Тарих тамырлары



бет4/4
Дата20.06.2018
өлшемі2,01 Mb.
#43759
1   2   3   4

ҚОШҚАРАТА

Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан шыққан кортеж бұрылысы көп қара жолмен Қошқаратаға қарай зулап келе жатып сиқым Рысбек батырдың Ақтасының тұсына тоқтады. Өмекең--Парламент Сенатының Төрағасы Өмірбек Байгелді бастаған ресми кісілер көліктерінен жылдам түсіп, биік жотаға қарай бет алды. Кезінде Жамбыл облысын басқарған Өмекең соңғы жылдары тарихтың тұңғиығынан сусындаумен бірге, өзінің тың көзқарастарын айтып, жазып та жүргенінен хабардар болған соң бұл жерге бекерден бекер аялдамағанын түсіндім. Күздің алғашқы айы болғанына қарамастан Қошқарата жері әрқашанғыдай көкпеңбек. Көк шалғынды кешіп Бөкей тауының биігін бетке алдық. Жуалының аса бір шұрайлы да, құнарлы жері Қошқарата өңірі алақандағыдай көз алдымызда. Жал-жал болып жатқан Ақтастың жоталарының терең сайларының табанында түсі балқыған қорғасындай болып, ирелеңдей ағып жатқан бұлақтар, беткейлерде тұтасып өскен долана мен бетеге, әр жерде топ-топ болып сайраған құсқа сая болып тұрған қара ағаштар осы өңірдің сәні мен салтанаты іспеттес. Биік-биік болып өскен ақселеудің басынан тарқатылған сәлдедей шұбатылған ақ шуда самал желмен жібек сағым тербеледі. Сұлу көріністен көз алмай барлығымыз бір сәт үнсіз қалдық.

-Меніңше осы жерге Шыңғысхан, Жошыхан, оларға дейін де талай Түрік қағандары ат шалдырып, шайқастардан кейін дамыл алып, сұлу табиғатқа көз тойдырып, рахаттануы бекер емес екенігін мына көріністен-ақ анық сезінесіз,-деп үнсіздікті бұзған Өмекең көсіле сөйледі. -Жиһангерлер мен тарихшылар тап осы жерде мүдделердің тоғысулары болып, қырғын шайқастар өткенін, Қара және Ала таулардың түйіскен жерінен бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай ағатын қос өзен бастау алады деп жазыпты. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңірдің тарихы тереңде. Бір Қошқарата мен Боралдайдың айналасында болған оқиғалардың, қанды қырғындардың өзі терең тарихқа жетелейді.

Заманалардың тезінен аман қалып, ұлан-ғайыр жерге ие болған халқымыздың даналығын қалай айтпасқа, қалайша мақтанбасқа! Талай халық түп-тамырымен жер бетінен жойылып кетпеді ме?! Біз аман қалдық! Біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік! Бұдан артық бақыт бар ма?! Енді жарқын болашаққа жету үшін тарихымызды таразылайтын уақыт келді... Осылай деген Өмірбек Байгелді алысқа көз тастап үнсіз тұрып қалды.

Мемлекет қайраткерінің сөзі мені ой құшағына жетеледі. Туған жердің тарихын зерттемек түгіл білмейді екенбіз ғой. Сол күннен бастап мен Жуалы жері туралы айтылған, жазылған тарихи деректер мен дәйектерге мән беріп, іздестіріп, жинай бастадым. Көктем айларында Жуалының биігіне шығып, табиғатын тамашалауды да дәстүріме айналдырдым. Реті келіп жатса, отбасымды, жолдастарым мен достарым, қонақтарым мен таныстарымның да Жуалы табиғатын, оның тарихи жерлерін тамашалатуды да ұмытпай, үрдіске айналдырдым.

Жуалыны қақ бөліп шығысқа, тау-тасты бұзып, ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыр-адырлы, қыры мен сайы көп таулы даланы Қошқарата немесе Боралдай өңірі деп атайды. Тарихшылар мен жағрипашылар бұл өлкедегі Үшаша (Үшқоспа, Үшащы), Қостұра, Боралдай. Жолбарысқамал, Ордабасы (немесе Кіші Ордаған, Үлкен Ордаған), Қызтоған, Қалмақ қырған, Күреңбел, Садырқамал, Кәріқорған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Төңкөріс, Қаратас деп аталатын тарихи жер атауларының барлығы да Қошқарата өңіріне жатады. Бұл жерлердің басым көпшілігі Көсегеннің көк жолының бойында жатыр. Қырғыздың Күркіреусуынан жететін жол Бақатейді, яғни, Бақаатаны қиялап өтіп, Аралтөбе, Қошқарата арқылы Шаянға, одан әрі Бетпақдаланы басып, Ұлытауға жетеді. Жер аттарынан-ақ ел тарихын тұспалдауға болады. Ол туралы кейінірек. Алдымен осы өңір туралы айтқанда ауызға түсетіні – Қошқарата, Боралдай. Сондықтан да осы жерлерге байланысты ойымызды, білгенімізді тарқатайық.



Жуалы жерінде «ата» деген толықтауышпен аяқталатын үш жер атауы бар. Олар—Шақпақата, Қошқарата, Бақаата. Рас «Бақаатаны» «Бақатый», «Бақатей» деп те атайды. Жуалы жерінен бастау алатын «аталар» Әулиеатаға, одан соң сонау Балқаш көлінің жағасындағы Бектауатаға жалғасады. Жалпы тіл білімінің кейбір ғалымдарының айтуынша «ата» деген сөз бұл жерде жасқа қосылған анықтауыш емес екенін дәлелдейді. Сонымен «Қошқарата» деген атау қайдан шыққан? Бір қызығы осындай атаумен Қырғызстанда, Маңғыстауда аталатын жер аттары бар. Барлығы да Қошқаратаны әулие санайды. «Қошқарата» қой атасы дейтіндер де бар. Бұл жылқы пірі Қамбарата, сиырдың пірі Зеңгібаба сияқты дегенді алға тартады. Алайда қойдың пірін «Шопаната» деп атайтынын еске алсақ бұл атауды малмен сабақтастырудың қажеті жоқ сияқты. Бұл жерде «Қошқарата» деген сөз әулиеліктің, киеліктің, батырлықтың, қасиеттіліктің үлкені, ірісі, биігі деген мағынаны білдірсе керек. Түркі, оның ішінде қазақ батырларының, қолбасыларының дулығаларында немесе ою-өрнектерінде қошқар мүйіздің болуының да осы ойымызбен сабақтасар бір сыры бар.

Ал «Боралдай» сөзінің төркіні туралы жорамал көп. Бірінші- монғол батырының есімі дегенді айтады. Алайда осы өңірдегі Ұзынбұлақ пен Қошқарата, Боралдай мен Қостұрада 1710-1758 жылдары болған жойқын соғыстарға монғол батыры Бұрындай қатыспаған. Ол 1237 жылы Батыйдың Руське қарсы монғолдың оң қанатында 38 мың жауынгерді басқарып, орыс жерін жаулағаны анық. Екінші- бұл қалмақтың боролда деген сөзінен шықан, яғни, «сусыз қуаң боз жота, сусыз боз қырқа» екендігі рас. Ал сөз соңындағы й дыбысы қазақ тіліндегі айтылу ыңғайына қарай қосылған қосымша. Боралдай өңірінің табиғаты осылай екенін ешкім жоққа шығармайды. Қошқарата, Боралдай өңірінің жер қыртысы сусыз боз қырқалар бір-біріне жалғасып жатыр. Үшінші-көне түрік тілінде «бурулдай» деген сөз «күлгін түсті құс» дегенді де білдіреді екен. Осылардың қайсысы бізге жақын? Меніңше, «лай су» дегеннен шыққан деп топшылауға болады. Себебі Боралдай өзені жылдың көп мезгілінде лайланып ағып жатады. Бұл Арыс өзеніне де тән. Өйткені Арыс өзенінің басы Қошқаратаның оңтүстігіндегі Құлан тауынан бастау алады. Өзен арнасы топырағының бос болуы салдарынан өзендердің басы әрқашанда лайланып ағады.

...Тағы да жолға шықтық. Қошқарата ауылына келген соң «аттарымызды» «Джиптер» мен «Ниваларға» ауыстырып, белдерден асып, Сүңгінің сұлу атырабына жол тарттық. Сүңгі терең шатқалды алқап. Осы шатқалдардан бастау алып, Үшқоспада қосылатын, сылдырлай, мың бұралып, қайнар жерін айналып, толғанып ағатын Қошқарата, Боралдай мен Ұзынбұлақ өзендері Қостұраны бетке алады. Ары қарай арсалаңдай, лайланып ағатын Арысқа барып қосылады. Біз сол үшеуі қосылатын тұсқа жетпей қалың тоғайдың ішінде тоқтадық.

Биік-биік алма ағаштардың саясына кең дастархан жайылыпты. «Қошқарата» өндірістік бірлестігінің төрағасы Бесбай Қансейітов қонақтарды дастарханға шақырды. Облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаев Өмекеңді төрге оздырды. Өмірбек Байгелдінің көңілі өте көтеріңкі. Бір-екі жылды артқа тастап елге келгені осы. Оның да себебін мен іштей сеземін.

-Елді сағынып қалыппын. Бұрын тәуелсіздік алмай тұрғанда ел мен жер тарихын айтудың, зерделеудің өзі қиын еді ғой. Енді міне, өз тізгініміз қолымызда. Өзімізді өзіміз танып жатырмыз. Әркім туған жерінің табиғаты мен тарихын, азаматтары мен асылын танып жатса қандай ғажап! Біз елдігімізді әлемге таныту үшін алдымен өзімізді өзіміз біліп алғанымыз жөн.

Жамбыл жері тұнып тұрған тарих! Ол тарих еліміздің тарихынан сырт қалмайды. Тап осы жерде талай мүдделер тоғысы болып, болашақ үшін жан беріп, жан алған кездер болған. Сол оқиғалар қазақ халқының қалыптасуына үлкен ықпал жасағаны айдан анық,-деп ойын бір түйіп тастаған қайраткер ағамыз дастарханға бата жасады...

Мемлекет қайраткерінің аталы сөзі мені тағы да ойландырды. Шынында да туып, өскен жер мен ел тарихын білу қажеттілік екені сол сәтте жақсы түсінгендей болдым. Жуалы жерінің тарихына бойлаған сайын Қошқарата өңірінің тарихы мен табиғаты өзгеше екеніне көзім жетті. Қошқаратаны ертеден-ақ қазақтың іргелі тайпасы қаңлы мен дулаттар мекен еткенін осы жерді Құлан мен Рысбек батырлар қаны мен жанын беріп қорғағанын осы ауылдың тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібай Сұлтанбеков майын тамыза әңгімелеуші еді.

Өмір деген қызық. Мен Әлібай атаның есімін Жезқазған жерінде қызметте жүргенімде қазақтың үлкен ақыны Әбу Сәрсенбаевтың ауызынан естіген болатынмын. Ақын Сәтбаев қаласының жанындағы Рудник кентінде тұратын майдандас досы Даңқ орденінің толық иегері, қарсақпайлық Жақсымбет Үншібаевты іздей келіпті. Ақынның осы сапарында мен ол кісінің жанында екі күн жүргенім бар. Туған жерім Жуалы екенін білген ақын; «Сен менің майдандас досым Әлібай Сұлтанбековтың ауылынан екенсің ғой... Ол Қошқарата деген ауылда тұрады. Анда-санда Алматыда кездесіп тұрамыз. Ұмытпасам поштада жұмыс істейді. Жуалыға жолым бір түспей жүр» деген еді. Сол кезде мен майдангер ағаның аты-жөнін блокнотыма жазып алған едім.

Ақын атын құрметпен атаған Әлібай ақсақалмен бір емес бірнеше рет кездестім. Бірде Қошқарата ауылының ортасында Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне орнатылған ескерткіштің алдында ұзақ әңгімелескеніміз бар. Қария сонда: «Мына ескерткішті кім салғанын білесің бе?» деді. Мен білсем де үн қатқаным жоқ. Ол менің жауабымды күтпестен әңгімесін жалғастырды. «Жатқан жері жәннәт болғыр, жарықтық Жұрымбай Медетов деген көкең салдырған. Ол кезде Медетов осы шаруашылықты басқаратын. Атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Димекеңнің өзі осында келіп, Жұрымбайдың қонағы болған. Кейін партияның съезіне делегат болды. Сонда бір оңбағандар артынан жамандап Мәскеуге, съезге арыз жіберген ғой. «Аққа құдай жақ» деген Жұрымбай съезден қайта ай мүйізденіп келді. Менің айтпағым қайда қызмет істесең де артыңда осындай белгі қалдыр!» Осылай деген Әлібай ақсақал ескерткіште аттары жазылған ауылдастарымен сырласқандай ұзақ үнсіз тұрғаны әлі есімде. Одан кейін ол Қошқарата әулие туралы әңгімелеп еді. Ақсақалмен көп кездескеніммен ол кісі туралы жазудың сәті түспеді. Оны Ақыртөбе ауылында тұратын майдангер досы Мақпалбай Шалданбаевпен кездестіруді ұйымдастырам деп жүргенімде ол кісі қайтыс болып кетті. Шер аға айтпақшы-- бір кем дүние...

Қошқарата өңірі туралы жазушы Еркінбек Тұрысов ақсақалдан да көп әңгіме естігенім бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Балабөгенінде тұратын, осы өңірдің тамыршысы, тарихшысы ретінде талай кітаптар жазған ол Қошқарата алқабындағы Ұзынбұлақтың жотасында Өтеген батыр қалмақтың атақты ұланы Ботхишарды жекпе-жекте жайратқаннан кейін қалмақтар тым-тырақай қашып, Сүңгіге сүңгіп кеткендерін айтып еді Бұл күнде жасы тоқсанға жақындаған жазушы ағаның кітаптарын ақтарғанда Қошқарата өңірінің тарихы туралы көптеген деректерге қанық болатыныңыз анық. «Бәйдібек» атты кітабінде ; «1718 жылдың ерте көктемінде, хан ордасы Түркістанға бет алғанда Хореннің қолына қарсы ашық майданға шыққан Ысты, Ошақты, Сіргелінің Тоғанас, Есіркеп батырларымен бірге Есет батырдың жасақтары Шаян, Боралдай шатқалдарында бір түмен құба қалмақпен алты күн айқасып, он есе басым жауды ойсырата қырып, өздері де түгелге жуық шейіт болған. Тозығы жеткен аңыз әңгімелер осылай дейді... Ел мен Жер үшін жанталас шайқастар 1710, 1712, 1718 жылдары әйгілі «Ақтабанның» қарсаңында осы Қаратау өлкесінде—Бөген, Шаян, Қостұра, Қошқарата, Боралдай өзендерінің торабында өткен еді» деп жазған.

Жалпы тарихи шығармалар жазған жазушылар мен тарихшылар Қошқарата өңірі туралы көп айтқан. С. Сматаев, М. Тынышбаев, Қазбек Тауасарұлы, І. Есенберлин, Қ.Аманжол, А. Тасболатов Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастарда ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен батырлар туралы деректер келтіреді. Әсіресе Мұхаммеджан Тынышбаев Қошқарата өңірінде болған шайқаста найман тайпасынан Садыр руының батыры Жомарт тоғыз ұлымен бірге туған жерді жаудан қорғауда ерлікпен соғысып, опат болғанын айтады. Бұл жүрек тербер оқиға кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Боралдай өзенінің Қошқарата, Ұзынбұлақ өзендеріне қосылатын тұсында «Садырмүрде», «Садырсай», «Садырқамал» деген жер аттары найман ұланының ұлы ерлігінің белгісі. Бұл ерлікті Софы Сматаев пен Ілияс Есенберлин де жазды. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында осы өңірде ірі шайқастардың болғанын айтады. Кітапта мынандай жолдар бар: «...Шайқас Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруы Боралдай мен Қошқарата өзендерінің жоғары сағасында болған еді...». Ал белгілі тарихшы, әдебиетші Бақытяр Әбділдаұлы «Төле би мен Қойгелді батыр» кітабінде өздерінің тоғыз батырын жер жастандырған Қойгелдіге қалмақтар өлердей өш әрі кекті еді. Қазақ батырының аз ғана қолмен Жуалыға келгенін естіген қалмақтың жас батыры жасы елуден асқан Қойгелдіні жекпе-жекке шақырады. Батыр орнынан ұшып тұрып,сауыт-сайманын ыңғайлайды. Осы кезде байтананың жас батыры Шоқан ата батырдың алдына тізерлей отыра қалып; «Батыр, жолыңды маған беріңіз» деп бата сұрап алақанын жайыпты. Қойгелді қанша омыраулап; «Өзім шығам, жекпе-жекке!» дегеніне ақсақалдар тоқтау айтып, жолын байтана Садыбай батырдың ұрпағы Шоқанға бергізеді. Екі батырдың шайқасы Билікөлге жақын Асаның бойында өтсе керек. Ақсақалдар Аллаға сыйынып, белдіктерін мойындарына салып, жеңіс тілейді. Сәскеде басталған шайқас шаңқай түсте Шоқанның жеңісімен аяқталыпты. Жеңіске қанаттанған қазақтар қалмақтарға лап қойып, олардың бекінісі болған Қошқарата өңірінен асырып, Қостұраның тұсында быт-шытын шығарып, қырып тастаған. Содан ол жер «Қалмақ қырылған» атанып кеткен. Әрбір төбесі мен қойнауы шежірелі Қошқарата жері талай-талай шайқастар мен жекпе-жектің куәсі.

Осы өңірде ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда ойраттардан туған жерді азат етуде Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастармен бірге, басқыншыларға қарсы қазақтардың бірігу сәттері де болған. Қазақтың ел екендігін айқындау үшін халық ұлдарының үлкен кеңестері мен келісімдері осы жерде өткен. Шымкент қаласының маңындағы Ордабасынан басқа Жамбыл жерінде, атап айтқанда, Қошқарата мен Ақыртөбеде (Бірі Тараз қаласының батысында, екіншісі шығысында 60 шақырым жерде орналасқан) «Ордабасы» деп аталатын жерлер бар. М. Тынышбаев қазақ сарбаздары қалмақтарға шешуші шайқастарға дайындық жұмыстарын осы жерлерде өткізгенін айтады. Яғни, екінші Ордабасы Қошқарата мен Боралдай да орын тепкен. Бір-бірінен ара қашықтығы 3-4 шақырым болатын «Үлкен Ордақонған», «Кіші Ордақонған» деп аталатын жер атаулары қазір жалпылай «Ордаған» деп аталады. Осы ордағандардың маңында ерекше көзге түсетін төбе бар. Ол төбеде жалғыз ағаш өсіп тұрғанына да көп жыл болды. Халық әулие санайтын төбенің маңында көпшілік «Сәлделі тас» деп атайтын тағы бір төбені қасиетті санайды. Ол жерге Алладан перзент сұрайтындар күні кешегіге дейін түнеп келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол Сәлделі тастың жанындағы бұрынғы Кенбұлақ ауылында «Егемен Қазақстан» газетінің президенті, жазушы, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановтың ата-бабалары мекен еткенін ауыл азаматтары мақтаныш етеді.

Өңір тарихын зерделей отырып, Қошқарата жерінде талай шайқастар болғанын, бұл өңірге қазақтың талай көсемдері мен батырларының табаны тигенін білесіз. Арттарында мәңгілік сөз қалдырған жиһангерлер мен елшілер, тарихшылар мен жағрапияшылар, ортағасырлық қалаларды тамашалап, ғажаптарын алыс-алыс елдерге жеткізген. Жуалы жерінде Түрік қағандарын айтпағанда Шыңғысхан, Жошыхан, Әбілқайыр хан, Төле би, Жолбарысхан салтанат құрған. Қошқарата мен Боралдай алқабында Бөгенбай, Құлан, Итаяқ, Тоғанас, Есіркеп, Есет, Садыбай, Шоқан, Рысбек, Сеңкібай, Сәмен, Қойгелді, Саңырақ, Қарабатыр, Өтеген, тағы да басқа батырлар монғол, қалмақ, жоңғар, ойраттарға қарсы соғысып, қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын пида етті.

... Адыр-адыр белдерді артқа тастап, тағы да Қошқаратаға келдік. Алдымен аялдаған жеріміз Қошқарата әулиенің кесенесі болды. Дұға оқыдық. Күн жарқырап, бар сәулесін Жер баласына мейірлене төгіп тұр. Дала көрінісі көркем. Жүгіріп қырқаға шықтым. Міне ғажап! Қарсы алдымдағы беткей қызғалдаққа ораныпты. Мұндай қалың, мұнша түрлі түсті қызғалдақ алқабын көрген емеспін. Қып-қызылын айтпағанда, сарысын да, күлгінін де, қызғылтымын да, сарғышын да кездестіресіз. Маған түрлі-түсті қызғалдақтың қалың болып өсуі-- ата-баба жері мен елі үшін опат болғандарға Алла тағаланың мәңгілік құрметі сияқты көрінді. Бар дауысыммен «Қызғалдақтарды жұлмаңыздар!» деп айқайлағым келді. Бүкіл дала қызыл бояуға оранған! Керемет көрініс! Оны мәңгі ұрпақ үшін сақтау керек! Сол қызғалдақтардың саясындағы қозықұйрықтың көптігін айтсаңызшы! Керемет! Кезінде шаруашылық басшысы Бесбай Қансейітұлы табиғат байлығын құтыға салып, дастарханға ұсынған. Астана қаласында өткен Жамбыл облысының бірінші күндерінде Қошқарата жерінде өскен қозықұйрық астаналықтарға ұсынылған болатын.

Жуалының ең шұрайлы да, қасиетті жері Қошқарата туралы танымдық-тарихи мақаламызда толғаныстарды тоғыстыра беруге болады. Дерек те, дәйек те көп. Ләжі болса оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін зерттей, зерделей беру керек, Ең бастысы бүгінгі ұрпаққа тарихымызды танытып, туған жердің ғажаптарына ғашық болып өсуіне бастай білсек қандай керемет! Сонда ғана ашылмаған тарихымыз айғақ болып, сұлу табиғатымыз мәңгі сақталады! Батырларымыздың нұры шалқып, мәртебесі биіктеп, есімдері ұрпақтан ұрпаққа жетеді!

1998 жыл.



ҚЫШ КӨПІРДЕ ҚЫЗ ӘУЛИЕ... МАЯТАСТА ҚОС ӘУЛИЕ...

Мұндай сөз тіркесі Қызыләуіт өңірінде атадан балаға мирас болып келе жатқанына қанша уақыт болғанын ешкім білмейді. Сол әулиелер мекеніне жол тартқанымызға біраз уақыт болса да жете алмай келеміз. Осы ауылдың шежірешісіне айналған, көзі ашық, көңілі ояу Орынбасар Әбжапаров ағамыз; «Мына жерде мынандай бар, ана жерде анандай бар» деп жолдан бұра берді. Шынында да көргеніміз біз үшін үлкен жаңалық болды.

«Қызыләуіт ауылының айналасында бұрын белгісіз болып келген таңбалы тастар бар екен. Өрнегі де өзгеше» деген хабар құлаққа жетісімен қыстың алғашы айы болып қалғанына қарамай туған жердің құпияларын ашпасақ та, білейік деген ниетпен жолға шыққан болатынбыз. Қыстың қара суығын елеместен жолға шығуымыздың тағы бір себебі, яғни, бізді желіктірген Меркі, Шу өңірлеріндегі ортағасырлық тарихи ескерткіштерді зертеп, зерделеп жүрген ғалым Айман Досымбаеваның сөзі болды.

- Бұл өзі мен үшін өзгеше саяхат болды. Көп жылдардан бері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз; «Біздің ауылда ерекше таңбалы тастар бар. Айналайын, бір барғаныңда көрші» деген соң барған едім. Өкінішке орай жазуы бар тасты таба алмадық. Құдай қаласа жазда келіп іздейміз. Ал біз көрген ою ма әлде өрнек пе, мүмкін жазу шығар, бір сөзбен айтқанда, өзгеше таңба. Талай жерді аралап жүріп ондай таңбаларды көргенім жоқ,- деген Айманның сөзі маған ерекше ой салған. Таңбалы тастарды бұрын көргендер болғанымен көпшіліктің назарын аудармаған болар, біз бұл кереметті оқырмандарға тезірек жеткізейік деген ниетпен қазынаны көруге асықтық. Сол ауылдың тумасы Өмірбекке салмақ салып, ауылына бару керек екенін, жолсапардың мәнін айттым. Ол; « Менің сондай тастың бар екенінен хабарым шамалы. Бірақ сол ауылдың айтулы азаматы Орынбасардың өңірде білмейтіні жоқ, табамыз. Барсақ барайық, мен дайын. Бір ғана ұсыныс – «Жас Алаштың» тілшісі Оралхан Дәуітті де ертейік» деді.

Өмірбек, Оралхан, Орынбасар және суретші Айдын бесеуміз Қызыләуіт ауылының шығыс жағындағы тау мен тасты аралап жүргенімізге бірер сағат болды. Орынбасардың жол бастауымен жотадан жотаға көтеріліп, таңбалы тастарды, сол өңірдің табиғатын тамашалап жүре бердік. Мұндағы тастың орналасу реті қызықтау; бірі рет-ретімен қалап қойғандай болса, екіншісі жердің бетіне шодырайып-шодырайып шығып тұрған шомбал. Тастың түсі бірде қызғылт, бірде сұр, енді бірде барлық түсті бойына сіңірген. Жотадан ойға түсіп, Орынбасар қолдан жасаған бұлақты жағаладық. Таңбаларды қызықтап, шөптердің атын сұрадық. Алға қарай ентелей жүрдік.

Сондағы біз көрген таңбалы тастардың біразы суреттерде бейнеленген. Әрине сапасы бейнетаспадағыдай емес. Дегенмен де таңбаның сырын ұқпасақ та өрнегін шамалауға болады. Қараңызшы, ені мен ұзындығы 1,5-2 метрдей болатын мына өрнекті неге ұқсатасыз? Жазу сияқты емес. Тепе-теңдікті сақтай отырып салынған таңбаны тамашалай бергіңіз келеді. Әрине шешімін тапсам дейсіз. Табу қиын. Тіпті біз емес, осы саланың ғалымдары көне түркі тілінде жазылған жазуларды жетесіне жеткізіп оқи алмайтындығы туралы жиі-жиі айтылып, жазылып та жүр. Сондықтан да таңбаның құпиясын ашатын азаматты бұл өңірден табу мүмкін емес. Жұмбағы ашылмағанның құны да қымбат болатыны белгілі.

Бұл өңірдің тасы жазуға арналған қағаздай тептегіс. Жұқа-жұқа, қатпар-қатпар, жалпақ тас аз емес. Ауыл адамдары қазір осы жалпақ, жұқа тастардың қызығын көріп отырғанын «Көктал» акционерлік қоғамының президенті Есенаман Бейсеуов майын тамызып тұрып бағана ғана айтып берген. Сондықтан да жер асты мен үстінде жатқан тастың бұл өңіргдегі қасиеті өзгеше екені айтпаса да түсінікті.

Мына үлкен өрнек қалың тасқа салынғанымен, оның беті тегіс және жалпақ. Өкінішке орай өрнек салынған тастың шеттері сынып, опырылып қалыпты. Тіпті орнынан қозғауға ұмтылғандар да болған сияқты. Соған қарағанда мұның енді ұзақ жылға сақталуы екіталай. Сондықтан да, өрнектің көшірмесін немесе таңбалы тастың өзін қашан, қай жерден алынғаны жазылып, Тараздағы тас ескерткіштер музейіне қою керек сияқты. Болмаса барымыздан көп жыл өтпей-ақ айырылып қалуымыз әбден мүмкін.

Қос немесе жалқы шеңберлерді бір – бірімен сызықпен жалғастырған таңбалар өте көп. Тіпті барлық таңба осы белгілердің айналасында шоғырланғандай. Осы көрініс бізді таңғалдырды. Мұның сыры қандай?

Әрине аң, үй жануары белгіленген таңбалы тастарды да кездестіресіз. Ал тоғызқұмалақ тақта тастары мұнда жиі ұшырысады.

Біз Орынбасар мырзадан қалақ тастарға жазылған жазуды көрсетуді өтіндік.

- Өткенде іздеп-іздеп таба алмадым. Жастау кезімде, мал дәрігері болып, жайлау мен қыстауды аралап жүргенімде Сарысу ауданының шекарасына жақын жердегі жоталардан көргенім бар еді. Жақында оны іздеп барып таба алмадым. Алла рахымын салса көктем мен жаз айларында іздеп шығамын, табуым керек, табатын шығармын. Күлтегіннің таңбалы тасын көрген сайын сол таңбалы тастар есіме түседі. Ол жазулар бір тасқа емес, бірдей бірнеше тасқа жазылып, қатар-қатар қойылған. Құдай сәтін салса табармыз,-деп ол алыстағы жоталарға бір сәт қарап тұрып қалды.

- Енді мен Сіздерге Қышкөпір мен Маятасты көрсетемін.Ол жердің табиғаты да, аңызы да қызық. Екеуі де Көктал өзенінің арнасында,- деген ол алға қарай адымдай түсті.

- Көктал дегеніңіз Қаратау қаласының жанынан ағатын өзен бе?

- Иә, тап соның өзі. Сол Көкталыңыз бастау алатын жерде Сіздің бір әңгімеңіздің кейіпкері Мақұлбек болыс мекен еткен,- деп Орынбасар маған қарады.

Күннің жыли бастағанынан ба, әлде жаяу жүргендіктен бе бәріміздің маңдайымыз тершіп, жүрісіміз баяулады. Көп ұзамай терең аңғарға тап келдік. Былай қарасаңыз бұл жерде осыншама терең таулы аңғар болатындай тау да, жота да байқалмайды. Бірақ тептегіс жеріңіз қақ айырылып, 30-35 метрдей терең шатқалға тап болғанымзға таңғалмасқа болмайды. Шатқалдың оңтүстік жағы бетоннан тұрғызылғандай бекем тоспа сияқты жұп-жұмыр. Ал солтүстік қабағын қуатты су толқындары ғасырлай бойы ұрғылағап, борша-боршасын шығарған, мүжіле бастаған. Бұл шатқалыңыз суы мол өзеннің аңғары болғанын аңғартады. Бұл арнада көктем айларында әлі де су ағады. Алайда Көкталыңыз ол кезде жылғалап аз уақыт қана төмен сырғиды. Біз шатқалдың оңтүтік қабағымен батысқа қарай 500 метрдей жүргеннен кейін әлгі айтқан «тоспаңызды» бұзып өткен су арнасына тап болдық. Арнаның ұзындығы 10 метрдей.

- Аңыз бойынша осы жерге қыштан тіреусіз көпір салынған. Байқайсыз ба, анау сарғыш тартқан, тас сияқтылар қалыбы әртүрлі күйдірілген кірпіш,- осылай деген Орынбасар бізден бұрын арнаны жағалап төмен түсті. Шынында да әр жерде шашылып жатқан күйдірілген қыштарды көрдік.

- Байқайсыздар ма, мына қылтанақты бекітсе алдарыңыздағы жазық мол суға толады. Кезінде егіншілікпен айналысқан ата-бабаларымыз осы қылтанақты бекітіп тоспа салуды да ойлапты. Алайда су біраз көтеріліп, Қызәулиенің моласына жеткенде тоспаңыздың күл-талқаны шығады екен. Жазықта әжептәуір қорым бар. Сол қорымның ортасындағы аумағы үлкендеуі Қызәулиенің моласы болса керек. Аңыз солай дейді.

Қорымда ұзынынан қадалған шақпа тас көп. Соған қарап-ақ бұл жер қорым болғанын аңғаруға болады.

Қызәулие қорымынан екі шақырымдай жердегі Маятасқа қарай жол тартық. Мұнда да тоспа жасалыпты. Қанша «нығайттық» дегенімен тоспаның өмірі ұзаққа созылмапты. Көне көз қариялардың айтуынша Маятаста тоспа салу кезінде әлде бір тылсым күштің кедергісі көп болыпты. Тоспа жасаушылардың техникалары тез істен шығып, түнде құрылысшылар ұйқыларынан қайта-қайта шошып ояна беріпті.

Қызыләуіт ауылының маңындағы осындай тарихи ескерткіштерді көргенімізде біздің әлі білетінімізден білмейтініміз көп екеніне көзіміз жетті. Білсек сол таңбалы тастар тұрған жерге неге белгі қоймаған. Тіпті адам, мал баспас үшін қоршап қойсақ болмай ма?! Әлде құнсыз деді ме екен? Басқасын айтпағанда мына сіздердің алдарыңыздағы үлкен суретке көз жіберіп көріңзші. Бұрын мұндай таңбаны көріп пе едіңіз?!

Ұлттық рухани қазынамызды танып, білу бүгінгі және келер ұрпақтың міндеті. Таңбалы тастардағы белгілерді танып, білу, оқу аса маңызды. Өкінішке орай бұл бағытта біз әзірге қазақ рунистикасының негізін салған бірегей көне түркі таңбаларын танушы Ғұбайдолла Айдаровтың ісін білімпаздықпен жалғастыра алмай отырмыз. Тіпті, осы салада жемісті еңбек етіп жүргендер жоқтың қасы. Соның салдарынан араб мәдениеті бізге келмеген кезденгі таңбаларымыздан солардың ізін іздеп шаршап жүргендер де бар. Ғылымды дамыту үшін бүгін ақпарат алу әдісі дамыған кезде астанада немесе үлкен ғылыми орталықтарда жұмыс істеудің қажеті шамалы. Сондықтан да тарихы терең, көп құпиясын әлі бауырына басып жатқан Таразда таңбалы тастарды тани, оқи білетін ынталы ғылыми топ құруға неге болмайды. Қажет десеңіз Таразда археология, антропология және руна таңбаларын оқи алатын топтың болуы шартты да. Тараздың айналасында ондап саналатын ортағасырлық қалалардың құпиясын кім ашады? Осыған бір ой жіберіп көрейікші.

ТАС МҮСІНДЕР
Таразда тас мүсін-балбал тастар мұражайы бар. Мұражайдағы әрбір ескерткіштің сыры мен тарихы тереңде екенін ешкім жоққа шығармайды. Ежелгі қаладағы ескерткіштердің барлығы Жамбыл облысы аумағынан жинастырылған. Олардың әртүрлі және әр кезеңдерде кескінделгенін назарға алсақ, Елбасымыз айтқандай «Тараз - тарихымыздың алтын діңгегі» екеніне көзіңіз жетеді.

Мұражайға облыс аумағында әр жерде құлап, бүлініп жатқан 60-қа жуық балбал тасты тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу мақсатында бір жерге жинастырылуы өнегелі іс болды. Оны көрушілер ата-бабаларының тарихынан қандайда болмасын хабар алатыны сөзсіз. Тас мүсіндер бір-біріне ұқсас болғанымен өзгешелеулері де бар. Олардың көпшілігі Түркі қағанаты кезеңіне жатады. ҮІ –ғасырда Алтайда мемлекет ретінде құрылған Түркі қағанатының құрамында бүгінгі қазақ даласы болғаны да белгілі.

Жамбыл облысында балбал тастар Меркі және Жайсаң өңірінде көп кездеседі. Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарих ғалымының докторы Айман Досымбаеваны бұл өңірлердегі тас мүсіндер туралы ғылыми тұжырым жасаған аса талантты ғалым екенін бүгінгі күні мойындағандар аз емес. Айманмен әңгімелесе қалсаңыз балбал тастар туралы қызықты ойлары мен пікірлері сіздің ынтаңызды арттыра түседі. Оның пікірінше тас мүсіндер ғұрыптық өнер ескерткіштері. Бұл мүсіндерді мыңдаған жылдар бойы көшпелі сақтар, сарматтар, түрік ашиналары, қаңлы мен қыпшақтар тұрғызған. Ескерткіш олардың наным-сенімнің, берекесі мен байлығының, мәңгілік пен тұрақтылықтың белгісі іспеттес болғанын Айман ханым дәлелдей айтты. Пікірін бекіте түсу үшін ол көптеген деректер мен дәйектер келтіреді.

Шығыстың ұлы шайыры Низами балбал мүсіндер туралы былай депті: «Қыпшақтардың барлық тайпалары ол жерге барған кезде, ...мүсіндерінің алдында барынша иіледі. Жолдан жаяу келсе де, атпен келсе де оған табынады». Бұл сөзден-ақ түріктер ата-бабаларына деген құрмет екенін білесіз. Олар орта ғасырда әлем таныған Батыс Түрік қағанатының құрамында болған Қарлұқ, Қаңлы, Қыпшақ және Қараханид сияқты түркі тілдес мемлекеттердегі көшпенділердің қайтыс болған адамдарды жерлеу дәстүріне байланысты орнатылған ескерткіштер екенін нақтылай түседі.

Жамбыл облысының аумағында мұндай ескерткіштер кезінде өте көп болғанын ғалымдар мен археологтар еңбектерінен анық байқауға болады. Ашық аспан астында мұражай тас мүсіндер-балбал мұражайының ашылуына, Жамбыл өңіріндегі тас мүсіндерді зерттеуде және оның тарихын зерделеуде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, өлкетанушы, тарихшы, археолог, этнограф марқұм Күзенбай Байбосыновтың еңбегі зор. Біз осы мақаламызда оның айтқан кейбір пікірлері мен зерттеулерін сөз тиегі еткенімізді айтуды парызымыз санадық. Оның тікелей араласуымен мұражайға тасқа қашалып жасалынған басқа да ескерткіштер шоғырландырылды. Әрине облыс аумағында тастан жасалынған және тасқа салынған ескерткіштерді бір жерге жинау мүмкіндігі және қажеті жоқ екені де түсінікті. Мұражай қызметкерлерінің мақсаты тарихи жәдігерлердің бір бөлегін ғана топтастырып, елге, қонақтарға көрсетіп, қазақ даласында орын тепкен біздің түп тамырымыз мәдениеті дамыған мемлекет болғанын таныту болды. Бұл ойды жүзеге асыру оңай болмағаны белгілі. Осы орайда К. Байбосыновтың табандылығы шешуші рөл атқарды. Ол мұражайды ашу тарихи ескерткіштерді зерделеуге, тамырымыздың тереңдігіне өзгелердің көзін жеткізу, сонымен бірге өткенімізді білуге ықпал жасау екенін дәлелдей білді. Бұл – тарихи, танымдық қажеттілік екенін ешкім жоққа шығармайды.

Балбал немесе тас мүсіндер Қазақстанның әр түкпірінде кездесетіні анық. Мұндай тарихи ескерткіштер Орталық Қазақстанның Ұлытау, Арғанаты, Қарқаралы, Ақсу-Аюлы тауларында, Алтай, Тарбағатай, Батыс Қазақстан, Үстірт өңірлерінде, бір сөзбен айтқанда, ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең даламызда көп кездеседі. Әсіресе, Қаратаудың қойнаулары мен қырғыз Алатауының теріскейінде және Шу, Іле аймағында, Хантау мен Жамбыл тауларында тас ескерткіштер өте көп. Жеріне, еліне қарай олар әр түрлі. Мәселен Батыс Қазақстанда кездесетін тас ескерткіштер өзге өңірлердегіден өзгешелеу.

Қазақ жеріндегі тас мүсіндер жөнінде алғаш әлемге ХІХ ғасырда паш еткен орыс ғалымдары В.Бартольд, И.Анчиков, В.Каллаур, И.Кастанье, А.Бернштам, Э.Новгородова, Д.Грач, Я.Шер, тағы да басқалар болды. Белгілі шығыстанушы ғалым В.Бартольд 1893-1894 жылдары Оңтүстік Қазақстанға ұйымдастырған ғылыми экспедициясы Шу мен Талас аңғарларында көптеген археологиялық ескерткіштермен қатар тас мүсіндерді де зерттеді. 1895 жылы И.Анчиков Меркі жеріндегі Сандықтас тау шатқалындағы тас мүсіндерді зерттеді. Ол Сандықтас жайлауындағы Шөлжайлаудан бірнеше тас мүсіндерді кездестірген. Әулиеата уезінің бастығы болған В.Каллаурдың осы саладағы ғылыми еңбегін ерекше атау қажет. Ол 1888 жылы «Әулиеатадағы тас мүсіндер» деген көлемді хабарламасында өлкенің әр жерінен табылған тас мүсіндер жөнінде қызықты деректер келтірген. Бұрын көрмеген ескерткіштерге қызыққаны сонша ол 1894 жылы В.Бартгольдқа тапқан таңғажайыптары туралы хабарлап, оны Әулиеата жеріне шақырған. Атақты шығыстанушы Әулиеата жеріне келіп, балбалдарды көріп, таңғалған және танымдық еңбектер жазған.

Меркі Алатауындағы тас мүсіндер жөнінде И.Анчиковтың хабарламасынан кейін В.Каллаур Сүйіндік, Сандықтас, Шайсандық жайлауларына келіп, ескерткішерді көзімен көреді. Олардың біразын қазына іздеушілер талқандап,сындырып, мәдениетке үлкен зиян келтіргенін қынжыла жазды. Ол бір обаға орнатылған бірнеше тас мүсіндерді отбасы мүшелеріне қойылған деп тұжырымдайды. Сондай-ақ автор өз мақаласында бірнеше тас мүсіндер Әулиеата уезі басқармасы орналасқан кеңсенің ауласында тұрғанын, оның біразын Тәшкенттегі Түркістан әуесқой археология үйірмесінің мұражайына жібергендігін де жазған. Кейбір деректер бойынша тас мүсіндердің басын сындырып алып, лауазымды адамдарға сыйлық ретінде беріп отырған. Ол ол ма? Шу ауданы Төле би ауылында алғашқы орыс қоныстанушылары бір үйдің іргесіне 8 тас мүсінді қалап жіберген. Мұндай қаскүнемдік аз болмағаны әбден анық. Қазақ жеріне келген келімсектер бұл ескерткіштердің аса құнды тарихи жәдігер екенін білсе де білмегенсіді, қажет десеңіз әдейілеп жойды.

Қазақ жеріндегі тас мүсінді нағыз ғылыми түрғыда Әлкей Марғұландай, кейінгі жылдары Айман Досымбаевадай зерттеген ешкім болған жоқ. Әлекеңнің Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер туралы еңбегі қазақ тілінде жазылғандықтан көп ғалымдардың назарына ілікпеген. Осы салада еңбек еткен ғалымдар тек жарияланған еңбектердегі тас мүсіндерде бейнеленген киім, ыдыс, қару-жараққа ғана ғылыми сипаттама берумен шектелген. Өткен ғасырларда тас мүсіндерді зерттеген орыс ғалымдары терең ой, пікір айтпаған. Ескерткіштер тарихын терең зерттемеген. Тек сондай жәдігерлердің бар екенін ғана сөз еткен.

Ал Әлкей Марғұлан мен Айман Досымбаева болса ескерткіштерді көзімен көріп, сол жерде ұзақ уақыт болып, қолымен ұстап, зерттеп, ғылыми тұжырым жасап, тас мүсіндер ежелгі заманда қазақ даласын мекен еткен ата-бабаларымыздың бай тарихи мұрасы екендігін дәлелдеген. Тас мүсіндер сол жерді мекен еткен халықтың тарихы мен мәдениеті екенін дәлелдеген. Ескерткіштер орнатылған заманның тарихын зерделеген. Оның орнатылу себептерін саралаған.

Ғалымдар тас мүсіндердің пайда болуын Түркі қағанаттарының салтанат құруымен байланыстырады. Әсіресе Батыс Түрік қағанаты шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолына бақылау жасайтын, сауда-саттық, дипломатиялық қатынасы дамыған күшті мемлекет болды. Қағанаттың негізгі діңгегіне айналған ірілі-ұсақты қалалар пайда болып, өркендеді. Қолөнер,егіншілік дамып, сәулет өнерінің белгілері өркен жайды. Осы кезде үлкен бекіністер мен қала тұрғындары арасына буддизм, манихейство, христиан, зороастризм, кейінірек ислам діні тарай бастады.

Ал көшпенділер арасында бабалар аруағына сыйыну дамыды. Ежелгі көне түркілер өз ата-бабаларына сыйынып, олардың әруағын еске алу үшін осы тас мүсіндерді қойып, оларды қоршауды дәстүрге айналдырды. Осы тас қоршаулар туралы Ә.Марғұлан: «Тас шарбақтар тарихи адамдардың жерленген қабірі емес, тек оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыратын жерлерге қойылған белгілер»,- дегенді айтады. Дегенмен де басқа да пікірлер бар. Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз ежелгі заманның алыбын, батырды, атақты билерді, абыздарды,жыршылар мен малшылардың бейнесін көз алдыңызға елестетесіз. Тас мүсіндер туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар екенін де айта кеткен жөн. Болжам жасаушылардың бір тобы мүсіндер атақты түркі ұландары шайқастарда өлтірген күшті жауларын бейнелейді» десе, енді бір топ ғалымдар «тас мүсіндер түркілердің өздерінің мықтыларына қойылған ескерткіштер» дегенді айтады. Сонымен бірге олар «бұл мүсіндер өлген адамдардың қабірінің басына, оның сүйегін өртеу рәсімі жасалған жерлерге қойылған белгі» деген пікір білдіреді. Кім де болса, қашанда жауына тас мүсіндей ғажап белгі қоймағаны анық. Сондықтан екінші болжаммен келісуге болады.

Түркі қағанаты кезінде орнатылған ескерткіштер Мойынқұм жеріндегі Хантау темір жол станциясынан шығысқа қарай 40 шақырым «Қожа бала» деген жерде бар. Бұл ескерткіштерді алғашщ зеттеген Күзенбай Байбосынов тас шарбақ-қоршау төрт бұрышты, ұзындығы әртүрлі, тастар қырынан қойылған дегеніне көзімізді жекіздік Көп заман өткендіктен тас шарбақтар құлаған. Шарбақтың төменгі жағында сақ заманындағы қорған обаларымен бірге қола дәуірдің 50-ге жуық төрт тас қоршау сүлбісі әлі бар. Әлікей Марғұлан түркі қағанаты кезінде жасалған тас шарбақтар мен тас мүсіндер қола дәуірінің тастан жасалған ескерткіштеріне еліктеуімен жасалынғанын байқауға болатындығын айтқан. Осындай тас шарбағы бар ескерткіштер Қордай ауданы «Ой жайлау» деген тау шатқалында да бар. Қорған обалармен бірге гранит тастан жасалынған шарбақтар тізбегі баршылық. Осы тас шарбақтағы биіктігі 160 сантиметр болатын мүсін ерекше. Мүсінде кең маңдайлы, қыр мұрынды қарт кісі кескінделген. Қолын алдына ұстағаны да, белдігінің ою-өрнектері де анық. Мүсіннің айта кететін ерекшелігі-- оның көзі жұмулы. Осы ескерткіштің жанында қола дәуірінің де ескерткіші тұр.

Жамбыл жерінде топырақ пен тастан үйілген обаларға орнатылған тас мүсіндер де кездеседі. Бұл мұра Жетісу өлкесіндегі ҮІІ-Х ғасырларда болған феодалдық мемлекеттердің бірі – Қарлұқ қағандығынан қалған. Ол Батыс Түркі қағанаты ыдыраған соң түркештерді талқандап, күшті мемлекетке айналды. Сөйтіп, қарлұқтар Жетісуда 766-940 жылдары билік құрып, Шуда – Суяб, Талас өңірінде іргетасын қаңлылар қалаған Тараз қаласын тұрақты мекеніне айналдырды. Қарлұқ мемлекетінің саяси, әлеуметтік-экономикалық ықпалының өсуі Қаңлы мемлекеті сияқты Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттықты бақылауына алуы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты болды. Қарлұқ дәуірінде ҮІІІ-ІХ ғасырларда Талас алқабында Жамухат, Атлах, Хамұхат сияқты қалалар бой көтерді. Тараз қаласын айтпағанда Меркі, Құлан және Аспара сияқты ірі қалалар да осы мемлекеттің құрамында болды. Қарлұқ мемлекетінің экономикасы мен мәдениеті дамыған қуатты болды. Бір қызығы олардың арасында бір емес бірнеше діни ағымдарға бой ұрғандар көп кездесетін. Соған қарамастан халықтың көпшілігі негізінен ата-бабалар әруағына, тәңірге сыйынды. Орта Азияда Х ғасырда болған араб жағрипашысы Әл-Макдиси былай деп жазды: «Түркілер бір Тәңірге табынды. Олардың кейбіреуі «Тәңір» дегеніміз зеңгір көктің атауы деп пайымдаса, енді біреулері «Тәңір» көктің нақ өзі» деді». Міне осы кезеңде тас мүсіндерді қашау жаңа сатыға көтерілді. Тіпті елді мекендерде арнаулы шеберханалар жұмыс істегенін мүсіндердің сынық қалдықтарынан анық байқайсыз.

Қарлұқтар түрік тайпаларынан құрылған қағанат болды. Сондықтан да болар олар түркеш қағанатының салты мен дәстүрін жалғастырды әрі дамытты. Дүниеден өткендердің әруағына сыйыну және оларды еске алу үшін тас мүсіндерді қорғандарға орнатуды жалғастырды. Олар қашаған тас мүсіндер жайлауда, тау бөктерлерінде, шатқалдарды көбірек кездеседі. «Осыған қарағанда бұл салт тек жаз кезінде ғана өткізілген сияқты»,-дейді К. Байбосынов. Себебі олар қоныстанған жақын жерлерден тас мүсіндер жоқ. Сонымен бірге биік жерлерге тек жаз айларында ғана баруға болады. Теңіз деңгейінен төрт мың метр биікте орын тепкен Сандықтас шатқалындағы тас мүсіндер осы сөзімізді дәлелдей түседі. Мұнда Айман Досымбаеваның айтуынша «64 тас мүсін ашылды, оның 31-і әйел мүсіні. Ғұрыптық ескерткіштердің статистикалық талдауы және типологиялық мәліметтері негізінде ғибадатхананың құрамында 38 мүсінді кешен бар екені анықталды». Бір жерге осыншама мүсіннің шоғырлануы Қарлұқ тайпаларының бұл өңірді ұзақ жылдар бойы жаз жайлау еткенін аңғаруға болады. Кезінде Батыс Түрік қағанатының қағаны Істемі шетел елшілерін елдің астанасы Тараз қаласында қарсы алып, қонақтарды осы Сандықтас шатқалында демалдырған. Ал оның немересі Тон астанасын Мыңбұлақ жеріне, яғни, Меркіге көшіріп, табиғаты керемет, жау аяғы жете бермейтін, биіктегі Әулиекөл-Көккөлге жақындай түскен. Тіпті ол бұғыларды санап, мойындарына қоңырау тағып, оларды атқандарды өлтіруге жарлық шығарған. Көккөлдің айналасы тұнып тұрған тарих. Біз Сандықтас пен Көккөл шатқалдарына барғанымызда мешіттің орнын, бірнеше кіші көлдерді көріп, балбал тастарды тамашаладық. Молалар өте көп екеніне назар аудардық. Осыған қарап бұл жер ұзақ жылдар бойы қарлұқтардың мекені болғанын білесіз.

Міне осындай тарихы мен табиғаты бай өңірдегі балбал тастардың сан алуан болуы кімді болсада қызықтырады. Тас мүсіндер тастан, топырақтан үйілген обаның шығыс жағына орнатылған. Бір обада бірнеше мүсін осында кездеседі. Бұл көне мұраны Айман Досымбаеваға дейін де талай орыс ғалымдары зерттеген, зерделеген. Олардың арасында қате пікір айтқандар да болды. Мәселен орыс ғалымы Э.А. Новогородова «Қазақстанның оңтүстігіндегі қыпшақтардың «Киелі орны» атты ғылыми еңбек жазған. Қыпшақтар Махмұд Қашқаридің айтуынша ХІ ғасырда ғана Тараз, Отырар қалаларының төңірегіне келе бастаған. Сондықтан да Сандықтастағы тас мүсіндер қыпшақтарға тиесілі емес деген пікір жиі айтылуда. Меркі шатқалындағы бұл ескерткішдерді ҮІІІ-Х ғасырларда осы өңірді билеген қарлұқтардың, тіпті олардан ертерек ҮІ-ҮІІ ғасырларда салтанат құрған түркі бірлестіктерінің, осында билік құрған түркештердің заманына да жатқызуға болады.

Мұндағы тас мүсіндердің көпшілігі бір-біріне ұқсас болғанымен қолдарына ұстаған ыдыстары әртүрлі. Тас мүсіндерден қару-жарақ және әртүрлі бұйымдардың суретін аңғарасыз. Бас киімдері бар қыз-келіншектердің де, малдас құрып отырған жігіттердің де бейнесін көруге болады. Бір қызығы Қазақстанның өзге өңірлерінде кездесе бермейтін көрініс мұнда әйелдер мен ерлердің мүсіндері қатар тұр.

Ежелгі түркілердің кісіні жерлеу рәсімі туралы кезінде көптеген пікірлер айтылған. Қытайдың «Тан-Шу» атты шежіресінде; «Олардың әдеті қабір үстіне үй жасап, оның ішінде жерленген кісінің тасқа қашалған тұлғасын қояды. Сонымен қатар олардың ерліктерін жазады» деп жазыпты. Көне түріктерді дәл осындай жерлеу дәстүрін көзімен көрген ХІІІ ғасырда француз королі Людовик тапсырмасымен 1253 жылы Орталық Азиядағы Монғол ордасы Қарақорымға барған Г. Рубрик қазақ жерінен өткенде жергілікті тайпалардың өлген адамды жерлеуі жайында; «Өлгендердің үстіне топырақ үйіп, бетін күн шығысқа қаратып, кіндігінің тұсында тостаған ұстап тұрған мүсін орнатады» деп жазыпты. Әрине ол бір ғана жерлеу рәсімін көрген болуы керек. Болмаса тас мүсіндердегі суреттердің әртүрлілі болатынын да ол көретін еді. Мәселен Қордай ауданының Шарбақты ауылының терістік жағындағы Қарасулы сайынан табылған екі мүсін қытай шежіресінде айтылғандай емес. Оның бірі дулыға киген жауынгерге ұқсас, ал екіншісі кимешек киген әйелді кескіндеген. Бір қызығы екеуінің де көздері жұмулы, оның үстіне бір-біріне қырын орналастырылған. Бұл мүсіндер туралы қандай ой қорытуға болады?

Сирек кездесетін тас мүсіндерді Шу ауданындағы Жайсаң жайлауынан да көруге болады. Жайсаң алқабындағы тарихи ескертіштердің қорғандарда орналасуы әртүрлі. Тас мүсіндер қорғанның шығысында да, батысында да және ортасында да орнатылған. Бұл даладан жартастарға салынған рулық таңбаларды да кездестіруге болады. Жүздері шығысқа қаратылған төрт тас мүсін ерекше. Солардың бірінің бет-бейнесі әдемі сақталған. Үшеуінің жүзі көмескілене бастаған. Үш мүсіндегі кісі де сол қолдарына ыдыс, оң қолдарына сұңқар ұстатылған. Аңғарсаңыз көптеген балбал тастарда кескінделген адам бір қолына ыдыс ұстап тұрғанын көресіз. Бұл нені аңғартады? Ыдыс--Жер мен Судың, Аспан мен Жердің бірлігінің белігісі. Яғни, бұл тәңірге табынушылықты, сонымен бірге ата-бабалар әруағына табыну, өздерінің салт-дәстүрлеріне адалдығын көрсетеді. Айман Досымбаева осылай ой деп қорытады. Ғалымның пікірімен келісуге болады. Ал мүсіннің екінші қолындағы сұңқар еркіндікті, тәуелсіздікті бейнелейді. Сонымен бірге мүсіндердің қолдарынан басқа да заттардың суреттерін көресіз. Оны дүниеден өткен кісінің кәсібі мен даналығын, көсемдігі мен батырлығын, қандай іспен айналысқандығын айғақтауға ұмтылғаны деп ой түюге болады.

Тас мүсіндер әртүрлі. Бірі—заманының батырын кескіндесе, енді біреулері мейірімді аналарды бейнелейді. Тіпті, саятшы мен шаманның да бейнесін кескіндеген. Жамбыл облыстық тас мүсіндер мұражайындағы үш мүйізді мүсін сөзімізді дәлелдей түседі. Мұны ғалым С.М. Ақынжанов бақсының бейнесі дегенді айтады. Сонымен бірге Жайсаңнан әкелінген үлкен сұр тастан жасалынған мүсін де ерекше. Мүсіндегі кісі екі қолымен кіндігінің тұсында екі сүйір затты ұстап тұр. Орыс ғалымдар бұл заттарды арфа саз аспабы дегенді айтады. Ал біздіңше бұл қобыздың алғашқы нұсқасы. Ең алғашқы қобыз бір шекті, садаққа ұқсас болып келген. Мұндай мүсіндерді Әлікей Марғұлан Орталық Қазақстаннан да кездестірген. Кезінде Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының маңынан бүйірінде көне руна жазуы бар табылған тас мүсін Әлікей Марғұланды ерекше таңғалдырған. Оның да сыры толық ашылмай, қазір сол тас мүсін ұмыт қалғаны өкінішті-ақ. Өкінішті болатын іс аз емес. Сыры ашылмаған балбал тас аз емес. Сонымен бүгінгі қазақ жерінен тысқары жерлерде де тас мүсіндердің кездесуінде қандай сабақтастық бар екенін де біле бермейміз. Мәселен, Украйнаның Изюм деп аталатын қаласының маңында біздің жеріміздегі балбал тастарға ұқсас мүсіндер кездеседі. Оның сырын сол тастарды орнатқан жылдары-ақ жазып, қалдырыпты. Ұлы Отан соғысы басталар алдында ғана украиналық археологтар Иэюм қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізгенде араб хәрпімен жазылған тақтайша тауып алады. Онда былай делініпті: «Бұл қала Әлиұлы Әли Таласиұлы Джемаль-ад-Динұлы Әли-ад-Диннің әмірімен 11 шавваль 734 жылы салынды». Ғалымдар бұл кісінің тараздық билеуші екенін де дәлелдеген.

Мұражай қорында ұзындығы –195,ені 31 сантиметр болатын ерекше бір мүсін бар. Сұр тас жұмырланып өрілген. Бізді қызықтырғаны тұғыры бір болғанымен оның жоғары жағында тастың төрт қырында төрт кісінің кескіні бейнеленген. Тұғырдың төменгі жағында әртүрлі суреттер салынған. Ескерткіштің ерекшілігінің шешуі әзірге белгісіз. Не үшін, неге осылай қашағанын біле алмадық. Әлде соғыста қайтыс болған бір үйдің батыр ұлдары кескінделді ме екен?! Сонымен бірге бұл діни ғұрыптардан туған туынды ма екен?! Шешуі жұмбақ. Бұл ескерткіш Тұрар Рысқұлов ауданының Өрнек ауылының маңынан әкелініпті. Осы маңдағы орта ғасырлық қала орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде К. Байбосынов бастаған археологтар сарай тіреулерінің астына қойылған тастың жоғары жағы сүйірлеу, төменгі жағы жалпақтау, төрт бүйірлері ойық тұғырды тапқан. Оның бір ғана ойық бүйіріне адам суреті салынған. Мұның да сыры жұмбақ. Осы жерден табылған тас төсектің ерекшілігі қызықтырады. Осы жерден тас қашайтын шеберхананың орны табылған. Мұнда аяқталмаған мүсіндердің нобайларын да кездестіресіз. Мұны қазақ жерін билеп, төстегендер де білген.

Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 10-қордың 5-тізбесіндегі 1915-1917 жылдардағы тарихи құжаттарды ақтарсаңыз бүгінгі Жамбыл облысының аумағындағы көптеген тарихи ескерткіштер мен тас мүсіндер патшалық Ресейдің отарлаушыларының да назарын аударғанын аңғарасыз. 1896 жылы 11 желтоқсанда генерал-губернатор үйінің залында өткен археолог әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелерінің жалпы жиналысының қаттамасында өте қызықты деректер мен дәйектер келтірілген. Жиналысқа үйірменің құрметті төрағасы барон А.Б.Вревский және төрағаның орынбасары Н.П.Остроумов төрағалық еткен. Жиналысқа үйірменің 30 мүшесі мен хатшысы, қазынашылық өкілі қатысып отырған. Үйірменің бір жылда атқарған істерін тыңдай келіп құрметті төраға археологиялық және басқа да зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мәдениеттің ұрығы адамзатқа арабтар арқылы жетті деген пікірді Орталық Азияның тұрғындары, атап айтқанда, ареистер дамытқанына көз жеткізуге болады деген. Ол сонымен бірге осы өңірдің мәдениетінің дамуына христиан дінінің ықпалы болған деген болжам айтады. Бір қызығы осы үйірменің мүшелерінің көпшілігі түркі халқының әлемдік өркениетті дамытудағы алатын орны туралы ауыз ашпауға тырысқаны байқалады. Олар өркениет дамуын ареистерге телиді. Бұл туралы үйірменің мүшесі Авинов деген мырза да айтқан. Сонымен бірге ол Бомбейдің «Азия» археологиялық қоғамының Меркі жерінде балбал тастарды зеттеудегі еңбектеріне де тоқталған. Осы жиналыста А.Т.Тамиров деген азаматтың Түркістан мұғалімдер семинариясының оқушылары Әділ Нұрғоджинов пен Қарабаш Әділбеков екеуін жанына алып Меркі балбал тастарының құпиясын және 4000 метр биіктіктегі Көккөлде зерттеу жұмысын жүргізгені айтылған. Олар осы зерттеулерін ғалымдардың өзге де зерделеулерімен салыстыра келіп амалсыздан балбал тастарды орнатушылар түрік тайпасының өкілдері екенін мойындайды.



Үйірменің жылдық есепті жиналысында Әулиеата жерін зерттеуде көп еңбек сіңірген И.В.Аничков пен В.А.Каллаур да хабарлама жасаған. Ол өз сөзінде Талас өзенінің бойында Дмитревский деп аталатын елді мекеннің маңынан таңбалы тас көргендігін, ондағы жазу араб немесе қалмақ жазуларына тіпті де ұқсамайтындығын мәлімдеген. Ол өз сөзінде И.В.Аничковпен пікір алыса келіп бұл жазба Орхон-Енисей сына жазуларына ұқсас деген пайым жасайды. Бұл жазуды даниялық ғалым В.Томсен оқыған. Сонымен бірге олар таңбалы тастың көшірмесін түсіргендерін де айтады. Осы жиында үйірме мүшесі В.П.Панков та хабарлама жасаған. Ол өз сөзінде 1896 жылы 15 қарашада Ботамайнақ елді мекенінен үңгір көргенін айтады. Бұл жерде бір емес алты үңгірдің қатар орналасқандығын мәлімдеген. Үңгірде қатарласа төрт адам еркін жүрген.

Қазір жамбылдықтар жинастырған дүниеге қызыға қарап, оны берсе қолынан бермесе жолынан алғысы келетіндер де табылып жатады. Ертеректе ежелгі Тараз-Әулиеата-Жамбыл жерінде тастан қашаланған ескерткіштер Ташкент, Санкт-Петербург, Мәскеу асты. Кейінірек астаналардағы салалық мұражайлар қолқа салып тарихи жәдігерлерді алғандары да бар.

Мұрағат құжаттарында кіші Бурылдан фин археологтары қазба жұмыстарын жүргізгендігін, соның нәтижесінде көптеген құнды материалдар табылғандығы жөнінде де деректер бар. Атап айтқанда, белдік әшекейлері, мыстан, алтыннан, күмістен, жақұттан жасалынған бұйымдар мен күміс, алтын теңгелер табылған. Бұл жәдігерлердің бәрі Ташкентке сонымен бірге басқа да алыс жерлерге жөнелтілген. Фин-угор ғылыми экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тасқа жазылған Орхон жазбаларын да тапқан. Ғылыми экспедицияға басшылық жасаған Г.Гейкель қазба нәтижесінде табылған жүзге жуық жәдігерді Гельсингофорский археологиялық музейіне жіберуді өтінген. Сонымен бірге оның Орхон жазбалары жазылған екі тасты Ташкентке алып кеткендігі туралы да мәлімет бар.

Егер осылайша тарихи қазына шашылып кете берсе ақыры не болады? Қайта Тараздағы тас мүсіндер мұражайын кеңейтіп, жаңа экспонаттармен толықтыруды ойластырған жөн. Керек десеңіз Жамбыл жеріндегі таңбалы тастардың нақты көшірмелері жасалынып, олар осы музейге шоғырландырылуы әсерлі әрі тиімді. Қазір таңбалы тастар қирап, бұзылып, тозып барады. Оларды зерттеушілер мен сақтаушылар некен-саяқ болуы қынжылтады. Облыстың барлық аудандарында тасқа қашалған немесе тастан қашалған ескерткіштерді кездестіруге болады. Солардың көшірмесін жасап, «мына ескерткіш ана жерден алынды немесе әкелінді» деп жазылып қойылса орынды болар еді. Музейлердегі жәдігерлерді мектеп оқушыларына жиі көрсетіп, оның сыры мен қырын айтып отыру ләзім. Бір өкініштісі қазір туған жер тарихын білмейтін, оған қызықпайтындар көбейіп бара жатқан сияқты. Тарихымызды білу жарқын болашағымызға сара жол салу екенін ұмытпаған жөн.

Қандай ескерткіш болмасын ол заманына бейімделген. Ата-бабаларымыз өнерлерін таста қалдырып, келер ұрпаққа өздері туралы жәдігер қалдыруы тегін емес. Олар жасаған ескерткіштерді жинастыру еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана жүзеге асты. Тас мүсіндерді іздестіруге, жинастыруға, ғылыми тұжырым жасауға кезінде қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен ықпал жасағанын айтпай кетуге болмас.

Қорыта айтқанда ғасырлардан бізге жеткен тас мүсіндер тарихымыз тереңде, мәдениетіміз өрде болғанын, бұл өңірде осыдан 2000 жылдан астам бұрын салтанатты, сәнді қалалар бекерден-бекер тұрғызылмағанын танытады. Тас мүсіндер өнер, оның ішінде тас қашау, мүсін жасау, ескерткіш тұрғызу біздің ата-бабаларымызға тән болғанын танытады. Оны насихаттау, жаңғырту және сақтау бүгінгі ұрпақтың парызы. Әрине біз бұл мақаламызда тас мүсін-балбал тарихына толық немесе жеткілікті талдау жасадық деп айта алмаймыз. Мақаламызда бабалардан осындай тарихи ескерткіштер қалғанын көпшілікке жеткізу және ғалымдар, зерттеушілер айтқан пікірлерге қысқаша шолу жасауды мақсат еттік. Бұл салада әлі сараланбаған, зерделенбеген, зерттелмеген, көрмеген кереметтеріміз аз емес. Топшылаудан, болжам жасаудан аса алмай отырған жағдайымыз бар екенін де жасыруға болмайды. Байыбына бармай орынсыз пікір, ой айту ғылыми танымымызды дамытпайтындығын естен шығармауымыз керек. Тастан қашалған ескерткіштеріміз қолды болғанынан сабақ алып, әлі көміліп, жасырын жатқанын жарыққа шығаруды да ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда белгілі ғалым Талас Омарбековтің «Түркі және Батыс Түркі қағанаттары кезеңіндегі Тараз тарихы да жазба ескерткіштерге жүдеу... Осы кезеңің тарихын зерттеуге біздің ойымызша Тараз жеріндегі көптеп кездесетін ежелгі тас мүсіндерді жан-жақты зерттеу көп көмек бере алар еді» деген пікірімен келіспеске болмас. Сондықтан да барымызды бағалап, оның уақыттың тезінен өткен мұраның сынған кетігін тауып, бүтінін асылға айналдыруымыз керек.



Мазмұны
Жамал Қарши ______________________________________ бет
Түркен Хатун _______________________________________
Қайыр хан _________________________________________
Болған Ана ____________________________________________
Меркі _________________________________________________
Қошқар ата _____________________________________________
Қыз әулие...Қос әулие... ________________________
Тас мүсіндер _____________________________________________

Мақұлбек Рысдәулет


ТАРИХ ТАМЫРЛАРЫ
Редакторы – Дәметкен Ахметова


Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мақұлбек Қайыпбекұлы Рысдәулет 1949 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін екі жыл колхозда еңбек етті. 1968-1973 жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алды. Журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде бастады. 1973-1991 жылдары Сарыарқа төрінде қаламын ұштады, кәсіпқой журналист ретінде шыңдалды. 1991-2005 жылдары республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі ретінде облыс экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы мен проблемалары туралы жазды. 2005-2010 жылдары Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

Ол журналистиканың барлық жанрларына қалам тартып келе жатқан журналист. Қазақстан Комсомолы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, бүкілодақтық конкурстардың бірнеше дүркін жүлдегері.

Оның он кітабі жарық көрген. Сонымен бірге оннан астам ұжымдық кітаптарға очерктері мен әңгімелері, повестері мен хикаяттары, эсселері мен публицистикалық мақалалары енді. «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Құс жолы», «Көңіл құсы», «Ерлік ұмытылмайды», «Тәуелсіздік – туымыз!», «Мәңгіліг ерлік», «Ескерткіштер- ел тарихы» кітаптары оқырмандарына жасаған тартуы. Оның қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, қайраткер Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы деректі повесі Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының Қарсақбай мыс қорыту зауытының 80 жылдығына орай жариялаған конкурсының проза жанры бойынша бас бәйгесіне ие болды. Оның бүкіл шығармасы нақты деректер мен дәйектерге құрылуымен құнды.



Қазір Жамбыл облыстық мұрағатының директоры, Жамбыл облысының Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы. Келін түсірген, қыз ұзатқан, немере сүйген ата.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет