Тарихтағы қаһарман тұлға



бет2/2
Дата04.11.2016
өлшемі390,23 Kb.
#350
1   2



Өткізген: тарих пәнінің мұғалімі Кирибаева В.Қ.,

Кітапханашылар Кульмагамбетова А.Ш., Айкенова Г.С.
Тарихтағы қаһарман тұлға

(тарих ғылымының тұңғыш докторы Ермұхан Бекмахановтың

мерей тойына арналған танымдық сағат)
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына арналған танымдық сағатқа қош келдіңіздер!

Өзінің саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған дарынды ғалым, үлкен парасат иесі Ермұхан Бекмаханов небәрі 50 жыл ғана өмір сүрді. Тарих жылнамасы бойынша өлшер болсақ бергенінен берері мол біртуар ғалым үшін осынау жарты ғасырлық ғұмыр жарқ еткен жасындай ғана уақыт екені даусыз. Дегенмен өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында сонша іс тындырып, Қазақстан тарихына қайталанбас үлес қосып кеткен аса ірі ғалымның теңдессіз еңбегі бүгінде баршамыздың баға жетпес құнды қазынамызға айналып отыр.
Тарихшы: Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 15 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №10 ауылда Жасыбай деген жерде кедей шаруа Бекмахан Бегенұлының шаңырағында дүниеге келді. Кедейлер тобына жататын бұл отбасында әкесі Баянауыл өңіріндегі атақты бай Шорманның Мұстафасының малын бағып күнелтсе, анасы байдың бәйбішесіне көмек көрсетіп сол үйдің тамағын әзірлеген. Бірақ Ермұхан бала ешқашанда байларды жамандаған емес. «Қайта біз солардың арқасында ешқандай мұқтаждық көрмей өстік»- дейтін. Әкесі Ермұхан 6 жасқа келгенде дүние салды, бұл 1921 жыл еді. Анасы Бәпіш отбасының ауыртпалығын бір өзі көтеріп үш баласының қамқоршысы болды, 1932 жылы қайтыс болды. Шындығында анасы мен қарындасы ашаршылықта өліп, денесі қайда қалғаны да белгісіз. Тарихшының жары Халима апайдың айтуынша әкесі Бекмахан өте момын, ал шешесі Бәпіш өжет болған, тарихшыға батылдық сол анасынан дарыған. Ермұхан ағасы Діншенің қолдауымен ғана мектепте білім алады. Ағасы Дінше 1931 жылы дүние салып, тұлдыр жетім қалды. Ермұхан Бекмаханов арабша хат таныған, жазуы өте әдемі болыпты. Фармацевт – ғалым балалық шағынан бірге өскен Сәлкен Суханбердин (белгілі банкир Нұржан Суханбердиннің әкесі) екеуі Баянауылда мұсылман мектебінде молдадан дәріс алған. Содан кейін орыс мектебінде оқыған. Сол кезде бірге оқығандардың айтуынша ол келесі сыныптың әрқайсысынан аттап өтіп отырған.
Кітапханашы: Баянауылдағы 7 жылдық мектепті тәмәмдағаннан кейін 1932 жылы Семей қаласында жоғары оқу орнына даярлайтын 1 жылдық курсты оқып шығады. 1933 жылы Қазақ оқу-ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып, 1937 жылы тарих факультетін бітіріп шықты.

Ермұхан Бекмахановтың педагогикалық қызметі Алматыдағы №28 мектепте, 1937 жылы педагогика ғылыми зерттеу институтында басталып, ал 1939-1940 жылдары осы институттың директоры болды. Ұлы Отан соғысы жылдары жас тарихшы өзінің білімін толықтыру мен қоса тікелей ғылыми зерттеу жұмысымен де толассыз айналысады, әр түрлі оқу орындарында да дәріс береді. 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіндегі қауіпті жағдайларға байланысты Алматыға Ресейдің ірі тарихшыларының бір тобы эвакуацияланады. Бұл идеяның басы қасында сол кезде Оқу халық комиссариатында істейтін Ермұхан Бекмаханов жүреді. Осылайша құрылған Ресей мен Қазақстан ғалымдарының үлкен шоғыры мектеп оқушылары үшін тарих пәнін оқыту методикасын жасап шығарды, «Қазақ ССР тарихы» оқулығын орыс, қазақ ғалымдары дайындады.


