Мақұлбек Рысдәулет
ТАРИХ ТАМЫРЛАРЫ
Тараз-2012
Бұл кітапқа журналист-жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің қазақ халқының тарихында өз орындары бар тұлғалар туралы сыр шертеді. Мұсылман әлемінде алғаш тарих тақырыбына қалам тербеген Жамал әл- Қарши, Отырарды алты ай бойы ерлікпен қорғаған Қайыр хан, жарты әлемнің падишасы атанған Түркен Хатун, Болған Ана туралы замандастары мен ғалымдардың айтқан ойлары мен пікірлері кімді болсада қызықтырады. Сонымен бірге кітапқа Жамбыл өңіріндегі Меркі, Қошқарата, Қыш көпір, Маятас сияқты тарихи жерлер туралы жазған танымдық мақалалар енгізілген. Бұрынқалың көпшілікке белгілі емес деректер мен дәйектерде жеткілікті. Сондықтан да кітап материалдары тарихшылар мен өлке танушылар, студенттер мен мектеп оқушылары үшін таптырмайтын дерек көзі. Кітаптың тілі жатық, түсінікті.
ЖАМАЛ ҚАРШИ
Орта ғасырдағы түркі әлемі тақырыбына қалам тартқан ғалымдар мұсылманнан тұңғыш тарихшысы, жағрапияшысы, жазушысы, тіл, дін танушы ғалымы Жамал әл-Қаршидің тарихы еңбектерінен сусындағанын ешкім жоққа шығармайды. Әсіресе оның ХІІІ-ХҮІ ғасырларда жазған «Алмалық», «Қашқар», «Баласағұн», «Баршакент», «Сығанақ», «Жент», «Сауран», «Шаш», «Ферғана», «Талас»(Тараз), «Сайрам», «Жаркент», тағы да басқа орта ғасырдағы қалалар атымен аталатын тарихи еңбектерінен және басқа да туындыларынан көптеген мәліметтерді суыртпақтап алғаны анық. Алғаш оның еңбектеріне сілтеме жасалса, кейінірек Жамал Қаршиден алынған мәліметтерді өзі тапқандай пайдаланған ғалымдар аз болмаған. Рас, оның отандасы Жамал әл-Қаршиден үш ғасыр кейін өмір сүріп, артында «Тарих- и Рашидидей» өшпес еңбегін қалдырған Мұхаммед Хайдар Дулати кейбір мәліметтерді Жамал Қаршиден алғанын көрсетуді ұмытпаған. Мәселен, ол өзінің атақты еңбегінде Баласағұн, Тараз, Алмалық қалалары,Тибет өлкесі туралы мәліметтерді Жамал Қаршидің «Сурах әл-луғат» («Тілдің айқындығы»), «әл Мулхақат би с-сурах» («Тілдің айқындығына толықтыру») тарихи-географиялық еңбектеріне сүйенгенін айтады. Ғалымдар алғаш рет Жамал әл- Қаршидың еңбегі туралы мұғұлматты Мұхаммед Хайдар Дулатиден білді.
Кашмирде салтанат құрған ел билеуші, ғалым Жамал әл-Қаршиді өзінің ұлы ұстаздарының қатарына жатқызады. Еңбектерін өте түсінікті тілмен жазуы өзгелерді өзіне тәнті еткен. Ұлы тарихшы туралы ҚСЭ-нің 4- томының 245 -бетінде былай жазылған: «Жамал Қарши тарих майданына ХІІІ ғасырдың орта кезінде атақты Жувейни мен Рашид ад-Диннен жарты ғасырдай бұрын келген. Ол монғол дәуірінде Орта Азия мен Жетісудан шыққан жеке-дара жазушы. Сол заманда Орта Азия мен Жетісуда болған оқиғаларды жете біліп, оны бірінші рет толық жазған ғұлама ғалым. Жамал әл-Қарши оқиғалардың көбін көзімен көріп, өзінен бұрынғыларын сол кездегі кемеңгер қариялардан естіп біліп отырған. Сондықтан оның жазғандары аса түсінікті әрі терең, әрі айқын болып келеді. Жамал Қаршидің бұл қасиетін Жетісуда үш ғасыр өткен соң өмір сүрген тағы бір тумасы Мұхаммед Хайдар Дулати ерекше бағалап, оны өзінің ұлы ұстаздарының бірі деп санаған».
Ал «Тарих-и-Рашидиде» М.Х. Дулати Жамал Қаршидің кітабінде айтылған мынандай деректерді алға тартады: «Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп айтады. Оны өте жоғары мақтаған. «Мажма ат-тауарихта» («Тарих жинағы») былай деп айтылған: «Баласағұн қара қытай заманына дейін Афрасиабтың» [«ұрпақтарының»] билігінде болған. Қара қытай Гурхан Баласағұнды Илек ханнан тартып алды, ол Афрасиаб нәсілінен еді. Содан оны өзінің астанасы етті. Тоқсан бес жыл бойы Баласағұн қара қытайдың астанасы болып келді. Жейһуннан бергі, оның шығысында жатқан барлық (ел) өлкелер түгелдей оған салық (хараж) төлеп тұрды. Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған. «Сурах-әл луғат» («Тілдің айқындығы») кітабының авторы «әл Мулхакат-би-с сурах» («Тілдің айқындығына толықтыру») атты еңбегінде былай деп жазды: «Менің әкем (бұл жерде М.Х. Дулати Жамал Қаршидің еңбектерін және тарихшының өзі туралы айтып отыр. Астын сызған біз.) Баласағұнның хафиздеріне жататын. Ол өзінің «Толықтыруында» әр қаланың ғалымдарының есімін атаған. Самарқандық, баласағұндық көптеген ғалымдардың атын атайды. Олардың кейбіреулері туралы кеңінен әңгімелейді. Қазіргі кезде олар туралы Баласағұнда ешнәрсе мәлім емес. Сондай-ақ мен Қаралық деген жер туралы да ести алмадым. Осы кітаптарда айтылатын қалалардың бірі - Тараз. Онда моғолдар Таразды «Йанги» деп атайды делінген. Бұл «Йангидің» Моғолстанда орналасқаны анық. «Йангидің» адамдары Мауреннаһрда да көп, оларды «йангиліктер» деп атайды. Алайда, өздері Йанги деп атайтын сол далада бірнеше қалалардың іздері, мұнаралардың күмбезінің қалдықтары, ханака және медреселердің орны сақталып қалған. Ал осы ескі қалалардың ішінде дәл қайсысының Йанги деп аталғаны һәм басқа қалаларды қалай атағаны беймәлім» дей келіп Алмалық туралы ойын жеткізген.
«Келесі мәшһүр қалалардың бірі – Алмалық. Бұл қазіргі кезде де белгілі қала. Тоғлық Темір ханның мазары сол жерде, (байырғы) қала тіршілігінің белгілері сайрап жатыр. Хан мазарының күмбезі өте биік әрі жазулармен әшекейленген. Оның қабырғасына жазылған жазудың бір үзіндісі есімде қалыпты, ол былай: «Осы ғимарат – шебер шербаф тоқымашының өнері». Бұл шебердің Ирактан екендігі осыдан белгілі. Өйткені Иракта тоқымашыны «шербаф» деп атайды. Сол күмбездегі хронограммада жеті жүз алпыс [саны] келтірілген [1358-1359]...»
Сонымен энциклопедияда аты аталып, еңбегін жоғары бағалаған, бүгінгі күні «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деп танылған М.Х. Дулатидің өзі оны ұлы ұстаз санайтын Жамал Қарши деген кім? Ол туралы неге ғалымдарымыз, тарихшыларымыз айта бермейді. Тіпті Ұлттық энциклопедияға да есімі енбей қалған. Неге? Бұл сауал әртүрлі ойға бастайды. Кезінде кеңестік энциклопедияға кірген тарихшымыз неге Ұлттық энциклопедияға кірмей қалған деген сауал әркімді ойға жетелейтіні анық. Біздің топшылауымызша Жамал Қаршидің атын, еңбегін айта бермейтіні жоғары да айтқандай орта ғасыр тарихын зертеуші ғалымдардың біразы Жамал Қаршидің еңбектерін пайдаланған, қажет десеңіз өзіне теліп алған деректері мен деректері, ойлары аз емес. Мұндай жағдайда қазақ тарихшысының атын атаудың өзі артық, олар үшін қажетсіз және қолайсыз. Қалай десек те ол өзінің сексен бес жыл өмірінде артында өшпес қазына, із қалдырған.
Жамал Қаршидың шын аты – Абул Фазл Мұхаммед Омар ибн Халид. Ол 1230 жылы Алмалықта туып, 1315 жылы қайтыс болған. Әкесі Мұхаммед Баласағұнда туып Шағатай ханға қызмет еткен. Тарихшылар, әдебиетшілер арасында ол Жамал әл-Қарши деген атпен белгілі. Оған жанама немесе лақап ат оның сарайға өте жақын болуын білдіретін. Ал шын мәнінде монғолша «қаршы» деген сөз «сарай» деген мағынаны береді. Ал «жамал» деген сөз арабша «көрік» деген мағынаны білдіретіндігін айтатын болсақ тарихшыға «Сарай көркі» деген атты замандастары, Шыңғыс ханның ұрпақтары, яғни билік басындағылар берген. Шыңғыс хан ұрпақтары оны осылай атауы заңды да. Ол бауыры Қаңлы елінің ұлысбегі Озар Тұғрылдың баласы Суқнақ тегіннің (кейбір тарихы еңбектерде «Сығанақ тегін» деп жазылған. Жамал Қарши мен В.В. Бартольд «Суқнақ тегін» деп жазған) ұлы, ханзада Елбұғаны тәрбиелеген. Ғалым, тарихшы, жазушы Жамал әл-Қарши өзінің «әл-Мулхакат би-с-сурах» еңбегінде Озархан әл-Алмалықидің балаларының есімін санамалай келіп, Сығанақ тегіннің есімін ерекше айтады. Оның өзіндік себебі де бар. Шыңғыс хан жан-жағындағы елдерді жаулап алып, өзінің билігін жүргізе бастағанда ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Жетісу жерінде қаңлы ұлысы мығым ел болатын. Олар бұл жерді талай рет сыртқы жаудан, әсіресе, қарақытайлардан қорғауда ерекше ерлік көрсетіп, жан аямай шайқасқан болатын. Алғаш қарлұқ мемлекетінің құрамындағы бауырларымен бірлесе қимылдаса кейінірек өз ұранымен жауға атой салған. Сондықтан да олардың Ертіс пен Жетісудың ортасындағы ұланғайыр жерді алып жатқан ұлыста беделі де, күші де мол еді. Алмалықта отырып билігін жүргізген ұлысбегі Тұғрыл ешбір қарсылықсыз Шыңғыс ханға қосыла салады. Бұған риза болған Шыңғыс хан Тұғрылдың ұлы Сығанақ тегінге (кейін ел арасында Талмас Ата атанған. Кесенесі Ұлытау өңірінде, Болған Ана кесенесінің маңында) Жошыханның үлкен қызы Болған бикені береді. Ол кезде Шыңғыс хан қыздарын өздерімен тең немесе жоғары ұлысқа ғана беретіндігін еске алсақ, қаңлы тайпасының ұлы даладағы орны ерекше болғаны ғой. Сондықтан да қаңлылар Шағатай ұлысының ордасында ең жоғары орынға отыру құрметіне ие болған.
Қазақ халқының және салт-дәстүрінің қалыптасуына, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қаңлы тайпасының қосқан үлесі ерекше екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Бұл туралы әлем, атап айтқанда, Орта Азия тарихшылары термелеп тұрып айтқан, жазған. Сонымен бірге сол кезде-ақ білімдарлығымен таныла бастаған Қарахан, Қаңлы мемлекеттерінің шежіресін жазып үлгерген Жамал әл-Қаршиды сарайға алдырып, оны салықтан босатып, табыстан үлес алуға, оның бүкіл монғол империясын емін-еркін аралауына, оған барлық жағдай жасау керектігі жөнінде жарлық береді. Міне осы кезден зиялылар арасында ол «Жамал әл-Қарши» деген атпен белгілі бола бастайды. Болған Ана ұлын Жамал әл-Қаршидың тәрбиесіне бергені де бекер емес. Кімнен, қандай тәлім алу керек екенін Болған Ана білген және оқымысты, данагөй қайнысын қадірлеген.
Талай ғұламалармен пікір алмасқан, солар туралы жазған Жамал әл-Қарши білімін көтеруден жалықпайды. Алғаш ол Алмалықта хат таныса, жасы ұлғайған сайын өресі кеңіп, ғұламалармен пікір алмасқан. Оған толық жағдайы да бар болатын. Әкесі де қаражаяу емес еді. Алғаш Бұхарадан келген ұстаздан хат таныса енді ол тарихта «әл-Мунйа» деген еңбегімен белгілі Ахмад ибн Аййуба ибн Ахмад әл-Баласағұни мен әл-Акрабтан білім алады. Кейінірек осылардың қолдауымен Иранның Ғазан мен Гератты билеген сұлтан Махмұд аз-Завулидің қарамағына қызметке кіреді. Балхадан Алмалыққа көшіп келгенде атақты ақын Шамастан білім алуды жалғастырады. Оның білім алуына және қызмет сатысында көтерілуне әр кезде сол уақыта ортаға белгілі, ғұламалар қамқорлық жасайды. В.В.Бартольдтың айтуынша 1264 жылы Жамал әл-Қарши Қашқарға барып та білім алады. Сонымен бірге сол қалада да ол билікке араласады. Қашқарда жүріп ол сарай айналасындағы беделді кісілердің ықпалымен «Тілдің айқындығына толықтырулар» еңбегін, яғни, « әл Мухакат би с-сурахты» жазады. Ислам діні туралы толғаулар жазып, Мекеге қажылыққа да барады.
Оның кез келген еңбектерінен өмір жолын табатыныңыз анық. Оның Қараханидтер туралы жазбаларын ғалымдар негізгі дерек көзі ретінде пайдалануда. Бұл мемлекеттің Талас-Тараз өңірінде қалай құрылғанын, оның негізін кімдер құрғанын, ислам дініне оның көсемдерінің қалай кіргені жөнінде тәппіштеп жазғаны анық. Ислам дінін қабылдауда алдыңғы толқын мен жеткіншектің арасындағы тайталас туралы дәл әрі әдемі жаза білген де Жамал Қарши. Қарахан әулеті билік құрған кезде сәулет өнерінің дамуы, оның ірі тұлғалары туралы жан-жақты жазған да Жамал.
Тарих, жағрапия, тіл, дін, діл ілімдерін дамытуда Жамал әл-Қаршидің сіңірген еңбегі де шексіз. Оның жас кезінде араб және парсы тілді ұстаздардан тәрбие алуы туындылардың сол елдің дәсүріне ұқсауына ықпалы үлкен болғанын жоққа шығаруға болмайды. Шығармаларын «лұғат» түрінде жазу Қашқари, Жаухари сияқты Х ғасырдың ғұламалары салған ғылыми дәстүр екенін еске алатын болсақ, оны басқа ұлтқа телуге болмайды. Қаңлы тайпасының шежіресі мен аңызын көп тыңдап өскен Жамал Қаршидың айтуынша қаңлылар ХІІ –ХІІІ ғасырларда Жетісуда ең мықты ұлыс болып, өлкені Алмалықта отырып билеген. Осындай деректерде айта отырып ол қаңлылардың қарақытайдан қарлұқтармен бірігіп, Баласағұнды қорғағанын жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, ол қаңлылар туралы өте құнды деректер қалдырған. Солай бола тұра оны қазаққа жақындатқысы келмейтіндер бар. Айыбы «менің тегім—пәленше» деп тіке айтпағандығында ма? Болмаса әкесі, бауырының ел-жұрты белгілі болғанда басқа болуы мүмкін емес ғой. Бүгінгі күнге дейін ұйғыр ғалымдары Мұхаммед Хайдар Дулатиді өздеріне телиді. «Доулат» деген сөз бұл жерде ру атын білдірмейді, бұл сөздің мағанасы «ұлысбегі», «ел билеуші», «дәулеткер» дегенді білдіреді, Жамалды оның туысы дейді.
Жамал әл-Қаршидің Шағатай билігінен алған жарлығын пайдаланып (жеңілдіктер мен құрмет қаңлының бірнеше билік иелеріне берген), ол бүгінгі қазақ жерін көп аралағанын байқауға болады. Сол талай-талай зиялылармен кездесіп, сол өңірдің шежіресін жасаған. Өзі көрген қалалар туралы кітабіне тараулар енгізіп, оның сыр-сипатын берген. Орта Азия ғалымдары арасында орта ғасырда Жамал әл-Қаршидей туындыларын өз көзімен көріп жазған ғалымдар саусақпен санарлық ғана. Сырға барып, бауырларымен әңгімелескенін бір емес бірнеше рет жазған. Сол кезде Сыр өңірінде шайырлар мен ғұламалар көп болғаны, олар туралы нақты мәліметтер келтіреді. Сыр шайырларынан арасынан бөліп айтар тұлғалар жайлы да жүрек тербер тұжырымдар жасайды. Ел-жер аралап жүріп таластық (тараздық) Ұлұғ-Білгімен танысып, оның данышпандығы мен ақындығы туралы тебірене жазады. Оның ұлы ойлары мен ұстаздық жолын айтып, ақын екенін ортаға салады. Ұлы ойшылдың Таразда жерленгенін, тіпті басына құлыптас қойылғанын да жазып қалдырған. Тарихшының Ұлығ-Білгі деп отырғаны бізге жақсы белгілі, Тараз қаласының орталығында кесенесі бар Дәуітбек. Оның кесенесінің маңдайшасына «Қаза табушы семсерді де және қаламды да шебер меңгерген. Құран мен мұсылмандардың қорғаушысы болған» деп жазылуы оның ел билеушісі және ойшыл, данышпан болғанын айғақтайды. Жалпы Тараз және оның билеушілері туралы бұдан да басқа мәліметтерді келтіреді. Мәселен әдебиетші, тіл танушы, тарихшы Жамал өзінің замандасы Шағатай ұлысының билеушісі Қайду ибн Қыстай туралы айтқанда оның билікке 1271 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында таққа отырғанын жан- жақты айтады. Тіпті өзінің оның қабылдауында екі рет болып, сыйлық алғанын да жазып қалдырған. Бұдан Тараз талайлар билік еткендердің басты қаласы болғанын дәлелдейді.Айта берсек мұндай мәліметтер өте көп. Сыр бойының тумасы, ақын Камалиддин Сұғанақидің шығармашылығы туралы өте жылы лебіз білдірген. Тарихшы ұлыларды өзі іздеп барып, солармен пікір алмасып, жанында айлар бойы болғанын да білгенде оның өз ісіне берілген, ұрпақ үшін із қалдыруды артық санаған азамат екенін танисыз. Мәселен 1273 жылы ол Алмалықтан Сыр бойындағы Баршынкент қаласына Хисамеддин (Құсам) Баршынұлығын іздеп келеді. Жамал оның бірнеше дәрістерін тыңдайды, онымен бірге Сыр бойындағы қалаларды Жентке дейін аралайды. Қоштасарда ол құрметті қонағына арнап шығарған бірнеше өлеңдерді сыйға тартады. Бір қызығы ол өлеңін үш тілде жазған. Сонда тарихшы өлеңді одан үш тілде жазудың себебін сұрайды. Сонда Қусам былай жауап беріпті: «Арабша жазғаным- ой орамының сұлулығын іздедім, парсы тілінде жазума себеп болған оның сұлу теңеулері қызықтырды, түрік тілінде жазғаным-шынайлылықтың әсем көріністерін сақтап қалу үшін» депті. Бір қызығы Жамал өз еңбегінде Сыр бойындағы қалалардан ұлылардың көп шыққанын айта келіп, «олар үш тіл біледі, сол тілдерде сөйледі және жазады» деген де мағұлмат қалдырыпты.
Құранды, 20 мың хадисті жатқа айтатын хафиз әкесі Мұхаммед туған Баласағұн қаласы туралы Жамал әл-Қаршиден артық жазған ешкім жоқ. Бүгінгі күні ғалымдардың бәрі оның тұжырымдарына, деректеріне сүйенеді. Монғол дәуірінде шежіре жазатындардың мектебі, дәстүрі болған. Бұл туралы академик Әбдуәли Қайдар «Қаңлы» тарихи-шежіре кітабінде былай дейді: «Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген араб жазуларын монғол дәуірінен бұрын-ақ қазақ өлкесінде жазуды қәдірлеген тайпалар –қыпшақтар, қаңлылар, оғыздар, наймандар олардың жазу білетін атақты біткішілері болған. Монғол дәуірінде қазақ тайпаларының түрікше құжаттарын көп жазатын жалайырлар, қаңлылар еді. Қаңлыдан шыққан кемеңгер жазушы Жамал Қаршы Алмалықта туып өскен».
Оның еңбегінің құндылығы туары жоғарыда айттық. Тағы бір құндылығы ол 1227-1370 жылдары билік құрған Шағатай ұлысының шежіресін жасаған жалғыз мұсылман ғалымы. Араб, парсы тілдерінде жазылған шығармалары көзінің тірісінде үлкен бағаға ие болған. 1008 жылы жазылған атақты араб сөздігіне негізделіп жазылған оның «ас-Сурах мин ас-сихах» шын мәнінде тарих, әдебиет, дін саласында үлкен «төңкеріс» жасады. Сол сияқты «ал-Мулхакат би-с-сурах» еңбегінің мәні мен маңызы ерекше.Бұл араб-парсы сөздігіне жазылған толықтырулар болып табылады. Бұл сөздікті Фарабтық Әбу Наср Исмайыл ибн Хаммад ал-Жаухари жазғаны белгілі. Кейінірек Жамал осы еңбегіне толықтырулар енгізген. Олар бірнеше рет көшіліп, түзетулер мен толықтырулар енгізілгені де белгілі.Кезінде бұл туындылар ел арасында көп тарағаны жөнінде де деректер бар. Табылған парсы тілінде жазылған қолжазбасында қазақ жерін мекендеген ұлыстардың тарихы мен мәдениеті, тіпті, әдебиеті туралы және сырт елдермен байланысы жайлы аса құнды деректер бар. Шын мәнінде Жамал Қаршидың бұл еңбегі қазақтардың тарихы мен мәдениеті туралы нақты деректерге толы. Сондығынан да бұл өте құнды. Монғол кезеңінің Шағатай ұлысы туралы жазылған жалғыз шығарма. Кітапта араб граматикасы, араб-парсы лексикографиясы, көне исламның тарихы, мұсылман әулеттері, мұсылман ғылымының орталықтары және нақты қалалар мен елді-мекендер жайлы деректерге қанық боласыз. Өкінішке орай оның шығармалары бізде сақталмаған. Қазір Санкт-Петербургтегі шығыстану инистутында сақтаулы.
«Ал-Мулхақат би-с-сурах» 41 бөлімнен (зікірден) тұрады. Кітаптағы тарихи шежіре бізді ерекше қызықтырады. Тарих шыңының екі туындысы туралы орыс ғалымдары Н.Ф. Петровский, В.Р. Розен,В.В. Бартольд, М.С. Андреев пікірлерін айтып, өздерінің зерттеулеріне пайдаланған. Бұл туындылар да Жамал Шағатай ұлысының саясатын жаза отырып, Шыңғыс хан ұстанған бағыт милитаристік саясат екенін айта келіп, соның салдарынан көптеген қалалар мен елді мекендердің қирағанын қинала жазады. Үзік-үзік осындай ойларын білдіре отырып, тарихи оқиғалардан бізді хабардар етеді. Мәселен ол 1271 жылы қыркүйек айында Таразда таққа Қайду ибн Қыстайдың отырғанын жазады. Сонымен бірге монғолдар мұсылман ғалымдары мен оқымыстыларына деген сұраныс өте жоғары болған. Жамал Қаршидың өзін айтпағанда, Шыңғыс ханның ақылшысы болған мұсылман Жаббар қажы, Құбылай ханның кезінде империяның бүкіл қаржы саласын Ахмедтің басқарғанынан хабардар боласыз. Дін тануда да оның білгірлігін тану қиын емес. Ол өзінің ханафит мазхабын ұстанатын шеиит бағытында екенін ашық айтқан.
Жамал әл- Қарши туралы мәліметтердің жеткілікті болуы оның өзі артында көп жазба деректер қалдыруында. Ол туралы деректерге көз жіберсеңіз кімнен оқығанын, кіммен кездескенін білесіз. Ходженттің билеушісімен бірге болып, уәзірімен пікір алмасқанын да жазып қалдырған. Біз бүгінгі шолу мақаламызда ұлы жерлесіміз туралы қысқаша ғана баяндадық. Алдағы жылдары тарихшы, жағырапияшы туралы тың деректер тауып, ғылыми еңбектерін аударып, зерттеу жұмысын жүргізу парыз деп санаймын. Бұл бағытта «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша алғашқы қадам жасалды. 2005 жылы осы бағдарламаның аясында Жамал әл-Қаршидің «әл- Мулхақат би с- сурах» кітабінің орыс және парсы тіліндегі Наманган нұсқасын жариялады. Сонымен бірге осы кітапқа жазылған өзбекстандық ғалымдарының түсініктемесін де басты. Ал оның негізгі, басты еңбектері, оның ішінде «Тілдің айқындығы» ғылыми еңбегі әлі табылмады. Іздеп жатқан да ешкім жоқ. Бары Санкт-Петербургта, Өзбекстанда сақтаулы. Қазақ ғалымдарының бұл шығармаларға әлі «тісі батқан» жоқ.
Қорыта айтқанда, мұсылман ғалымдары арасында монғол дәуірін жазған тұңғыш қаламгер. Ол тіл білімі және әдебиеттану саласында да алғаш қалам тартқан қандасымыз. Дін туралы жазғанда, ол сөз басын пайғамбар ретінде Адам Атадан бастап, монғол кезеңіне дейін шолу жасайды.
Өкінішке орай Ұлттық энциклопедиямызда Жамал Қарши туралы бір ауыз сөз жоқ.Энциклопедист ғалымдардың бұл әрекетін түсіну қиын. Әлде мақаламыздың басында айтқандай Жамал әл-Қаршиді халқымыздың тұңғыш тарихшысы, жағырапияшысы ретінде тану өзгенің беделіне, атақ-даңқына нұқсан келетін болғандықтан ғалым туралы жақтарын ашпағанды дұрыс деп таныды ма екен?! Бүкіл әлем ғалымдары таныған асылымызды өзіміздің шеттетуімізге жол болсын! Жамал әл-Қарши халқымыздың тарихын жазудағы еңбегі тарихта өз орнын ойып алатын тұлға!
Достарыңызбен бөлісу: |