Тарих тамырлары



бет3/4
Дата20.06.2018
өлшемі2,01 Mb.
#43759
1   2   3   4

ҚАЙЫРХАН

Ентелеп келген жаудың ентігін бес ай бойы қаланың сыртында, бір ай бойы қамалдың ішінде басқан, монғолдармен өліспей-беріспейтін шайқастың ең жоғары жанкештілігін көрсеткен Отырардың билеушісі Қайыр ханның ерлігі заманында алысқа тараған. Ағыны күшті су толқынындай толықсып келген монғолдың ең таңдаулы жасақтарын басқарған Шағатай мен Үгедей нояндарының жер қайысқан қолы отырарлықтардың ерлігі таңғалдырды. Отырар бұған дейін кітапханасының қорымен әлемді өзіне тәнті етсе, отаршылдарға қарсы шайқаста ерлігімен ерекшеленді.Ғалымдары, ақын-жазушылары көп қаланы жаулап алуда монғолдардың маңдайы алғаш рет тасқа тиді. Намыстың көкжалына мінген монғолдар үсті-үстіне тас және от атқыш қаруларын қолданып, қамалдың дуалдарын бұзуға, қайыспас ұландардың жігерін құм етуге ұмтылғанымен, алты ай бойы жеңіске жете алмады. Мұндай қарсылықты олар бұған дейін еш жерде кездестірмеген. Рас, Рашид ад-Диннің жазуынша мұндай қайсарлықты бұдан кейін олар Қайыр ханның туысы Құмар-Тегін басқарған үргеніштіктер ғана көрсетті. Үргеніш ұзақ уақыт жауға берілмей, оларды үлкен қырғынға ұшыратты. Тек ұзақ жылдар осы қалада тұрып, билік жүргізген Түркен Хатунның қамалдан шығып кетуі және қолбасшылар арасында іріткінің болу себебінен бұл қала да жермен жексен болды. Монғолдар Отырарда қайтпас, қайсар ұландарды, соғыстың өздері білмейтін әдістерін көрсеткен батырларға амалсыздан таңдай қақты.



Тарихта «Отырар ойраны» деген атпен белгілі болып қалған бұл шайқастың басты батыры Қайырхан болатын. Сол жылдарда, одан кейін де Отырар ойранының басты қаһарманы да, себепкері де Қайырхан деп айтылды. Бұл көзқарас бүгінгі күнге дейін өзгерген жоқ. Шын мәнінде қазақ жерінде өткен осы қантөгісті шайқастың басты қаһармандары қазақ халқының негізін қалаған тайпалардың бірегейі--қаңлы ұландарының ерлігін сол кезде Батыс, Қытай, Монғол төмендеткісі келсе, одан кейін тарихымызды тұмшалау үшін орыс империясы Отырарда болған ұлы ерлікті айтпау, айтқызбау үшін жалған тарих жасауға ұмтылғаны анық. Бұл жөнінде Әбіш Кекілбаев: «Қайырханның атына батыс тарихшылары тарапынан айтылып жүрген әңгіме – әлі де болса оның баяғыдағы саяси дұшпандары айтқан қаңқудың сарынан шыға алмаушылық болып табылады» дейді. Шын мәнінде осы мәселеге біздің кейбір ғалымдарымыз бен жазушыларымыз назар аудара бермейді. «Тарихы жоқ» деген халықтың Отырардай қалалары, Қайырхандай хандары, қайыспас, қажырлы, батыр ұландары бар екендігін жасыру, олар үшін тиімді болғанын назарға алмай келеміз.

Қайыр ханның қолбасшылығымен болған қазақ жері ұландарының ұлы ерлігін тұмшалау үшін Отырар қаласының әкімі Шыңғыс ханның бес жүзге жуық саудагерін өлтіруі соғыс отын тұтандырды дегенді айтады. Осыны алға тартып, Қайыр ханның ғана емес, қазақ жерін қорғаған ұландарымыздың ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Отырар қаласына шабуыл жасаған, 1219 жылға дейін монғол нояндары Қытайды және Қиыр Шығыс пен Алтай өлкесін мекендейтін аз ұлттарды басып-жаншып жеріне, еліне иелік жасағаннан кейін ол батысқа қарай алаңдап, сол кезде Европаның елдеріне шапқыншылық жасауда алдында кесе көлбеңдей тұрған Хорезм мемлекетін басып алу арманы еді. Бұл туралы Шыңғысханды зерттеп жүрген Монғолия тарихшысы Эренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» деген еңбегінде Хорезм шахы Мухаммедтің бұйрығымен Отырарға келген 450 саудагерді өлтіруі шын мәнінде Шыңғысханның Батысқа шабуылын тездетті дегенді айтады. Көптеген ғалымдар мен тарихшылардың, жазушылардың айтуынша Шыңғысхан батысқа шабуылын ол оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтыны анық еді. Ол алдымен 450 саудагерді өлтірген Қайыр ханды Хорезм шахының ұстап беруін талап етті. Ол қаңлылардың көсемдерінің бірін Мұхаммед шахтың көмегімен өлтіруі арқылы, біріншіден, Хорезм мемлекетінің негізін қалайтын өзге қаңлылардың, атап айтқанда сол кезде елде үлкен билікке ие болып отырған Әмин Мәлікке қыр көрсету болса, екіншіден мемлекет басшыларының арасына ірткі салу болатын. Жалпы Шыңғысхан бұл әдісті барлық шайқастарында пайдаланған. Сол кезде «Шыңғысханның біреудің үмбетін жазалауға тырысқаны да халықаралық құқыққа томпақ келетін оғаш қылық еді», - деген Әбіш Кекілбаев: «оны бұндай қылыққа итермелеп тұрған, шынына келсек, Қайырхан емес, Шыңғыс ханның өзі еді. Өзімен дәрежелес падишаға «ұлым» деп хат жазған сол еді. Ол әлі жаулап алмай тұрып «бағыныштымысың?» деп басынғандық еді. Бұл қай дербес мемлекет үшін де заңсыз соғыс ашқанға бара-бар озбырлық саналатын». Әлем алдында өзінің қаныпезерлігін жасыру үшін К.Маркс айтқандай «Дикий гений» неше түрлі әдіс-айланы пайдаланғаны сөзсіз. Соғысуға себеп табу үшін Шыңғыс хан өз саудегерлерін өзі қырып тастауы да әбден мүмкін. Бұл ойды «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов және орыс ғалымы М. Иванин, тағы басқалар қуаттаса, зерттеуші Мұртаза Бұлұтай Туркияда жарық көрген «Ислам энциклопедиясында» белгісіз автор Қайыр хан туралы жазғанда саудагерлерді оның өлтірмегенін алға тартады. Бұл пікірді араб саяхатшысы Ибн Батута да растайды дейді. Айта берсе мұндай кереғар пікірлер өте көп. Қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс оны бүгінде дөп басып айту қиын. Алайда алдына қойған мақсатына жету үшін қолбасшылар талай айла –шарғыларға барғаны анық. «Бейбіт саудагерлерді Қайырхан өлтірді» деген пікірлерді елдің санасына сіңіруде дәл сол кезде көп жерді торлаған Шыңғыс ханның жансыздарының еңбегінің нәтижесі емес» деп кім айта алады. Ал айналасын соғыс өртіне орап жатқан елдің саудагерлерінің арасында «жансыз жоқ еді» дегенге сенуге бола ма?! Бұл туралы атақты тарихшы, Шыңғысханды зерттеуші И.П. Петрушевский былай дейді: «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғыс хан болды. Ол оны барлық кінәні Хореземшахқа артып сап, өзін мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді».Бірақ бір нәрсе анық, оны ешкім де, ешуақытта жоққа шығара алмайды! Ол--отырарлықтардың, оның билеушісі Қайыр ханның ерлігі! Оның ерлігі ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге!

Не керек Отырардың көп қақпаларын торулап, ішке ене алмаған монғол отаршылары сатқынның көмегімен бес айдан кейін ішке енді. Сол кезде де Қайырхан жаудың көп қолына аз күшпен қарсы тұрып, бір ай бойы жан аямай шайқасты. Отырарға дейін талай қалаларды жермен жексен етіп, халқын қойдай бауыздаған монғол шапқыншыларының қатыгездігін естіп-білген Қайырхан сарбаздарын мәңгі өшпес ерлікке бастай білді. Ол сонымен бірге Хорезм шахтан көмек келеді деп сенді. В.Г.Янның «Чингизхан. Пропавший караван» кітабында шахтың Отырарға көмек ретінде жіберген 20 мың әскері Шыңғыс ханның жансыздарының ірткі салу жұмысының салдарынан, жау жағына өтіп кеткенін айтады. Көмектің келетініне сенімін үзбеген Қайырхан өзі бас болып, Отырардың әрбір мұнарасын алынбас қамалға айналдырды. Бұл жөнінде қазақтың және әлемнің белгілі жазушылары шығармаларын да, түсірілген фильмдер де жан-жақты суреттелген. Қаланың көшелері мен үйлері өлікке толды. Отырарға сырттан келетін су құбырлары жабылды. Азық таусылды. Адамдар аштан қырыла бастады. Соғыстың соңғы сәтіне дейін Қайырханның Мухаммед шахтан көмек келетініне сенетін тағы бір жағдайы бар еді. Мухаммед шахтың шешесі Түркен Хатун Қайырханның туған әпкесі болатын. Өзін әлем падишасымын деп санаған Түркен апасының да қарамағында сарбаздары бар екенін Қайырхан жақсы білетін. Оның үстіне Хорезм шахтың тұрғындары да, негізгі сарбаздары да өзінің бауырлары қаңлы және қыпшақ тайпаларынан жасақталған еді.

Ғалымдар Қайыр ханның тегі айналасында да пікір таластырады. Ортағасырлық тарихшылардың жазып қалдырған жазбаларында Қайырханның тегі қаңлы екені айтылған. Бұл туралы атақты ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен шығыстанушы ғалымдар Ислам Жеменей, Асқар Әбдуәлиев «Көне Тараз» кітабында былай дейді: «ХІІ ғасырда хатқа түскен Қожа Ахмет Иассауидың немере туысы Қойлақи аударған шежіре кітабы «Насаб-намада» Қайырханның ата тегін қаңлы еді деп атап өтеді. Осы дерек тарихи шындыққа дөп келеді. Өйткені, б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. VІІ ғасырына дейін Сыр бойын тұтас жайлаған қаңлы державасы болатын-ды. Сол қаңлылардан шыққан текті ұрпақтың бірі Қайырхан болуының да жөні бар». Сонымен бірге, осы ғалымдар және өзгелер ХІІІ ғасырда Отырар және оның айналасын қыпшақтар мекендемегенін алға тартады. Әмір Жалғабаевтың «Отырар ойраны» кітабында былай деп жазады: «...450 саудагерден құралған сауда керуені Отырар қаласына келгенде Отырар әкімі Иналық Қайыр хан (сүйегі қаңлы) оларды Шыңғысхан жіберген тыңшы деп күмәнданып, бақылауға алады да, молда-мүптилерді шақырып, олардан не істеу керек туралы ақыл-кеңес сұрайды. Олар: «Мұсылман пендесі екендігін ұмытып, діні мен ділін кәпірге (монғолдарға) сатып, тыңшылық істесе, Алла тағала ондайларға рахым қылмайды, басы алынып, жаны жаһаннамаға жіберілуі тиіс, деп пәтуә айтады. Іле-шала (Қайыр хан) Хорезм ханы – Мұхаммед шахқа жағдайды хабарлап адам жібереді». Міне, осы жазбалардан да Қайырханның сүйегі қандай тайпаға жататындығы, қалыптасқан жағдайға байланысты қалайша шешім қабылдағандығы анық айтылған. Бұл деректерді басқа да ғалымдар нақтылай түседі. Мәселен, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы шығарған қазақ ру тайпаларының тарихы туралы ХІІ томда былай дейді: «Шыңғысхан әскері Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға басып кіруге мүмкіндік алады. Бұл аймақта мекендеген қаңлы, қыпшақ және т.б. тайпалар саяси жағынан Хорезм шахқа бағынышты, Мәуереннахрмен тығыз қарым-қатынаста болған еді. Бұл аймақтағы қаңлылардың саяси өмірдегі рөлі мен ықпалы да айтарлықтай болған. Себебі, осы кезеңде деректердің кейбіреулері Хорезм шах Мұхаммедтің анасы Түркен Хатунды қаңлы тайпасынан еді». Мұхаммед Хорезм шахтың анасының, оның туған інісі Қайырханның да қаңлы тайпасынан шыққандығы туралы ортағасырлық дерек-мәліметтері кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде негіз болған. Мәселен, М.Тынышбаев «Мұхаммед Хорезм шах тұсында Түркістандағы гегемония қаңлыларға тиесілі болды. Хорезмшахтың анасы Түркен Хатун қаңлыдан шыққан. Оның інісі, Отырар бекінісінің (қаласының – авт.) бастығы Қайырхан кейбіреулердің пікірінше, Шыңғыс ханның шапқыншылығының негізгі себепкері болған. Хорезмшахтың Шыңғыс ханға қарсы негізгі күш қаңлылардан құралған», - деп жазады.

Сондай-ақ, бұл пікірді В.В.Бартольд та қолдайды. Оның айтуынша ортағасырлық авторлардың бірі Джувейни Хорезмшах Мұхаммедтің анасы қаңлы тайпасынан екенін айтады. Тәжік халқының ұлы тарихын жазған академик Б. Ғ. Ғафуров «Тәжіктер» атты ғылыми еңбегінде Түркен Хатунды қаңлыдан шыққан көсемдердің қызы деп жазған. Сол кезде қаңлылар мен қыпшақтардың тұтастығы дами бастаған болатын. Сондықтан да Махмұт Қашқари «Дивану луғат ит-түрік» еңбегінде «қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді» деп жазуының да себебі осы болса керек. Бұл пікірді Хорезм мемлекеті туралы үлкен ғылыми еңбек жазған орыс ғалымы С.П. Толстов та қуаттайды. Мәселе оның қай тайпадан шыққанында емес. Академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз «Бұл деректі келтіріп отыруымыздың тағы бір себебі--кейбір тарихшыларымыздың «Қайырханның тегі қаңлы еді» деп айтуға ауызы бармай, «оның тегі қыпшақ болуы мүмкін», «ол түркі тайпаларының бірінен шыққан» деп, сан саққа жүгіртіп, тарихи шындықты бұрмалап айтудан жалтара беруі. Қазақ тарихы үшін дәл осы деректің қажеті болмауы да мүмкін, бірақ қандай тарих жазылмасын, оның шындықтан алшақтап, бұрмаланып айтылуы оның өзіне нұқсан келтіреді» деген пікірімен келіспеске болмайды. Кім болса да Қайырхан қазақ халқын қалыптастырушы ірі тайпаның ұлы екені рас. Оның ерлігін екінің бірі қайталай алмаған. Сол кезде зерттеушілер Қайырханның иелігіндегі ел бірлігінің өте жоғары болғанын айтады. Сондықтан да кейбір ғалымдар сол заманда қаңлы мен қыпшақ егіз ұғым екендігін алға тартудың астарында осы бірліктің мықты болғанын көрсетсе керек. Ал қытайлық ғалымдар мұндай пікірмен тіпті де келіспейді. Олар қаңлы мен қыпшақ бір шаңырақтың астында болмаған дегенді айтады. Тарих сахнасына қаңлыларға қарағанда қыпшақтар кеш шыққанын алға тартады.

Жалпы қытайлық ғалымдардың, тарихшыларының деректерінде қазақ халқының негізі болып табылатын тайпалардың бірі қаңлының сол заманда алған орнын төмендету анық байқалады. Оның түрлі-түрлі себептері бар. Біздің жыл санауымыздың алғашқы ғасырларында тарихшылардың аузына ілінген қаңлы тайпасының тарихы тереңде. Сол кезде Қытай жеріндегі шағын-шағын ұлыстарда саясатты жүргізуші және мәдениетін дамытушы қаңлы тайпасының өкілдері болғандығы тарихтан белгілі. Мұны Қытай ғалымдары қазір де жоққа шығармайды. Қаңлы тайпасының сол кездегі қоғамдағы рөлін төмендету арқылы қытайлықтар өздерінің ойшылдары мен қолбасшыларының беделін көтеруге ұмтылыс жасағаны анық. Мұны Шыңғысхан туралы көп сериалды қытайлықтар түсірген фильмнен де көруге болады. Ұлан ғайыр жерде бірнеше мемлекеттердің, ірі-ірі ұлттардың басын қосып, Хорезм хандығын құрған Мұхаммед шахтың, Түркен Хатунның, алты ай бойы Отырарды отаршылдардан ерлікпен қорғаған Қайырханды ақылсыз, бейшара етіп көрсетуге тырысады. Осы фильмде Шыңғысханның әрекеті Қытайдан жеткізілген данышпандардың ақылымен жүзеге асты дегенді көрермендердің санасына сіңіргісі келеді. Хорезмде Шыңғысханның туған жерін қорғаған қаңлыларды қойша бауыздағанын көрсетеді. Қытайлық ғалымдардың шын мәнінде Шыңғыс ханға іш тартатыны түсінікті. Себебі, Шыңғысханның Қытайға шапқыншылығы нәтижесінде түптеп келгенде Қытай бір тудың астында біріккен үлкен империяға айналды.

Шын мәнінде Шыңғысханның шапқыншылығына дейін ұлан-ғайыр жерді алып жатқан бірнеше мемлекеттерде қаңлылардың ықпалы жоғары болды. Сондықтан да Шыңғысхан олардың беделін төмендетіп, өзін алғашқы күннен қолдаған қазақ халқының құрамындағы өзге тайпаны биікке көтеруге ұмтылыс жасады. Тарихшы, ғалым Талас Омарбеков осылай дейді. Отырарды жаулап алғаннан кейін оның әкімі Қайырханды Хорезмді жеңгеннен кейін Түркен Хатунды бүкіл халықтың алдында масқаралап, олардың бейшара күйін елге көрсетті. Қайыр ханды иттермен бірге зынданда ұстаса, Түркен Хатунға өзі жеген тамақтың қалдығын тастады. Бұл туралы тағы да Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» кітабында айтылған ойларға жүгінейік. «Шыңғыс хан оны айыбына лайық жазалаған жоқ. Өзінің оған деген ызасына сәйкес жазалады. Түркен Хатунның саяси әрекеттеріне, адамгершілігіне оң баға беру, әрине, қиын. Алайда, оның атын сыртынан сатып, өтірік үндеу тасталғаны, сөйтіп, оны өз халқына қарабет қылып көрсететін қиянат жасалғаны, қазіргі заман тілімен айтқанда, Шыңғыс ханның үлкен «джентельмендігі» емес еді. Бұл – нағыз саяси көзбояушылық еді. Сондай-ақ, Шыңғыс ханның патшайым Түркен Хатунға көрсеткен теперіштерін де ұлылықтың көріністеріне емес, жай ғана пендешілікке жатқызған жөн. Бұл арада Ескендір Зұлқарнайын еске түседі. Оның Дарий патшаның отбасы мен ханымына көрсеткен адамгершілігі ойға оралады. Ал Шыңғысхан ше?.. Қарақорымға қайтып кетейін деп жатқанда ол Хорезмшахтың әйелдері мен Түркен Хатунды жұрттың алдына зорлап шығарып, опат болған Хорезмге жоқтау өлең айтқызуға ұмтылады. Тұтқында жүрген патшайымды желкелетіп алдына алып келгізіп, дастарқандағы өз жегенінен қалғанды «же» деп күштейді. Бұл да ұлы падишадан гөрі жай әншейін жұмыр бастыларға тән пендешілік еді. Ел билеген ханымды тұтқын екен деп, қаңғырып жүрген қайыршыдай жалба-жұлба киіндіріп қоюы да – пендешіліктен басқа ештеңе емес еді. Ал соның бәрін көзімен көрген шахтың хадимі Баяр ад-Дим Халалдың «бүйтіп жүргенше Жәлелетдинге қашып кетейік», - деп азғырғанына ермей: «Жолама жаныма... Құрт көзіңді!... Ай-Шешектің баласының алдына барып жақсылық көргенімше, осылай Шыңғысханның есігінде жүріп өлгенім әлдеқайда жақсы!» - деп қасарысқан (З.Буниятов... 150-бет) Түркен Хатунның қылығы – нағыз тектілік еді». (Мақалада Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» кітабында келтірілген деректерді пайдаланғанымызды айта кетуді жөн санадық. авт.)

Шыңғысханның пендешілігі мен жауыздығын айтып жеткізу қиын. Ол өзге елдерді жаулап алуда екі кезеңде екі түрлі әдіс қолданды. Тарихшы В.В Трепавловтың айтуынша 1207-1218 жылдары түркі халықтарымен одақтасу саясатын жүргізді. Осы кезде ол Алмалықтың ханы қаңлы Озар мен оның баласы Сунақ-тегінмен құда-құдандалы болды. Бұл саясатты оның ұрпақтары кейін де жүргізді. Мәселен, Жошы үлкен қызын Болған бикені қаңлыға беріп, достасты. Мұхаммед Қайдар Дулати өзінің ұлы ұстазы санаған қазақтың тұңғыш тарихшысы, қаңлының ұлы Жамал Қаршыдай оқымыстыны Алмалықтың билеушісі бауырына тартып, өзгеше шен-шекпен берді. Бүкіл империяда ешқандай кедергісіз жүріп-тұруына рұқсат етілді. Ал, 1218-1223 жылдар аралығында жергілікті халықты жаулап алып, қырып жіберу саясатын ұстанды. Сол кезде Орталық Азия мен Алтайда ең ықпалды, беделді қаңлылармен де екі түрлі саясат жүргізді. Бірінші жоғарыда айтқандай олармен құда болса, кейін оларды аяусыз жою саясатын ұстанды. Отырарды, Үргеншті, Ходжендті, Самарқанды, Бұқараны, Бенекетті, жаулап алғаннан кейін өзіне қатты қарсылық көрсеткен монғолдарды жеңуге болатындығын айдай әлемге дәлелдеген, өзінің ата жауы меркіттерді арасына сіңірген қаңлы сарбаздары мен әміршілерін халықтың алдында қойша бауыздауды әдетіне айналдырды. Мысалы ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің жазып қалдырған деректері бойынша Шыңғысхан Самарқанды жаулап алғаннан кейін 30 мың қаңлы әскерін 20 әмірімен қоса бауыздады. Осы тарихшының еңбегінде Шыңғысханның талай қанқұйлы істері айтылған. Ал, тарихшы, ғалым Талас Омарбеков 2009 жылы Қазығұртта өткен ғылыми конференцияда монғолдар тікелей Шыңғысханның бұйрығымен өздеріне өршілене қарсылық көрсеткен қаңлының қыз-келіншегін тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, бір-бірімен шайқастырып, одан соң бауыздағанын айтты. Ол кісінің қандай дерек көзіне сүйеніп айтқанын анықтай алмадық, бірақ көптің алдында білгір тарихшы бекерден-бекер мұндай деректі айтпасы анық. Жаулап алған жерінде қыз-келіншектерді зорлау монғолдардың әдетіне айналған. Оған мысал өте көп. Бұл деректі тарихшы З. М. Буниятов та растайды. Ол әйелдерді қызыл қуырдақ етіп турап тастағанын айтады. Шыңғыс ханның жауыздығы туралы дерек жеткілікті. Ол өздерімен аталас меркіттерді түгел қырып жібергенін ұмытуға бола ма? Сол сияқты Сібірдің ормандарында жүрген талай ұлтты жер бетінен жойып жібергені де белгілі. Айта берсек жүрек шошырлық мұндай мысалдар баршылық. Оның соғысы тек тонаушылықты мақсат еткенін талай ғалымдар мен тарихшылар ашына жазған. Шыңғыс хан «соғыс ғана ұлы билікке жеткізеді» деп ойлаған, соны мақсат еткен. Соған қарамастан оны «ұлы» деп айтып, ақтап алып, атын асқақтатқымыз келеді.

Бір адамды өлтірген адамды қылымыскер дейміз. Ал мыңдаған адамдарды қырып, жойған Шыңғысхан «жасампаз,халық ұлы» бола ала ма? Олай болса, орыстарды және оның одақтас өзге де халықтарды қырып-жойған Гитлерді коммунизмге қарсы шыққанын алға тартып, ақтап алу оңай емес пе?! Сонда оны да ұлы жасампаз саясатшылардың қатарына қосқанымыз дұрыс бола ма?! Адамның қанын шашып, өзінің шексіз билігін орнатқанды «ұлы тұлға» деп асқақтатып, туған жерін, елін, Отанын ерлікпен қорғағанды «бейшара» деп аласартқанымыз қалай? Жалпы осы мәселелер жөнінде пәтуаға келетін кез келді. Шыңғыс ханның шапқыншылығы туралы біз қандай ұстаным ұстауымыз керек? Жерімізді қанға бөктірген, қанқұйлы ісін жоққа шығарып, «ол қазақ еді» деп мақтануымыз керек пе? Мұны да ғалымдар мен саясаткерлер анықтап беретін уақыт жетті. Бүгінгі ұрпаққа не деуіміз керек? Бізге, қазаққа кім жақын, Шыңғысхан ба, әлде Қайырхан ба? Қайсысын батыр ұланымыз дейміз? Бірақ бір нәрсенің анық екенін ешқашанда естен шығармау керек: отаршылдың езгісінде, табанында, құлдығында болмау үшін, Отанын қорғап, жан беріп, жан алған адамның ерлігі мәңгілік! Отырарлықтардың, оның ішінде оның ханы, билеушісі Қайырханның ерлігі жайлы Әбіш Кекілбаев, Әнур Әлімжанов, Хасен Әдібаев, Дүкенбай Досжанов, Әбдуәлі Қайдар, Мұхтар Шаханов, Қалаубек Тұрсынқұлов, тағы да басқа қабырғалы қаламгерлер өздерінің шығармаларында тамсана жазғанын қалайша ұмытамыз.



Біздің бүгінгі мақсатымыз—Қайырхандай өшпес ерлік иесін ұрпаққа өнеге ету. Оның атын тарихта Ер Тұлға ретінде мәңгі халықтың жадында қалдыру. Халқымыздың ұлы батырларының бірі екенін тану әрі таныту. Сондықтан да Қайыр хандай батырға үлкен ескерткіш орнатып, оның ерлігін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету аса маңызды. Қалаларымыздың көшелеріне оның атын беру де күн тәртібінде тұрған мәселе. Отаршыларға қызмет еткендерді құрметтеп, елді мекеннің, көшенің атын бергенде Қайырхандай тұлғаның ұмыт бола беретіндігі немесе ерлігінің тәлкекке түсуі түсініксіз. Тарихты бір адам немесе бірнеше адам жасамайды. Тарихты бүкіл халық жасайды. Ал сол халықты ұлы істерге бастаған ұландарына іс-әрекетіне қарай құрмет көрсетіледі. Қазақ жерін, елін қорғауда жанын аямаған, ерлік біздің қанымызға сіңген қасиет екенін әлемге танытқан Қайыр ханды бір рудың, тайпаның ұлы деп қарауға болмайды.Ол ерлігмен білімнің ордасы атанған, кітапханасының қорымен әлем ғалымдарын өзіне тәнті еткен Отырарды, оның басты құндылықтарын сақтап қалу үшін шайқасты. Халқын мәңгілік ұлы ерлікке бастай білді. Қажет десеңіз түркілердің қайыспас, қайсар, ержүрек ер, елі үшін жанын беруге дайын ұлан көп екенін айдай әлемге танытты! Сондықтан Қайырханның, ол басқарған Отырар халқының ерлігі ұрпаққа ұран, елге мұра! Отырардың мәдениетін асқақтатып, дүниежүзінде кітап қоры жағынан екінші кітапхананың Отырарда болуы Қайырханның кім екенін ашып көрсетсе керек. Шыңғысхан жаулап алудың шебері болса, Қайырхан туған жерін, рухани байлығын қорғаудың сиволына айналғанын қалайша жоққа шығаруға болады!

БОЛҒАН АНА




Жезқазған қаласынан оңтүстігінде, 40-45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында биік төбенің басында Болған Ананың күмбезі тұр. Жанында тағы бірнеше күмбездер бар. Еңселісі де, үлкені де, осы күнге қирамай жеткені де Болған Ананың кесенесі. Ол кім? Неге ол кісіні жұрт әулие санайды?

Болған бикенің жарты әлемді жаулап алған атақты Шыңғыс ханның немересі екендігі, ол сонау 1211 жылы қаңлы мемлекетінің ханы Сығанақ-тегінге (кейбір тарихи туындыларда Суқнақ деп жазылған) ұзатылғандығы туралы бұдан сегіз ғасырдай бұрын-ақ талай ғұламалар араб, парсы, түркі тілдерінде жазған болса, одан кейінгі тарихшылар да бұл тақырыпты аттап кете қойған жоқ. Осыған қарамастан кеңестік, коммунистік заманда Шыңғыс ханды жарты әлемге қырғын салған жауыз, басқыншы болғаны алға тартылып, күрмекпен бірге күріш те күресінге тасталғаны сияқты Болған Ананың ешқандай кінәсі болмаса да ол туралы кеңінен жазуға, құрметтеуге көпшіліктің батылы бармады. Тіпті сол Болған Анадан тараған ұрпақтары да өздеріне өмір берген осы асыл жанның атын да айта алмай, есімі естен шыға бастаған еді.

Шыңғыс хан 1206 жылы таққа отырғанда милитаристік бағыт ұстанғаны белгілі. Шыңғыс ханның осы жаһандық жаулап алушылық саясатына көнбеген наймандар ханы Күшлік еді. Ал, осы найман хандығының құрамында қаңлылар да болғандығы тарихта өз ізін қалдырған. Бұдан қаңлылар мемлекеті болмады деген пікір тумауы тиіс. Өйткені, қазіргі заманға есептегенде 2600-2800 жылдық тарихы бар қаңлылар Темучин есімді монғол ханзадасы Шыңғыс деген атаумен қаған тағына отырғанда қаңлылар төрт мемлекеттің құрамында еді. Ең алдымен олар Дешті Қыпшақ мемлекетінің құрамындағы басты тайпа болатын. Атақты Әмір Темірдің өмір жолын жазған тарихшы Шарафуддин Яазди өзінің «Зафарнама» атты кітабында Дешті Қыпшақ алты ұлыстан тұратындығын, олардың ең бастысы қаңлылар екендігін жазғандығы белгілі. Ал, Дешті Қыпшақ деген атауға орай былайғы жұрт бұл мемлекетті тек қыпшақтар ғана тұратын ел деп ұғатындығы өкінішті. Шындап келгенде «Дешті Қыпшақ» атауы парсы тілінен аударғанда «қыпшақтар даласы, елі» деген ұғымда. Қазіргі Үндістан түбегіндегі Бангладеш мемлекеті парсыша «бенгалдар елі» дегенді білдіреді.

Қаңлылардың екінші тобы Хорезм мемлекетінің құрамында болды. Хорезмде түркмендердің, тәжіктердің ата-бабалары қаңлылармен үзбей соғыста болғандығы Иран тарихшылары Жувейнидің, Рашид-ид-диннің шығармаларында кеңінен жазылған. Хорезм шахы Текеш ұзақ жылдар соғысу нәтижесінде 1181 жылы қаңлылар ханы Алп-Дерек өзінің хан атағынан бас тартып, бағынышты инал болуға, қызы Түркенді шахқа жұбайлыққа беруге, мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болғаны белгілі.

Ал, қаңлылардың екі жарым мың жылдық қара шаңырағын сақтап қалған Озар хан Жетісудан Ертіс бойына дейін, Шу мен Талас арасын билегендігі де тарихи деректерде анық жазылған. Қаңлылар мемлекетінің сол кездегі астанасы Баласағұн қаласы болса, Жетісуда Алмалық Тәңір тау мен Талқы тауы арасында Қорғастан 18 шақырым жерде қазір үйінді болып жатыр.

Атақты Хиуа ханы, тарихшы Әбілғазы БаҺадур өзінің «Түрік шежіресі» атты кітабында 50-60 мың қаңлы Хорезм шахқа жақындай көшіп кеткенде басқалары Талас пен Шу өзендерінің жағасында, Жетісуда қалып қойды деп жазады. Бұл қалған қаңлылардың саны 10 мың үй, яғни әр отбасында 5-6 адамнан болғанда 50-60 мың адам деген сөз. Қаңлы мемлекетінің қара шаңырағында, жұртында қалған елді парсы тарихшысы Жувейни Озар хан («Бұзар» деп те жазылады) басқарды деп көрсетеді. Сол Ата Мәлек Жувейни өзінің атақты «Тарих-е жаһангошай» атты еңбегінде: «Қарақытай елдерінде нық аяқ тірегеннен кейін (Күшлік) бірнеше рет Алмалықтың ханы Озармен шайқасты. Соңында оны аңға шыққанда ұстап өлтірді...

... Алмалыққа келгенде (Озар) бұрынғыша аңға шықты. Аңда жүргенде кенеттен Күшліктің нөкерлері оны тұтқындап, Алмалықтың қақпасына алып келгенде Алмалық тұрғындары қақпаны тарс жауып тастады. Содан соғыс басталды. Осы арада моңғол әскерінің келе жатқан хабарын естіген олар Алмалықтан қайта оралғанда жолда оны өлтірді.

Озар қаншама ержүрек болса да Құдайдан қорқатын жаны таза адам еді. Сопыларға қатты құрметпен қарайтын... Одан кейін оның ұлы Сығанақ-тегін әкенің орнын басып, Түшидың (Жошының) қыздарының бірі оған некеленді. Арыстан ханды (Арслан ханды) Қиялыққа жіберіп, оған да бір қыз (берді) айттырды. (Тегерандағы «Бамдат» баспасы, 1-том, 48 және 58- беттерден. Парсы тілінен аударған Ислам Жеменей). В.В. Бартольд «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» кітабында Озар Күшліктің қолынан өлгеннен кейін Шыңғыс хан Жошының қызы Болған бикені Сығанақ (Суқнақ) – тегінге бергенінін нақтылай түседі. Бұл кезде Шыңғыс хан қаңлылармен аса достықта, ынтымақта болған.

Осы дерекке байланысты Шыңғыс хан қаңлы ханына өзінің қай немересін берді, оның аты кім? Ал, жоғарыда келтірілген дәйексөзде айтылатын Жошының екінші қызын алған Арыстан хан кім? деген сауал туатындығы заңды. Бұған сол Алмалық қаласында туып, өскен, Сығанақ-тегіннің қол астында болған, қаңлыдан шыққан тұңғыш қазақ тарихшысы Жамал Қарши өзінің «Әл-Мулхакат би-с-сурах» атты кітабында қаңлы ханына Жошы хан жұбайлыққа берген қыздың аты Болған бике екендігін атап көрсетеді. Жамал Қаршиды ұстаз санаған, одан үш ғасырдай кейін өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулат оның еңбектеріне үнемі сілтеме жасап отырғанын да жақсы білеміз. Осы Жамал Қарши кейін Сығанақ-тегін мен Болған-Ананың ұлы Елбұтарды тәрбиелеген аталық қызметін атқарғандығын жазған. Ел-жұрттың әлі күнге дейін аузында сақталған аңызға қарағанда Болған Ана тоқсан жаста дүниеден өтіп, артында көп ұрпақ қалдырған. Ал оның жұбайы — қаңлы ханы Сығанақ-тегіннің мазары да Сарысу өзенінің төменгі жағында Талмас ата күмбезі деген Ұлытаудағы Болған Ана кесенесі

атаумен сақталған. Бұл жерде айта кететін бір жай — ертеде ел билеген хандардың өз есімінен бөлек қосымша аты да болған. Мәселен, Темучин, яғни Темірші монғол ханзадасының туғанында қойылған есімі болса, кейін қаған тағына отырған соң аты Шыңғыс болып өзгертілгендігі сияқты қаңлы ханзадасы Талмас әкесі Озардың орнына отырған соң Сығанақ-тегін аталуы әбден мүмкін. Дешті-Қыпшақта Сығанақ деген қала болғандығы белгілі. Сығанақ — ертедегі түркі, тіпті қазіргі түрік тілінде де «баспана» және «жертөле» деген мағынаны білдіреді. Ал, біздің қазақта бір әулеттің сүйектерін қойған моланы «сағана» десе, «қағанағы қарық, сағанағы сарық» деген мәтелдегі «сағанағы сарық» деген екі сөз «үйінде ештеңе жоқ» деген ұғымда қолданылады. Бір айта кететін жай — қаңлы ханы Сығанақ-тегін Шыңғыс ханға жанама бағынышты болған. Қағанмен одақтас яғни терезесі тең билеуші ретінде болғандығын атақты шығыстанушы В. Бартольд өзінің Шыңғыс хан заманын зерттеген монографиясында да, жеке мақалаларында да атап көрсеткен болатын.



Болған бике бүкіл әлемді жапырақтай қалтыратқан Шыңғыс ханның немересі болғандықтан қаймана қазаққа ұзартыла салмағандығы, саяси саудада қолданылған ірі адами капитал болғандығы күмәнсіз. Болған Ана қаңлы мемлекетінің ірі билеуші тұлғаларының бірі ретінде жұбайы өмірден өткен соң хан тағында отырғандығы да ел аузында сақталуы тегін болмаса керек. Оның беделі өзінің төркін жұртына да жүргендігіне мына бір дерек айқын дәлел бола алады. Шыңғыс хан шапқыншылары алты ай бойы Отырарды ала алмай шерменде болғаны тарихтан белгілі.Отырарды ерлікпен қорғаған Түркен Хатунның інісі Қайыр хан Шыңғыс ханның көп жауынгерлерін өлімге ұшыратқан ғой. Міне, сол өшін Шыңғыс хан Қайыр хан мен Түркен Хатуннан алған. Бірін зынданда ұстап, көмейіне қоғасын құйып, азаптап өлтірсе, Түркен Хатунның мойнына шынжыр салып, итаяқпен ас беріп, шах пен Қайыр ханға жоқтау айтқызғысы келген. Осы кезде Болған Ананың дауысы естіледі. Болған Ана өзінің қайын әпкесін тұтқыннан босатып, иелік беріп, үлкен адамгершілік жасаған. Түркен Хатун осы қорлықтан құтылған соң 1233 жылы яғни Шыңғыс хан мен Жошы хан қазасынан соң 6 жылдан кейін өмірден өткен.

Жоғарыда Жошы ханның екінші қызын алған Арыстан хан кім екендігі туралы да Жамал Қаршидың кітабында жазылған. Арыстан хан қарахандар әулетінен шыққан, Тараз бен Қашқарды билеуші. Оның арабша аты-жөні — Әбу-Фатх Мұхаммед-ибн-Жүсіп. Бұл Арыстан хан әуелі Тараз қаласының оңтүстік жағындағы Аса өзенінің жағасында мазары тұрған Айша бибіге үйленген. Айша бибі қаза тапқан соң қарақытайлармен соғыста олардың қолына тұтқынға түскен. Найман ханы Күшлік қарақытайлармен соғысып, гурханын жеңген соң Арыстан ханды тұтқыннан босатқан. Қалың ягма (жалайыр) елін билеген осы Арыстан ханды да өзіне жақын тарту мақсатымен Шыңғыс хан оған Жошының екінші қызы Белеңді жұбайлыққа бергенмен, олардың бұл өмірі ұзаққа созылған жоқ. Арыстан хан Қашқарға барған соң оны сол қаланың әмірлері өлтіріп, Белең жесір қалып, әпкесі Болған Ананың қасына келген. Сондықтан да бұрын-соңғы жазушылар Сығанақ-тегін Жошының екі қызына бірдей үйленген деп жаңылып жүр. Мәселен, атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Бәйбішесінің аты — Болған, тоқалының аты — Белең. Кенже тоқалының аты — Ақбикеш. Болған-Ана Сарысудың бас жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған.

Болған Ана, Талмас Ата молалары Сарысу бойында. Екеуі бір жерде. Көмілген жері Болған Ана аталып қалған. Белең Ананы өзі мекен қылған жайында деседі. Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға құяды — жеті Кеңгір дейді. Сол өзендер құйған жерді Қаражар дейді. Одан төменгі жерді Белеңнің бойы дейді. Ақбикеш Қаратауда қайтыпты. «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзіретсұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас Атаға қарай созылады», — деп, өзін тікесінен-тік тұратын қылып көмдірген. Моласына шошақ тас қойдырған». Мәшһүр Жүсіп Көпеев бұл деректерін ел аузындағы әңгімелер негізінде жазғандығы көрініп тұр. Ол Жамал Қаршидың жоғарыда аталған еңбегімен таныс болғанда нақты жазар еді. Бұл арада айтар жай — Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген заманда ұлы империяның территориясын аралаған атақты парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин қаңлылар Жетісудан Ертіске дейін үстемдік құрды деп жазса, бұл қаңлылардың Хорезмшахқа қарасты және Дешті Қыпшақ құрамындағы қаңлыларға қатысы жоқ дербес қаңлы мемлекеті туралы айтып отыр. Ал, Болған ана жерленген Кеңгір өзенінің атауы туралы өз топшылауымызды да айта кетсек, бұл В. Бартольд пен Мәшһүр Жүсіп Көпеев деректеріне және басқа да мағлұматтарға қайшы келмес деп ойлаймыз. Қаңлылар мемлекетінің ертедегі атауларының бірі — Канғар екендігі белгілі. Біздіңше, Кеңгір өзенінің атауы осы Канғар сөзінің жіңішке аталуынан шыққан. «Қара Кеңгір», «Сары Кеңгір» деп өзендердің аталуы «Қара Қаңлы», «Сары Қаңлы» атты қаңлылардың аталарының атымен аталуыда мүмкін. Кеңгір сөзінің түбі Кангар болуы әбден мүмкін. Жалпы қаңлы мемлекетінің бір шеті Сарыарқа бойында да болғандығы тарихи деректерден белгілі. Тіпті Сарыарқа өңірінен қаңлыға жаз жайлау, қыс қыстау бөлуде Болған Ана әкесімен жүзшайқасқаны туралы да аңыздар бар.

Болған Ана және ол туралы зерттеулер бір қаңлы тайпасының ғана емес, қазақ халқының тарихына тікелей қатысты екендігі күмәнсіз. Ең әуелі Болған бикенің әкесі Жошы ханның шешесі қазақ халқының құрамындағы қоңырат елінен болса, өз анасы Бектумыш — керейлердің ханы Тұғырылдың қызы, ал жұбайы тағы да халқымыздың құрамындағы аса ірі тайпа қаңлылар болса, Болған Ананы таза монғол деп айта алмаймыз. Оның үстіне Болған бике мұсылмандық жолды ұстанғандығы да тарихи деректерде, ел аузындағы аңыздарда сақталған, оның басына әулие ана ретінде ұл сұрап, қыз сұрап барған келіншектердің және сырқатына шипа іздеп барғандардың түнеуі де қазақы әдеттен туындағандығы еш күмән келтірмейді.

Болған Ана күмбезін ұрпақтары Жошы хан мазарынан 100 шақырымындай жерде тұрғызған. Тарихи жазбаларда күмбездің сырты ақ түсті болған деген мәліметтер бар. Қазір ол ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызыл кірпіші ғана қалған. Күйген кірпіштерде 20 шақты ру таңбасы, арабша жазулар бар. Оның басында 1771 жылы Еділ бойынан қашқан қалмақтарды қуған орыс әскерінің капитаны Н. Рычков та, өз ғұламамыз Шоқан Уәлиханов та, атақты археологымыз Әлкей Марғұлан да, басқа да көптеген экспедициялар болып, түрлі деректер қалған. Қазір Қара Кеңгір мен Сары Кеңгір тоғысар Сарысу өзендерінің тұсындағы биіктегі үлкен қорымда Болған Ана мен Шыңғыс ханның екінші әйелі Құлан қатынның кесенелері алыстан көз тартады. Бұл жерден үш жүздің басы қосылып, ұлы бірлікке қол жеткізіп, таңбаларын тасқа қашаған өңір де алыс емес. Ғасырлардың куәсі болған күмбездер тозғанымен әлі асқақ. Қазір жезқазғандық Кенжал Балкенов пен Батырбек Мырзабеков бастаған өлкетанушылар кесенені жаңғырту үшін жергілікті атқарушы органдардың алдына мәселе қоюда. Сөз жоқ. Болған Ана мавзолейі күрделі жөндеуді, ал оның өмір жолы, өнегесі одан әрі зерттеуді қажет етеді. Бұл қираған күмбез Президентіміз Н. Назарбаев жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес қалпына келтірілсе, құба-құп. Жезқазғандықтар, қарағандылықтар осы бағытта әліне қарай әрекет етуде. Ал, тарихымызды терең тану үшін ірі жұмыстар керек. Міне, Болған Ана ұрпақтарының Ұлытау-Жезқазған сапары осы игі іске қозғау салу мақсатымен жүзеге асырылды. Игі іс жалғасын табатындығы күмәнсіз. Алда Болған Ана мен оның замандастары туралы тың туындылар жазылатыны анық.

Соның басы «Болған Ана» ғылыми өлкетану экспедициясының Ұлытау өңіріне барып, Болған Ананың рухына тәу етуінен бастау алатыны анық. Бұл сапарға жазушылар - Бақытяр Әбілдаұлы, Толымбек Әлімбек, Мақұлбек Рысдәулет, тарихшы Бақыт Мырзабеков, ел ағалары Ералы Дадабаев, Болатбек Қайыпбекұлы, Ақан Сәсембиев және өзге де кәсіпкерлер мен журналистер барды.


.


МЕРКІ
Меркі – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асққақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын мың – мың бұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке толтырып, сылдырай төмен ағады. Мың тарамданған кішігірім өзендер Меркінің солтүстігінде жатқан құмға барып сіңеді, құрдымға кетеді. Меркі, Қорағаты өзендерінің ортасында жатқан бұл мекен ықылым заманнан – ақ елдің құтты жеріне айналған. Егіншілік пен мал шаруашылығын, сауда мен кәсіпкерлікті қатар жүргізуге табиғаттың өзі жағдай жасағандықтан болар мұнда кәсіп те, сауда да, өнер де, ғылым да дамыған Сондықтан да бұл өңірге ерте заманнан – ақ көп қызыққан, туын тігуге ұмтылған. Осы жерде берік бекініс жасап, орта ғасырдың інжу-маржанына айналған Баласағұн мен Таразға шабуыл жасаудың тиімді сәттерін күткендер де болған. Осы мақсатта Меркіден 15-20 шақырым жерде Аспарадай берік әскери қамал тұрғызылған. Меркі Ұлы Жібек жолының негізгі қақпаларының біріне айналуының басты себептерінің бірі осы болса керек.

Алатаудың көкмайсалы бауырында Тараз қаласының шығысында 150 шақырым жерде орын тепкен Меркі аты ғасырлардан ғасырларға осы атаумен жеткен. Оның аты тарихшылар мен саяхатшылардың ауызына жиырма ғасырдан аса тарихы бар Таразбен бірге алынады. Бұл өлкеде діндер мен билік, отаршылдар мен азаттық үшін жан беріп, жан алған ірі шайқастар болған. Сондықтан да бұл өңірде сыртқы жаудан қорғану үшін жан-жағын өзен қорғаған қылтанақты жерде орналасқан ірі қорғандар мен биік дуалдары бар қалалар салынған. Бір ауданның аумағында атақ-даңқы әуелеген Меркі, Аспара сияқты қалалар орналасқан. Ал Меркі өзенінің жоғары жағында ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын тарихи, мәдени ескерткіштердің санатына енген Меркі түркі ғибадатханасының тарихымызда алатын орны ерекше.

Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық ол – Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабіндегі деректер бойынша «Меркі хәллохтар ( қарлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар—бистан, хим және бериштер (мүмкін кіші жүздің беріш руы болуы)». Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді: «... Меркі мен Нуикста мұсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. ... Меркіде... түріктер басым келеді». Осы кітаптардың жазуынша 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Сол Х ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары кездеседі. Осыдан-ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес.

Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды»,- деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлуқтар—ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.

Өлкені түркілер мекендегенін дәлелдейтін ғажап тарихи ескерткіштер де осында.Теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте, Меркі өзенінің қайнарында, Әулие көлдің маңында, аңы мен құсы, табиғаты әлі бұзыла қоймаған көк шалғын жайлаудағы тарихи ескерткіштер «Меркі түрік ғибадатханасы» деген атаумен ғылымға енген. Таиғатын айтсаңызшы! Көкпен тілдескен Тәңіртау—Алатаудың басына бұлт қонақтап, қар жауып жатса ғибадатхана орын тепкен жер масатты кілемдей жайнайды. Мың бұрала аққан бұлақ, саф ауа, салқын самал бар болмысыңызды билеп алады. Табиғаттың тазалылығына мас болып, басыңыз айналады. Есесіне кеудеңіз ашылып, бойыңызға адам айтқысыз күш-қуат құйылады! Ғажап! Мұдағы табиғат та, тарихи ескерткіш те ғажап! Ұлы бабаларымыз Жаратқанның ұлы күшін осында түсінгендей, мәңгілік өмірге осы жерден аттануды арман еткендей. Болмаса Алатаудың ұшар басына жақындап келіп, ұлыларын жерлемеген болар еді ғой...

Бұл ғибадатханаға алғаш рет 1895 жылы ғылыми түрде зертеген орыс ғалымы И.В.Аничков өз еңбегінде балбалдарды тексергенін оның бірнешесін Ташкентке жібергенін жазады. Бұл ескерткіштердің түркі жандүниесін тануда алар орны ерекше. Бұл жөнінде ғалым Айман Досымбаева «Меркі—Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабінде жан-жақты және дәлелді дәйектермен айтқан. Айманға дейін бұл тарихи ескерткіш туралы талай ғалымдар мен саяхатшылар жазған, айтқан. Алайда Айман ханым бұл өңірдегі ғажайыптарды жетер жеріне жеткізіп жазғанын айрықша айтқан орынды. Айман Досымбаеваның басшылығымен жүргізілген археологилық жұмыстың нәтижесінде бірнеше мүсінді қорған құрылыстары аршылған. Табылған 64 мүсіннің 31-і әйелге қойылған балбал тасы болды. Ерлер мүсіні кескінделген балбалдың түрі көп. Тіпті қолына қырғи ұстап тұрған да балбал бар. Әйел мүсінді балбал осында көп кездеседі. Рас, ғалымдардың сілтемесіне қарағанда Күлтегін тасының маңынан қаған мен бірге әйелдің мүсіні де табылған. Әйел мүсінді балбал тас Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға орнатылған кесенеде тұрғанын өзіміз көзімізбен көрген жайымыз бар. Сонымен бірге Меркі өзенінің бойынан табылған тас мүсіндерде көне түркі жазбаларын да кездестіруге болады. Ойтал өзенінің жағалауынан табылған жазуды профессор А. Аманжолов « Менің өлімім—қайғы» деп оқыпты. Ғалымдар мұндай жазуы бар балбал тастар тек Оңтүстік Сібірден табылғанын айтады. Бұл нені меңзейді? Сол өңірде де біздің ата-бабаларымыз мендеген дегендіге жетелей ме? Мүмкін. Өйткені қазір сол өңірді мекен еткен жақұт, сақа жерінде бізге таныс әуен де, жер-су аттары да көп. Өздерін түкілерміз деп айтатындар да аз емес.



Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет бар. Бұл қорғанға айтарлықтай қазба жұмыстары жүргізілмеген. Алайда ішнара жүргізілген қазба жұмыстары бұл қамал ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғартады. Су ағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Бұл Қазақстан аумағында кездесетін ортағасырлық қалалардың бәрінен табылатын жәдігерлер.

Біздің эрамызға дейінгі бірінші ғасырда сақ, үйсін, қаңлы, ғундар салған қалалалар Қытай шапқыншылығы кезінде қиратылды. «Одан кейін,- деп жазады белгілі ғалымдар М. Мырзахметұлы мен И. Жеменей,- яғни біздің эрамыздың ҮІ ғасырына дейін Сырдария мен Жетісу өлкесінде Тарбан, Тараз, Испиджаб, Суяб, т. б. көптеген қалалар өсіп жетілді. Ал ҮІІ-Х ғасырларда бұл өлкелерде Барысхан, Талхир, Баласағұн, Меркі, Құлан, Шелже, Шаш, Сүткент, Отырар, Шарғар, Сауран, Сығанақ, Жент, Жаркент, тағы да басқа көптеген мәдени және сауда орталығы саналған ірі қалалар пайда болды. Әйгілі Жібек жолы осы қалалар үстінен өткен...». Бұдан да басқа айтылған пікірлерді саралай келгенде Меркі қаласы 700-ші жылдардан кейін айналаға таныла бастаған сияқты. Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша «751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең ықпал болған Атлах-Талас шайқасы болды. Шайқаста араб-қарлұқ- түркеш құрама қолдары қытайдың таңдаулы әскерін тас-талқан етіп жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды». Міне осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейінірек Таразды астана еткен бауырлары қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық. Себебі алғаш қарлұқ, түркеш мемлекеттері Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда Меркі және Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлуқ мемлекеттерімен сабақтас. Ал бұл мемлекеттердің Ү111 ғасырдың ортасынан соңына дейін билік құрғаны белгілі. Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірлігі жүрген қарлуқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тіккендер көбейе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Жоқтан бар болмайды, тек бір күйден екінші күйге айналатынын еске алатын болсақ Меркі сол заманда өңірге билік жасау үшін аса қажетті қақпа болған. 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армадаған еді. Тура осы кезде олар жерлеріне басып кірген қытайларға бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін олар қайтадан майдан алаңына шықты. Осындай аласапыран кезде билікке келген қарлұқтар арабтармен ұзақ жылдар бойы шайқасып, ақыры жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен олар өңірдің тез арада дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде «Һодуд-әл-алам» кітабіндегі деректер бойынша түрік билігіне енгізілген аймақта отызға жуық қалалар мен қамалдар бой көтерген. Олар—Құлан, Меркі, Атлақ, Тұзын, Балығ, Барсхан, Секел, Талғар, Тоңғы, Пенчул және тағы да басқалар. Отырықшылыққа бейімделген халық сол кездері арпа, күріш, тары, бұршақ, жүзім еккендері археологиялық қазбалардан белгілі болып отыр. Құланнан, Меркіден, Аспарадан табылған жәдігерлерге үңілсек бұл өлкеде, тамақ өнеркәсібімен бірге қол өнер ерекше дамығанын байқауға болады. Соның сарқыншақтары әлі де сақталған. Меркі жүзімінен жасалынған шарап кезінде өте бағалы әрі сапалы болғаны белгілі. Әсіресе сол кездері осы өңірде дамыған мата тоқу өнері кімді болса да қызықтырған. Сонымен бірге ағаштан, сүйектен жасалынған бұйымдар көздің жауын алатындығы жөнінде Таразды жырлаған шығыстың шайырларының өлеңдерінен жиі кездестіруге болады. Ал Тараз бен Меркінің арасы бір күндік жер екенін еске алатын болсақ бұл өңірде де өнер мен ғылым дамығаны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Қарлұқ мемлекеті өмір сүріп тұрған кезде Меркі ерекше дамып, оның атағы алысқа кеткен. Сондықтан да кейінірек Ақсақ Темір жаугершілігін алдымен осы Меркіден бастаған. Кейінірек атасының арманын жүзеге асыру үшін Ұлықбек те Меркіні шапқан, Аспара қорғанын әскери бекініс ретінде нығайтқан.

Қанша дәуірлеп, дамығанымен ағайындардың ішкі алаауыздығынан 940 жылы қарлұқтарды бауырлары, тілдестері қараханидтер тарих төрінен ысырды. Дәл осы кезде Меркі қиратылды. Алайда кейінірек Меркі қайтадан бой көтереді. Бірақ, монғолдар Таразды жермен жексен еткендей Меркіні де тағы қиратты. Меркі одан кейін де бой түзеді. 1716 жылы Ираннан шыққан «Қырғыз хандарының тарихы» кітабінде мынандай жолдар бар: «Меркі ескі қала Тараздан шығатын жолдың бойында орналасқан. Аспара қамалынан 15-16 шақырымда орналасқан. Қала кішігірім өзен бойында биік төбеге орналасқан. Мешіті, керуен сарайы, жақсы базары бар...» Яғни осыдан-ақ Меркінің қайта даму жолына түскенін, сол маңайда билік жүргізуде шешуші рөл атқарғанын аңғаруға болады. Ұлы Жібек жолымен жүрген керуен де, саяхатшы да Меркіні айналып кетпегенін аңғарасыз.

Ал Меркі жеріндегі Аспара туралы ерекше айтқан жөн. Аспара қаласы Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жердегі Андас батыр ауылында орын тепкен. Табиғаты ғажап. Алатаудан құлайтын өзен қаланы сыртқы жаудан қорғауға қызмет істегені де анық. Аты Тараз, Меркі, Испиджаб (Сайрам) қалаларымен бірге орта ғасырдың қалаларының қатарында аталатын Аспара туралы аңыз да, жыр да көп. Солардың бірі қазіргі күні Туркяны мекен еткен хан Аспарухтың арғы тегі осы өлкеден шыққан деген сөз бар. Аспара өзенінің жағасында орналасқан ортағасырлық қаланың алып жатқан аумағы өзімен қатарластардың бәрінен үлкен. Қазірдің өзінде қаланың орнында қалған топырақ үйінділерінің ауқымдығы кімді болса да таңдандырады. Үйінділердің кейбір жерлерінің биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Қалаға архелогиялық зертеулер жүргізген ғалымдар көптеген құнды материалдар тапқан. Қала туралы мәліметтер ортағасырлық саяхатшылар мен араб, қытай тарихшыларының жазбаларында жиі кездеседі. Мәселен, тоғызыншы ғасырда арабтар Жібек жолының бойындағы елді мекендер мен жер, су аттарының картасын жасаған. Олардың осы картасында Аспараның аты аталып,тұрған жері, оның Тараздан, Баласағұннан қанша қашықтықта орналасқаны туралы айтылған, жазылған.

Ал ХІҮ ғасырда Аспара үшін сұрапыл қантөгісті соғыстар басталды. Бұл Алтын Орданы қиратып, қан тамған қылышын шығысқа қарай сілтеп, Моғолстанға қарай сырғыған түркі халқын өзіне толық бағындыруды және Қытайды қырып, тағын күшейтпек болған Ақсақ Темірдің билік құруымен тікелей байланысты. Әмір Темір қанша қуаттымын дегенімен түркі халықтары өздерінің ата-баба жерлерін босату үшін оқтын-оқтын оның иелігіне өткен жерлерге ат тұяғын дүрсілдетіп, шабуыл жасаумен болды. Міне осы кезде Шу мен Таластың ортасында сырғи аққан Аспараның жағасында, Алатаудың бауырайында орын тепкен Аспараны нығайтып, биік қорғандар салып, осы жерді сауыт-сайманы түгел мыңдаған атты әскердің мекеніне айналдырады. Ақсақ Темірдің осы әрекетін оның шежірешісі Арабшаһ былай жазыпты: «... Олар сол жерлерге жеткен соң жазық далаға орнығып, бірнеше қамал салды. Қамалдың ең шеткісі әрі шалғай, жеке тұрғаны—Аспара. Олар Аспараны алынбас қамал, шабуылға шығуға әрқашанда ыңғайлы берік бекініс жасады...». «Аспарада 10 мыңға дейін атты әскер тұрды» деген мәліметті де солар айтады. Ал Әмір Темір өлгеннен кейін Аспараға ұмтылған моңғолдардан қаймыққан бекіністің әскер басшысы Алладад қамалды тастап, қотарыла көшіп, таулардан асып, өзендерді жалдап оңтүстік шығысқа қарай бет алады. Тарихта олардың қоныстанған жері туралы әртүрлі мәліметтер бар. Бірақ бұл өңірге көз тігу бір сәт те тоқтаған емес. 1425 жылдары ақсақ Темірдің немересі Ұлықбек Аспараны қайтарып алуға ұмтылған.

Тарихшы, археолог Карл Байпақовтың айтуынша Меркі жерінде, оның ішінде Аспара үшін шайқас сол кездері бір толастамаған. Қазба жұмыстары көрсеткендей бірбіріне жапсыра салған үйлердің қабырғалары өрттенгенінің белгілерін көруге болады. Сонымен бірге жебе мен найза ұшын көптеп кездестіресіз. Ал Аспараның тұрғыны көп болғанын қамалдың орнындағы қауыздардан, құдықтардан байқайтыныңыз анық. Ал атамекеніміздегі ортағасырлық қалалар мен қамалдардан жиі кездесетін шырағдандардың қалдығын көптеп кездестіретініңіз анық. Аспарада қазба жұмыстарын жүргізген археологтар сиырдың жауырын сүйегіне жазылған түркі тіліндегі жазбаны тапқан. Жауырындағы жазба ХҮ ғасырда жазылған болып шықты. Онда мынандай сөздер бар: «... Қошқарлық Хасанды қайғырып жоқтаймыз. АҺ! ... Құлуй Маулауи бекті қайғырып жоқтаймыз Аһ!... Ұзын Омар да қайтыс болды ... қайғырып жоқтаймыз. АҺ...» Араб харіпімен жазылған осындай жазулар жалғасып кете береді.

Археологтар Аспара қамалынан әбден өңделген қойдың омыртқаларын тапқанда ерекше таңғалды. Себебі омыртқа не үшін, неге өңделген? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Сонымен бірге тағы да қайталап айтамыз ХҮ ғасырда түркі тілінде жазудың табылуы бұл өңірді түркі халықтары мекендегенін дәлелдесе керек.

Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңірін құлазытқан, қиратқан әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ орда одан соң Алтын орда тағына ұмтылды. Бұл шын мәнінде түрік тілдес, тектес халықтардың мемлекеттік құрылымының әлсіреуіне, қажет десеңіз жойылуына жақындатты. Сол кезде Шыңғысханның Тараз, Құлан, Меркі, Аспара өңіріне билігін жүргізетін Шағатай ұлысы өзіне төніп келе жатқан қатерді сезді. Алайда олардың әрекеті көңілге қонбады. Өзінің басына төнген қауіптен құтылу үшін , бірлігі мен ынтымағы бұзылған ұлысты қайта біріктіру үшін өзге мемлекетке шабуыл жасады. Осыны пайдаланып Әмір Темір Ақ орданы да, Алтын орданы да, Моғолстанды да бөлшектеп, быт-шыт жасады. Ақыры ХҮ ғасырдың басында Әмір Темір дегеніне жетті. Сөйтіп, кезінде атын айтудан қорқатын мемлекеттерді өз ұрпақтарына ұлыс ретінде билікке берді. Б.Б.Бартольдтың жазуынша Әмір Темір Сайран, Ианги (Тараз), Құлан, Аспараға иелік етуді ғалым немересі Ұлықбекке берді. Тарихшылардың айтуынша Ұлықбек бұл өңірде егіншілікті дамытуға баса назар аударып, қала мәдениетін жоя бастағандай. К.А. Пищулина «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан ХІҮ ғасырдың ортасында ХҮІ ғасырдың басында» атты кітабінде осы екі ғасырдың тоғысында Оңтүстік шығыс Қазақстан ежелгі қалалық мәдениетінен түгел айырылды, дегенді айтады. Рас, Ұлықбек өз ұлысының ең алыс соңғы мекені Аспараны әскери қамалға айналдыру үшін көп тер төккені белгілі.

Бәрі өтпелі. Әмір Темір де, Ұлықбек те мәңгілік билік құра алмады. Түркі халықтары бірте-бірте шағын топтан ірі мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілгендей болды. Моғолстанға күш көрсететіндей деңгейге көтерілген Әбілхайыр хандығы шаңырақ көтерді. Алайда алауыздық тағы да оны ірітті, шірітті. Соның салдарынан олардың өмірі де ұзаққа бармады. Әбілхайырмен сыйыса алмаған кейбір ру басылары мен тайпа жетекшілері іргесін кейінге ысыра берді. Осы сәтте «біз қазақпыз» деген Жәнібек пен Керей сұлтан бастағандар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап Шу бойына Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тікті. Осылайша Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн, Жетісудің шетінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді.

Тарихшыларымыз қазақ мемлекеттілігінің Керей мен Жәнібек Шу мен Талас атырабында іргесін қалаған жаңа хандықтан басталатынын айтып жүр. Алайда бұдан көп бұрын өзгелер мемлекет ретінде таныған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ ордасын еске алмаймыз ба?

Не десек те ХҮ ғасырда Орталық Азия мен Қытай, Ресей «қазақ» деген елді таныды. Керейдің тұсында орда орнықса, Жәнібектің тұсында нығайды. Ал Қасымханның билік құрған кезінде хандықтың іргесі кеңіді. Сыр бойындағы қалалар қазақ хандығының иелігіне өтті. Түркістанда қазақ туы желбіреді. Міне осы тұста Меркі мен Аспара қайта бой көтергендей болғанымен бұрынғы деңгейіне жете алмады. Ұлыстар мен рулар арасындағы алаауыздық олардың даму жолын тежеді. Аспара қорғанын нығайтуға Қасымханның ерекше назар аударғаны да белгілі. Мысалы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабінде былай деп жазады: «1513 жылы қыста Шаһ Исмаил Сұлтан Салімге қарсы соғысуға ат басын Иракка бұрды. Қасым хан өз иеліктерін басқару үшін Аспараға жүріп кетті». Осы жазбадан –ақ Аспараның, Меркі жерінің билік құрудағы маңыздылығын айғақтаса керек.

Аласапыран жылдар жалғаса берді. Бірақ қазақ аты да, жері де тарихтан өшпей ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Қазақ жерінің оңтүстік шығысы заман ағымымен бірде дәуірлеп, айы мен күні жарқырады,енді бірде аспанын қара бұлт торлады, жерін жауы бауырына басты.Талай жан беріп, жан алған шайқастар өтті. Қазақ жерін шаңдақ еткен талай жау жер жастанды. Тіпті жаугершілікті ұран еткен халықтар жер бетінен жойылып, жұрнағы өзгелердің табанында тапталды. Енді бірі байырғы жерінен айырылып, өзге мекенді бауыр басты. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», билеріміздің көсемдігі халқымыздың бірігуіне бастады. Ашығын айтқанда, қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы. Сол үшін бауырын жатқа қиып, жатты бауырына басты.

Ел бірлігін, жер тұтастығын сақтап қалу үшін батырларымыз Атыраудан Алтайға, Қаратаудан Арқаға егеулі найза қолға алып, еңку- еңку жер шалды. Мұның көрінісін де Меркі жері көрді, халқы басынан өткізді. Соның елеулісі, жүректі сыздатып ауыртатыны—қоңсы жатқан қырғыз бауырлардың жоңғарлардан тазартылған жерге ентелей еніп, билік жүргізгені. Бұл туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов былай жазды: «Қазақтардың ендігі жауы Түркістанды, Созақты, Сайрамды, Шу мен Ташкенттің арасындағы және басқа да қалаларды қазақ сұлтандарынан тартып алып қойған қу қырғыздар еді...1770 жылы Абылай қырғыздарға аттанды... Бұл жайында «Жайыл қырғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар». Қазақ ханының қырғыздарға аттанбасына амалы қалмаған еді. Алғаш жоңғардай алпауыттың түбіне жетіп, жайпаған қазақ ханы да, батырлары да жаудан қанмен босатылған жерге қоңсы отырған, кейде ортақ жауына бірге аттанған қырғыздардың отарлауы, барымталап малын айдап, әйелін күң ете бастауы шын мәнінде ойламаған жағдай еді. Ағайынгершілікке шақырды. Бұл істе Іленің бойынан келіп Меркі өңірін жайлай бастаған Дулаттың Ботпай баласының ру басылары тілдерінен шырын, бәтуалы сөздерін тамызып айтып бақты. Алайда қырғыздар сөзге тоқтамай, « батыр болсаң, шайқасқа шық! Бос жатқан жеріңді бізден аясаңдар, қанға бөктірейік!» деп доқ көрсетумен болды. Бұл кезде жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қораластың жас жолбарысы Жауғашты ру көсемдері Арқада жатқан Абылай ханға дұғай сәлем айтып, көмек шақыруға жібереді.

Хан Абылай алғаш Жауғаштың айтқанына айтарлықтай мән бермейді. Бірақ жас жолбарыс хан ауылынан алыстамай, ел ағаларына мән-жайды түсіндіріп, ортаға соларды салады. Ақыры хан әскеріне атқа қонуға бұйрық береді. 1770 жылдың көктемінде Абылай ханның сарбаздары ат басын Тәшкенге тірейді. Меркіге дейінгі жол бойы қырғыздарды тықсырып, Қорағаты өзенінің жағасына келіп шатырын тігеді. Бұл кезде Құлан да, Меркі де қырғыздардың қол астында болатын. Бұл туралы Белек Солтанаевтың «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабінің екінші томында былай деп жазған: « Көктемде Абылай Тәшкеннен келіп, Меркінің батыс жағында Қорағаты өзенінде Түйіскен деген жерде қолымен жетіп, тоқтаған соң «қырғыздың жауабын алып кел!» дейді. Ханнан бұйрық алған Жауғаш солты руының қырғыздары Жайыл мен Момақанға сөйлесіп, олармен келісе алмай, көңілі бұзылып қайтқан... Жауғаш қырғыздың келіспегенін айтқан соң Абылай Меркінің жанындағы Мөңкенің Ақшиіне туын тігіп, солтыға шабуыл жасаған. Бейқам жатқан солтылар жан аямай соғысса да жеңіліп, ұрыс кезінде Жайыл батыр, Теке және Итеке деген үш баласымен қазақтардың қолына түскен». «Бейқам жатқан солтылар» дегені болмаса, шыны осылай. Бейқам жатса солтыларға көмекке қырғыздың қубілек, қолпаш руларының сарбаздары Меркіге қарай асықпаған болар еді. Оларды да және өзгелерін де жеңген қазақтар ру басылары мен батырларын Үш Қайыңдыға жинаған. Бұл жеңіске Олжабай, Байғозы, Жарылғап,Жәнібек бастаған Арқа батырларымен бірге Қойкелді, Бердіқожа, Өтеген, Сәмен, Рысбек, Мәмбет,Жауғаш, тағы да басқа түстік батырлары ерекше ерліктерімен үлес қосты. Кейбір деректерге сенсек бұл шайқасқа Қабанбай, Бөгенбай, Саңырақ, Елшібек батырлар да қатысқан сияқты. Осылардың ерен ерліктерінің нәтижесінде қазақтарға әбден тізесі батқан Садыр хан бастаған қырғыз батырлары мен көсемдері де тұтқынға түскен болатын. Аңыз бойынша қазақ жерін жаулап алып, бас көтергендерінің басын шауып, құрыққа ілген Садыр алдымен дарға асылады.

Абылайдың осы жорығынан кейін ғана қырғыздар аяғын тартып, Алатаудан бері аспады. Бірақ жергілікті мәні бар шайқастар мен барымталар ұзақ жылдар бойы тоқтамады. Оған дәлел 1785 жылы шанышқылы Бердіқожа батыр тыныш өмір сүрмеген қырғыздарға көп әскермен және қытайлардың көмегімен шапқаны жөнінде орыс тарихшылары жазып жүр. Дегенмен де бір нәрсенің басы артық, ол—қазақ пен қырғыздың ынтымағын, достастығын нығайтуда Меркі өңірі де, оның азаматтары да шешуші рөл атқарды. Жоғарыда айтылған «Жайыл қырғыны» кезінде де Абылайдың қаһарынан қаймықпай Жайыл батырдың ұрпағын, қазақ пен қырғыздың достығын сақтап қалуға Жауғаш батыр үлкен үлес қосқаны тарихтан белгілі. Осы дәстүр Абылайдың немересі Кенесары кезінде де жалғасын тапты. Бұл жолы Сыпатай батыр ерекше жарқылдады.Бұл кезде заман да, заң да өзгеше еді. Тап осы жылдары қазақ орыс империясының бұғауына түскен, одан бұлқынып еркіндік таңына ұмтылған Кенесары сияқты тұлға тәуелсіздік туын тігу жолдарын іздеп бақты. Арқада аласұрып, орыс бекіністеріне шабуылдағанымен одан ешнәрсе өнбеді. Жаппай қолдау таптаған, қаруы мылтықтан аспаған қазақтардың Кенесары бастаған батыл шоғыры оңтүстікке қарай ойысқаны тарихтан белгілі. Ол кезде де бұл өңір өзгенің езгісінде болғанымен анау айтқандай отаршылдықтың ащы дәмін тата қоймаған болатын. Қоқаңдаған Қоқанға да салым төлеп, өздерінше өмір сүріп жатқан.



Кенесары алғаш Іле бойын жағалағанымен өзінің бастапқы ішкі ойын жүзеге асыру үшін қырғыздарға жақындай түсті. Ол үшін Ұлы жүздің ең көп тараған Дулаттың ұрпақтарына шақырту жіберді. Олар көп күттірмей-ақ «Хан ием» деп бас иіп келіп сәлем берді. Ел арасындағы аңызға құлақ түрсек бәленің басы осы сәлем беруден басталса керек. Хан ордасына кірген Байзақ, Құдайберген датқаларға, Сыпатай мен Андас батырларға хан жүзін бермей, сәлемдерін қолының ұшымен ғана алып, аса үлкен тәкапарлық танытса керек. Сөз жараспаған соң іс оңсын ба?! Сонымен бірге шақырту алған қырғыздар «тұрысатын жеріңді белгілей бер» дегендей үнсіз қала берді. Қаһарына мінген Кенесары қырғыздарды өзіне тәуелді етудің ұтымды жолдарын іздестірді. Осы орайда Әбіш Кекілбаев «Талайғы Тараз» кітабінде былай дейді: « Хан алдына қол қусырып кіріп-шыққан ешкім болмады. Күдер үзген Кенесары Меркіні шауып, сол арадан асу асып, қырғыздар арасына дендеп кіріпті». Осыған қарағанда сол жылдары қырғыздың иелігінде болған сияқты.Алайда өлкетанушылар Әбіш Кекілбаевтың бұл пікірімен келісе бермейді. Ол кезде Меркіні дулаттың ботпай ұрпақтары мекендейтін. Олар Қоқан хандығына тек салық ғана төлеп тұратын дегенді алға тартады. Не десек те Кенесары жеңіске жету үшін күш қолдану ғажет деп шешкен. Сондықтан да алдымен ол күшпен қырғыздарды көгендей бастады. Олар оған да көнбеді. Жан аямай шайқас салып, Кенесарыға қыр көрсетіп, барымтаны күшейтті. Кенесары да қарап жатпады қырғыздың беделді билерінің, батырларының ауылын қатыгездікпен шаба бастады. Осы кезде Сыпатай батыр хан алдына келіп, қатыгездік ойлаған ойын жүзеге асыруды қиындататынын айтып бақты. Сонымен бірге қоңсы отырған екі ел құда- құдандалы екенін, сондықтан да қарамағындағы батырлар қырғыздармен шайқас алаңына шығатыны шамалы екенін ашық айтты. Хан бетін қайтара алмаған батыр ауылына аса қапаланып қайтты. Ханның ісі де оңбады. Жергілікті халықтан толық қолдау болмағанын түсінген ханның қапаланатын жөні бар еді. Бұл кезде астыртын жұмыс жүргізген орыстарда мысық табанданып, жақындап қалған еді.

1846 жыл Кенесары қолы мен артынан ерген жұрты үшін аса ауыр болды. Қырғыздар малын барымталап, ауылдарына шапқанды қоймаса, жергілікті халықтың батырлары мен ру басылары үнсіз жатып алды. Қатарлары сиреп, артынан еріген батырларының арасында алауыздық ірткі сала бастады. Осындай күндердің бірінде қазақ ханының ордасын ойламаған жерден шапқан қырғыздар дегеніне жетіп, Кенесары мен Наурызбайды, Ержан сұлтанды және басқаларды тұтқындады. Ағыбай бастаған аз ғана топ Арқаны бетке алды. Ол күйік пен ұяттан біразға дейін бойын көтере алмай, елге Көкшенің жерін Арқаның түстігіндегі Қулы, Мұңлы, Айғыр ұшқан, Тайатқан шұнақ, Қызылтауға, яғни Балқаш көлінің батыс жағындағы аз ғана адырлы, тақырға айырбастап, өзге өлкеде қалып қойды. Меркінің киелі жерін басқан осындай ұлы тұлғалар уақыт өткен сайын ел есінен алыстай бастаған.

Арқадан келген адуын қазақтарды сабасына түсіргеннен кейін де Меркі жері тыныштық көрмеді. Қоқан хандығы Меркіні қайтадан әскери қамал ретінде нығайтуға күш салды. «Осы жерді мекен етеміз» деген Жауғаш батырдың бауырлары Меркіге толық билік құра алмады. Алайда бұл кезде Ресей қазақ, қырғыз жеріне сыналай кіру жоспарын жүзеге асыра бастаған болатын. Алматыны алған орыс әскерлері Ұзынағаштан өтіп, Тоқмақты құрықтады. Одан соң Меркіге ауыз сала бастады. Бұл кезде Аспара төмпешік болып, өткен күннің тарихын ішіне бүгіп жатқан болатын.

1860 жылы орыс империясының полковнигі Циммерман бастаған отаршылдар қырғыз жеріне қанды жорығын бастады. Сол жылы тамыз айында Меркінің жанындағы Тоқмақты алған ол енді Бішкекке қарай жортты. Осы кезде подполковник Кольпаковский бастаған орыс әскері Ұзынағашта қоқан сарбаздарына қатты тойтарыс берді. Ал полковник Черняев Қоқан хандығының қарамағында болған Созақты, Шолаққорған мен Шымкентті басып алып, Әулиеатаға туын тігуге ұмтылды. Чернев алдымен Құланды алып, Циммерман әскерімен Меркіде 1864 жылдың 24 мамырында түйісті. Орыс әскерінің арасында Шоқан Уәлиханов та бар еді. Ол Алатаудың бөктерінде орналасқан Меркі өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен бірге ол төренің ұрпағы ретінде қырғыз-қазақ арасында жылдар бойы шешілмей келген дау-дамайды шешуде бас би болып, әділ шешім қабылдағанын М. Чернев жоғары жаққа жолдаған хатында тәпіштеп жазыпты. Сол кезде отаршылдар қатарында болған орыс әскері М.Знаменский Меркі бекінісінің суретін салса, ғолым-зоолог Н. Сверцев өз мамандығы бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Соған қарағанда ХІХ ғасырда да Меркінің бағы таймағанын, шетелдіктерді таңғалтыратын көрінісі болса керек. Есесіне орта ғасырдың осы өңірдегі ең ірі қамал-қаласы болған Аспара туралы ауыз ашпайды. Осыдан-ақ Аспара тарих аренасынан кеткенін, оның күні өткенін аңғаруға болады...

...Меркі тарихының сахнасына Жауғаш, Андас, Сыпатай сынды тұлғалардың жасампаз ісін жалғастырып, осы өңірге өзгеше, атап айтқанда, Бостандық, Тәуелсіздік лебін әкелген Тұрар Рысқұлов пен Ақкөз Қосановтың шығатын күні әлі алда еді...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет