Төребек Мұхтаров
Мұхтаров Төребек 1922 жылы «Өндіріс» ұжшарының жеріндегі шаруа жанұясында дүниеге келген. 14 жасында мектепке барып, 5 сыныптық білім алған. 1941 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылады. Өзбекстан жеріндегі «Кәтта-қорғанда» үш ай дайындалып, Москва маңынан 60 шақырым жердегі ұрысқа кірген. Сол кезде Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия құрылып, ол соның құрамына қабылданады. 1942 жылы 9 мамыр күні Бауыржан Момышұлы басқаратын батальон құрамында ұрыстарға қатынасады.
Талдықорғандық жігіт сержант Халилаев Үсен басқаратын бөлімшеде болған Төребек соғыс кезінде Бауыржан Момышұлымен бірнеше рет кездеседі. Калинин майданында болып, содан кейін 1943 жылы 26 ақпан күні жараланып, Украинаның Хокма деген селосындағы госпитальда жатады. Алты айдан соң оң қолы жарамсыз болып, өзі тұратын Бұхара облысының Тамды ауданына оралады. Осыдан кейін еңбекті әрі қарай жалғастырып, почтада жұмысшы болған. 1955 жылы Қармақшы ауданына көшіп келіп, 1957 – 1988 жылдар арасында «Жаңақала» кеңшарында шопан болды. Мал басын аман сақтау, төлді көбейтудің арқасында аудан, облыс басшылығы тарапынан талай алғыс, сыйлықтар алды.
Мұхтаров Төребек «Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен наградталған. Омырауында гвардия значогі жарқырайды.
Төребек 8 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жанұя басшысы. Қазірде балаларының бірі жұмысшы, бірі әке жолын қуған шопан.
Немерелері де өсіп келеді.
Міне, Төкең осындай майдангер. Ол жас ұрпақ өкілдерімен кездескенде өзінің соғыс жылдарында батыр Бауыржанмен кездесулерінен қызықты әңгіме айтып отырады.
Төкең қазіргі уақытта жасы жетпістен асса да еңбектен қол үзбей әртүрлі шаруаларды тындыруда.
Әбдіхалық Мұратов
Мұратов Әбдіхалық 1919 жылы 10-шы ауыл деп аталатын қазіргі «Ақжар» кеңшарының жерінде кедей шаруаның жанұясында туған. 1939 жылы қарашада әскерге алынған. Полковник Аппонов басқаратын гвардия дивизиясында болған. Майдан жорығын Финляндия соғысында бастаған. Германиямен соғыста 4 – гвардиялық атқыштар дивизиясында болған. Содан елге 1946 жылы мамырда ғана оралған.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Отан соғысы» орденінің І дәрежесімен, көптеген медальдармен наградталған. Оның ішінде «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Минск қаласын азат еткені үшін» деген медальдары бар. Будапештте бір жыл әскери қызмет атқарып, елге қайтқан.
Мұратов Әбдіхалық бірнеше бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі жанұя басшысы. Қазір немерелерінің де қызығын көріп отыр.
1955 – 1980 жылдар аралығында Жаңақала кеңшарындашопан болған. Қазіргі Т.Көмекбаев атындағы серіктестік тұрғыны Әбдіхалық Мұратов Ұлы Отан соғысының мүгедегі, зейнеткер.
- Соғыста талай қиындықты бастан кешірдік. Енді ондай қиындықты біздің ұрпақтарымыз көрмей-ақ қойсын, - дейді Әбекең ақсақал балаларына. – Соғыстан кейін де өз кезінде «Екінші тың» аталған қой шаруашылығы саласында 25 жылдай еңбек еттім. Еңбек жемісі жаман болған жоқ. Кезінде аудан ғана емес облыс шопандарының алдыңғы кеудесіндегі көрсеткіштерге жетіп жүрдім. Бұл еңбегімнің жемісін ұрпақтарым көріп отыр. Сондықтан өзімді бақытты қарт деп есептеймін. Жасым жетпістен асса да әлі қуаттымын.
Иә, майдангер жауынгердің қуаты кемімейді. Өйткені ол соғыс жылдарындағы адам айтқысыз сынақтан сүрінбей өткен азамат.
Ахтан Мұрынбаев
Мұрынбаев Ахтан 1926 жылы Ленин атындағы кеңшардың жерінде кедей шаруа жанұясында туған. Ауылдық мектепте оқып, 6 сыныпты бітірген. 1941 жылы «Құрайлы», «Наурызбай» каналдарын қолмен қазу жұмысына қатысқан. 1944 жылы қараша айының аяғында соғысқа аттанған. Саратов қаласындағы әскери жүкті тасымалдаушы ерекше батальонға барып қосылған. Сол батальон құрамымен майдан шебіндегі жауынгерлерге азық – түлік, жылы киім, қару – жарақ тасып жеткізіп тұрған. 1948 жылы әскер қатарында жүріп жүргізуші болған.
Бүлінген қалаларды қалпына келтіру, бейбіт әскери қызметті 1950 жылы аяқтап, елге қайтқан.
Елге келген соң жүргізуші болып жұмыс істеген. 1950 – 1954 жылдары аудандық атқару комитетінде жүргізуші, механик мамандығы бойынша жұмыстар атқарып, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Зайыбы Нышан екеуі бес бала тәрбиелеп, сегіз немере сүйіп отыр.
Ол «Отан соғысы» орденімен, «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан» соғысында «Германияны жеңгені үшін», «Жеңістің 30 – 40 жылдығы» және басқа медальдармен наградталған.
Оспанов Әбу
Оспанов Әбу 1910 жылы Қармақшы ауданының Каганович ауылында дүниеге келді. Сол кездегі 5 жылдық мектепте оқып хат таныды. Әкесі Төлепберген 1920 жылы қайтыс болды. 1941 жылы інісі Жанбөбек екеуі майданға алынды. Майданда барлаушы болды. 1944 жылы күзде аяқтан ауыр жарақат алып елге оралды. Келген бойда еңбекке кірісіп, әр түрлі жұмыстар істеді. 1950 жылы шешесі Күмбике қайтыс болды. Соғыстағы інісі Жанбөбек Оспанов хабар ошарсыз кетті. 1960 жылдары есепші, қоймашы жұмыстарын істеп, 1970 жылы еңбек демалысына шықты. 6 қыз, 3 ұл өсіріп тәрбиеледі. 1974 жылы 23 августа қайтыс болды. Қалған балаларын анамыз Айсұлу бағып-қағып өсіріп, ер жеткізді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере – шөберелерін көрді. Өзін бақытты анамын деп есептеді. Айсұлу анамыз 2004 жылы 19-шы қаңтарда асыл ана дүниеден өтті.
Алдамұратов Жұмаділ
Алдамұратов Жұмаділ – Қазалы ауданында 1926 жылы 10 сәуірде дүниге келген. 1935 жылы Қармақшыдағы №26 Мальтов атындағы мектепке барады. 1944 жылы 9 сыныпты бітірген Жұмаділді Армия қатарына шақырады. Содан соғыс даласында қаншама жауапты істер атқарады. 1944 жылдың 25 желтоқсанынан бастап №209 Запасной стрелковой полкте сержант болып 1945 жылға дейін жұмыс істейді. 1945 жылдың желтоқсанына дейін №118 ЗСТ – те бөлімше командирі болған. Осы жылдың желтоқсанынан 1946 жылдың наурызына дейін №42 конный депода бөлімше командирі болған. 1946 жылдың наурызынан тамызына дейін №82 автобатальонда курсант болған. 1948 жылдың сәуіріне дейін №78142 военный частыде писарь болған. 1948 жылдың сәуірінен 1950 жылдың қазанына дейін №78142 военный частыде радио телеграфист болған. 1950 жылы 21 қазанда елге оралған. 1951 жылдың ақпанынан 1958 жылдың маусымына дейін Қармақшыда военкоматта жұмыс істеген. 1959 жылы ГОЗ банкте старший касаер болған. Сөйтіп түрлі салада қызмет істеп 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Наградалары: «Жеңістің 40 жылдығына», «Жеңістің 50 жылдығына» мерекелік медальдарымен наградталған. 1941 – 1945 жылдары Президиумның жарлығымен жоғарғы СССР кеңесінен 1985 жылдың 11 наурызында «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» орденімен наградталды. 1985 жылы 21 қазанда Қызылорда облысы халық кеңесінің депутатынан «Еңбек ардагері» медальімен наградталды. Қазір жанұяда 13 бала тәрбиелеп, 36 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
Манасов Әбсат
Манасов Әбсат – гвардия Қызыл әскер, 1913 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесі, бұрынғы «Өндіріс» колхозында туған. Білімі бастауыш, колхозшы, Қармақшы аудандық әскери комиссариат арқылы 1941 жылы майданға аттанып, 12 ГВАД, 32 ГВАТ құрамында атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1943 жылы 12 ақпанда қаза тауып, Орлов облысы Болхов ауданы, Культура деревниясының Оңтүстік батысындағы «Бауырластар» зиратында жерленген.
Құлданов Қарымсақ
Құлданов Қарымсақ – Қызыл әскер, бұрынғы «Ақжар» колхозында 1919 жылы туған. Білімі ортадан төмен, колхозшы, Қармақшы аудандық әскери комиссариат арқылы 1940 жылы әскерге алынып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1941 жылы желтоқсанда ұрыс даласында хабарсыз кеткен.
Шаймаханов Мәйтен
Шаймаханов Мәйтен – сол кездегі №9 ауылда 1926 жылы 5 мамыр күні туылған. Ленин атындағы жеті жылдық мектепті 1941 жылы бітірген. 1941 – 1944 жылдары ұжшарда жарма қазған. 1944 жылы қараша айында Қармақшы ауданынан соғысқа аттанған. Воронеж қаласында атты әскер қатарында болды. Воронехден Майкоп қаласына барып, жасақталған армия қатарында танкист болған. Осы жерде соғыстан қайтқан солдаттарды толықтырып, неміске қарсы бірнеше рет шабуылға шыққан. Берлинге барып армияға қосылған. Содан соң командирдің бұйрығымен Украинаға қайтып, 1950 жылға дейін Каменскіде болған. Елге 1950 жылы оралған.
Ол соғыстағы ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Жеңістің 40, 50 жылдығы» медальдарымен, Кутузов, Жуков және көптеген мерекелік құттықтаулармен марапатталған.
Шаймаханов Мәйтен алты бала, он төрт немере тәрбиелеп өсірген.
ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІ
Сәлима Жұмабекова
Сәлима Жұмабекова – бұл есім тек біздің бір ғана Қармақшы ауданы ғана емес, кезінде бүкіл облыс көлемінде, асып кетсе жалпақ Республикамыздың да мақтан тұтар туы болды десек, асырып айтқандық болмайды. Осыдан жиырма жылдай бұрын Сәлиманың аты қазақтың Камшат Дөненбаева, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева сынды мақтан тұтар қыздарының қатарында аталып, онымен бірге киелі Қармақшы жерінің даңқы көкке көтеріліп еді. Сол жылдарда екі сөзіміздің бірі Сәлима Жұмабекованың рекордтық өнімі, оның алған атақтары, жастарға берген тәлім – тәрбиесі болатын.
Ауылымыздың қарапайым ғана қараторы өңді қызы бұл атаққа өзінің тынымсыз еңбегі арқылы жеткен еді. Сәлима Жұмабекова жайлы очерк мақалаларды бүкіл Республикамыздың газет, журналдары бірінен кейін бірі жазып жататын. Ақындар өлең арнап, жыр арқауы даңқты күрішшіге келіп тірелетін. Иә, айтса айтқандай еді. Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызы, екі мәрте Ленин орденінің Бүкіл Одақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көшесінің алтын, күміс, қола медальдарымен, «Батыр ана» атағының алтын белгісімен, ССРО жоғары Кеңесі депутатының алқызыл значогымен, СОК ІІХХҮІ съезінің, Қазақстанның компартия ХІІІХІҮ съездерінің делегаты екендігі белгілерінің барлығын омырауына тағып шыққанда Сәлима Жұмабекова жердегі емес, көктегі жұлдызға саналатын. Сол жылдары Сәлима Жұмабекова шығып сөйлеген үлкенді – кішілі жиналыс болмаған шығар. Сонау Алматыдағы коммунистердің алқалы жиыны – съезд мінбесінен бастап ауылдағы еңбеккерлердің жалпы жиналысына дейін Сәлима өз пікірін айтып, жалындата сөйлейтін. Мұның өзі күнделікті өмірімізге қажетті де қастерлі рәсім сияқты болатын.
«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» - деп Ұлы Абай атамыз айтпақшы Сәлиманың бойында осы қасиеттердің барлығы бар екен.
Қожабайұлы Бижан
Қармақшы ауданына есімі елге белгілі, ардақты да, атақты ер азаматтар аз болмаған. Олардың арасында Еңбек ардагері Қожабайұлы Бижан есімін ерекше құрметпен атаймыз.
Қожабайұлы Бижан – 1937 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, сол кездегі Томарбөгет колхозы, Құмбөгет ауыл Советі, №11 ауылда қарапайым жанұяда дүниеге келген. Отбасында 5 ағайынды, 3 ұл, 2 қыз. Үлкен ағасы 1918 жылғы, ол 1938 жылы армияға алынған. 1942 жылдан кейін хабарсыз кеткен. Бижан ата мектепке бармай тұрып, жұмысқа араласа бастаған. 1944 – 1945 жылдары мектепке барған. 1955 жылы онжылдық білім алып шыққан. Мектепті бітірген соң жұмысқа араласып, түрлі салаларда жұмыс істеген. Атап айтсақ, күрішші, бригадир, механизатор, шофер, аға жұмысшы болған. Шаруашылықта аға жұмысшы болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Халық шаруашылығының қандай саласында жүрсе де Бижан ата өзінің қажырлы күш жігерін аямай жұмсап, ауылымыздың әлеуметтік жағдайын арттыруға, алдатұрған жауапты міндеттерді шешуге аянбай ат салысты. Еңбегі бағаланып, түрлі медальдармен марапатталды. «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалі 12 сәуір 1970 жылы, «Еңбек ардагері», «Социалистік жарыстың озаты» значоктерімен жыл сайын марапатталып отырған. Республикалық, облыстық күрішшілер слетіне, аудандық комсомол конференцияларына делегат болып шақырылған. 1972 жылы 25 ақпанда «Коммунистік еңбектің екпіндісі» значогін алған. 1986 жылы 28 мамырда «Еңбек ардагері» деген атақ алған.
1962жылы мамыр айында отау құрған. Сәуле әже екеуі 8 бала тәрбиелеп, өсірген. 20 немересі бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ауылымыздың сыйлы азаматы, немерелерінің сүйікті атасы. Бижан ата ауылдың жақсы істеріне жанашыр болып, ақыл – кеңес айтудан әрқашан да тартынбайды.
Кенжалина Рабиға
Кенжалина Рабиға – 1926 жылы Ақбел елді мекенінде туылған. 1934 жылы Ақбел мектебінде бірінші класқа барып, 1938 жылы Бестам мектебінде оқыған. 1944 – 1945 оқу жылында Қармақшыдағы №26 қазақ орта мектебінде оқып, оныншы класты осы мектепте бітірген. 1950 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищені бітіріп, «Өндіріс» мектебінде мұғалім болған. Содан соң Когонович мектебінде мұғалімдік қызмет атқарып, 1954 жылы №29 қазақ орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1951 – 1952 жылдары сырттай институтқа оқуға түсіп оқыған. 1976 жылы зейнеткерлікке шыққан. 6 баласы, 30-дай немересі, он шақты шөбересі бар.
Жүсіпова Зылиха
Жүсіпова Зылиха Ерімбетқызы – 1917 жылы Жалағаш ауданында, қазіргі Шәменов ауылында дүниеге келген. Әке – шешеден ерте айырылған жас қыз өмірдің өр ағысына қарсы жүзіп, шыңдалып өсті. Асыра сілтеу кезінде «Халық жауы» атанып жазықсыз сотталған жары Қожамжар Жүсіпов 1941 жылы ісі қысқартылып, ақталып келгеннен кейін, 1942 жылы майданға аттанып Вытебск қаласы түбінде ерлікпен қаза тапты. Өмір ауыртпалығына мұқалмаған ана ер – азаматтармен қатар еңбек етіп, қазіргі егіс даласының күретамыры болып отырған каналдарды қолмен қазу ісіне кезінде белсене араласты. Тылда еңбек етіп жүріп отбасының ауыр жағдайына қарамай өз қаржысы есебінен майдан шебіне көмекке 11220 сом ақшалай жәрдемін жолдады.
Ер азаматтарын жоқтатпай елге пана бола білген Зылиха апа өз балаларымен бірге ауылдас бір қауым ағайынның баласына пана болып, барлығын ер жеткізеді. Осындай қажырлы еңбегі еленіп 1945 жылы 6 маусымда КСРО жоғарғы кеңесі төралқасының 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін медальімен марапатталады.
Соғыстан кейін ауылда көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырған. 1950 жылы 11 қыркүйекте ҚазақССР Жоғарғы Советі президиумының «Көркемөнерпаздар үйірмесін жақсы және шебер басшылық жасағаны үшін» грамотасымен марапатталған.
1940 жылдан СОКП мүшесі. 1977 жылы Еңбек ардагері медалімен, 1941 – 1945 жылдардың Соғыс ардагері белгісін алған. Жеңістің 55 жылдығына Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хатын алған. 4 бала тәәрбиелеп, 19 немере, 14 шөбере сүйген бақытты ана.
Достарыңызбен бөлісу: |