Тәжік-қазақтарының лексикасындағы араб-иран тілдерінен енген сөздер
Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ аға оқытушы М.Абдулханова
Түркі тілдеріне араб, парсы тілдерінен сөз ауысу процесі қазақтың біртұтас халық тілі қалыптасудан көп бұрын, орта ғасырлардың алғашқы кезеңінен басталады. Араб, парсы сөздері қазақ тіліндегі кірме сөздердің ең мол қорын жасайды. Олар тұлғасы жағынан да, қазақ тіліндегі игерілуі жағынан да әр түрлі дәрежеде [1-,137 б.]. Араб-иран тілдерінен қазақ тіліне енген кірме сөздерді сөз еткенде, олардың бірқатары түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырап, тіліміздің фонетикалық заңдылығына бағынып сіңісіп отырса, бірқатары мағына жағынан өзгеріске ұшырап отыратындарға назар аударған жөн. Араб-парсы элементтері жайлы мәселе тілшілердің назарын ертеден аударған. Ол жайында диссертация [2] монографиялық еңбектер [3-64], брошюралар мен мақалалар [4] біршама жарық көрді. Сондай-ақ бұл туралы сөздіктер [5] де шықты. Зерттеушілерді соңғы кездері көне ескерткіштердегі араб-иран элементтері тәрізді мәселе де қызықтыра бастады. Бұл аталған еңбектердің қайсыбірін алсақ та, әдеби тілдегі араб-иран элементтері жайлы әңгіме етілді. Ал қазақ тілі сөйленістеріндегі элементтер туралы сөз етсек, кейбір еңбектерде ғана ұшырайды.
Қазақ тілі жайлы жазылған еңбектерде араб-иран элементтерінің енгені туралы жазылып та келді. Бірақ басқа түркі тілдерімен салыстырғанда қазақ тілінің құрамындағы бұл элементтер осы тілдің дыбыстық заңына бағынып, халық игілігіне айналғаны жайында айтылған болатын. Бұл жөнінде В. В. Радлов [6] жазған еді. Ғ.Ғ. Мұсабаев та өзге тілдерден (өзбек, әзірбайжан, татар т.б.) гөрі қазақ тілінде араб-иран элементтері [7] аз екенін дәлелдеген болатын. Қазақ тіліндегі араб-парсы тілінен енген кірме сөздер жайлы монографиялық еңбек жазып, диссертация қорғаған Л. Рустемов те бұл жайында қызықты деректер келтіреді. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда қазақ тілінде араб-иран элементтерінің аз екенін қуаттай отыра, қазақ тілінің актив лексикасында 15%, пассив лексикасында 7%-ке дейін араб-иран сөздері кездесетінен дәлелдейді [3].
Біз бұған дейін қазақ әдеби тіліндегі араб-иран кірме сөздерінің зерттелуі жайлы сөз еттік. Жергілікті халық тілінде, сөйленістерде бұл тілдердің элементі бар екені жайлы диалектологиялық еңбектерде де айтылып жүр. Соның ішінде белгілі сөйленістерге қатысты кандидаттық диссертацияларда арнайы қарастырылған. Атап айтқанда, ғалым Ғ. Қалиевтің зерттеуі бойынша Арал сөйленісінде шайыр, мақсұс, талан, інабат, мәміле, мәнпахат, аламат, гүлмән, пушайман, көбен, заңғар, сада, азар, баж тәрізді [8-69], Ә. Бөрібаевтың зерттеуі бойынша Орда сөйленісінде мүгедек (уақытша үй), бәсі (баға), диван (шешім), майқан (кірпіш кептіретін алаң), тандыр (етпен жасайтын тамақ түрі), шиша (бутылке), уәкіс (етік крем) [9], Ш.Бектұровтың ғылыми еңбегі бойынша Қызылорда сөйленісінде бел (күрек), қайбат (өсек), пул (ақша), дарақ (үлкен ағаш), көдек (бала), дәліз (кіреберіс), сақ (сабақ), күзе (құмыра), шайыр (ақын), сақана (күмбез) [10], Н.Жүнісовтің Қарақалпақстанда тұратын қазақтар тілінің ерекшелігі туралы еңбегінде күрсі (стол), атар (саудагер), елат (халық), мұзаффат (облыс) [11] тәрізді араб-иран элементтерінің бар екендігі айтылады. Сондай-ақ қазақ тілінің Шу сөйленісінде де араб-иран сөздерінің бар екені жайлы мысалдарды едәуір келтіруге болады. Араб-иран тілдерінде қолданылатын сөздердің кейбіреуі семантикалық өзгеріске ұшырағанда байқалады. Мысалы, араб-иран тілдеріндегі «жалау» мағынасында қолданылатын әлем сөзі, «шүберек, перламутр» мағынасындағы садаф сөзі, Шу сөйленісінде ақ түйме мағынасында жұмсалады [12]. Араб-иран элементтерінің дәнді дақылдар атауларында кездесетіні туралы сөз еткен А. Шамшатованың жұмысында уа, нам, мала, сақ, белкүрек, мұран т.б. сөздер келтіріледі [13].
Өзбек, түрікмен тілдерінде араб-иран элементтерінің мол кездесетіні жөнінде осы өңірді зерттеген ғалымдар еңбегінен аңғаруға болады. Ташкент сөйленісіне байланысты, Тамды ауданы қазақтарының тілдік ерекшелігін қарастырған Т.Айдаров [14] жұмысынан, сол жердегі сөйленістерде тіпті жеке сөздер ғана емес, аффикстердің де молдап ұшырайтыны жайлы Ю.Авдувалиев еңбегінен көруге болады [15]. Сонымен қатар Түркменстандағы қазақтардың тілдік ерекшелігін арнайы зерттеген Ә.Нұрмағамбетов те бұл өңірдегі тұрғындар тілінде араб-иран элементтерінің көбірек ұшырайтынын атап өтеді. Мысал ретінде бұл жердегі тұрғындар тілінде күзе (құмыра), шәуше (бөтелке), созан (тебен), бел (күрек), дайы (нағашы), қырда (ұсақ бақыр ақша), шерім (қолмен илейтін тері), сақина (қабыр үстіне жасаған қорған) тәрізді толып жатқан кірме сөздерді келтіреді [17].
Тілімізде араб-иран элементтері барлық жағдайда кездесе бермейді. Бірқатар сөздер әдеби тілге тән болып отырып, біразы кітаби тілдерде, ал қалғандары сөйленістерде ұшырайды. Осындай ерекшеліктерін ескере келе Ш. Сарыбаев тіліміздегі араб-иран сөздерін жоғарыда айтылған түрлері бойынша үшке бөліп қарастырады [16].
Қайсыбір сөйленістерді алсақ та, сан алуан лексикалық ерекшеліктердің едәуір бөлігі осы араб-иран тілінен қабылданған сөздер болып келеді. Сан жағынан алғанда араб-иран элементтері барлық сөйленістерде бірдей емес. Бұның көбі оңтүстік өңірдегі тұрғындар тілінде ұшырайды.
Араб-иран тілдерінен енген диалектілік сөздердің таралу шегі де бірдей болып келе бермейді, олардың кейбіреуі Қазақстан территориясының жартысына жуығын немесе бірнеше облысты қамтып жатады. Мысалы, парсы тілінен енген азанда (таңертең) парсыша ازان [азан] деген сөз республикамыздың бүкіл оңтүстік өңіріне тараған. Сондай-ақ иран тілінен енген «ізвес» мағынасында айтылатын (парсыша) اَهَك [аһак] сөзінің таралу шегі жөнінде де осыны айтуға болады. Оңтүстік пен батыс өңірге кеңірек тараған «жүн шұлғау» мағынасын беретін байтаба парсы тіліндегі بايتابا [пайдабэ] атауы «шұлғау және көн теріден жасалған башпақ» мағынасында қолданылады. Сол тәрізді Батыс Қазақстанның сөйленісіне де кең тараған араб-иран сөздері жоқ емес. Осы өңірге тән «сом» мағынасында жұмсалатын манат // мәнет сөзі иран тілдерінде де مَنَت [мäнат] осы мағынада, «күрек» мағынасын беретін белкүрек сөзінің құрамындағы бел иран тілінде بيل (бил) «күрек» мағынасында жұмсалады.Жоғарыда келтірілген сөздер үлкен аумақты қамтып жатса, кейбір сөздер бірнеше аудандар көлемін ғана қамтиды. Ондай кірме сөз қатарына өзбек пен қазақтың аралас жерінде ұшырайтын «жұдырық» мағынасындағы мүш және мұштау (жұдырықтау) тәрізді сөздерді жатқызуға болады. Шікілдеуік мағынасында қолданылатын пісте парсыша پيسته [песте] сөзі Шымкент облысы бірнеше аудандарында ғана қолданылады. Осы іспеттес батыс өңірінде «ақша салғыш ыдыс» мағынасындағы әмиян парсы тілінде هميان [амйян] сөзін де тар аумақтағы сөздер қатарына жатады. Осы кірме сөздердің бөгде тіл ортасындағы Арал сөйленісінде ғана ұшырап, басқа жерлерде кең тарамаған түрлері де бар. Мысалы, Тамды сөйленісінде шеккі (күзбе), бипая (ұятсыз), дімкәс (аурушаң), шікуә (келеке) [14 9-10 б.] сияқты сөздер қолданылады. Кей жағдайда қазақ тіліндегі төл сөздерімен қоса кірме сөздер де қатар қолданыла бастағаннан, төл сөздің де өз қызметін азайтып, кірме сөздермен қатар қолданылатын жағдайлар да жоқ емес. Кейбір сөйленістерде қолданылу жиілігі жағынан алғанда кірме сөздер көбірек айтылып, басым түсіп жатады. Мысалы, қонақ сөзі қазақ тілінің солтүстік-батыс өңірінде жиі қолданылғанымен, оңтүстікте азырақ айтылады. Өйткені, оңтүстік жақта оның орнына өзбек тілі арқылы енген мейман парсыша ﻤَﻬﻤان [мэһман] сөзі жиірек айтылады. Осыдан келіп оңтүстікте қонатын үйді мейманхана сөзі қолданылып, басқа жерлерде қонақ үй сөзінің көбірек айтылатынын аңғаруға болады.
Араб-иран сөздері көбінесе дублеттік қатар құрамына кіреді. Түркі тілдерінің төл сөздермен дублеттік қатар құра отырып, олардың кейбіреуі әдеби тіл нормасы болып қалыптасқан сөздер қатарына жатады. Кейбір диалектілік ретінде жиі айтылатын дублеттік қатардағы араб-иран сөздері қазақтың төл сөзімен қатар қолдана отыра, әдеби тіл нормасына дейін көтеріледі де, қай түрік әдеби норма деп атауға қиындық туғызатын жағдайға дейін барады. Оған мысал ретінде қораз, әтеш сөздерінің қолданылуын айтуға болады. Бұл екеуі де әдеби тілде қатар айтылады да, қайсысын норма деп тану қиындық туғызады. Мұндағы әтеш түркі тілінің төл сөзі болса, қораз парсы тілінен حُروس [хорус] енген әрі оңтүстік өңірде жиі айтылады.
Кей жағдайда араб-иран тілінен енген сөздің басқа варианты болмаса да, қазақ тіліне қабылданғанда бір немесе бірнеше варианты қолданылатын да ескере кеткен жөн. Мысалы, парсы тілінен енген تاپشا [тапча] сөзі «бір ғана қабырғаға жасалған полка, сөре» мағынасында айтылса, әдеби тілде текше (кітап сөресі, полка), ал Тәжікстан қазақтарының сөйленісінде тапша түрінде қабылданып отыр. Сол сияқты شالي шали «жүннен тоқылған ірі мата» мағынасында айтылса, қазақ тілінде шәлі, салы түрінде қабылданды. Оның шәлі түрі – әдеби тіл нормасы. Оңтүстіктегі полат, палуан сөздері солтүстік-батыста болат, балуан түрінде қабылданған. حُريا [Һурия], райская дева, красавица/сөзі бір сөйленістер тобында хор/қызы/болса, екіншісінде үр/қызы/ түрінде қабылданған. Сондай-ақ فَرَه /фараһ/ – қағаз парағы жөнінде де осыны айтуға болады. Қазақстан территориясында бұл сөз барақ//парақ//фарақ болып үш вариантта айтылады. Парсы тілінен енген شَكَر [шäкар] сөзі шекер // секер болып екі түрінде айтылса, оның шекер деген варианты оңтүстікте, ал батыс өңірде секер түрі кең тараған.Кей жағдайда сөйленістегі айтылатын екі вариантты сөздердің кездесуі сол екі ел араб-иран тілдерінде екі вариантта айтуына байланысты. Мысалы, парсы тілінде мейман сөзінің ﻤَﻬﻤان [мәһман] және مِهمان [миһман] [Пер.-рус. сл., ІІ] тәрізді екі нұсқасы айтылса, оңтүстікте осының мейман, миман тәрізді екі атауы қабылданған. Осының мейман нұсқасы жиі айтылады.
Араб-иран сөздерінің фонетикалық жағынан өзгеріске ұшырап тілімізге енгеніне қарағанда, солтүстік-орталық облыстарда жуан варианты айтылса, оңтүстікте жіңішке вариантын қалыптасқанын көруге болады. Мәселен, парсы тіліндегі اَبداري [абдари] сөзінің солтүстікте абдыра, оңтүстікте әбдіре түрі қалыптасқан.Кейбір араб-иран сөздері әдеби тілге қарағанда, ауызекі тілде өзгешелеу айтылады да диалектілік ерекшеліктер қатарына жатады. Кейбір көп мағыналы кірме сөздің қазақ тілі сөйленісінде бір-ақ қабылдануы да ұшырайды. Мысалы, مُشت [мошт] – І. Кулак, гореть; ІІ. кучка, группа, горстка (людей) сөзі екі мағынада айтылса [Пер.-рус. сл., ІІ], Шымкент облысында мұш болып айтылып, оның «жұдырық» деген мағынасы ғана қалыптасқан [18].
Енді араб-иран элементтерінің қазақ әдеби тіліне қатысы, араб-иран элементтерінің молырақ қабылданған диалектілік лексика әдеби тілімізді несімен байытады, дамытады? – деген мәселе өзінен-өзі туады. Қазақ әдеби тілі қазіргі кезде грамматикалық, фонетикалық ерекшелігі бар құбылыстарды қабылдамайтыны белгілі. Бұл ретте араб-иран тілдерінен енген сөз тудырушы қызметі кеңейген -хана, -паз, -дар, -қор тәрізді біршама аффикстерді айтқан жөн.Диалектілік ерекшелік деп санап жүрген араб-иран элементтерінің әдеби тілімізде баламасы жоқ сөздер бар. Сөз жоқ ондай сөздерді әдеби тілімізге енгізу қажет болып тұрады. Оған мысал ретінде оңтүстік сөйленістер тобына, соның ішінде Тәжікстан қазақтарының сөйленісіне енген «үйдің кіреберіс, коридоры» мағынасындағы дәліз сөзін парсыша دَهلِز [даһліз], «су қоймасын» білдіретін қауыз сөзін парсыша حَوظ [һауз] және т.б. сөздерді айтуға болады.Белгілі сөйленістердегі не диалектілердегі кейбір кірме сөздердің тілімізде жиі қолданылуы нәтижесінде әдеби тілге еніп, жалпы халықтық сөзге айналып кетті. Ондай сөздер қатарына мұрап парсыша مُرَب [мураб] (суды бөліп реттеуші), бағбан парсыша باغبان [бағбан], тандыр парсыша تانور [танур] (нан пісіретін пеш) сияқты атауларды айтуға болады.
Сонымен, сөйленістердегі басқа тілден енген лексикалық элементтерді де әдеби тілімізді байытатын қайнар көздің бірі деп есептеуіміз керек. Әрине бұл ретте араб-иран тілдерінен енген сөздердің бәрін бірдей талғамай әдеби тілге қабылдай салуға болмайды. Оның әдеби тілде баламасы жоқтарын ғана енгізген жөн. Зерттеулерге қарағанда араб-иран тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің барлық сөйленістерінде кездеседі. Дегенмен соның ішінде оңтүстік өңірде молырақ ұшырайтыны анықталды. Бұл жағдай оңтүстік қазақтарының өзбек, тәжіктермен жиі қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Осы тілдер арқылы араб-иран сөздері көп енген
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. – Алматы, 2006. – 264 бет.
2.Рустемов Л.З. Арабо-иранские заимесвования в казахском языке: автореф... канд. филол. Наук. – Алма-Ата, 1963.
3.Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері. Алматы, Ғылым, 1982
4.Кеңесбаев І.С. Қазақ тіліндегі араб-иран тілдерінен ауысқан сөздер жөнінде // Қазақстан мұғалімі. – 1964. – №1.
5.Оңдасынов Н. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы 1974.
6.Радлов В.В. Наречия тюркских племен, живущих в южной Сибирии и Джунгарской степи. – Спб. 1870. – Ч. ІІІ.
7.Мусабаев Г.Г. Современный казахский язык. – Алма-Ата, 1959. – Т. І. Лексика
8.Калиев Г. Некоторые особенности аральского говора казахского языка: автореф. ... канд. филол. наук: 10.02.02. – Алма-Ата, 1954.
9.Борибаев А. Языковые особенности урдинских казахов: автореф.... канд. филол. наук. – Алма-Ата,1966.
10.Бектуров Ш. Кзыл-ординский говор казахского языка: автореф... канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1968.
11. Джунусов Н. Казахский переходной говор на территории Каракалпакской АССР: автореф. ... канд. филол. наук. – Алма-Ата. 1965.
12.Накисбеков О. Языковые особенности казахов Чуиской долины: автореф... канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1968.
13.Шамшатова А. Лексика Злановых культур в казахском языке: автореф... канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1966.
14.Айдаров Т. Языковые особенности казахов Тамдинского района Узбекской ССР. – Ташкент-Алма-Ата, 1967.
15.Авдувалиев Ю. Фонетико-морфологические особенности ташкентского говора казахского языка: автореф... канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1967.
16. Сарыбаев Ш. Казахская региональная лексикография. – Алма-Ата, 1976.
17.Нұрмағамбетов Ә. Түркіменстандағы қазақтардың тілі / Жауапты редактор Ш. Сарыбаев. – Алматы, 1974. – 167 бет.
18.Нақысбеков О. Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы / Жауапты редактор Қайдаров. – Алматы, 1982. – 168 б.
.
Достарыңызбен бөлісу: |