғырлауға қайта оралған Фазлы 6 –ауылдың кеңес төрағалығы мен Қызыл бөлімдерді алып жүру қызметін қатар атқарады. 1920-1922 жылдары Орал губерниясы Елек уезінің Торыатбас болысы төрағасының орынбасары болып жұмыс істеп, сол жерден Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңестерінің І съезіне делегат болып сайланады. Қалған өмірінің басым бөлігін, қырық жылдай уақытын Шыңғырлау ауданындағы колхоз құрылысына жұмсаған Фазлы Оспанов «1941 -1945 ж.ж. ҰОС-дағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, оған Орал облыстық депутаттар кеңесі атқару комитетінің шешімімен жергілікті тұрғыда дербес зейнетақы тағайындалды.
Бұл әңгіме де талай ержүрек ұл мен қажырлы қайраткерлер ұшқан Шыңғырлау тарихының келешек буын үшін қажетті бір тіні.
Достарыңызбен бөлісу: |