Алабота тұқымдастар. Басым көпшілігі арамшөп түрінде белгілі біржылдық және көпжылдық шөптекті өсімдіктер. Шала бұталы, кейде бұта және кішкене ағаш түрінде кездеседі. 1 500-ге жуық түрлері бар.
Алабота тұқымдастар – кіндік тамырлы, көпшілігі көріксіз, өте кең таралған өсімдіктер. Көпшілігінде сабағы мен бұтағы бунақты (сексеуіл) болып келеді. Бөбешіксіз жапырағы кезектесіп орналасады. Жапырақтары қарама-қарсы орналасатын да түрлері бар. Кейбіреулерінің жапырақтары жойылып, қабыршаққа немесе тікенекке айналған. Гүлдері ұсақ, көзге бірден байқалмайды. Олардың түсі жасыл немесе сары болып келеді. Гүлдердің жеке-жеке де, масақ тәрізді, шашақтанып, сыпыртқыгүл тәрізді шоғырланып өсуі мүмкін. Қосжынысты, көпжатынды немесе дара жынысты, күлтесіз болып келеді. Тостаған жапырақшасы – 5, кейде – 3, кейде 4-еу болады. Тостаған жапырақшасы нешеу болса, аталығы да сонша, тіпті жалғыз (ебелек) да болуы мүмкін. 2, кейде 3–4 немесе 5 жеміс жапырақшалардан түзілген жатыны бар. Аналық мойындарының аздап немесе мүлде тұтасуы да мүмкін. Жемісі қақырамайды. Желмен, бунақденелілермен айқас тозаңданады. Тұқымын жел немесе жануарлар таратады. Алабота тұқымдастарға қызылша, шпинат, көкпек, сораң, алабота, теріскен, сексеуіл, бұйырғындар жатады.
Сексеуіл – бұта немесе кішкене ағаш түріндегі алабота тұқымдас өсімдіктердің бір туысы. Биіктігі 12 метрге дейін жетеді.
Қазақстандағы орман қорының жартысына жуығын сексеуілді тоғай алып жатыр. Оның көлемі 5 млн шаршы метр деп есептеледі. Өткен ғасырдың 40–50-жылдары сексеуілді отын қоры ретінде пайдаланған. Бақанас, Сары-Үйшік-Отырар, Мойынқұм және Қызылқұмда сексеуілден отын дайындалған. Сексеуіл қорын сақтап қалу үшін бір жылдары көшеттер отырғызылыпты. Алайда жылма-жыл сексеуіл отынға көп дайындалғандықтан, сексеуіл орманы сиреп кетті. Енді мүлде жойылып кету қаупі сексеуілге төніп тұр. Сондықтан сексеуілді қорғау шараларын күшейту қажет.
Қазақстанда 3 түрі өседі. Олар қара сексеуіл, ақ сексеуіл және бұта сексеуіл деп аталады. Тамыр жүйесі өте күшті дамыған. Жанама тамырлары топыраққа 10–11 метрге дейін таралып кетеді. Бұлардың діңі қисық, мықты, морт болып келеді. Бұжыр-бұжыр діңінің сүрегі ауыр, суға батып кетеді. Өте қатты болғандықтан, өңдеуге көнбейді. Сексеуілдің жас бұтақтары мүлде жапырақсыз болады. Өйткені жапырақтары өзгеріп кеткен, жапырақ қызметін жас өркендері атқарады. Сексеуілдің гүлі ұсақ, қосжынысты – бірүйлі, қабыршақ тәрізді гүл жапырақтың қолтығында 4-тен орналасады. Гүлсерігі қабыршақтанған 5 жапырақшалардан құралып, жемісіне қанатша түзеді. Көктемде гүлдейді. Жемісі – қанатты жаңғақша, қыркүйек – қазан айларында пісіп жетіліп, қараша – желтоқсан айларында жерге төгіледі. Сексеуіл тұқымынан көбейеді, өркендерінен де өсіп жетіледі. Ол 30–60 жыл тіршілік етеді. Сексеуіл діңі жаққанда жылуды көп бөледі. Сондықтан отынға пайдаланылады. Сүрегін жаққанда түскен күлден сақар (тыңайтқыш) өндіріп алады. Сексеуілдің жас өркендерін қыста қой, түйе жейді. Ақ сексеуіл құм бекітуге пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |