Театр әлеміндегі өшпес тұлға –
Қасым Жәкібаев
Сәлеметсіздерме. Қош келдіңіздер. Бүгін біз театр әлеміне еніп, зейін салып, кешімізді белгілі Қазақстанның халық әртісі, “Тарлан” сыйлығының иегері, театр мен кинода талай образдар сомдаған Қасым ЖӘКІБАЕВТЫҢ шығармашылық өнеріне арнасақ...
Қасым Жәкібаев қазақ сахнасының қайыспас қара нары еді..., қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
82-ге қараған шағында дүниеден озған қазақ сахнасының саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевты қазақ жұрты кеше ғана мәңгілік сапарға шығарып салды.
Қасекең Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққарғалы ауылында өмірге келді. Аллаға шүкір, Алатаудың қай баурайы да керемет, табиғаты сұлу ғой. Қасекең осы сұлу өңірде туып өсті. Әкесі Әбек, шешесі Сарқыт деген кісілер болған. Кеңес өкіметі орнаған соң коммунистік идеологиямен қоса ашаршылық келіп, ауыл-ауылды аралап кетті. Осы қиындыққа шыдамаған Әбекең (Әбек) Алматыға көшіп келді. Бұл ел астанасы Қызылордадан Алматыға көшкен, қаланың абыройы кіре бастаған шақ еді. Шиеттей бала, шикі өкпе. Үйелмелі-сүйелмелі 4 бала, оларды асырау оңай ма?.. Әбек аяқ киім фабрикасына жұмысқа кірді. Ал анасы Сарқыт құрақ көрпе тігіп, киіз, текемет, сырмақ жасайтын қолы епті ісмер кісі болатын. Бала Қасым мектепке 6 жастан барды.
Сынып жетекшісі боп, Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қапан Бадыровтың жұбайы – Анна Герасимовна келді. Сол Қапан ағаның әйелі Анна Герасимовна орыс және шетел әдебиетін жақсы білетін ұстаз еді… Енді бір қызығы, математикадан белгілі композитор Бақытжан Байқадамов сабақ берген. Осындай ұстаздардан дәріс алған Қасекең мектеп бітірген соң бір жыл жұмыс істеді. Қазіргі Панфилов паркінде орналасқан “Красная звезда” артелінде жұмысшы болды.Соғыстың қызып тұрған шағы. Әкей майданда. Жанай Оспанов деген жолдасы бір күні екі беті алаулап жүгіріп келген. “Мен көркем өнер училищесіне түстім. Оқушылар қабылдап жатыр. Қыздар көп те, ұлдар аз. Сен барсаң, алады”, – деген. Қасым не де болса көрейін деді. Қалай да оқу керек. Оның үстіне бұл кез Алматыға жұлдыздардың жауған шағы. Соғысқа қарамастан “Иван Грозныйдың”, “Котовский” мен “Она защищает Родину”, т. б. фильмдердің түсіріліп жатқан шағы. Ленинградтан келген КСРО халық әртісі Виктор мен оның әйелі Любовь Дьяковтар Қасымды бірден байқап, оқуға алған.
Ұнтақ жеп өскен ұрпақтың өкілі саналатын Қасым Әбекұлының бүкіл өмірі тынымсыз еңбекпен, терең ізденіспен өтті. Театр көркемсурет училищесін 18 жасында бітірген жасөспірім одан кейінгі уақытта 50 жыл жастар театрында, он жылдан астам «Қазақ фильм» киностудиясында еңбек етіп, өмірінің ең қымбат кезеңін қазақ өнеріне арнады.
Сонымен қатар, Қасым Жәкібаев – кино саласына да елеулі үлес қосқан танымал актер. Мысалы, оның «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Сұрапыл Сұржекей», «Шоқ пен Шер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөлдері кино өнерінің жарқын беттері ретінде тарихта қалары анық. Мұның себебі – Қасым Жәкібаев өзі кейіптеген әрбір бейнені психологиялық, эмоциялық жағынан мейлінше шыңдап, көрерменге нанымды күйде ұсына білетін. Көбінесе күлдіргі рөлдерге ойнағандығына қарап, жұртшылық оны комик актер ретінде бағалайтын. Алайда Қасым Әбекұлы – кейіпкерінің трагедиялық жағдайын да жеріне жеткізе шынайы суреттей алған қас шебер. Бұған «Жансебіл» фильміндегі Мұқатай бейнесі дәлел.
Достарыңызбен бөлісу: |