Тарихшы: 1943 жылы жазда ежелгі дәуірден сол кезге дейінгі кезеңді қамтитын тұңғыш «Қазақ ССР тарихы» Алматыда жарық көрді. Кеңес Республикаларының тұңғыш дербес тарихын жазудың алғашқылары болғандықтан, соншама беделді ғалымдар күш салғандықтан бұл кітап бірден көзге түсті. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, сарапшылардың алғашқы сынынан мүдірмей өтті. Бұл қуаныш көпке ұзамай бітпес дауға айналды. Ермұхан Бекмаханов үшін трагедияға ұласты. КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.Яковлев «Қазақ ССР тарихы» орыстарға қарсы жазылған зиянды кітап деген жөнсіз пікір айтты. Орыс ғалымы Анна Михайловна Панкратова Орталық комитетке хат жазып ақтап шықты.

1943 жылы 28 маусымда Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған азаттық күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл тақырыпты таңдауына Воронеж қаласында студент кезінде танысқан Халел Досмұхамедов себепші болып еді.Ресейде оқыған Ермұхан Бекмаханов Кенесары туралы бейхабар еді. Халел дәрігер болсада қазақтың әдебиеті мен тарихына бей-жай қарамаған кісі. Воронежде жер аударылып жүрген Халел Досмұхамедов болашақ тарихшыға ғылыми тақырыпты осылай тауып берді. Ал 1946 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген тақырыпта докторлық қорғап 1947 жылы кітап етіп шығарды.


Кітапханашы: Кенесары Қасымұлы есімі тарихта атасы Абылай ханның ісін жалғастырушы ретінде қалған. Қазақ халқының аса көрнекті ұлдарының бірі Кенесарының қайғылы тағдырының себебі патша үкіметінің далалық жерлерді жаппай отарлауы салдарынан қазақ хандығын қалпына келтіру мүмкін болмағандығында еді. Көтеріліске шыққан сұлтанның басты мақсаты айырылып қалған Қазақ жерлерін қайтару, сонымен қатар әкесі мен атасынан мұраға қазақ хандығын іс жүзінде және заңды түрде қалпына келтіру болды.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!

Дариға жүрегімді дерт өртейді. –

деп Мағжан ақын жырлаған.

Бұл халықтың басын біріктірген мемлекеттік статус жойылып, ел тұтастығының ойраны шықты деген сөз еді. Патшалық отарлаушылар қазақтың ежелгі шұрайлы жерін тартып алды. Халық басына күн туды. Осы уақытта ел қамын қорғаған, халық бірлігін ойлаған Хан кене тарих сахнасына шықты.

Кене хан Сарыарқада тұра алмаған,

Салтанат, ойын-сауық құра алмаған.

Жортуыл сай өрлеген бір суық жел

Құйындай құм ұшырып бұраңдаған.
Хан Кене бұл алыптан кете берген,

Талай тау, нелер көлден өте берген.

Алды-артын орағытқан қуғыншы көп

Қайда ажал, Бейнетіңе жете берген.


Кенехан ағып-жосып кете берген,

Киіктей от іздеген, қына терген.

Жел қуған қаңбақ-құрай қалың тобы

Қамалып тығырыққа соңына ерген.

Ж.Бектұров
Тарихшы: Патшаның отарлау саясаты Қазақ халқын жанқиярлық күреске шығуға мәжбүр етті. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында қазақтың ұлт азаттық қозғалысының ең ірі қарсылығы Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс бұрқ етті. Бұл қозғалыс 10 жылға созылды, қазақтың үш жүзін түгел қамтыды. Сөйтіп халықтың қалын бұқарасын күреске тартты. Бұл көтерілістің айрықша көңіл аударарлық жері сол, қазақ елінің саяси дербестігін сақтап қалу мақсатында біртұтас қазақ мемлекетін құруға соңғы рет талпыныс жасағаны еді. Ермұхан Бекмахановтың Кенесары қозғалысы туралы ғылыми еңбегі көп сынға түсті. Үстінен қара бұлт үйірілген тоталитарлық заманда ата тегін таратуда қиын еді. Ермұхан Бекмаханов – Абылайдың ұрпағы. Аты алашқа мәлім тұңғыш қазақтан шыққан тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмаханов Шоқанға іні екендігін бұрын айта алмай келді. Үстінен қара бұлт үйірілген тоталитарлық заманда ата тегін тарата бергенді қаламаса керек.
Кітапханашы: Абылайханның баласы Үәлидің кіндігінен он төрт ұл ұзағаны белгілі. Соның біреуі – Тәуке. Тәукеден – Жанпейіс, одан Жанбөбек тараған. Жанбөбек үш ұл көрген: Бегедей, Беген, Жошы. Бегеннен – Бекмахан мен Жармұхамед тарайды. Бекмаханнан – Тоқаш, Дінше, Ермұхан туған. Атақты Абылай ханның Ермұхан Бекмаханов 7-ші ұрпағы. Ғалымның осы тақырыпты ғылыми жұмысына өзек етуі де тегін емес...

Кенесары Қасымұлының (1837-1847) жылдары жеңіліске ұшырауы қазақ даласын тездетіп жаулап алуға жол ашты. 1850 жылдардың басында бүкіл Қазақстан атырабы патша өкіметінің қарамағына көшті. Осыдан кейін Ресей империясы Орта Азиялық саясатының келесі кезеңіне едел-жедел кірісіп, Қоқанға, Бұхараға және Хиуаға шабуыл жасап, оларды да өз иелігіне қосып алды...( Ермұхан Бекмаханов. «Қазақстан ХІХғасырдың 20-40 жылдарында» кітабынан). Ал Кенесары Қасымовтың қозғалысы әділет жолындағы майдан болды. Оны халық жауы, қаскөй, зұлым ретінде көрсетуге тырысушылық қазақ тарихына жасалған әділетсіз көзқарас, ақиқатты бұрмалау еді.

«Мен өзімнің батырлығымнан ешқашанда қайтпаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін» - деген ел аузында қалған Кенесарының сөзі расқа айналды. Осы тарихи оқиға хан ұрпағы Ермұхан Бекмахановтың ғылыми тұрғыда зерттелуімен қағазға түсіп тарихта қалды.
Тарихшы: «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабына тиісу тағы басталды. Кенесары қозғалысы ұлтшылдық сипатта деп пікір тудырып қарсыластар 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетіне мақала жазды. Іс өршіп 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін КазМУ-ден КСРО тарихы кафедрасының профессорлығынан шығарылды». Бекмаханов Ермұхан Алматы облысы Нарынқол ауданындағы мектепте тарих пәнінен сабақ берді, кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке ауыстырды. Ондағы ойлары Нарынқол Қытайға жақын, қашып кетеді деген пиғылдары еді. Осы мектепте сабақ беріп жүргенде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. 1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы соты Бекмахановты 25 жылға соттап, ГУЛАГ лагеріне айдады.

Иркутск облысы, Бодайбо қаласының түрмесінде қапастағы күндері өтті. Жігерлі ғалым болашағынан үміт күтіп, намысын қайрап, ден саулығын күтіп түрмеде қара жұмысқа таңылып еңбек етті. Аяулы жары Халима Адамбекқызы үзбей хат жазып, азын аулақ сәлем сауқатын салып тұрды. Колымада бір күнің үш күнге саналады дегенге шахтаға түсіп, бір жұмадай жұмыс істеп, денсаулығы көтермеген соң ол жұмысты қойды. 25 жыл лагерь құрсауын өтеп елге оралу үшін қаншама азапты күндер, түндер, айлар, жылдар керек. Лагерьде жүріп жоғарғы орындарға бірнеше рет арыз жазды.


Кітапханашы: Бекмаханов тағлымы ғылымда ойлау-зерттеу бостандығы болмағанын, күншіл ғалымсымақтардың дегені болып тұрғанын өз ойын ашық айтатын авторлардың құдалануын айқын дәлелдейді. Бекмаханов ісі ірі ғалымдар арасында адамгершілігі асыл қасиеттің де бар екенін көрсетті. Олар: Бекмаханов көзқарасы бәрімізге ортақ көзқарас, оны ғана айыптау әділетсіздік деп адалдықтың ала жібін аттамаған мәскеулік тарихшылар болды. Солардың келісімімен Панкратова А.М. Н.С.Хрущевқа кіріп Бекмахановты босатуды сұрады. Ермұхан Бекмахановтың ісі қайта қаралып 1954 жылы 16 ақпанда қылмысты іс тоқтатылып, ақталып шықты.

16 ақпанды Ермұхан Бекмаханов туған күні санап, отбасында 1954 жылдың 16 ақпанынан бастап туған күнін атап өтетін болған. «Нақ сол күні әділдікке қолым жетіп, жарық дүниеге екінші мәрте келдім, сол себепті оны туған күнім деп есептеймін. Ал сол қуанышты маған сыйлаған Анна Михайловна – екінші анам!...» деген Ермұхан Бекмаханов естеліктерінде. Түрмеден босанып шыққан ғалым бірден Анна Михайловнаға Мәскеуге барады. Анасындай болған жан бір қалта ақша беріп: «Тап қазір дүкенге барып жаңадан киін, сенің жер басып жүргеніңді көре алмайтын қас дұшпандарың Алматыда аз емес. Түрмеден жүдеп-жадап қайтқаныңды оларға көрсетпе» - депті. Осылай тарихшы елге оралды. Ермұхан Бекмаханов Мәскеуге барған сайын Новодевичья қабіріне барып Анна Михайловнаның зиратына гүл қойып жүрді. Е.Бекмаханов қайтыс болғаннан кейін зайыбы Халима Адамбекқызы Мәскеуге барған сайын гүл қойып жүр.

Ғылыми атағын, профессорлығын, КАЗМУ-дағы жұмыс орнын қалпына келтіруде де талай пендешіліктер болды, бірақ бәрі орнына келді. «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты көлемді монография кітап болып шықты.
Тарихшы: Ермұхан Бекмахановтың «Тар жол тайғақ кешуден өткен өмірінде жан жары Бекмұхамедова Халима Адамбекқызының еңбегі зор. Қайғысын бөлісе білді, қолдап, қорғап жүрді. Екі баласын асырап екі-үш жерде еңбек етті. Енді Ермұхан Бекмаханов ағайымыздың отбасылық өмірінен оқушы қауымға азды-көпті бір үзік сыр білдіргіміз келеді. Халима Адамбекқызы апайымыздың асыл жарына арнап жазған ғұмырнамалық «Жиырма жыл бірге» атты кітабынан сыр тартпақпыз: Ермұханның алғашқы жары татар ұлтының өкілі Губеева Әмина Зарипқызы. Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүріп танысқан. Екі жас отбасын құрып өмірге Нәйля, Нәдия, Нұрия атты қыздар әкелді. Бірақ жас отбасы өмірдің қиын қыстау тұстарына төтеп бере алмай, ортақ тіл табыса алмай ажырасты.

Ал, екінші жары Халима апаймен Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы республикалық кітапханасының оқу залында танысқан. Осы оқу залында қос бұрымы иығына төгілген, сәнді киінген қара көз қыз сабаққа әзірленіп отырды. Не де болса қазақ қызы деп ой түйді. Себебі өзбек қыздары шаштарын сан тарам қылып өреді, ал бұл қызда қос бұрым. Докторант жігіт оқу залында қасынан өтіп, қызға барлай көз салды: «Бәрекелді қаракөз қарындасым, сені тапқан анаңнан айналдым, маңдайы айдай жарық қандай жігітке бұйырар екенсің? Кімге бұйырсаң да бақытты бол, сүйкімді қыз! – дегенді айтып орнына жайғасты. Ермұхан Бекмаханов ғылыми жұмыстарына керекті газет журнал тігінділерін, сирек кітаптарды ақтарып оның бүге-шігесін қалдырмай көшіріп алу жұмысымен айналысып отыратын.

Кітапханашы: Халима Орта Азия университетінің филология факультетінде оқитын. Екеуінің сөздері жарасып, ортақ ойлары үйлесіп отау тікті. Халима апайдың анасы Айша Бидахметқызына Ермұханның білімділігі, сымбатты көркі, ұстамдылығы ұнады. Айша апай Зайсан жерінен Тәшкенге қоныс аудару тарихын, ата-тегін, алаш офицері болған Халиманың әкесі Адамбектің қудаланып көшуге мәжбүр болғанынан Ермұхан хабардар болады. Бұл отбасы Тәшкенде әжептеуір үй жай алып орысша сауатты Халима апайдың анасы Айша Ташкент Ирригация институтының директорының көмекшісі болып қызмет атқарады. Халима апамыздың әжесі Гүлсім атты кейуана жаман шапанын жатса да тұрса да үстінен тастамайды, сөйтсе жамау шапанның тігісінің асты патша заманында «Николаевка» атанған алтын теңгелерге толы екен. Осы ақшалардың арқасында Тәшкеннің орталығынан үй-жәй алған.Зайсан елінің ауқатты тумасы Халима апайдың атасы Бидахметтің өзбек еліндегі тірлігі енді-енді оңалып келе жатқанда, Алаш әскерлеріне ат мінгізіп, көмек берді деген сыбыс жүріп, ұсталып кеткен. Бұл сыбысты өзбек ағайындар емес, Зайсаннан өздерімен бірге көшіп келген өз ауылдастарының бірі шығарған екен. Бірін-бірі көре алмаған ауылдас деген осы. Ермұханмен танысқанда Айша апайдың айтқан әңгімесі, сыры осы еді. Халима мен Ермұханның бір-біріне деген ыстық сезімінің шынайылығына көзі жеткен аяулы ана батасын беріп тілеулерін тіледі. Бойжеткен қызының өзбек жігітіне күйеуге шықпай, қазақ азаматын қалауы ананың да көңілінен шықты.
Тарихшы: Халима Адамбекқызы 1946 жылы Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғау салтанатына келді. Кеңес төрағасы – Б.Д.Греков, КСРОға мәшһүр ғұламалар А.М.Панкратова, профессор

М.П. Вяткин және т.б. 15 тарихшы залға жиналды. Халима Адамбекқызы «Жиырма жыл бірге» атты естелік кітабында осы сәтті кинофильм көрінісіндей суреттеген. Мәскеудегі тарих институтының үлкен залы. Залдың ортаңғы тұсында атақты биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзербаев, Кеңес Одағының батыры, ғалым-әдебиетші Мәлік Ғабдуллин, Мәскеу тарихшысы А.М.Панкратова, Ұлы Отан соғысының майдангері Бауыржан Момышұлы және Мәскеуде оқитын қазақ жастары отырды. Қазақ ҚСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевта қатысты. «Кенесары қозғалысының прогрессивтік және ұлт-азаттық мәнін, дала халқының қолдауымен қаһармандық күрес болғанын диссертант Бекмаханов асқан жігерлікпен баяндады. Ресей тарихының білгірі Н.М.Дружинин, Қазақстан тарихымен көп жылдан айналысып жүрген М.П.Вяткин, заң ғылымының докторы С.В.Юшков үшеуіде қолдап докторлық атаққа лайық деп тапты.


Кітапханашы: 1947 жылдың мамыр айында Халима апайдың анасы дастархан жайып аралас-құралас достарын шақырып, үйлену тойына ұқсатып рәсім жасап екі жасқа бата беріп Алматыға аттандырды. Алғашқы кезде Бекмахановтар Ғалия деген туысының үйінде тұрды. Көп ұзамай ғылым академиясы Панфилов көшесіндегі 106 үйден пәтер берді дейді Халима апай. Халима Адамбекқызы Бекмұхамедова апай ғылыммен айналысқан ұстаз, бала тәрбиелеген ана. Күйеуінің жағдайын жасап, денсаулығына, қас-қабағына қараған аяулы жар. Ермұхан екеуінен үш бала дүниеге келген. Тұңғышына Ермұхан деп өз атын қойған. Қазақта өз атын өз баласына қою үрдісі жоқ болса да, атым өшпей ұрпағым жалғаса берсін деп ойлаған. Екінші ұлы Сермұхан, кенжесі Қарлығаш. Әкесімен аттас ұлы Ермұхан 57 жасында өмірден озды. Қалған бес баласы аман-есен, бір-бірімен араласып тұрады дейді Халима апай. Нәйля Ермұханқызы Бекмаханова тарих ғылымының докторы, Мәскеуде тұрады. Нұрия – филология ғылымының кандидаты. Нәдия – биология ғылымының докторы. Орта мектепті күміс медальмен тәмәмдаған Ермұхан КазМУ-дің математика факультетін бітірген соң кинорежиссер өнерін игерді. Ал алтын медаль иегері Сермұхан Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия технология институтын силикат мамандығы бойынша тәмәмдап, техника ғылымының кандидаты атанды, Қарлығаш – КазПи-ден диплом алып, психология пәнінен сабақ беретін ұстаз. Алты шаңырақ түзеп өсіп-өнген Бекмахановтардың бәрінен де ұрпақ бар. Бәрі де өз бетінше отау үй құрып, жұрт қатарлы еңбек етуде.
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызмет жолына, зерттеу еңбектеріне арналған тарихи танымдық сағатты аяқтағалы отырмыз. Тарихи тұлғаның өмірінен, еңбек жолдарынан азды-көпті мәлімет беруге тырыстық. Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдық мерей тойы Қазақстанда кең көлемде өткізіледі, сол кезде осы әдістемелік ұсыныс керекке жарар деген ниеттеміз.



Танымдық сағатқа қатысып ат салысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз.

Көріскенше сау болыңыздар!

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет