Т.Ә. ТӨлебаев қосалқы тарихи пәндер ІІ бөлім Оқу құралы Алматы


Орыс графикасына негізделген әліпби және оның қайшылықтары



бет23/51
Дата25.12.2021
өлшемі1,51 Mb.
#105304
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   51
Байланысты:
annotation16475

Орыс графикасына негізделген әліпби және оның қайшылықтары


Осы жылдардан бастап (1938-39 жж.) латын графикасына негізделген әліпбиді орыс графикасына ауыстыру мәселесі қызу талқыға түсе бастайды. 1939 жылы 10 тамызда алғашқы әліпби жоба жарияланады. Жобада 40 әріп: а, ә, б, в, г, д, е, ж, з, и, й, і, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ŷ, ұ, , ү,, ф, х, қ, g, ц, ч, ш, щ, ъ, ы, ь, э, ю, я. Осы тәрізді жобалардан кейін 1940 жылы орыс графикасына негізделген қазақ жазуы қабылданады. Оның емле ережесі де бекітіліп, өңделіп те келе жатыр. Бірақ қазіргі кезде ғалымдар орыс тілі сөздері түпнұсқа принципіне бағынуын және кірме әріптердің қазақ әліпбиінде орын берілуін сөз етіп келеді. Осыған орай ғалымдар жаңа жазу, жаңа әріп алдымен тіліміздің табиғи болмысын дұрыс тануға, өзіндік дыбыстық жүйесін зерделеуге зор мүмкіндік тудыру керек деген пікірді жиі айтады. Шындығында, латын графикасына көшу жай ғана әріп алмастыру науқаны болмауы тиіс. Ең бастысы орфографияны «қосаржарлық» сипатынан айыру керек деген принципті алға тартуға болады. Жалпы жазу теориясында уәжді және уәжсіз принцип бар. Бұл мәселені қазіргі кезде ғалымдар лингвистикалық және психологиялық жағынан қарастырып келеді. Лингвистикалық жағы бұл әліпбидегі әріптердің саны негізгі дыбыстардан соншалықты алшақ кетпеуі, негізгі дыбыстармен тең түсуі т.с.с. Ал психологиялық жағын алар болсақ, жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының құралы. Сондықтан ұлттық санада немесе тілдік санада белгілі бір дыбыстың суреті жоқ дыбысты тіл арқылы жарыққа шығару немесе оны жазу өте күрделі. Осыған байланысты Н.Уәлиұлы былай дейді: «Әліпбидегі әріптердің саны шамадан тыс көп болуы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларымызға да оңай тимейді. Ана тілінің дыбыстарын бейнелейтін әріптерді мектепке келген балдырғандарымыз дыбысқа (уәжге) сүйеніп, тез үйреніп алады. Сөйтіп дыбыс пен әріптің байланысы оқушы санасында білімге айналады. Ал ъ, ь, ц, щ, … тәрізді таңбаларды дыбыстық уәжі болмағандықтан, жаттап алуына тура келеді. Қазақ тілінің дыбыс жүйесіне қатыссыз әріптерді жаттап, миға салмақ түсіреді. Бұл – мәселенің лингвистикалық-психологиялық жағы. 42 әріппен байланысты бұл қайшылықты, әсіресе ұстаздар қауымы жақсы біледі. Бұл жайт, жоғарыда айтқанымыздай, кирилше әліпбидің түкке алғысыздығынан емес, я болмаса кирилшені әуелде тіліміздің жүйесіне сай етіп Ұқсата алмаған тіл мамандарының да кемшілігі емес. Қазақ лингвистерінің кәсіби біліктілік деңгейі қай кезде де төмен болған жоқ. Әліпбидегі түйткілдің түп-тамыры тоталитарлық жүйенің Кеңестер одағындағы тілдерді, ұлттарды бірте-бірте ассимиляциялау саясатымен байланысты болды. Кеңестік кеңістікте халықтарды бір тілге көшіріп, Бабыл мұнарасын орнатып, көктегі коммунизмге қол жеткізбек болған идеологиялық қысымның салдарынан кирилше әліпбиіміз бұрмалауға түсті. Қазақ әліпбиіне енгізілген в, ъ, ь, ц, щ … тәрізді әріптер алдымен халықаралық терминдерді, советизмдерді, онимдерді (жалқы есімдерді) орыс орфографиясымен жазу үшін енгізілген. Қазақ орфографиясы да сиям егіздері сияқты қосамжар орфография болып шықты. Қазақ мәтіндерінде қазақша жазылатын сөздер мен бөтен тілдің бөркін киген сөздер аралас-құралас жүрді. Сөйтіп, советизмдерді, интернационализмдерді, онимдерді Орталық орыс орфографиясымен бұлжытпай жазу үшін ч, щ, ю, я, ъ, ь, ц … тәрізді әріптерді енгізуге тіл мамандарын мәжбүрледі».

Cонымен, қазіргі қазақ әліпбиі ұлттық әліпби емес, қосамжар әліпби болып отыр. Осымен байланысты ғалымдар әліпби ауыстыру ең бірінші лингвистикалық түрткіжайтқа барып тірелетінін дәлелдейді. Екі тілдің орфографиясына қызмет ететін әліпбиге түбегейлі реформа жасау арқылы тіліміздің дыбыстық жүйесін нақты белгілейтін, оның өзіндік табиғатын бейнелеп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізетін жаңа жазу-сызуға көшу керек деген пікірде.

Сонымен латын графикасы негізіндегі қазақ әліпби жоба ұсынушылар немесе латын жазуына қайтуды қолдаушы ғалымдардың арқа сүйеп отырған бұлтартпас басты дәлелі мынандай әділ де ақиқат тезис болып табылады –кирил жазуына негізделген әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін барабар жағдайда көрсете алмайды және оның орфографиясын күрделендіре түседі.

Жалпы қазақ әліпбиінде 29 дыбыс бар. Ал қазіргі әліпбиімізде в, ё, ф, х, ц, ч, щ, э, ю, я, ъ, ь әріптері қазақ тіліне жат. Ф, х әріптері 1938 жылдан қолданысқа енсе, қалған 10 әріп 1940 жылы орыс графикасына негізделген әліпбиге көшкенде қабылданған болатын. Бұл әріптер орыс тілінен енген сөздерді бұзбай, яғни түпнұсқасына жақындатып қолдану үшін алынды. Орыс тілінен енген я, ю, ё, щ, ц, э тәрізді әріптер қазақ әліпбиі үшін басы артық таңбалар. Сонымен кирил әліпбиінің қазақ нұсқасында я, ю, ё графемалары қандай қызмет атқарады?

Я, ю, ё әріптері әдетте дыбыстардың қосындысын білдіреді. Мұндай дыбыстардың қосындысы қазақ тілінде екі вариантта (жуан және жіңішке), яғни йа – йә, йу – йү түрінде кездеседі. Сондықтан мұндай әріптерді әліпби құрамынан мүлде алып тастауға болады. Өйткені қазақ орфографиясында йа – йә тәрізді әріптік тіркестермен беруге болатын прецедент бар. Сөз басында және дауысты дыбыстардан кейін келетін я әрпін қосынды й+а немесе й+ә арқылы таңбалауға әбден болады. Мысалы: қойан, тайақ, айа, майа, сайа, қийа, сийа, тұйақ, сайақ. Ал орыс тілінен енген кейбір сөздерде дауыссыз дыбыстардан кейін келген я әрпінің орына ә әрпі, дауысты дыбыстан кейін және сөз басында келген сөздерде й+а қосар әріппен жазуға болады. Мысалы: отрәд, снарәд, аккумуләтр; йадро, йахта, йарус. Осы тәрізді ю әрпін әліпбиден алып, орнына й+у қосар таңбасы арқылы таңбалауға болады. Мысалы: айу, ойу, кейу, көркейу, айуан, айуанат, хайуан, хайуанат, кейуана, миуа, диуана, қиуа, қиуаз. Орыс тілінен енген сөздерде й+у дауыссыз дыбыстан кейін келгенде дара у әрпін жазуға болады. Мысалы: буджет, полус, лукс.

Орыс тілінде дауыссыздың жіңішкелігін білдіретін Ёё әрпі қазақ жазуы үшін тіптен артық болып табылады, өйткені орыс тіліндегі ё дыбысын қазақ тілінде й+о, й+ө қосындысы арқылы және кей жағдайда ө әрқылы да беруге болады. Мысалы щётка – шөткі, ёлка (шырша) – йолкі сөздерінде ғана кездеседі. Сондықтан латынша емледе бұл типтес сөздер қазақ тілінің ерекшелігіне байланысты дұрыс жазылуын қуаттаймыз.

Байқап отырғанымыздай, мұндағы қиындық тек орфографияда ғана емес екен! Жасанды жазылымда қазақ тілінің негізгі фонетикалық заңы бұзылады – сингармонизм, орфография айтылымға, орфоэпияға кері әсерін тигізеді.

Сондай-ақ әліпбиде «ь» (жіңішкелік белгі) әріптік таңбасының болуы дұрыс емес екендігін атап өткіміз келеді. Қазақ тілінде араб жазуы, латын жазуы болған кездердің өзінде бұл таңба ешқашан да қолданылған емес, өйткені, атап көрсеткеніміздей, қазақ тілінде дауыссыздардың жіңішкелігі қатар тұрған дауыстылармен анықталады. Осыған қарамастан кирил әліпбиіндегі қазақ жазуында бұл таңба аса мол кездеседі, ал оның дауыссыздың жіңішкелігін емес, буынның немесе дауыстының жіңішкелігін білдіретіні оқырман үшін тиімсіз болып табылады және қазақтардың өзін және орыстілді қазақтарды шатастырады.

Сонымен біздің ойымызша, қазақ тілін өзінің лайықты орнына шығартпай отырған бірінші кедергі, ол – кирил жазуы. Санамызға әбден орнығып алған орыс әріптерінен арылмайынша ана тіліміздің екінші дәрежеде қала беруі заңдылық. Қазіргі кезде қазақ әліпбиінің орыс әріптерінің негізінде құрылғаны былай тұрсын, тіпті орыс тілінің көптеген ғылыми-техникалық және саяси-қоғамдық терминдері ешбір өзгеріссіз, ешқандай заңдылыққа бағынбай, түпнұсқамен жазылып жүр. Бір айта кететін жайт, сол орыс тілінен енген барлық сөздердің тегі орыстікі емес. Мысалы, президент, конституция, цивилизация, функция, коммунизм, капитал т.с.с толып жатқан орыс сөздерінің тегі латыннан шыққан. Тек орыс тілі жат сөздерді қабылдағанда міндетті түрде өзінің тіл заңдылығына сәйкес етіп өзгерту арқылы енгізеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей, 20-30 жылдары да қазақ тіліне кірген кірме элементтер тілдің заңдылығына толық бағынып заңдастырылған. Қазіргі кезде мерзімді баспасөз беттерінен орыс тілінен енген сөздерді қазақиландырып жазу механизмдерін көзіміз шалып қалады. Мысалы орыс тіліндегі автомобиль сөзін аптамобіл, факт' сөзі пәкті түрінде, авиация сөзі – ауасия түрінде игеріліп таңбаланған түрлерін де жүр («Тіл және аударма», 2000, №1). Осы мәселелерді сараптай келгенде, неге сол латын сөздерін қазақтың дыбыс заңдылығына бағындыра отырып, қабылдамасқа деген сауал туады. Ол үшін біріншіден, кірме сөздерді жуан және жіңішкелік принципке негіздеу, екінші принцип «түпнұсқалыққа жақындау» принциптерін қатар ұстау арқылы тілдің табиғилығын сақтауға болады.

Қорытындылай келгенде, ХҮІІІ ғасырдың басында кирил әліпбиінің негізінде Ұлы Петр арнайы жасаған және орыс тілін жазуда беру үшін өте тиімді икемделген орыс әліпбиі өзге жүйедегі қазақ тілінің (кеңірек айтқанда – түркі тілдерінің) дыбыстық жүйесін беруде үлкен қиындықтар туындатып отыр. Шешілуі қиын болып отырған кедергілер шексіз деуге болады – орфографияның күрделенгендігінде сөз жоқ, ал күрделі орфография орфоэпияға, айтылымға кері әсерін тигізеді. Ә.Жүнісбек қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ дейді. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады деген еді [19]. Сондай-ақ мамандар әділ атап көрсеткендей, жазуда қазақ және орыс тілдерінің алуан түрлі ерекшеліктегі дыбыстарын таңбалау «фонемалардың шашырауына, жайылуына әкеледі». Нәтижесінде – тілдің өзіндік ерекшелігі жоғалады. Қазіргі кездегі қазақ тілі қолданылып отырған ортадағы өзгеріске ұшыраған тілдік ахуалды ескерген жөн. Егер 40-50 жыл бұрын қазақтар өздерінің ана тілдерін жетік біле отырып орыс тілін меңгерсе, кейінгі онжылдықта қазақтардың басым бөлігі балаларын орыс мектерінде оқытқан жағдайларда, енді орыс тілі арқылы ана тіліне қайту үрдісі бел алып отыр. Әрине, осындай жағдайдағы әліпбилердің ұқсастығынан қазақ тілінің нағыз табиғи айтылым нормаларын жетік меңгере қою аса қиын шаруа. Сондықтан да әліпбиді жетілдіру мәселесі, ең алдымен тілдің қазіргі кездегі жағдайына қамқорлық таныта отырып, тілді дамыту перспективасын және оны сақтау шараларын қамтиды.

Cондықтан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкерлері аталмыш проблемаға өз көзқарастарын білдіре отырып, 5 жоба ұсынып отыр. Оның біреуі интернетке арналған.

Латын графикасына негізделген жаңа әліпби жобалары жан-жақты ойластырылып, ғалымдар тарапынан құрастырылған ғылыми нақтыланған жобалар. Онда қазіргі әліпби жүйелерінде шешімін тапқан, сонымен қатар жазу тарихымыздағы тәжірибелерді қорытып, дұрыс нәтиже көрсеткен сараптамалар өз деңгейінде пайдаланылған. Қазіргі қазақ жазбасында енгізуге толықтай жарамды. Әріптерді белгілеудегі жеке-дара пікір қайшылықтары болғанымен, қазақ халқы үшін латын графикасына өту заман талабына сәйкес өте қажетті де маңызды болып саналады.



      1. Кирил жазуын қазақ тілінде пайдалануға көшудің саяси себептері туралы не айтылған?

      2. «Қосжар» әліпби дегенді қалай түсіндің? Ол туралы өзіңнің көзқарасың қандай?

      3. Кирил жазуын қазақ тілінде пайдаланудағы келеңсіздіктер туралы не айтылады? Өзің не ойлайсың?

      4. Автордың латын жазуына өту туралы пікірі негізді ме? Сен не айтар едің?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   51




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет