Таңсық Жұрынқызы Лирикадағы туған жермен тұтастық Көкшетау 2004



бет3/5
Дата11.03.2017
өлшемі1,92 Mb.
#11409
1   2   3   4   5

«АҚБАС БУРА» аңызы.
Бір көлді мекендеген қос өркешті ел сақщысы, жақсылық, жамандықтың хабаршысы ақбас бура болыпты. Бір үлкен іс боларда, бірін-

59

бірі ел шабарда, не бір батыр туарда тау кезіп, көбік шашып азынап кетеді екен. Бураның даусың естіген халық құрбандық шалып, мал шулап, иттер ұлып, жан біткен болар іске болаттай бекінетін болыпты.



Қасиетті бура бір күні қанды балақ қарақшының қолынан оққа ұшады. Жебені Ақбураның дәл төсіне шірене тартып көздейді. Ысқырына зулаған сала құлаш сай жебе қуатты қолдың күшімен кеудені көктей өтіп, қыр арқадан шығады да, артқы өркешке қадалып тоқтайды. Ақбура аузынан қанды көбік бұрқырай күркіреп, өзі мекен еткен өңірдегі қалың жыныста құбылаға басын беріп, шөгіп жатып қалады да, көз жұмады.
Жоқ болып, ақбас бура көп күн өткен,

Қасымның қан қолынан қаза жеткен.

Бір күні таудай болып шөгіп жатқан,

Бураны көреді жұрт өткен-кеткен.


Қүбылаға басын беріп шөгіп жатқан,

Көк мұнар қалың ойға шомып жатқан.

Ақ бұра қабақтарын қарыс жауып,

Қозғалмай мәңгі жатып тас боп катқан.


Қасиетті, киелі жануардың сол күйі тауға айналып, мәңгі тас боп катып қалғандығын көріп түрмыз...

60

Осындай әдемі де аянышты аңызды ақиық акын Сәкен Сейфуллин асыл туындысы «Көкшетау» поэмасында хас шеберлікпен:



Дүниеде әрбір түрлі жердің аты,

Себеппен қойған бәрі елдің аты.

Бурабай атаныпты содан бері,

Ақбура мекен қылған көлдің аты, -

деп бұл қай себеппен Бурабай атанғанын нықтап, шегелей түседі. Хандарды қаралаған қызыл империя саятшыларының ызғарынан карақшыны Қасым төре етіп алған. Ол мүмкін емес...

Енді осы тұрған жота бойымен жоғары көтерілеміз. Жоғары көтеріліп, оқушыларды «Аққу» көліне әкелдік. Айналасы қалың қамыспен көмкерілген, қыраттармен қоршалған айна көлдің сүлулығы тіл жеткісіз...

Осы жерде сабақты С.Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасымен байланыстырдық.
Айна көлді мекен еткен,

Бір-екі аққу бар еді.

Мақсатына бірге жеткен,

Екі ғашық жар еді.


Көлдің басы ертелі-кеш,

Мың құбылған ән еді.

Екі ғашық ертегідей,

Көлдің көркі сәні еді....

61

Қосымша материалдармен байланыстырып, әңгімелесеміз.



- Аққу қандай құс?

- Сұлу, таза, әнші қүс және киелі құс.

- Аққудың ешкандай киесі жоқ, киелілігі - сұлулығы. Халық оның сұлулығынан эстетикалық ләззат алып, оған қиянат жасауға қимаған, киелі деуі - оны қорғаудың бір жолы. Киелі саналған нәрсеге халық ешқашан де тимеуге тиісті.

- Ал осы көлді мекен еткен жұбай аққудың тағдыры немен аяқталады?

- Жасырынған аңшы сыңарын атқан соң, жұбайы құздан құлап өлді.

Шіркін ғашық жан жолдасын,

Тастауға енді қимады.

Мөлдіреген көздің жасын,

Моншақтатты, тыймады...
Куйікті жар құлап өлді,

Ақ төсінен қан ақты.

Жұбайына «ырза бол» деп,

Бір-ақ серпті қанатты.


Өлімді де шіркін ғашық,

Сүйгенімен бір к өрді.

Жан күйігін мәңгі басып,

Жұбайымен бірге өлді.

62

«Лашын әңгімесі» мен «Аккудын айрылуы» туындылары мұңды, нәзік махаббат сырларына толы. Таудан түсіп келе жатқанда К.Салыковтың сөзіне жазылған «Ақку әнін» орындадық, әндете жүріп, автобусқа міндік.



П.Л.Драверт пен Н.Д.Беклемишев және баска ғалымдардың зерттеп, анықтауы боиынша, Көкше тауы тұрған жерлер мен көлдер палеозой заманында теңіз асты болыпты.

Мыңдаған жылдар бойы сулардың тартылып буға айналуы, үлкен тастардың ұсакталып бірігу процестері, ұшпалы заттардың сумен, бумен қосылу, кірігу процестері біоте-бірте әр алуан тау, кия жартастардын пайда болуына себеп болған

Көкше таулары мен кия жартастары берік гранит тастардан құралған. Гранит тастар желдің, судың, ыстык-суыктың әсерімен мыңдаған жылдар қирап, сынып, мүжіліп, адам қолынан жасалғандай әр алуан мүсіндегі сұлу шыңға, құздарға, жартастарға айналған. Олардың кейбірі шөгіп жатқан атанға, жайылған қоиға, сиырға ұйықтаған батырға, коянға, тасбакаға, пілге ұксайды. Қыраттардың тауарлық ойыстары көлдерге айналған (соның бірі - «Аққу көлі».

Гранит тастардың құрамында темір, магний, қалайы фосфор сияқты сан алуан кен қорының бары дәлелденген. Минералды кен заттарының саны 90-нан асады деп шамалайды.

63

Радиоактив элементтерінің өзен, көл суында мол болуы ауруларды емдеуге пайдалы көрінеді.



Бурабай климаты - негізінен континенталды климатқа жатады, жазы жылы, қуаң. Қысының қары аз, суық. Қаңтардың орташа температурасы - 16С - 19С. Оңтүстік - батыстан соғатын құрғақ, күшті жел жазда құмды дауылға, қыста қарлы боранға айналдырып отырады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 230мм, оңтүстік шығысында 280-ЗООмм, өсімдіктің табиғи өсіп-өну кезеңі 165-175 күнге созылады. Бірінші қар қыркүйектің екінші жартысында түседі де, сәуірге дейін жатады.

ІІ АЯЛДАМА

КӨКШЕТАУ ҚЫРАТЫ
Сіздердің алдарыңызда - КӨКШЕТАУ ҚЫРАТЫ.

Батыстан шығысқа қарай 450 км-ге, оңтүстіктен солтүстікке қарай 9000 км-ге созылып жатыр. Қыраттағы ең биік жондар мен төбелердің биіктігі 600-947метр. Гранит таулы, қайыңды, қарағайлы орманды көркем өңір.

Қазағың о бастан-ақ тілге қанық,

Көкше деп ат қойғанда білгені анық.

Тау да көк, тоғай да көк, маңай да көк,

Алғандай ауаны да нілге малып.

(Қ.Мырзалиев).
64

Бір кездерде осы жерді бір хан мекен етіпті, үлкен сарай орнатыпты. Қатыгез хан халқын қан жылатып, көздеріне көк шыбын ұялатыпты. Халықтың қамын ойламай арақ-шарап ішіп, ордасын қызойнаққа айналдырыпты. Алла-тағала еркін өмірін ұзаққа создырмай, төбесінен жай түсіріп, хан ордасының күлін көкке ұшырады. Содан қалған мұраға шайтандар ие болып, жынойнақтың ордасы етіпті. Сол шайтанның бірін қазір де көріп тұрмыз, солтүстіктен батысқа қарай ұзындығы 40 метр, ені 20 метр жып-жылтыр тақтай таста түнде сырғанақ тепкен. Табиғат шайтанның да бейнесін таспен мүсіндеп қалдырған. Міне, алдарыңызда тұр.

Алдарыңда тұрған жартасты «Үш қыз» деп атайды. Оқшау тұрып, көкпен тілдескен құзды «Үш қыздың ағасы» не „Окжетпес" деп атайды. Бұл көрініс арқасын оққа тосқан, қарындастарын жаудан қорғап, қорған болған ағасын бейнелейді.

Оқшау тұрып, көкпен тілдескен «Үш қыздың» ағасы - «Оқжетпес» туралы халық аузында мынадай аңыз бар:

Бурабай баурайын ен жайлап, еркін өскен елде көрген жанды таң қалдырған тағы бір ер дүниеге келіпті. Бойының биіктігі соншалық, атқан оқ кеудесіне жетпейді екен. Сол себепті елі оны азан шақырып қойған атымен атамай, Оқжетпес деп атап жүреді екен. Оқжетпес қару-жарағын қолға үйретілген пілге артып жүреді

65

екен... Жаугершілік заманында жау қолымен Оқжетпес жалғыз шайқасады. Қанша батыр болғанымен де, жындай құтырынған жаумен жалғыз шайқасып, қатты қалжырайды. Енді ұзаққа бармай, әлі бітіп жығылатындығына көзі айқын жеткен батыр жау қолында тұтқын болып, тірідей қорлық тартқаннан да, жансыз тасқа айналып қатып қалғанды артық санап, тәңіріне жалбарынады.



- О, Жаратқан ием!.... Жау қылығына кіріптар қылма! Тасқа айналдыр мені! ... Одан да тас болып қатайын! - деп, тау жаңғырта айғайлап, тәңірден тілек тілеп жалбарынады. Пілін де жау қолында қалдырмас үшін көтеріп алып, өзінің төбесіне қоя салады.

Оқжетпестің тәңіріне жалбарынған шын тілегі қабыл болып, Оқжетпес те, пілі де сол мезет көк тасқа айналып кетеді. Оң жағымыздағы сүп-- сүйір көкпен тілдескен құз - Оқжетпес батырдың табиғат соққан мүсіні.


Пай-пай-пай! Киелі неткен жер,

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Бас иіп, піскен топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер, - дегендей, Төлегеннің Қыз Жібекті

аңсап атқа қамшы басқан жері. Адақ сияқты батырлардың, жұмбақ жандардың жанын түсініп, сұңқарларына табыс

66

еткен жері, ұзақ жолдан шаршаған жолаушының тыныстайтын, халқының тарихын біліп, аңыз - ертегісіне тамсана таңдай қағатын - Абылай ханның алаңы.



Көкшетау поэмасындағы негізгі оқиғаға арқау болған Абылай хан алаңы. Мынау - Абылай хан алаңы. 1991 жылы тамыз айында бабамыздың 280 жылдық мерейтойы тойланды. Дүбірлі тойға республикамыздың түкпір-түкпірінен, шет елдерден, хан тойын қошеметтеп хан ордасына құрметті қонақтар ағылды. Хан Абылай ордасын тігіп, туын көтерген алаңда 3-тамыз күні мына гранит ескерткіш тас, салтанатты түрде ашылды, міне, «Абылайханның алаңы» деп жазылған тақтаның тарихы осындай деп, гүл шоқтары қойылды.

Әңгімелесе отырып, хан тағына қарай бет бұрамыз. Үш жүздің әміршісі хан иеміздің қасиетті тағына келіп, таңдана да таңырқай, зерделі ойымызды жалғастырамыз. Сарбаздарын жинап, тыныштық күзетінде халқын ішкі - сыртқы жаудан қорғаған аласапыран жылдардың тарихын парақтадық.

Көкшетау поэмасындағы негізгі оқиғаға арқау болған Абылай хан әскері жоңғар қалмақтарын жеңіп, олжалаған дүние мүліктерін бөліседі, бірақ қалмақ қыздарының ішіндегі өте сұлу он жеті жасар қызды батырлар бір-біріне қимай таласады. Мергеннің оғы тиіп қолға түскен

67

киіктің лағындай қасіретті қыз хан алдына келіп өтініш айтады.



Қыз айтты: Кұлдық, тақсыр төреңізге,

Тағдырдың салған ісін көреміз де.

Адамды жете байқап сынамасақ,

Бір көріп тура баға береміз бе? –

деп, қосылар жігітінің мергендігін, күшін, тапқыр ойын сынап көруге рұқсат етуін сұрайды. Үш түрлі шарт қояды (Қыздың үш шартын үш оқушы айтты).

Қыз беліндегі орамалын шешеді де, биік шыңның басына ілгізеді. Сарбаздардың атқан оғы шың басына тимейді де, шың «Оқжетпес» аталады. «Оқжетпес» деген атақ алыпты шың, атқан оқ нақ басына жетпеген соң?!

Айнакөлдің жағасында оқтай түзу, найзадай үшкір шың тұр. Әсем шыңға тұғыр болған, берік гранит тастар қолдан жиған қыздың жүгіндей. Айнадай жылтыр тастарды қиялап қарағайлар өскен. Шың басына қараңыздар, Оқжетпес батыр аңызындағы шөгіп жатқан пілді көресіздер, оң жақтан қарағанда адамның бас сүйегі дене мүшесімен (қаңқасы) еріксіз өзіне тартып, табиғат құпиясына бас идіріп, таң қалтырады(„Оқжетпес" санаторийінің алдынан қарағанда).

Қыздың екінші шарты - төрт адамды арқалап жүз қадам жүгірту. Бәйгеге қатысқан қырық сарбаздардың сегізі қыз тұрған тасқа бірдей жетеді. Сегізін бірден ұнату мүмкін

68

болмағандықтан, қыздың бұл шарты да орындалмайды.



Қыз үшінші шартына көшеді. Суға төнген жартастың үстіне шығып алады да, мысалдап өзінің өмірін баяндайды:

Жыртқыштардан көп зәбір шегетін кептерді әйел қауымының бейнесінде алады. Осындай кептердің бірі - өзінің анасы. Төрт қызылшақа балапанын өз еңбегімен жем тауып асырап жүрген ана - кептерді ұясына жете бергенде, қарақұс бас салып ұстап алады да, дөп келдің шабытыма деп мазақ етпекші болады. Қолға түскен ана мен шырылдаған жас балапандарды қарақұстың қанды уысынан лашын құтқарады. Лашынның ерлігіне риза болған ана:

«Жас кептердің бірін ал, жар ет», - дейді. Лашын төртеуінің үлкенінің ер жеткенін күтетін болып, оған дейін дұшпандарынан қорғаймын деп серттеседі.

Жас кептерлер қанаты қатып өседі. Әсіресе, үлкені көркем болып ер жетеді. Ол лашынды күтеді. Сүйген жарына мойынында қарызы барын айтып, жас кезінде бұларды лашынның ерлікпен өлімнен құтқарғанын әңгімелейді. Сұңқардың рұқсатымен лашынды өзі іздейді. Түнде үшқан кептерді жапалақтар ұстап алып, әуреге салады. Кептер сырын айтып жалынады. Олар кептердің адалдығын түсініп босатады, лашын ұясына дейін Жеткізіп салады. Кептердің өзі іздеп келгеніне

69

риза болған лашын оның басына азаттық береді де, еліне қайтарады. Кептер сұңқарға жете алмай, бүркіттің тырнағына ілініп қалады.



Қыз мұңайып үнсіз қалған сәтте айдын көлде еркін жүзіп, сайрандаған екі аққу көктен жай түсіп, бүйі тигендей, ұясы өртеніп, қанаты қайрылғандай азаланады да қалады. Сөйтсе, тау қыраны бүркіт бір балапанын алып кеткен екен.

Оқжетпес үстінде аққу ілген бүркітті Адақ атып түсіреді, оның басындағы қыз орамалына оқ тигізеді, жұмбақты шешеді.

Зорлық пен қара күшті жеңген әділдікті, даналықтың мәртебесін көтереді. Қызды Керкөжекке мінгізіп, еліне апарып салады.

Қыз жұмбағы шешіліп, Адақтың тілегі бойынша, қалмақ қызының арманы орындалды. Батыр қызды еліне апарып тапсырып, кейін қайтады. Бірақ та осы қыздың аты сұралмапты. Батырлар қыздың мінезі, көркі, істеген ісі, ойластырған шарттары тізген маржандардай екен, аты «Маржан қыз» болсын депті. Сонымен қыз тарихта «Маржан қыз» аталыпты деседі. Қыздың шарттарының бәрі де азаттық алуға жасалған талап еді, — деп қорытындылап, мына өлең шумағымен бекітеміз:

Ойлап ем сырымды айтып жыламаққа,

Жұмбақтап ханнан ерік сұрамаққа.

Әдейі құз басына шығып едім,

Бермесе тұңғиыққа құламаққа.

70

Өз өмірін жұмбақтап айтқан, олжаға түсер болса, құздан суға құлап өлуді ойлаған қыз тұрған тас «Жұмбақтас» атанған.



- Туған жерге деген ыстық ықыласымызды ұштай түсетін кімнің қандай шығармасын білеміз? - деген сұраққа бірнеше оқушы қол көтерді. Қанат деген оқушым Қ.Аманжоловтың «Көкшетау» өлеңінен үзінді оқыды.
Жәннаты жер мен көктің сұлу Көкше,

Ризамын бұл ғүмырым Көкшеде өтсе.

Табиғат, таңғаламын тамашаңа,

Қандай күш жаратты екен сені ерекше.


Көп шығар көрмеген жер, дүние кең,

Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең.

Берсе де Гейне - Рейнін, Гомер - Парнас,

Көкшемді мен айырбас етем бе екен?...


Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,

Адам түгіл аңның да көзі тартар,

Көктемде көрерміз деп Көкшетауды

Жосылар бұғы, марал, құлан, аркар.


Екі уақ ерсіл-қарсыл қайтқан құстар,

Көкшеге бір конуға болар құштар.

Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі,

Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!

71

Бағанадан бері біздің көрген-білгенімізді осы өлең тағы да бір анықтай түскен әрізді. Ақын «Гейне - Рейнін, Гомер - Парнасын» берсе, мен Көкшемді айырбас етем бе екен!? - деп толғанады. Өлеңдегі Гейне Гомермен танысып, Рейне, Парнас география мен тарих пәндеріне сүйене отырып түсіндіріледі.



Генрих Гейне (13.12.1797 - 17.02.1986) –неміс ақыны, публицист, сыншы. Еврей отбасында туған. Заң ғылымының докторы. Бонн, Берлин университетінің заң факультетін бітіреді. Біраз туындыларын Германияның арғы-бергі мәдени, рухани тарихына арнаған адам.

Рейн – Батыс Еуропадағы өзен. Швейцария, Германия, Нидерланды территориясынан, орта ағысында Франция жерімен ағады. Өзен суы қатпайды.

Гомер (б.э.д. 12-8 ғасырлар) ежелгі гректің эпик ақыны. Гомердің атын ең алғаш атаған Хорезмнің орта ғасырдағы белгілі ғалымы Әбу-Райхан әл Бируни. «Иллиада», «Одиссея» атты екі поэма қалдырған және басқа да шығармаларының а вторы.

Парнас - Грециядағы таулы аймақ. Биіктігі 2457 метр. Парнас тауының етегінде Дельф қаласы орналасқан.

Бұдан кейін Үкілі Ыбырайдың «Өр Көкше» әнінің сөзін таратып беріп, магнитофон көмегімен

72

әуенін үйрендік. Әндете автобусқа міндік. Экскурсия сабағын әрі қарай жалғастырдық.



III АЯЛДАМА
ЖҰМБАҚТАС
Алдымыздағы ерекше бейне тас -Жұмбақтас. «Көкшетау» поэмасындағы қалмақ қызы өз өмірін жұмбақтап, осы тастың үстінде тұрып айтқандықтан тас «Жұмбақтас» аталғандығын білеміз. Жұмбақтас туралы да халық аузында тағы да мынадай ертегі-аңыз бар. Соны тыңдайык:

Ертеде мыңды айдаған аузы алты қарыс байдың бәленбей ұлының ортасында ерке өскен жалғыз қызы ер жетеді. Әкесі қызын ел билеген би не бай баласына бермек ойы болады. Әке ойын сезген қыз сүйгенімен сәйгүлікке мініп, түн жамылып қашады. Тәулік бойы бел шешпестен, тынымсыз суыт отырып Бурабайға келеді. Күміс көлдің жағасында жасыл жапырақтан қос тұрғызады. Жігіт үлкен сәнді қайық жасап, көл бетіне шығып сүйіктісімен сайрандайды. Қызына Қатты ашуланған әкесі қыз ағаларын қуғыншы етіп аттандырады. Қуғыншының келіп қалғанын байқап қалған екеуі, қайыққа мініп, көлге шығып үлгереді. Оңтайлы сәтті пайдаланып қыз ағасы жігіттің дәл жүрек тұсына садақ кезейді. Жебе қадалған жігіт қайықтан ауып түсіп, күміс суды

73

қып-қызыл қанға бояп, батып кете барады. Ғашық жарынан қапыда айрылған ару қыз қайғыдан шашын жайып жіберіп, зар еңіреп жылайды. Қайықты сол орнынан тапжылтпай, жылап тұрып, тәңірден өзін де, қайықты да тасқа айналдырып жіберуін тілеп жалбарынады. Ондағы ойы сүйгені суға батқан жерді мәңгі бақи күзетіп түру еді. Жасаған ие оның зар тілегін қабыл етеді.



Жұмбақтастың әр қырынан қарағанда әр сипатпен көрінетін сыры осыдан екен, содан ол «Жұмбактас» атанған дейді. Қырынан карағанда ақылды, тапқыр, жүзінде өткен өмір соқпақтарының ізі бар кәрі ана бейнеленсе, бұрылыстан қарасаң орта жастағы жарын тосқан ару бейнеленген, тағы бір қырынан қарасақ, қолаң шашты, асығыс бейнелі, елегізген, сұңқарын күткен қолаң шашты қалмақ қызы іспетті.

Көкше сұлулығы талай ақын шабытына қанат бітірген ғой. Туған өлке көркін жырға қосқан Зүлфия ақынның:

Білгенге Көкшетауды қазақ білген,

Көзімнің жауын алды-ау ғажап мүсін.

Деді ме жаратқан бай табиғат

Жан біткен жаутаң қағып қарап тұрсын, -

деген өлең жолдарымен байланыстырылды. Аңыз болған өлкенің өзіндік ерекшеліктерін танытқан Еркеш Ибраһимнің өлеңдерінен үзінді оқылды.

74
Аңыз болған Оқжетпесі Көкшенің,

Өміріңнің есші кейін ескегін,

Көз алдыма елестетші әкеліп,

Ақын Сәкен жыр толғаған кештерін.
О, Кербез шың, айтшы сол бір сырыңды,

«Көкшетаудай» терең теңіз жырыңды.

Сәкен қалай жазып кетті шалқытып,

Жазбағанда кейінгі де бұрынғы?


О, Кербез шың, өлмес жырға мұрагер,

Олай болса, ғафу, кешу қыла гөр.

Сәкенімнің не өзі, не көзіндей,

Кең дүниеге кербез қарап тұра бер!


Лирикадағы ақын сезімін оқушылар өз сезімімен қабылдады. Жұмбақтасын бауырына алған Оқжетпестің сұлу бейнесіне көзі тоймай, саф ауасымен тыныстап, Окжетпестің басында кең дүниеге кербез қарап, аты аңызға айналған Сәкен аға қала берді...
БУРАБАЙ КӨЛІ
Бурабай көлінің аумағы - 10,5 шаршы км, ұзындығы - 4,5 км., ені - 2,5 км., орташа тереңдігі - 4,6 метр, ең терең жері - 7 метр. Суы тұшы және мөлдір, көлде шабақ, алабұға, табан, сазан, шортан балықтары бар.

- Көл неліктен Бурабай көлі деп аталған?

75

Оқушылар жарыса жауап берді..



Бурабай курорты көл жағасында қарағайлы орман ішінде орналасқан. Курорттың тарихы XVII ғасырдан белгілі. Өткен ғасырдың соңында Көкшетау, Акмола, Петропавл, Омбы қаласының ауқатты адамдары келіп, сайрандап, тынығып жүрген. Отставкадағы генерел Пахомов 1878 жылы дем алу үшін бір-екі барақ үй салдыртыпты. 1910 жылы дәрігер Емельянов бас болып, қымызбен емдейтін 30 кісілік шағын санаторий ашқан. Бірақ бүкіл халық емделетін курорт бола алмаған.

1920 жылы мемлекеттік маңызы бар курорт ашылып, ол Қазақ СРО Денсаулық сақтау халық комиссариатына бағындырылды. С.Сейфуллин Қазақстан Халық Комиссарлары Советінің председателі болып тұрған кезінде (1922-1925) курорттың материалдық базасын күшейтуге айрықша көңіл бөлген.

Ғалымдар В.А.Александров, Н.Д. Беклемишев, В.Д.Дудецкий т.б. Бурабайдың айналасын жан-жақты зерттеп, Майбалықтың минералды шипалы суының емдік қасиеті мол екенін анықтайды. Бурабай курортында өкпе туберкулезі мен қол-аяқ буындарының ауруларын емдейді. Курорт жыл бойы жұмыс істейді. Қыста - 675, жазда 1050 адам бір мезгілде емделеді. Санаторийдің негізгі емі - қарағай орманының таза ауасы мен мамыр айынан бастап қазан айына дейін берілетін бал қымыз.

77

Осыдан кейін Бурабай курорты туралы қысқаша баяндаймын да, оқушылардың ізденімпаздығын дамыту мақсатымен тапсырма беремін. Келесі сабақта осы сауықтыру орны жөнінде деректі, мәліметтерді өздері толықтыратын болады.



Биші қайыңдар - жел оркестрі күйін шертіп, мың бұралып, би төгіп жүрген биші қыздар тәрізді ақ қайыңдардың суреті бейнеленген открытканы сан көріп тамсандыңдар. Міне, сол биші қайыңдарды тамашалаңыздар. Мың бұралған буынсыз қозғалысы, ғажайып тербелісі күй ырғағындай сазды. Бұлар бір-біріне ғашык, іңкәр Қыз Жібек пен Төлегендей, Қозы мен Баяндай ғашықтық жырын шертеді.

ПІортан қаласы - Бурабай көлінен 19 км. 1870 жылы Зубов деген адам Найзағайлы өзенінің үстінен су диірменін орнатып, содан кейін Бурабай поселкесі құрыла бастады. Алты мыңнан астам тұрғынның көпшілігі - құрметті демалыстағы зейнеткерлер. Біржан салдың ұрпағы Теміртастың баласы Мұхамедқали осында тұрады.



77
IV АЯЛДАМА
Бурабай мекеніндегі №7 мектептің алдындағы С.Сейфуллин бюстіне гүл шоқтарын қойдық. Сынып ұжымы атынан бір оқушы сөз сөйледі:

- Кешегі отты жылдары тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген революционер, қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің есімі біздер үшін өте қымбат. Тап С.Сейфуллиндей біздің өлкемізді ешкім де жырламапты. "Көкшетау" поэмасы бойынша бүгінгі саяхат-сабақтан туған жердің қүпия сырларын ұктық, сұлу табиғатын тамашаладық. Өз жерімізге деген ыстық ықыласымыз арта түсті. Рахмет, С.Сейфуллин ағамызға. Жақсы оқу, үлгілі тәртіппен ісіңізді жалғастырамыз.

Бір оқушы «Сүңқар туралы жыр» өлеңін оқыды:

Әндеткен аққу көрсем көл бетінде,

Тұрады кербез Сәкен келбетінде.

Аққуға мылтық атқан сұр мергенді,

Келеді қалдырмағым жер бетінде.
Әлде бір асығыс бар жүрісінде,

Шұбалған вагон көрсем түн ішінде.

Айқайлап Сәкен бір сөз айта ма деп,

Сағыныш алаулайды жүрегімде.

Е.Ибраһим.

78

- Көкше тарихы, әсем табиғатына байланысты кімнің қандай шығармасын білеміз?



- Мағжан Жұмабаев Көкше жерінің табиғатын екі бірдей дастанына арқау етті: «Оқжетпестің киясында» (1922ж.), «Батыр Баян» (1923ж).

Бұл дастандардың басты тақырыбы ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел қорғау, халық қамын жеген батырлардың қимыл-әрекетін, жан сезімін дәріптеу болса да, ақын ару Көкшенің сұлулығын Абылай, Кенесары, Батыр Баян сияқты ел қорғандарына қоныс болғандығын шабыттана жырлады. «Оқжетпестің қиясында» поэмасында Кенесарыны жырлағаны үшін көп соқкы көрді. Жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ:

Алашта талай-талай ерлер өткен,

Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?...

Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,

Қазақты құтқарам деп қалың өрттен, -

деп, туған жер мен халық бостандығы үшін күрескен ер жүрек Кенесары Қасымұлының ерлігін мойындатады.

Оқушыларға «Көкшетау» мен «Батыр Баян» поэмаларының ортақ негіздері қандайлығын салыстыру негізінде, берлген тапсырмалардың орындалу сапасын бақылау мақсатында, сұрақтар қойылды:

«Батыр Баян», «Көкшетау» поэмаларында қандай ортақ негіздер бар?

79

Төмендегідей жауап алынды:



1. Оқиға орны - Көкшетау ортақ;

2. Кейіпкерлері ортақ: Абылай, батырлар, тұтқындағы қалмақ қызы;

3. Оқиға (Абылай жорығы) - ортақ.

Мағжан мен Сәкеннің біз қарастырып отырған поэмаларында халық тарихын жырлаудағы сюжеттік сарындар, фольклорлық арна, мекендік орта бірлігі, нақты деректер, поэтикалық жүйе тұрғысында мол ұқсастық бар. Бірақ та өмір шындығын қорытудағы айтар ой, ұсыныстар, пікірлер жағынан салиқалы ой, саналы деректер өз құндылығымен сараланады.

Екі ақынның шығармаларындағы ендігі бір ұқсастык - адам жанының табиғатпен астасып жатуы. Мұндай ұқсастықты «Көкшетау», «Батыр Баяннан» қарастырамыз. Басты ұқсастық -Көкшенің сұлу табиғаты. Екі ақын да Бурабайдың әсем өңірін поэтикалык қуатпен сүйсіне жырлайды.

Мағжан: Бурабай - Арқа аралы, жер еркесі, - десе,

Сәкен: Ауасы дертке дауа, жұпар исі,

Көкірек қанша жұтсаң тоярсың ба? - деп еріксіз елітеді.

Қос акын Көкшетау Абылайдың хандық құрған ордасы екендігін дәлелдейді .

Бурабай - Арка аралы, жер еркесі,

Ертеде коныс болған Абылайға, - деп Мағжан қуанышты көңілін білдірсе, Сәкен:

80

Абылай орда қылған Көкшетауын,



Аударған қонысынан талай жауын, -

деп, хан Абылайды қолбасшылық қабілетімен байланыстырады.

Поэмалардағы ортақ кейіпкерлердің бірі -

- Адақ батыр, екіншісі - Баян батыр.

- Адақ тарихи тұлға ма?

- Адақ тарихи тұлға. Оның есімі - Еспенбет. Абылай хан дәуірінде өмір сүрген, еліне, жеріне адал қызмет еткен. Ханның жанын риза еткен атақты батырлардың бірі. Сәкен оның Адақ атануын «Күресте қалың қолды адақтаған» деп түсіндіреді.

Қазыбек би ханға, халыққа қарап, мен ой ойлап тұрмын деген екен:

- Еспенбеттің ерлігіне, мергендігіне, қайраты мен айласына, ақыл-ойына, озықтығына қарап бір атақ берілсе, осының бәрі біздің жеңісімізге қосылған тың үлес емес пе? Біздің қазақ озғанға орын береді ғой, сондықтан бұл жігітке «Адақ» деген ат берейік. Барлық жастарымыз Адақша алға ұмтылатын, Адақша табандылық көрсететін болсын. Тапқырлығы өзінікі, пайдасы мен даңқы қазақ халқынікі емес пе? - дегенде, хан ақылшыларымен қосылып, жиындағы қалың топ құптап Еспенбетке Адақ деген ат беріп, сонан мәңгілік есім болып қалыптасыпты. Мұндай тарихи деректі тереңірек

81

білем десеңіздер Дулат Бабатайұлының «Ер Еспенбет» дастанынан да оқуларыңызға болады.



М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы Баян да Көкшетаудай биік, ұлы рухтың адамы. Баян батырға қатысты дерекпен Щ.Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы қазақ батырлары жөніндегі тарихи аңыздар» атты мақаладан таныспыз.

Жәнібек ханның дәуіріндегі қазақтың атакты батырларының бірі - Саяннан туған Аян батырдың бір ұрпағы - Баян батыр. Поэманың идеялық-көркемдік сипатына, эстетикалық тереңдігіне бойлату, салыстыру мақсатында М.Жұмабаевтың ақындық көзқарасын

оқушылардың қаншалықты игергендігін қамтамасыз ету үшін арнайы сұрау-тапсырмалар беріледі.

1. М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын жазуына қандай қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар әсер етті?

2. Ақынның Абылай хан, батыр Баян, Ноян, қалмақ қызы, тағы басқа кейіпкерлерге көзқарасы поэмада қалай көрініс

тапқан?


3. Поэма мәтініндегі «Құл болса, бір қыз үшін балдырғаны, Алашқа бұдан ауыр шер бола ма?» деген үзінді жолдарын қалай түсінесіңдер?

4. Баянның:

82

«Күнәмді тәңірі кешпес, кешер бірақ, жауында жан берген соң алты алашым!» деген сөздің тұңғиық тереңдігі неде?



Жоғарыдағы сұрақтардан Мағжанның отаншылдық көзқарасы, мақсаты, арманға толы ақындық аңсауы, хан Абылай бойындағы даналық, Баянның ата-баба алдында азаматтық борышын адал орындау жолындағы тапқырлық ерліктері, қалмақ қызы мен Ноянның арасындағы сүйіспеншілік сезім танылатын тұстарды мәтіннен оқушылардың өз бетімен таба білуі поэтикалық таңдаудың тереңдей түсуіне жол ашады.

Ақын Баян бейнесін сомдауда оның батырлық тұлғасын, ерлік қимылын айқындайтын теңеулерді де қолданады.

«Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат», «Майданда жалғыз ойнап», «Сан қолға аш бөрідей кірмеп пе еді?!», «Барыстай ойын салған сар далада». Осындай поэтикалық детальдар қас батырға ғана тән екендігін көрсетеді.

Баян - ақыл мен ашудың, ыза-кек пен сезімнің ортасында аласұрған, өзегін өртеген өкініштен өксік атқан романтикалық тұлға. Қалмақтың 14 жасар қызына ғашық, бірақ сезімін ақылға жеңгізеді. Інісі Ноян да ғашық, ессіз елітіп, елін, жұртын тастап, тұтқын қыздың соңынан ілесіп, дұшпанның еліне бет түзейді. Осы тұстағы Баянның әрекеті мәтінде былай суреттеледі:

83

Ақылға алғыр құстай ашу төнді,



Ақыры ашу ерді билеп кетіп,

Жалт етіп сөнген шамдай ақыл өлді.


Қас қағым сәт арасында не істеп, не қойғанын өзі де түсіне алмайды. Жолда өзек ойпаңында қуып жетіп, екі жасты дәл көздеп, жебесінің құрбаны етеді. Ақылын ашуға жеңдіріп, есінен танады. Ыза бұлты сейілгенде ғана:

Жейтүғын өз күшігін болдым бөрі,

Ісімді мынау ағат немен жабам? –

деп, жан азабын тартады.

Поэмадан Баян басындағы бір-біріне қайшы, кереғар психикалық сезім арпалысы еріксіз оқырман сезімімен сабақтасады. Баяннын жан тебіренісін, күйзелісін, рухының жоғарылығын окырман сезінеді, күйінеді.

Баянның жан азабын автор былай бейнелейді:

Қозымды қас дұшпандай кудым неге?

Майысып, Ноян қалқам, ерке маркам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?

Баурыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Секіріп суда ойнаған шабағымды,

Сұм сұлу, қармағыңа ілдің неге?

- деген батырдың азапты күйін, азалы үнін, қасіретін шынайылықпен эпифора үлгісінде үдете түседі.

84

«Қара бет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген артық» деген халықтың даналық сөзінің құдіретін терең тану мақсатымен:



Тартқанда сынбадың-ау, сұм садағым!

Қайтейін, арымадың, арда күшім!

Жоқ, әлде, жоқ, жоқ, әлде өлтірдім бе,

Інімді алты Алаштың намысы үшін? –

деп Баяндай батырдың алашына деген сүйіспеншілігі, арына кір тұрғызбас биік парасаты, опасызға кешірім жоқтығы поэмада бір сәт осылай дәлелденеді деп бекітеміз. Сондай-ақ І.Есенберлиннің «Көкшпенділер» трилогиясының екінші кітабы «Жанталаста» Баян, Ноян, қалмак қызының бейнелері нанымды бейнеленгендігі оқушылардың естеріне алынады. Осы поэманың желісінде 1992 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Бурабай өңірінде «Батыр Баян» фильмін түсіргендігі айтылып, сұхбат жүргізіледі.

Көкшені қазір сан ұлт өкілдері қоныс еткен. Көкшенің бай әрі сұлу табиғаты - ел игілігі, еңбекші жұрттың, береке-бірліктің тұрағы. Көкше - жұмысшы таптың еңбегімен жаңарған өлке.

Иә, Көкшенің жері қандай сұлу болса, оның елі де, ері де сондай мерейлі, жайдары, жайсаң. «Жері байдың - елі бай» деп тегін айтылмаған. «Жеріне қарай - ері» деген мақал және бар. Көкше топырағында дүниеге келіп, қырандай қияға самғаған азаматтар қаншама! Соның бірі - Шоқан

85

Уәлиханов. Осы орайда Шоқан және басқа да қайраткерлер жайында әңгіме қозғалады.



Поэманың «Жеке батыр» бөлімімен байланыстырып, «жүзден - жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дегендей, көкшетаулық Ж.Ж.Қожантаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілгендегі аудан еңбеккерлері қуанышын еске түсіру үшін Е.Ибраһимнің «Жолдас, Жәмшит» поэмасының бір шумағынан жатқа оқып, өмірімен байланыстырдық:

Жұлдызың құтты болсын, Жәке батыр,

Жолың да мыңнан озған жеке жатыр.

Бір жұлдыз Бурабайға лайық еді,

Сен болдың соны таққан жеке батыр,

- деп, туған жерінің жұлдызын жандырған, диканның даңқын асырған ағамыздың бейнесін өлең шумақтарынан оқып көңіліміз өсті, оқушыларды осы өлкенің еңбек адамдары туралы әңгімеге жетеледік.

Ендігі әңгіме арнасын табиғат қорғау жайына ауыстырып, Бурабайдың табиғаты мен жануарлар дүниесі әңгімеленеді.

Қандай бір әсем жер болсын оған күтім, қамқорлық керек. Қамқорлық болмаса, әсемдігінен, көркінен айрылады. Сондықтан да табиғат берген байлықты аялайық. Бурабай орман алқабы 64640 гектардай жерді алып жатыр. Қарағай 20000 гектар жерді алады. Орман ішінде бұғы, елік, түлкі, коян, ақ тиін, қабан және 150-

86

дей құстар тіршілік етеді. Тау ішінде таңқурай, қарақат, шие, шырғанақ (облепиха), жидек, тағы басқа жеміс түрлері өседі. Ағаш өсіп-өнуі ұзақ мерзімді қажет етеді. Өрт -тілсіз жау. 1963 жылы екі күнге созылған өрттен 40 гектар жердің ағашы өртеніп кетті. 1977 жылы 27 рет өрт болған. Жылына орта есеппен 20-дан артық өрт болады екен. Өрттің шығуына адамдар кінәлі. Табиғатты қорғау - барша халықтың ісі. Салғырттықтан сақтан, табиғатты қорғай біл.



Оқушылар Шота Уәлихановтың «Көгілдір Көкше» әнін орындайды.
Көкшетау сені аңсаумен,

Арманда жүр едім.

Кеудемді тербеп нұр сәулең,

Қозғалды жүрегім.

Тербеші мені күміс көл,

Ақсамал, әлдиле.

Қарағай, қайың, күміс көл,

Толқиық, кел биге.


Қайырмасы:

Еркелеші, су бетінде акқулар,

Құс төресі, аппақ ару, ақ мұнар.

Аңсаған ем,

ІІІығайын аспаныңа,

Көтерші асқарыңа,

Көгілдір Көкшетау.

88

Асығып жеттім қайдасың,



Арманым, іңкәрім,

Тұлпарың қайда байласын,

Сағынған сұңқарың,

Арындап асау бір сезім,

Тулайды қанымда.

Шыдасын қалай бұл төзім,

Лаулаған жалынға.
Қайырмасы:

Көкшенің жұпар желдері,

Әлдилеп барады.

Көкшенің күміс көлдері,

Махаббат шарабы.

Куәсі болсын сертімнің,

Кербезім Окжетпес.

Қүдіреті сенсің еркеңнің,

Ардағым қол жетпес.
Қайырмасы:

Еркелеші, су бетінде аққулар,

Құс төресі, аппақ ару, ақ мұнар

Аңсаған ем,

Шығайын аспаныңа,

Көтерші асқарыңа,

Көгілдір Көкшетау.

88

- Балалар, Көкшенің жұпар желдері, дархан даласы зор денсаулық сыйласын, толассыз шабыт берсін. Оқжетпестей биік, Бурабай көліндей мөлдір, Жұмбақтастай сырлы, биші қайыңдай назды болыңдар! - деп әңгімемді аяқтадым.



Саяхат-сабақтың нәтижесінде оқушылар поэманың композициялық құрылысына жоспар жасады, реферат жазды, поэзия минутына арнап өлеңдер жаттады. Көкше көріністерінен суреттер салды. «Көкшетау – шұрайлы да сұлу аймақ» тақырыбына шығарма жазды.

Оқушылардың бірі аңызға айналған Көкшенін сұлу табиғатына, бірі ақын-әншілеріне, кейбірі жеке ақындар шығармашылығына тоқталыпты. Көпшілігінің шығармалары сабақтан алған әсерлері бойынша жазылған. Шығарма жұмыстарынан оқушылардың өзіндік ой-толғаныстарын аңғардық.

Мысалы, А.Үмбетова деген бір оқушым өз ойын мына өлеңмен өрнектепті:


Каталог: Книги
Книги -> 3. ҚАбдолов әдебиет теория – сының негіздері жоғары оқу орындарына арналған оқУ ҚҰралы мазмұНЫ
Книги -> “Қош,махаббат” Алматы 1988 жыл Ақынның жыр жинақтары
Книги -> Қазақcтан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Книги -> Көкшетау 2011 Құрастырғандар
Книги -> АҚША, несие, банктер
Книги -> А. А. Букаева 5В090200 Туризм мамандығына арналаған КӘсіби қазақ тілі
Книги -> М а 3 м ұ н ы қазақ тілі леқсикологиясына кіріспе қазақ лексикологиясының мақсаты мен зерттеу объекгісі лексика
Книги -> Қ а з а қ тіліні ң грамматикас ы 1 т о м Алматы, 1967
Книги -> Сүлейменова Зәуре Екпінқызы Қошанова Мараш Төлегенқызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет