«1720 жылдардың аяғында кiшi жүздiң ханы Әбiлқайыр мен орта жүздiң ханы Сәмеке арасында араздық басталды. 1730 жылы Әбiлқайыр әуелi Уфаға, ал сонан соң Петербургке орыс бодандығын қабылдау туралы өтiнiш жасап, арнайы елшiлiк аттандырды. Орыс үкiметi түпкiлiктi келiссөз жүргiзу үшiн көп кешiктiрмей қырғыз - қайсақ ордасына Тевкелев мырзаны жiбердi. Өз ханының орыс мемлекетiмен қарым - қатынасын бiлмеген халық орыс шенеунiгiнiң ордаға келiп, орыс патшасына адал ант берудi талап еткенiн көрiп қайран қалды. Толқу басталып, ол тiптi Тевкелевтiң өмiрiне талай қатер де төндiрдi. Денемен де Тевкелев кiшi жүзден ғана емес, сонымен қатар сырдың төменгi ағысын мекендеген қарақалпақтардан да орыс бодандығын мойындайтын ант алып үлгердi... Ол (Әбiлмәмбет – Т. Ж.) Орынбордан аттана салысымен Әбiлқайыр оны опасыздық жасады деп айыптай бастады, ал шынына келгенде нағыз опасыз соның өзi болған едi», - деп баға бердi. (Қараңыз: «Брокгауз – Ефрон энциклопедиясы», М. Құлмұхамед. «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежiресi», 169 – 170 бет).
Ендеше жалған намысты қоздыратын көлгiр шындықтан тарихи шындыққа сүйенiп, пiкiр қорытатын кез келдi. Қазақ елi – бодандықты өз еркiменен қабылдамаған, оған ұлттың сатқындары жол берген. Патшаның әккi шенеунiгi Тевкелев пен Әбiлқайырдың өзара пара алып, пара берген сыбайластығының нәтижесiнде қазақ елiнiң бостандығы құрбандыққа шалынды. Оған дәлел жеткiлiктi.
Әрине, бұл өте ауыр сөз. Бiрақ та айтылуға тиiстi пiкiр. Тарихшылардың бiр «әдетi» - оқиғаның iшкi мазмұнын ашып, тұжырымдап қорытуда түпнұсқаны қаперiне iле бермейдi. Осы бодандық мәселесi жөнiнде соңғы жылдары жарияланған жүзге жуық еңбектi оқып шыққанымда және олардың пiкiрлерi мен жүгiнген еңбектерiн саралағанымда таң қалғаным, пайдаланған және үзiндiге келтiрiлген түпнұсқадағы нұсқалар осыдан жарты ғасыр бұрынғы айналымға түскен деректер, соны кезек -–кезек көшiрiп, өзiнше пiкiр түйген. Кейде – әлгi кiтаптың авторына, кейде тура түпнұсқаның өзiне сiлтеме жасайды. Сонда олар түпнұсқаны оқымағаны ғой.
«Көшпелi идея» деген ұғым – көшiрiп алып, көпiрте жазу деген сөз емес. Бiз қазақ мемлекеттiгiнiң күйреуiне себепкер болған Әбiлқайырдың келiсiмiнiң заңсыздығын дәлелдеу үшiн тарихи оқиғаның барысын барынша рет – ретiмен баяндаймыз. Сонымен, қазақ елi қалай бодан болды? Өз еркiмен бе, жоқ па?
Бiрiншi тарихи шындық: қазақ елi – мемлекеттiк құрылымы қалыптасқан қағанаттан бастап хандыққа дейiнгi билiк құрылымының тәжiрибесiнен өткен, ата – баба дәстүрiне, дiни, рухани дәстүрге сәйкес құқықтық қағидалары қалыптасқан, өзiн – өзi басқаруды сеңгерген, қорғаныс қабiлетi бар тәуелсiз ұлт едi. Сондықтан ұлттық бостандықтың қадiрiн түсiнген. Арғы заманды айтпағанда, 1817– 1831 жылдардың арасында жоңғар шапқыншылығына қарсы мемлекеттiгiн сақтап қалуы үшiн жанталаса майданға түсiп жатты. Демек, өзiнiң тұтастай ұлт, тұтас мемлекет екендiгiн Ұлттық Тұтастық Идеясы дәрежесiнде сезiне бiлген. Азаттық рухы өлмеген. Iшкi – сыртқы саясатты қалыптастырып, «темiр ноқта мен қайыс ноқтаның» төндiрген қатерiн терең ұғынған. Бiрақ, алыстағы айдаhардың лебiнен де, қолтықтаса ұя салған екi басты самұрықтың суылынан да сескенбеген, қайта халықты соған қарсы қайраған. Қайраттандырған. Айла – амал қарастырған. Демек, дербес мемлекет ретiнде харакет жасаған. Ресейге басы – бүтiн бодан болу елдiң ойында болмаған.
«Ақтабан шұбырындының» тұсында Ресей мен Қытай империясының қазақ даласына тiкелей қауiп төндiретiндей мұршасы жоқ едi. Қытайдың өзi мәнжулердiң қол астында қалды, Ұлы Петр батыстағы көршiлермен бәсекеге түсiп, өзiмен – өзi жанталасып жатқан, бiрақ екi империя да қазақ даласына көз қырын салып отырды. Ағылшындар да қалмады, оларда да отарлау жүйесi қалыптасып келе жатты. Мұндай пиғылды жүзеге асыру үшiн петр барлау жасақтарын жiбердi. Оның көкейiн тескен күйдiргi Петрдiң сарайына әлдебiр қисынмен бара қалған түрiкменбашының: «Әмударияның жағасында алтын құм үйiлiп жатыр» - деген дақпырты. 1713 жылы айтылған бұл лақапқа сенген Петр iле 1714, 1716, 1718, 1719, 1920 жылдары барлау экспедициясын жiбердi. Ақыры 1721 жылы қазақ даласы мен Каспий теңiзiнiң айналасын картаға түсiрiп тынды да, 1722 – 1723 жылдары парсы жорығына аттанды. Мiне, сол кезде ғана Петрдiң қиялына қанат бiтiп, iшкi арманын жүзеге асыруға құлқы ауды. Тарихшылар бiр – бiрiнен сыпыра көшiрiп, тiптi қате аударылған тұстарын да өзгертпей пайдаланған Петрдiң әйгiлi:
«Қырғыз - қайсақ ордасы – Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын қақпа мен кiлiт» - деген сөзi де тура қазақтың «ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «Алқакөлге сұлай» жығылған жылы айтылды.
Тарихтың талқысы мен тәлкегi қандай зауалды едi десеңшi! Ұлттың құрып – бiтуi тарихи шындыққа айнала жаздаған жылы екiншi бiр тауқыметтi үкiм айтылды. Ол – жоңғардың қылышы мен қыл құйрықты найзасы емес, отты зеңбiректiң үкiмi едi. Бұл сөздi Петрдiң өзi жарлық ретiнде қағазға жазбаған. Оны патшаның ауызына салып отырған - қазақ ұлтының сорына қарай шоқынған, қазақ ұлтын бас бостандығынан айырған Алексей Иванович Тевкелев – Құтлұғмұхамет (Мәмет) Тәуекелов деген жырық етек тiлмәш! Қазақ халқының басына «қайыс ноқтаның» қалай киiлгенiн бiлу үшiн Тевкелев мырзаның жазбасын толық келтiремiз. Өйткенi қазақтың бодан ел болуы тiмiскi Тевкелевтiң жымықылығымен тiкелей байланысты. Ол өзiнiң орынбыр генерал – губернаторына жолдаған тыңшылық есебiнде:
«1722 жылы, қайрымды және асқан даңқты, есiңнен есiмi ұмытылмайтын Ұлы Петр императордың тұсында император ағзамның пәрменiмен пақырыңыз мына мен парсы жорығына құпия iстер жөнiндегi аға тәржiмәшi болып аттандым. Парсы жорығынан оралғаннан кейiн аса мәртебелi императорлықтың патшасы Ұлы Петр император ағзами өзiнiң: отаны Ресей империясының мүддесi үшiн қадым заманнан берi атағы мәлiм, бiрақ дәл сол кезде мүлдем белгiсiз болып қалған қазақ ордасын Ресейдiң бодандығына айналдыру туралы аса ықыласты пиғылының бар екендiгiн мәлiм еттi. Мәртебелi монарх ағзамның бұл iске мен сияқты пақырыңызды пайдалану туралы құлқы болды, оны: егерде ол орданың бодандыққа көнбейтiнi анық бiлiнсе, қандай да болсын шығыннан аянба, тiптi, миллиондап шашсаңда еркiң, бiрақ қалай болған күнде де Ресей империясының протекциясына (протекторатына) өтетiнi жөнiнде келiскенi туралы мiндеттенген бiр бет қағазға қол қойдырып қайтуға тырыс – деп түсiндiрдi. Өйткенi, мәртебелi императорлықтың әмiршiсi Ұлы Петр император: 1722 жылғы Парсы жорығы кезiнде және Астрахан арқылы келiп түскен көптеген мәләметтердiң мазмұнынан бұл орда туралы толық мағлұмат алғанын, қазақтар қыр (степной) жайлаған, жеңiлтек (легкомысленный) халық болса да, бұл орда Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын кiлт пен қақпа – екенiне көзi жеткенiн мағұмдады» – деп жазды.
Ұзын – ырғасы бiр –ақ сөйлемге құрылған, оқуға және түсiнуге ыңғайлы болу үшiн бiз жiкке бөлiп, арасына нүкте қойып аударған әйгiлi «сөздiң» мазмұны осындай.
Демек, Петр ағзам қазақ елiн бодан етуден дәмеленсе де оның жүзеге асатынына өзi де сенбеген. Жаулап алуға мұршасы жоқ. Бiрақ, қалайда протектораттық келiсiмдi қалайды. Ал протекторат дегенiмiз – бодандық емес. «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар – бастапқыда күштi және әлсiз мемлекеттердiң арасында ерекше құқықтар мен өзара мiндеттемелер белгiлейтiн шартқа негiзделген қатынастар. Оның мәнiсi – алғашқысы кейiнгiсiн қорғаса, ал кейiнгiсi алғашқысына тәуесiздiгiн сақтай отыра белгiлi қызмет көрсетедi. («Брокгауз – Ефрон энциклопедиясы», М. Құлмұхамед, аталған кiтап, 122 бет). Брокгауз - Ефронның энциклопедиясындағы бұл анықтама бойынша қазақ елi тәуелсiз ел қалпын сақтап қалуға тиiстi. Абылайдың шарттары осыған негiзделген және 1778 жылы 22 қазанда Абылайды хандыққа бекiткенi туралы Ресей патшасының куәлiгiн алып, оған ант беруден үзiлдi – кесiлдi бас тартып: «Менi халқым сайлап хан көтердi... Сондықтан да орыстарға барып ант беруге мiндеттi емеспiн» - деуi (Ш. Уәлиханов. «Абылай») де сол шартты ұстануының нәтижесi. Яғный, Абылай өзiн Ресейге тәуелдi елмiн деп есептемеген. Кенесарының «Николай 1 патшаға тек сауда–саттық жөнiндегi байланыс туралы кепiлдескемiз» деуiнде осындай мән жатыр.
Екiншi тарихи уәж: 1731 жылға дейiн, Әбiлқайырдың хаты жолданғанға дейiн Ресей империясында қазақ даласы туралы түпкiлiктi отарлау саясаты белгiленбеген. Мұны «қатын патшаның» - Анна Иоановнаның есiне түсiрiп отырған «құпия iстер жөнiндегi аға тiлмаш» Тевкелев. Петрдiң атын жамыла отырып, ақша мен сый – сияпат туралы айтып, әйтеуiр «бiр бет қағазға қол қойдырып ал» деген сөздi баса көрсетуi iстеген iсiнiң жымысқылығын танытады. Өзге – өзге, Тевкелев жаугершiлiкте қалған және жан аямай күресiп жатқан қазақ елiнiң бостандық рухын жақсы бiлдi. Арандатып, алдап, аярлықпен алмаса, бодандыққа көнбейтiнiн түсiндi. Сондықтан да, Әбiлқайырмен астыртын жең ұшынан жалғасты. Қалайда тiмiскiлеп жүрiп, тамырын басып, ақыры «қайыс ноқтаны» кигiзiп тынды. Оған себеп:
«...Орыс үкiметiнiң қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы. Осымен бiрге тағы бiр зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштiк күшейтiп, бiрiн бiрi жауламақ үшiн әр қайсысы кез – келген жұрттан көмек iздеп, қазақ елiн әр айғырдың үйiрiне сiңiруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тiршiлiгi бiр шым – шытырық мезгiлге жеткенде, орыс үкiметiнiң шеңгелi қомайғайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кiргiзiп әкетiп бара жатты». (Мұхтар Әуезов).
Демек, Мұхтар Омарханұлының дәл басып айтқанындай, қазақтың басына «ноқта кигiзген» қазақ ұлтының өзi емес, оны «әр айғырдың үйiрiне сiңiруге ұмтылған» хандары, яғный, Әбiлқайыр. Бодандық - исi қазақтың мүддесiне сай келмейдi. Ал, Ресей үшiн протектораттыққа қол қойдыру:
1. «Бiр тамшы қан төкпей» жүздеген мың халықты «қолтығына алуға»;
2. Қазақ даласы арқылы шығыс пен шығыс оңтүстiктегi шекараны қауыпсiздендiрiп, «азия елiнiң алтын қақпасының кiлiтiн» алуға;
Ресейдiң етегiн тiле тоқтаған жоңғарларды ыдыратып, күшiн әлсiретуге;
Бүлiншiлiк шығарып, империяның мазасын алған башқұрттардың көтерлiсiн қазақтарды пайдалана отырып тыныштандыруға;
5. Қазақтар арқылы қарақалпақтар мен хиуалықтарды бодан етуге жол ашу деген сөз едi. (А. Левшин).
Мiне, Ресей империясы осындай пиғылға пейiлi ауып, қазақ даласына тыңшыларды, әскери барлаушыларды, ғылыми барлау экспедицияларын арт – артынан жiберiп, қазақтың елi мен жерiнiң қырындысына дейiн қалдырмай зерттеу жасап, аласұрып жатқанда олардың көктен тiлеген жерден бердi. Әбiлқайырдың елшiсi Құтлымбет Қоштаев пен Сейiтқұл Құдайқұлов (Құдайғұлов болуы мүмкiн – Т. Ж.) Қатын патшаның сарайына аяқ астынан келе қалды. Анна Ивановна Әбiлқайырға:
1. «Мәртебелi падишаға сенiмдi қызмет етiп, Башқұрттар сияқты адал боп, салық төлеп тұруға. 2. Бұл қызметi үшiн Ресей жағынан ренiш көрмейтiнiне, шапқыншылыққа ұшырамайтынына. 3. Қазақтарға сырттан жау шаба қалса патшаның қорғауында болатындығына. 4. Башқұрттармен, қалмақтармен тату боп, Ресейдiң тұтқындарын қайтарып беруге» кепiлдiк етудi және сауда керуендердiң емiн – емiн еркiн өткiзiп тұруды тапсырып хат жазды.
Қазақ елi Ресейдiң боданы болды деп есептелiнiп жүрген хаттың қысқаша мазмұны осы. Мемлекеттiк мәмiле дәстүрiне жүгiнсек, Әбiлқайырдың бұл хаты – екi ел арасындағы қарым - қатынасты анықтаудың және оны реттеудiң жолын ұсынған тiлек (протокол намерение) қана. Бұл құжаттың ешқандай заңдық күшi жоқ. Оның үстiне, Әбiлқайырдың негiзгi талап – тiлектерi Қоштаев пен Құйдағұловтың «ауызша сәлемiмен» жеткiзiлген. «Әбiлқайыр ханның елшiсi Сүйiндiк баhдүр арқылы тәржiмәшi Мәмет Тевкелевке Уфа қаласында табыс етiлген қазақ ханы Әбiлқайырдың хатының аудармасы» мынадай:
«Аса мәртебелi hам даңқты падишаны алтын таққа отыруымен құттықтаймыз. Егерде, мәртебелi падишамыз бiзге алтын кiрпiгiн бұрса, бiз басымызды иiп тағзым етемiз және қандай да бiр мiндет жүктесе шын жүрегiмiзбен және адал көңiлiңiзбен қызмет етуге дайынбыз. Алланың әмiрiмен Мұхаммед пайғамбарымыз жар болып бұхар ханы Әбiлфәйiз хан менiң билiгiме бойсынды, Хиуа ханы iнiмiз Аббас хан да маған бойсынды, Хаджечниет дариясын (Ходжент, Хорезм болуы мүмкiн – Т. Ж.) Бойлай көшiп жүретiн Ақбатыр да менiң еркiме көштi, қарауында 4000 (толық танымады, не түтiн, не әскерi деген сөз болса керек – Т. Ж.)... Бар Барақ хан да, Ташкент пен Түркiстан қаласы да бiздiң қолымызда. Бiздiң бiраз адамдарымыз сiздерде тұтқында отырғандықтан, сiздiң бiраз адамдарыңыз бiзде тұтқында отырғандықтан, олардың жақсы – жаман болуы билеушiлерiнiңғ еркiнде. Сiздiң көпестер бiзге келiп, бiздiң көпестер сiздерге барса, қайырымды падишаның мейiрiмi жылағандарды жұбатса деймiз. Бұқаралықтар менiң билiгiмде, Үргенiшке де менiң дәрменiм жүредi. Сол үшiн осы хатты жолдап отырмын, iстiң мән – жайын Сүйiндiк бақадүр айтады».
Дәл осы хаттан бодандық туралы пәтуәнi табуға бола ма? Тек онсыз да ашкөзденiп отырған империя мұны өз ырқына пайдалана қойып «ауызша айтылған сәлемге» малданып, бодансыңдар деп сырттай жарлық шығарды. Бұл дақпыртты империя тарихшылары өте әккiлiкпен тарихи келiсiм дәрежесiне көтерiп, терiс тарихи көзқарас қалыптастырып, қазақты басыбайлы етiп шығарды. Бұл хаттың әлжуаз мазмұнын сезген империя Мәмет Тевкелевке ұзынсонар нұсқау жазып бердi, онда қай кезде мойынын қалай бұратынына дейiн тәптiштеп түсiндiрдi. Империяның отарлау пиғылы мен Әбiлқайырдың жасырын елшiлiгiнiң «қызметi» осы нұсқауда толық ашылған. Сөйлемi орашолақ, бiрақ сондай қазымырлықпен тәптiштелген нұсқауды толық келтiру мүмкiн емес және қажетi де шамалы. Пiкiрiмiз дәйектi болуы үшiн бiз негiзгi желi етiп келiсiм шарт туралы айтылған жерлердi ғана iрiктеп алдық. Сонымен:
«Сыртқы iстер жөнiндегi мемлекеттiк кеңестiң биылғы, 1731 жылы 19 ақпан күнi бұратаналар тiлiнiң тәржiмашысы Мәмет Тевкелевке оның басшылыққа алып, орындауы үшiн берiлген нұсқауы.
1. Ол қазақ ордасына барып, олардың бастығы әрi үлкен ханы Әбiлқайыр ханға, бiзге Құтлмбет Қоштаев пен Сейiткүл Құйдағұловты жiберген және Тевкелевтiң өзi қоса жiберiлiп отырған ханға жолықсын. 2. Онда барысымен Тевкелев Әбiлқайыр ханға жолығып, мына мәселелердi айтсын: «Сен, Әбiлқайыр хан, аса мәртебелi билеушiмiз Анна Иоановна падишамызға, бүкiл Россияның әмiршiсi және бiздiң барлығымыздың қарайрымды да құзыры күштi патшамызға өзiңнiң елшiңдi – Құтлұмбет пен Сейiтқұл Құйдағұловты жiберiп, қағазға жазылған дәргейiң мен ауызша айтылған сәлемiң арқылы Ресейдiң бодандығына кiретiнiңдi айтып, Ресейдiң қаруындағы елдермен бейбiт тiрлiкте болатындығынды бiлдiрiпсiн. Аса мәртебелi ағзам падишамыз қазақ ханы Әбiлқайырды, қазақтардың ен үлкен ханын әрi қазақ әскерiнiң бас қолбасшысын өзiңнiң тiлiгiне сәйкес Ресейдiң бодандығына қабылдады, осыған орай саған Әбiлқайыр ханға, бүкiлқазақтық әскердiң қолбасшысына өзiңнiң елшiң арқылы осы дәргейдi жолдап отырмын, оның татар тiлiндегi көршiрмесi де қоса жiберiлдi, өзiнiң осы ниетiн куәландыру үшiн және аса мәртебелi падишаның мейiрiмiнiң белгiсi ретiнде бұл дәргейдi тапсыруды маған жүктедi, оған қоса маған аса мәртебелi падишамыз саған: - Әбiлқайыр хан және барлық қазақ әскерi өзiнiң мәртебелi падишамызға жылы ықыласын сақтап қалуды және мәртебелi падишаға берген уәдесiнде тұрып, хан мен қазақ жауынгерлерi айнымас сертiнде тұруды, өзiңiздiң берген уәдеңiздi орындап, сенiмдi бодан ел болатыныңды қалайды. Сол белгiсi ретiнда саған – ханның өзiне жалақы белгiледi және қылыш, бұлғын iшiк, қара түлкiнiң терiмiнен тiгiлген бас киiм мен сәтiн т.б. Силықтар жiбердi» - деп айтсын... 4. ...Осыларды айтқаннан кейiн Әбiлқайыр ханға дәргейдi тапсырсын да мәртебелi падишаның қайрымдылығын есiне салсын, ант қабылданып болған күннiң ертеңiнде былай десiн: Әбiлқайыр хан кеше өзi ант бердi, ал ендi Башқұрттар сияқты мәртебелi падишаға деген, сенiмдiлiгiн бiлдiру үшiн бүкiл қазақ әскерi құранды ұстап ант берсiн, бұл кешегi қол қойылған дәргейде көрсетiлген және падишамызға қараған бодан жұрттардың барлығы ант берген едi, сондықтан сендер де башқұрттар сияқты аманат берiп, салық төлеп, адамдарыңды Уфаға жiберiңдер – десiн. Айласын асыра отырып Әбiлқайыр ханды осыған көндiрiп, үмiттендiрiп қойсын. 5. Егерде Әбiлқайыр хан салық төлеп, аманат беру туралы Тевкелевтiң алдарқатуынан үзiлдi – кесiлдi бас тартып, көнбесе – онда өршеленудiң қажетi жоқ, тек Әбiлқайыр хан бастапқы шарттарға сәйкес қолын қойсын да өзара сенiммен өмiр сүрейiк дегенге илiктiру қажет... 7. Әбiлқайыр хан жоғарыдағы шарттардың ешқайсысына қол қоймаса, келiспесе, Тевкелевтiң өтiнiшiн орындамаса алдарқатуға түспесе, онда қалайда ханды жағаттай отырып мынаған иiлiктiрсiн: хан өзiнiң жауап дәргейiнде (хан бұл дәргейдi Тевкелевтен берiп жiберуi керек) жаңағы шарттарды көрсетсiн де оған уәдесiн берiп, қолын қойсын: тiптi көнбесе, онда өзiнiң қойылған дәргейге мәртебелi ағзамнан алынған жайларымен келiсетiндiгi туралы мағлұмат берсiн... »
Тiлмаш Тевкелевке берiлген осы нұсқаулардың өзi – ақ Әбiлқайырдың бiрiншi хатының ешқандай да заңдық құқы жоқ екенiн дәлелдейдi. Сондай – ақ, Әбiлқайырдың да өтiрiгiн әшкерелейдi. Өйткенi, дәл сол кезде ол қазақ әскерiнiң бас қолбасшысы емес, Хиуа да Бұхар да, Түркiстан да, Ташкент те, Ходжент те оның билiгiне қарамаған. Тiптi ұлттың атынан келiсiм жүргiзуге кепiлдiгi де жоқ болатын. Сондықтан да Сүйiндiк атты батырды Уфаға келген Тевкелевке жiбердi. Әбiлқайырдың ең масқара әрекетi және бодандық туралы шарттың жалған екендiгiн дәлелдейтiн айғақ осы арада көрiнедi. Әңгiменiң өзегiн дерекпен дәлелдейiк. М. Тевкелевтiң 1731 жылы 26 тамызда сыртқы iстер кеңсесiне жолдаған мәлiметiнде» Сүйiндiк батырдың «елшiлiк мiндетi»:
«Сүйiндiктi елшiлiкке жiбере отырып, өзiнiң мөрi басылған дәргейдi маған жолдапты, оны аударып сiздерге жiберiп отырмын. Сонымен бiрге Әбiлқайыр ханның мөрi басылған екi бет қағазды бердi. Ол мұны: Әбiлқайыр хан тек қана бодандықты ғана алып қоймайды, сонымен қатар мәртебелi падиша ағзамға қызмет еткiсi келгендiгiн және сенiмдiлiгiн бiлдiру үшiн жiберiптi, оған Тевкелев мырза не жазса да Әбiлқайыр хан қарсы болмайды – деп түсiндiрдi Сүйiндiк елшi. Егер Әбiлқайыр ханның хатта айтылған сөзi мен ауызша жолдаған сәлемi шындық болса, онда Бұхар ханы мен Хиуа ханы да мәртебелi ағзамның дәргейiне көшуге әзiр екен» - дегендi жеткiзу екен.
Мiне, Әбiлқайырдың қазақ ұлтын сатуы дәл осы ештеңе жазылмаған, тек мөрiн ғана қойып берген ақ қағаздан басталды. Тiптi ол өзiнiң басыбайлы болғанына именбейдi де қымсынбайды. Ал ақ қағазға Ресей империясы не жазуды және қалай жазуды бiлетiн. Бұдан асқан сараместiк пен сатқындық болмайды. Бiз осы уақытқа дейiн бұл хатты Әбiлқайырдың өзi жазған деп түсiнiк берiп келемiз. Ал Тевкелевтiң шындықты бұрмалайтындай ешқандай жөнi жоқ. Ол өзiнiң миссиясяның орындалатынына онсыз да сенiп отыр. Тек жоғары жақтан әлгi ақ қағазды қалай толтыру керектiгiн сұрайды. Бостандық үшiн мұқым қазақ әскерi майданда қан төгiп, «елiм - айлап» ел боздап жатқанда Әбiлқайырдың әрекетi мынау. П. Я. Чаадаевтiң:
«Ақылы екiжүздiлiкпен уланғаны сондай, тiптi олар айтқан ақиқат шындықтын өзi өтiрiк боп көрiнетiн» адамның бiрi осы Әбiлқайыр хан демеске бұдан кейiн лажың жоқ.
Бiр жапырақ қағазға мөрiн басып, елiн құл еттi. Ендi осы хатты да мемлекет пен мемлекеттiң арасындағы келiсiм шарт деп қабылдаймыз ба? Масқара. Қазақтың елi мен жерiн Ресей империясы заңсыз отарлағаны туралы пiкiрдi ашық және еш күмәнсiз айтуға осы деректiң өзi де жеткiлiктi. Бiз империялық пиғылдағы тарихшылардың қалыптастырған көзқарасының негiзiне жүгiнiп әлi де «қайыс ноқтадан» басымызды шығарғымыз келмейдi. Сонда елдiк қасиет, ұлттық намыс, еркiн рух қайда?!
Ресей мен қазақ елiнiң арасындағы бодандық мәселесiн қайта қарап Ресейдiң қазақ жұртын отарлауы заңсыз, қазақ елi өз еркiмен Ресейге қосылған жоқ деп тұжырымы жасайтын кез келдi. Бұл тек қана тарихи шындық үшiн ғана емес, ұлттың өзiн – өзi еркiн ұлт ретiнде сезiнуi үшiн де аса қажет! Бұл - ұлттық тұтастық идеясының алтын қазығы. Ұлттық бiрлiктiң, таным бiрлiгiнiң, ұлттық азаматтық мойынсынбаудың, рухани тәуелсiздiктiң қасиеттi өлшемi осы.
Үшiншi тарихи уәж: ендi Әбiлқайырдың жеке басының қайшылығы мен орыс елшiлiгiн қалай қабылдығанына тоқтайық. Ол – кiшi жүздiң хандық тағына отырғаны заңды ма? Сұлтан ретiнде заңды, ал хандықтың мұрагерлiк рәсiмi брйынша заңсыз. Кiшi жүздi бұрын Жәдiк сұлтанның тұқымы билеп келдi. «Алқакөл сұламаның» тұсында хандық өсек төренiң ұрпағына көштi. Бұған Әбiлқайырдың әскери қолбасылыққа бейiмдiлiгi ықпал еттi. Сол қысталаң заманның өзiнде кiшi жүздiң тағына талас толастамады. Мұны ақыры Арынғазы сұлтанды Калугаға жер аудартумен аяқталды. Тақ тартысы – бiр кезде аңырақай соғысында қазақтың туын желбiреткен бас қолбасшы Әбiлқайырды бүгежектетiп келiп өзiнiң қарауындағы халқынан жасырынып, түн жамылып үй арасындағы ұры сияқты бұғып жүрiп орыс бодандығын қабылдауға мәжбүр еттi. Хан басын шоқыған қара шекпенге тидi. Мұны Мәмет Тевкелевтiң өзi:
«... Мен пақыр қазан айының 6 күнi шаңқай түсте, сағат тiлi екiге қарай кеткенде Мантөбе қойнауындағы Әбiлқайыр ханның ордасына келiп жеттiм, ал менiң өзiмдi Әбiлқайыр ханның киiз үйiнен 2 шақырымдай жерден күтiп алысты. Сол күнi түнде Әбiлқайыр хан астыртын кiсi жiберiп: не өзi жасырын келiп кетсiн, болмаса ретiн тауып өзiм жолығармын деп сәлем айтыпты, өйткенi Әбiлқайыр ханды менiмен кезiктiрмеу үшiн қазақ билерi мен игi жақсылары жансыздарын күзетке қойыпты, оның үйiнiң де, менiң үйiнiң де маңындағы қаптап жүрген адамдар менi – ханға, ханды – маған жiбермедi, сiздерге хат – хабар апарған почтаның жолбасшысы ретiнде барған башқұрт Қыдырияс Моллақаев хан мен екеумiздiң арамызда арлы – берлi астыртын жүрiп тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |