Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас


«Құдайға шүкiр, мен өз отанымды өзiмнiң мүддем үшiн емес, оның мүддесi үшiн сүйдiм», - дей отырып



бет2/24
Дата17.02.2017
өлшемі7,02 Mb.
#9675
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

«Құдайға шүкiр, мен өз отанымды өзiмнiң мүддем үшiн емес, оның мүддесi үшiн сүйдiм», - дей отырып:

162. Еуропа үшiн және Россияның өзi үшiн соңғысының (Ресейдiң) әлем тағдырын шешетiн құдiретке ие болуы пайдалы деп ойлайсыз ба? 163. Еуропа Түркияның сақталып қалуын қалай ма, жоқ, Россияның құдiреттi болуын қалауы керек пе едi, бұл басқа мәселе. 179. Түрiктер – барып тұрған бұратаналар, бұл шындық: бiрақта түрiктердiң бұратаналығы қалған дүниеге қауiптi емес, одан көрi басқа халықтың бұратаналығы әлдеқайда қатерлi. Оның үстiне, түрiктердiң бұратаналығымен солардың өз қонысында күресуге болады, ал ана бұратаналықпен күресу мүлдем басқа. Мiне, мәселе қайда!»- деп Ресей империясының бет пердесiн ашып бердi.

Иә, түркi жұртының бұратаналығынан гөрi төрткүл дүние үшiн Ресейдiң «бұратаналығы» әлде қайда қауiптi болатын. Ұлттың ұйытқысын құрайтын, барлық жаhангерлiк соғыстың азабын тартып, қанын төккен 25 миллион азаматын басыбайлы құл етiп ұстауы – империяның бетiндегi сүйел едi. Патша, Достоевский айтқандай, «халықтың қасиетiн, оның идеясын, үмiтi мен сенiмiн бойына жиған тұлға» емес-тiн. Өз ұлтын құл еткен патшаның өзi де құлдық психологиядан арылмаған адам деген сөз. Мiне, Чаадаев неге тiтiркенiп отыр. Ол үшiн әрбiр орыстың рухы – азат рух болуға тиiстi. Сондықтан да түрiктiң патшасынан, Ресейдi шайқалтқан, Наполеоннан, Кенесарының көтерiлiсiнен гөрi адамзат үшiн россияның самодержавиесi әлдеқайда қатерлi дейдi. Ресейдiң мемлекеттiк саясатқа айналып отырған тағылығын ауыздықтау қиын. Нағыз орыс рухы – орыстың азаттығы, орыстың рух бостандығы, бiр орыс пен екiншi орыстың тең тұрып сөйлесiп, тең дәрежеде өмiр сүруi. Өз ұлтын осындай қорлық пен басыбайлылықта ұстаған мемлекеттiң жат жұртты жарылқауы (мысалы, «қатын патшаның» - Анна Иоанованың «қазақты қамқорлыққа алуы» - Т. Ж.) Кәдiмгi, жәдiгөйлiк саясат қана дедi.

Мiне, нағыз орыс. Мұндай тұқымның қалғанына Шыңғыс хан мен Шағатай да өкiнбейтiн шығар. Ол өз тағдырын өзi биледi. Жатты да, жақынын да тарихи көзқарастың қиянатының диiрменiне жемтiк қып тартқызған жоқ. Орысқа да, қазаққа да, жалпы дүние қауымына да қажет тұлға.

Мұндай тұлға қазақтан да шықты. Ол – Кенесары.

Қандай түйсiк пен түлен түткенiн кiм бiлсiн, дәл осы тақырыпты күйттерде Чаадаев пен Кенесарының тағдырын салыстыра отырып ой қозғау мәселесi жадымнан шықпай қойды. Иә, абсуд, далбаса талпыныс. Дегенмен, қисындырып көрейiк. Осы тұста үшiншi тұлға да – ХХ ғасырдағы қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов та үшiншi өлшем ретiнде көкейiмдi тесiп тұрып алды. Қисынсыз – ақ қисын. Әңгiме тарих пен тағдыр туралы болғандықтан да, тарих ойға, пiкiр дамытуға мұрындық салу үшiн де тәуекелге барайықшы.

Иә, бiрi – отарлаушы, бiрi отарланушы. Бiрi – орыс, екiншiсi - қазақ. Бiрi – христиан, бiрi – мұсылман. Бiрi – оқымысты, бiрi – жауынгер. Бiрi – орыс тiлiмен гөрi француз, немiс, ағылшын тiлiнде еркiн жазып – сөйлейдi, екiншiсi ана тiлiнен басқаны бiлмейдi. Әйел мәселесiн қозғамай-ақ қояйық. Кенесары мен Чаадаевтiң жас айырмашылығы – 6 жыл. Бiрақ заманы бiр.

Ендi екiншi уәжге көшейiк: үшеуi да қаракөктiң тұқымы. Нұрдан жаралған Шыңғыс ханға кiндiктерi байланған. Чаадаев – шағатай арқылы, Кенесары мен Ермұхан – Аблай, жошы арқылы жалғасады. Тiптi, Чаадаев Шәрбәтовтардың жиенi болуы тұрғысынан алғанда, ол Рюриктердiң де қанын бойына сiңiрген боп шығады. Чаадаев пен Кенесары тарихтың тәлкегiне ұшыраған тағдырлардың – ұлттық мүддесiн қорғап самодержавиеге, Бекмаханов – империялық үстем көзқарасқа қарсы күрестi. Үшеуi де отаншыл. Намысшыл. Қайсар. Идеясы үшiн басын бәйгеге тiккендер. Үшеуiне де тарихи көзқарас кесiрлi баға бердi. Чаадаев пен Кенесарының есiмi өлгеннен кейiн бiр жарым ғасырдан соң, Бекмаханов жарты ғасырдан соң мәшhүр болды. Оның өзiне де олардың есiмiн алдағы күннiң қандай талқыға саларына көз жетпейдi. Осы үшеуiнiң тұтастандырып тұрған ең басты қасиет – тағдырға бас имегендiгi, тарихи терiс көзқарасқа мойынсынбағандығы. Олардың тұлғасын жалған ғылымның тас – талқан ете алмаған өр рухы.

Мiне, тек. Мiне, тағдыр. Мiне, бiз нысана ететiн тұлға. Тарихи көзқарасымызды осыларға қарап қалыптастыруымыз керек.

Тарихи тағдыр ұмытылған тұста – тарихи көзқарас та түзелмейдi. Тарихтың тағылымы да ескiрмейдi. Бiздiң тарихи көзқарастың ырқына кеткенiмiз сондай, тағдыры аршылмағандықтан да қазақ мемлекетi тәуелсiздiк алған тұста Әлихан Бөкейханов негiзiн қалаған Қазақ мемлекетiнiң бағыт бағдарын қаперiмiзге де алмадық. Соның нәтижесiнде жер, экономика, тiл туралы ортақ ұйытқы таба алмай дағдарып қалдық. Ал мұның барлығының iзiн Әлихан салып кетiп едi.

Әрине, тағдыр – тарихқа үкiмiн жүргiзе алмайды. Бiрақ сол тарихты тағдыр жасайды. Тек тарих көзқарас – тұлғаның бейнесiн тағдырдан аршып, дұрыс баға бергенде ғана заттылыққа ұласады. Наполеон мен Петр қанша атыс – шабыстың iшiнде жүрдi, тiптi олардың өмiрiнiң өзi соғыстан тұрады. Бiрақ тарихи көзқарас тұлғаны оқиғадан аршып алып, оларды дара адам ретiнде, сахнаға шығарды. Қандай ғұлама жазбасын, олардың жеке басын, жекелеген жеңiстерi мен жеңiлiстерiн сол тұлғаның тағдыры, көзқарасы арқылы бағалады. Керiсiнше, Кенесары туралы сөз болғанда оның тек атып кеткенi мен шауып кеткенi ғана қарпи қамтыла баяндалып, сол арқылы пiкiр қорытылады. Сөйтiп, Кенесары жаны тыныштық көрмейтiн жауынгер болады да шығады.

Бiз, ең бiрiншi, Кенесарыға тарихи тұлға ретiнде қарап, оның тағдырына тарихи көзқарасты орнықтыруымыз қажет. Содан кейiн барып оның iс-қимыл әрекетiне пiкiр бiлдiрсек лайық-ты. Төңкерiске дейiнгi тарихшылар Кенесарының тұлғасына отарлаушының көзiмен қарады да, сол тұрғыдан оның тағдырын баяндады. Төңкерiстен кейiн Кенесары бiр сәт ақ бояумен боялды да, iле оған қара май жағылды. Кеңес империясының тарихшылары «кез – келген тарихи – орыс ұлтының тарихы болуы тиiс» (Яковлев) деп талап қойды. Сол тұрғыдан Кенесары баға бердi. Тiптi, талқыға Кенесарының жеке басы, тағдыры түскен жоқ, керiсiнше, жанталас тарихқа терiс тарихи көзқарасты қалыптастыру үшiн жүргiзiлдi. Әрине, бұл науқанда Бекмаханов уақытша жеңiлдi. Түрменiң дәмiн татты. Бiрақ тарихи көзқарасты орнықтырып кеттi.

Сөз басында ойды шиырықтау үшiн айтылған: тарих- әділетсiз ғылым деген пiкiрдi ортаға ой тарту үшiн. Қыранға тастаған сияқты, шақпақ етiп жақтық. Әдiлеттi тарих – әдiлеттi тарихи көзқарасты қалыптастырады. Әдiлетсiз тарихи көзқарас – тарихи әдiлетке қиянат жасайды. Түбiнде бәрiн де тарих өз орнына қояр. Ғылым iргесi қайтадан қаланар. Бiрақ, әр нәрсенi өз орнына қойғанмен де, қалағанмен де, өткен күннiң әдiлетсiздiктерiнiң тұсынан жел соғып тұрады. Тәуелдi тарихи танымның дағын лазер сәулесiмен де кетiре алмайсыз. Қазiргi қазақ тарихи ғылымы сол күйдi басынан кешiрiп отыр. Қашан тұлғалардың тағдыры аршылғанша уақыттың тұрлауы, заманның екпiнi мен қас-қабағы, ұлттық сананың өзi өзгерiп кетпесiне кiм кепiл. Өйткенi, ендiгi тарихты жоғарыда айтылған «тексiз доктордың» ұлттық танымнан ада болады жазбасына кiм сенiм бiлдiредi. Бұл қазiрдiң өзiнде нышан танытқан, «массондық масандар» арқылы жонын көрсеткен шындық. Қытайдың мемлекеттiк, ұлттық тарихи көзқарасын қалыптастырған, бiздiң жыл қайыруымыздан бұрын өмiр сүрген ғұлама мыңызы:



«Егер зауал аспаннан келсе, онда одан құтылуға болады. Ал сол кесепат өзiңнiң iшiңнен шықса, одан қашып құтыла алмайсың», дептi.

Шындығында да, кесiрлiк те, кесепат та, керенаулық та, тәуелдi басыбайлылықтың психологиясы да бiздiң өз iшiмiзде, санамызда, жанымызда, көзқарасымызда. Ұлт боп өз тағдырымызды өзiмiз қолымызға алмасақ, тарихи әдiлет үшiн әдiлеттi көзқарасты қалыптастыру жолында – таным талқысында ашық майданға шықпай ықтап өмiр сүрдiк. Қазақ ұлты «аспаннан түскен зауалға» - ұлттық, рухани отарлану тарихына қарсы тарихи көзқарасты толық қалыптастыра алмады.

Ол ол ма, бiз әлi «өзiмiздiң iшiмiздегi кесепатты» жеңе алмай жүрмiз. Өйтпесе, ұлттық ортақ көзқарас жолында барлық қымбаттарымызды қиып, бiр мүддеге топтасар едiк қой.

Оған: Кенесарының ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң соңғы қасiреттi тұсын айналып өтiп, сипақтата баяндауымыз дәлел.

Оған себеп: ұлттық көзқарастың тұтастығының жоқтығы.

Өйткенi, осынау тұсқа келгенде бiз өмiрiмiздiң рулық, жүздiк сенiмiмiздi жеңе алмай, жалған намысымыз ұстап, жорта әруақ силаған боп, ұлттық мүдденi рулық психологияға айырбастаймыз. Қырғыз тарихшылары бұл тұрғыдан алғанда әдiлетке жүгiндi. Тарихи шындыққа тарихи көзқарасты орнатты. Қазақтар Кенесары қозғалысын, кенесарының өзiн жаппай жамырап қарғап жатқанда, Б. Жамгершинов iспеттi ғұламалар оған қарсы шығып: Кенесары – патшалық самодержавиенiң отарлау пиғылына қарсы күрескен тұлға, оның қозғалысы – ұлт азаттық күрес, ал көтерiлiстiң жеңiлдеуiне, ұлтының бостандығынан гөрi Кенесарыға деген жеке басының кегiн қайтаруды қымбат санаған манаптар кiнәлi деп бағалады. Қырғыз елi өз еркiмен Ресейге қосылған жоқ. Өйткенi Манастың түп- тұқияндары құл болу үшiн жаратылмаған. Тек көзқарас бiрлiгi болмады. Қазақтар сияқты бұл ұлт та «аспаннан түскен зауалды былай қойып, iшiндегi кесепатты» жеңе алмады. Содан барып:



«Орысқа бағыну, елдiң алдына ұсынған сыбағалы табақтай болып, ерiксiз бой ұсындыруға айналды».

(М. Әуезов).

Мұндай көнбiстiкке, бодандықтың «қайыс ноқтасына» екi ұлттың бiрдей басын сұғынуға мәжбүр еткен не? Себебi: елдiктiң тұтастық сезiмi көмескi тартты. Ұлттық намыс – рулық мүддеге айналды. Ортақ және белсендi тұлғалардың ықпалы жойылды.

Оны жойған, бiрiншi, отарлаушы империяның саясаты. Алауыздықты сеуiп, iштен ыдырату – Кенесарының қозғалысынан екi – үш ғасыр бұрын, қазақ хандығының тұсында басталған маскүнем әрекет болатын. Ресей империясының әккiленiп алғаны, түркi жұртының осал тұсын тауып, оны ептiлiкпен жүзеге асыра бiлгенi сондай, кез - келген руды, кез – келген тұлғаны емеурiнмен – ақ икемдеп отырды. Патшаның арандатушылары алатауға Кенесарыдан бұрын жетiп, ұлы жүздiң төрелерi мен қырғыздың манаптарын арбап, алдын- ала Кенесарыға өшiктiрiп қойды. Әр кiм өз мүддесiн, бас пайдасын күйттедi де ақыры еркiн ұлт деген атынан айрылып, бодан ел болып шыға келдi. Екiншi: отарлаушы саясат ең бiрiншi «ел қамын ойлайтын Едiгелердi» құртты, оның орнына ру мен ұсылыстың батыры мен биiн қолпаштады. Сөйтiп, Мұхтар Әуезов дәл басып айтқанындай, Қобыланды, Манас, Алпамыс сияқты «ұлы батырлардың» елдiк, ұлттық бiрлiкке шақырған ерлiктерi мен iс- қимылдары «ескi әңгiме» сияқты елеске айналды да:

«...кiшi батырлар заманында бұрынғы ұсақ рулар ескi бiрлiктi бiржолата ұмытқандай кез болды. Бiрiне бiрi жат болды. Сондықтан бұл кездiң батыры (биi де – Т. Ж.) Да бұрынғы пiшiннен айырылғандай болды. Батырлық бұрынғы дәрежеден төмен түскендей, батыр (би – Т. Ж.) Бұрынғыша түгел ел емес, небiр таптың, не бiр кәсiптiң (мүдденiң – Т. Ж.) Батыры (биi- Т. Ж.) сияқты едi. Осы бетiмен батыр (би) аты сиреп, батыр (би) пiшiнi ел қиялында жүдей бердi. Бұл замандардың батыры (биi) бұрынғысынша елдiң тұтас елдiгiн бiлдiретiн не болмаса елдiң ескi өмiрiн, үмiт, қиял, тiлегiн түгел бiлдiретiн батыр (би)», болмай қалды.

Яғни, ұлттың, тұлғаның тағдыры талқандалды. Елдiк көзқарас өшiп, басыбайлы психология жанды баурай бастады. Еркiн рух өлдi. «Единица кеткен соң, не болды өңшең ноль» деп Абай жарықтық айтқандай, тарихи тағдырдан бұрын – терiс тарихи көзқарас қалыптасып үлгердi. Отаршыл пиғылдың арам шөбi азаттықтың астығынан бұрын себiлiп, рухани азықты өсiрмедi. Абай айтқандай:

Ермен шықты ит қылып,

Бидай шашқан егiнге.

Тектеп келгенде: «Қоғамды алға жылжуға – шындық пен жалғанның арасында жалтаңдап жүргендер емес, олар қыл көпiрдiң үстiнде билеп жүрген жандар, керiсiнше, дiлi қатал (принциптi) адамдар мәжбүр етедi»

(Чаадаев).

Тағдырын да, тарихын да талқыға салған Кенесарыға «бiздiң өмiрiмiздi өзiмiзге қайтып бер» деп хат жаздырған да осы «қыл көпiрдiң үстiнде билеп жүрген жандар», адам емес, жандар. Бұл тарихи шындық. Ал олар кiмдер едi, - сол ұлттың еркiнсiз қалай құлдықтың құрығына түсiрдi, бұл басқа әңгiменiң арқауы.

II. Ұлттық тұтастық идеясы

және Азаматтық Мойынсынбау
Ұлттық Азаматтық Мойынсынбауға немесе Ұлттық Азаматтық Тұтастыққа жеткен ұлт – кемелiне келген ұлт. Мұндай рухани күш пен сана – сезiм, ұлттық мүдде бiрлiгiне ие ұлт өзiн – өзi силай бiледi және өзiн өзгеге силата да бiледi. Сондай биiк тарихи таным дәрежесiндегi ұлт қана ұлт ретiнде өмiр сүруге құқылы. Бұл – ол ұлттың адамзаттың ортақ тарихына үлес қосуға қабiлеттi және өркениеттiң әр мүшесi оның пiкiрiмен санасуға мiндеттi деген сөз. Өйткенi, мұндай құдiреттi және ең қасиеттi мiнезге ие болуы үшiн – сол халық өзiнiң бүкiл жаратылғаннан берi таным мен тарихын талқыға салып: кешегiсiн, бүгiнiн, ертеңiн анықтап, оған тәуелсiз таным арқылы әдiлеттi баға берiп, ұлттың мiндетiн, парызын, даму бағытын өзiң де, өзге де мойындайтындай етiп тарихи көзқарас қалыптастыру қажет. Тұтастық идеясына ақыл –ойға қабiлеттi сол ұлттың әрбiр мүшесi қатысып, лебiн қосып, өзiнiң идеяға қатысы барлығын сезiп, жауапкершiлiгi мен мiндетiн, парызын түсiнгенде ғана азаматтық ұлттық сыпат алады.

Тарих пен тағдырдың қандай сыбаға ұсынғанына қарамастан, қазақ ұлтының дәл осындай қауымдастықтың қатарына қосылуға толық қақысы да, мүмкiндiгi де бар.

Себебi:

Қазақ ұлтының ұйытқысы – әлеуметтiк теңдiкке құрылған, ұлттық мәйегi «тең атаның ұлы» ретiнде ұйыған, тектiк басыбайлылық жоқ, болған да емес:



өзiн –өзi дербес ұлт ретiнде сезiне бiлдi, қалыптасқан тарихи сана мен дербестiк жолындағы күрестiң тарихи тәжiрибесi бар, тарихи тамыр мен негiзiн және жалпы адамзат тарихына қатысты тұстарын есте ұстаған:

өзiнiң жағырафиялық, шекаралық, мүдделiк көзқарасына орай саяси және экономикалық, рухани ықпалы барын сезiнедi. өзiн –өзi қалыптасқан тарихи ұлтпыз деп есептейдi және тәуелсiз мемлекет.

Бұл тәуелсiздiктi үшiншi рет алып отыр. Демек, азат ұлт атану үшiн бар уақытта күресiп келген. Демек, кемелiне келген ұлтпыз деуге толық қақымыз бар...

Иә, қақымыз бар, бiрақ кемелденiп болдық па? Мiне, мәселе осында.

Азаматтық Мойынсынбау мен Азаматтық Ұлттық Тұтастық деген қасиеттi ұғымды былай қойғанда, кәдiмгi ұлттық мақтаныш (гордость) пен ұлттық намыс (достойнство) қалыптасты ма? Сiз де, мен де, ол да, ойланбастан, иә, ойланбастан намыстанғансып жауап беремiз. Менiң ойымша, дәл осы намысымыз – жалған намыс. Айтпақшы, сiздiң, менiң, оның намысын бiрдей қоздырайын қандай ортақ көзқарасымыз бар? Ұлттың тәуелсiздiгi туралы ой ма?

Бұл, бiрiншiден сан ғасыр бойы санаға сiңген, ата бабамыздың аманаты. Өсиет, демек, идея солардiкi. Екiншi, тәуелсiздiк – ұлттың дербес дамуының тарихи құрылымдық даму жолы ғана. Ол – жүздеген ұлт пен ұлыстың ие боп отырған жетiстiгi. ол бiздiң тарихи сыбағамыз.

Егер де, Азаматтық Мойынсынбау мен Ұлттық тұтастыққа жетiп, ұлттық мақтанышымыз бен намысымыз қалыптасып болса, онда неге үш рет тәуелсiз отан, еркiн ел, еңселi ер деген құқықтан айырылып қалдық? Жоңғар шапқыншылығы тұсында сондай қасиетке жете қабыл ұлттық өрледi бастан кештiк. Ал үш ғасыр бойы бодан империяға қарсы қазақтың бiрiккен қолы қашан және қай жылы, қай майданда шайқасып, тәуелсiздiктi қорғады? Туымыз қай төбеде жығылды, ел иесi – ханымыздың тiзесi қай жерде бүгiлдi?

Бiздi шапқан, бiздi тәуелдi еткен кiм? Патшаның қай қолбасшысы? Ұлттық тәуелсiздiгi туралы кiмге және кiммен мәмiлеге келiппiз? Отанды отарлауға және отарлануға мәжбүр еткен қандай сыртқы күш. антты: одақтас болу үшiн бе, қайсысы үшiн бердiк? Оның заңдық құқығы қандай? Егер ел болып берген ант болса, оның бiр шарттары болмай ма? Бiр мемлекет екiншi мемлекетке тiзе бүккенде, шабындыға түскенде, бодандық бағыныштылыққа өткенде патша мен патшаның, хан мен ханның, елшi мен елшiнiң арасында уағдаластық, заңдық негiз болмай ма?

Ондай тарихи құжат қайда?

Балтық жағалауының елдерi Риббентроп пен Молотовтың жасырын келiсiмiн әшкерелеп, Азаматтық Мойынсынбауы арқылы тәуелсiздiгiн қайтарып алды. Олар ешқашанда Ресейдi отандасым – одақтасым деп есептемедi. Сондықтан да Ресейге тәуелдi болдық деп мойынсынған жоқ, керiсiнше: екiншi дүние жүзiлiк соғыста шапқынға түскен, күшпен жаулап алынған елмiз, отанымыз жау қолында (оккупацияда) қалып отыр деп ашық айтты. Мiне, Азаматтық Мойынсынбау, мiне, ұлттық намыс (достойнство). Демек, олар өздерiн саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да азат елмiз деп санап, дербес рухани күрес жүргiздi, дербес тарихи көзқарас қалыптастырды. Өзiн -өзi силата бiлдi. Сөйтiп, ұлт ретiнде тарих алдындағы мiндетiн өтедi.

Ал бiз, ендi ғана өз орнымызды жоқтап отырмыз. Мұның кесiрiн империядан көремiз. Жоқ, бiздi ұлттық мойынсынуға, ұлттық, намыс пен мақтаныштың жойылуына, тарихи көзқарастың дұрыс қалыптаспауына алып келген империя емес, бiздiң өзiмiз. жердiң қазынасын қазар, тасып әкетер, әкiмшiлiгiн жүргiзер, егiнiн еккiзер, рухани ұлттық тұтастыққа жетсек – дәл қазiргiдей сенделiстi бастан кешпеген болар едiк. Дәл қазiргi күндегiдей жүйкемiз қан қақсамас едi.

Бiз өзiмiздi өзiмiз ұлт есебiнде сезiнбедiк, бодан елмiз деп қарадық. Барлық ақыл-ойымызды, тұрмыс тiршiлiгiмiздi, күн көрiсiмiздi, мақсат мүддемiздi империяға қарай өзiмiз бейiмдедiк. Иесiз кеңiстiкте қалған иесiз ұлт болып өмiр сүрдiк. Түркi жұртының әлемге жүргiзген он бес ғасырлық үстемдiгiне қазақ ұлтының да тiкелей қатысы болады. Сол үстемдiк қайда кеттi, не сабақ қалдырды, неге құлдырап құлдық дәрежеге жеттi? Оны да тарих iстедi ме? Жоқ, бiз тарихтан сабақ алмадық. ұлттық тұтастықты, ортақ мүдденi қалаптастырмадық. Ұлттық мүддеге бойұсынбаған, ұлттық нысанасы анықталмаған, ұлттық рухани тұтастығы жоқ ұлт – ұлт емес, әуелi мемлекет болып мархадам таппайды. Ондай тобырдың үкiмiн тарих сол кезде – ақ шығарып қойған. себебi:



«Мысалға алайық» қалыптасқан қолайлы жағдайға байланысты өзiнiң ырқымен құрылмаған, жағырафиялық орналасудың нәтижесiнде орта таңдамай-ақ тұрақтап қалған бiр халық ұлан-асыр аймақты мекендеп, өзi онша тырыспаса да бiр дәуiрде құдiреттi халыққа айналып шыға келсiн делiк: әрине, бұл таңғажайып құбылыс, қалай сүйiнсең де құба - құп, алайда тарих оған қалай баға бередi? Негiзiне үңiлсең, бұл – тек қарапайым дерек қана, аса үлкен ауқымды қамтыған жағрафиялық белгi ғана, одан өзге түк те емес. Мұны тарих байқамады да, оны өзiнiң жылнамасына тiркейдi, содан кейiн бетiн жаба салады, сонымен бәрi де тәмәмдалады. Ал бұл халықтың нағыз тарихы – сол халыққа сенiп тапсырылған тарихи мiндеттi жүзеге асыратын және сол мiндеттi табандылықпен жүргiзетiн, тiптi жасырын түйсiк арқылы болса да сол тарихи мiндеттi орындап шығаратын идеяға келгенде ғана жазылады. Мiне, бар жан – тәнiмен менiң отандастарымды шақыратын шағымды кезек осы кезек, сүйкiмдi достарым мен отандастарым, мiне: мiндеттi сiздер мойындарыңызға алса екен деп тiлеймiн, бiлiмнiң жоғарғы сатысына көтерiлген, маған сондай жанашыр боп көрiнген отанға деген қаситтi махаббаттың оты маздап тұрған жандар, соған ат салыңыздаршы!» - деген Чаадаевтiң Ресей туралы пiкiрi мына сiз бен бiзге қаратыла айтылғандай.

Иә, Ұлттың Тұтастығы – Идеяда. Ал қазақ қауымын дәл қазiр тұтастандырып, тұтқа боп ұстап тұрған қандай идея? Бiздiң ұлтымыздың iшкi рухани жасырын идеялық ағысы болса – бүгiн бетке шығатын кезi болды емес пе. ол қандай? Қазiр ненi медет, ненi нысана тұтамыз? Бағыт – бағдарсыз, нысанасыз, iшкi бiрлiксiз, күн көрiстiң шылауына ерiп келер күнге ықтап беттей беремiз бе?

Ұлт та, ұлттық сана да есейдi. Ендеше, отырған үйiмiздi, қонған қонысымызды тазалап барып, көшiмiздi түзегенiмiз дұрыс болар.

Ол үшiн ең бiрiншi ұлттық тарих көзқарасымызды әдiл әрi байыпты және ұлттық мүддесiне лайық қалыптастыруымыз қажет. Ұлттың санасындағы өткен күннiң таңбаларын жойып, оны ықпалдан аршуымыз керек. ал азат ұлт ретiнде намыс пен мақтанышымызды орнына келтiрмесек, бұл мәңгiлiк бұйығылықтан арыла алмаймыз.

Соның iшiнде күбiрткi мәселе - қазақ ұлты бодандыққа өз еркiмен бас идi ме, жоқ па деген сауалдың жауабы.

Бiз, өз тарихымыздың белестi – белеңдi кездерiне барынша ақиқат, барынша әдiл әрi қатал көзқарасты қалыптастырмасақ, тура сол арадан соққан жел үнемi өкпемiзге, ұлттық санамызға шаншу боп қадалып тұрады. Тура сол бопса көзқарас ұлттық тұтастығымыздың буынын босатады, iрiтедi, iрiткi салады. Тiптi өзiмiздiң екi туып, бiр қалған атамыз болса да тарихтың үкiмiне бойұсынуымыз қажет. Сонда ғана ұлттық тұтастыққа келемiз. Ал дәл қазiргi қазақ ұлтының бойындағы ең осал, нәзiк әрi қауiптi тұсы – тарихтың үкiмiн мойындамауда. Бiз өзiмiздi азат ұлт сезiну үшiн де бодандықтың пердесiн ысырып тастауымыз керек. Сол перденi ысырдық па, ысыруға тырыстық па өзi? Егер ол тұманнан айықпаса бүгiнгiмiзге де, ертеңгiмiзге де баға бере алмаймыз. Өзiмiздiң даму жолымызды өзiмiз тұйықтаймыз. Ал бұл қылмыспен пара пар. Өйткенi:



«Өзiн де, жауын да жетiк бiлгендер үнемi жеңiске жетедi: тек өзiн ғана бiлгендер – бiрде жеңiп бiрде жеңiледi, сөйтiп итжығыс түсiп жүредi, ал өзiн де, жауын да бiлмейтiндер ешқашанда жеңiске жетпейдi», - деп кун-зы (конфуций) ғұлама айтқандай, ұлтымыз қайтып өзгенiң алдында тiзе бүкпеуi үшiн өзiмiздi өзiмiз жетiк бiлiп, ұлттық тұтастық идеясына келуiмiз парыз.

Дәл қазiргi таңдағы ұлттың алдындағы басты мiндет осы. соның iшiндегi ең бастысы: қазақ мемлекетiнiң үш түрлi тамырына тарихи көзқарасты қалыптастыру.

Бiрiншi, қазiргi қазақ ұлты ежелгi көшпелi мемлекеттiң заңды тұлғасы ма, жоқ па? скиф, сақ, ғұн, түркi құрамаларының бiзге қандай қатысы бар. Егер мемлекеттiк негiзiмiздi одан бастамайтын болсақ, онда тарихымыздың өткенiн өз қолымызбен кесiп тастаймыз. Көне ассирия, грек, рим, мемлекетiндегi ұлт пен ұлысты дәл қазiргi сол жердi қоныстанған ұлттық туған бабасы деп ешкiм де кесiп айта алмайды. Бiрақ тарихи көзқарас бұған күмән келтiрмейдi. Демек, ертедегi көшпелi жұрттың тарихи жалғасының бiрi - қазақ ұлты. Ендеше, бүгiнгi қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн сол дәуiрден бастап, оның iшкi – сыртқы саясатын, әлеуметтiк тамырын, ұлттық сыпатын түйiндеп тұрып тұжырымдап, қазақ мемлекеттiгiнiң көне құрылымы ретiнде сенiмдi түрде сыпаттауымыз қажет.

Екiншi, түркi қағанатынан бастап «алтын ордаға» дейiнгi тарихи оқиғалар тiкелей қазақ жерiнде өттi. Барлық саяси орталықтың кiндiгi қазақ жерi болды жайылған қанатын қайыра алмай қалған тұстарын ашып айтып, қандай қағанат пен хандық құрылса да, соның ұйытқысы қазақ жұрты болды деп, оны сол мемлекеттiң негiзi ретiнде ұстану керек. Өйтпесе, бiздi жалпы түркi тарихына қосқанымен де, мұндай кеңқолтық идеяны өз қандастарымыз пайдаланып кетуi әбден мүмкiн. Өйткенi осыдан он ғасыр бұрын бөлiнiп кеткен түрiктердiң қанжығасына ежелгi тарихымызды байлап берiп отырмыз. Өзбек пен татар тарихшыларының да бүгiнгi мемлекеттiң негiзi етiп өз ұлтын алуға ұмтылуы және оны жан – жақты заңдастырып жатқаны белгiлi болып отыр. Олар қазақ даласынан бөлiнiп кеткеннен кейiнгi өз тарихын жазсын, бiрақ жер мен суы, елi орынында қалған қазақ қауымына менменсiп қарамасын, қайта ата жұрты ретiнде силай бiлсiн.

Мұндай көзқарастық менменсу қандастарымыздың арасында бар. Мысалы, маған Өзбекстанның әдеби- мәдени мұражайының негiзiн қалаған тарихшының бәрi: «Шыңғыс хан керуленге қайтқанда бiздiң жазуымыз басылған тастар мен ескерткiштерi, мәдени мұраларымызды өзiмен алып кетiптi. Олар жолда шашылып қалыпты. Соны бiзге қайырудың мүмкiндiгi бола ма екен?»- дедi қымсынбай. Мен: «Сiздiң тарихыңыз қай тарих. Шыңғыс ханның қанжығасында бөктерiлiп кеткен жартастағы таңбалар мен жазулар ма, балбал тастар ма? Әлде, Тоныкөк пен Күлтегiн жазуын Тураннан қотарып әкетiп пе? Көшпелiлерде мәдениет, жазу болмаған дейсiз бе? Сонда, сiздiң мәдениетiңiз қай мәдениет. Әлде таяу шығыстан ҮІ- IХ ғасырда ауып келген тәжiктердiң мәдениетiн «Алтын ордадан» бөлiнiп шыққан өзбектерге телiп отырсыз ба? Бұл қай басыну, өзбектi ме, қазақты ма?»- деп қарбыта сөйлеп, бiраз қазып едiм, кешiрiм сұрап орнынан тұрып кеттi. Менiң көне тарихтан аздап хабарым барлығын, оның iшiнде, өзбек тарихшыларының арасында шығыстық және түрiктiк көзқарасты ұстанатын қарама - қарсы екi тарихи ағым барлығын, шығыстың атын жамылып отырып, өзбек тарихы мен жерiн парсының құрамдас бөлiгi ретiнде «тураншылрдың» тұжырымдарын бiлетiнiмдi аңғарғаннан кейiн шегiнiс жасады. Бiрақ ол адам iшiнен шындықты мойындамай кеттi.

Ендеше, өз тарихымызды өзiмiз кеспей, қазақ хандығы – әлгi үлкен қағанаттың ұйытқысы және мемлекеттiгiнiң негiзiн құраған мекендегi мұрагерi, Керей мен Қасым сол тарихи мемлекеттiң мәйегiн iрiтпей, батыс пен шығыстың ықпалынан, оларға сiңiп кетуден сақтау үшiн тарихи көшпелi отанның дәстүрлi салтын ұстанып қалды деп пiкiр түюiмiз қажет. Онсыз, тексiз ұлт боламыз да шығамыз.

Үшiншi, қазақ елiнiң отарлану тарихын толықтай талдап, қалай боданға түстi, өз еркiмен бе, жоқ па, соны жария етiп, Ұлттық Азаматтық Идеяны орнықтыруымыз керек. Өйтпесе, ешқандай соғыссыз, тарихи келiсiмсiз, бопсадан қорқып ұлттық бостандығымызды Ресей патшасының қолына еркiмiзбен берген болып шығамыз. Бұл, қазақ ұлты құлдыққа өз еркiмен көндi, ежелден құл болуға бейiм ұлт едi, ұлттық тарихы жоқ қауым болатын деген емеуiрiндi растайды. Мұны, өзге емес, қандас түркi жұрттарының тарихшылары айтып жүр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет