Диагностика:
1. Рентгендік зерттеу. Асқазан мен ұлтабарды рентгендік зерттеу арқылы олардағы қалыптан тыс өзгерістер анықталады. Егер көлемі үлкен қатерлі ісік ұйқы безінің басында орналасса, асқазанның дисталдық бөлігі сіресіп, пішіні өзгереді, қуысы тарылады, контрастылық барийдың ұлтабарға өту үрдісі тежеледі, асқазан-ұлтабарлық иілімдегі ұлтабарлық терезе кеңейеді. Аргентин хирургы Д.Лиоттаның (1955 ж.) әдісін қолданып, релаксациялық дуоденография жасау арқылы ұлтабардың шырышты қабатының бедерін, Фатеров еміздігінің айналасындағы өзгерістерді байқауға болады.
2. Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) төмендегідей ретте орындалады:
- УДЗ тері арқылы В-режимінде түсті шағылысқан доплерографиялық қуат арқылы дуплексті сканерлеу арқылы зерттейтін аймақтағы ісік ошағының көлемі, оның ірі қан тамырларымен (қақпа, төменгі қуыс көктамырлары, қолқа) арақатынасы анықталады. Егер де В-режиміндегі дуплексті сканирлеу тәсілін қолдану кезінде контрастылық зат ретінде вена арқылы көмірсутегінің тотығын (СО2) қанға енгізсе, ісіктік түйіннің қанмен қамтамасыз етілуін, ісік ұлпасындағы қан айналымын анықтауға болады.
- УДЗ арқылы көлемі 0,5 - 2 см-дей ісікті анықтауға болады және ісіктік түйінді жылауықтан, өт жолдарындағы тастардан айыруға болады.
- УДЗ тәсілімен бақылап, тері арқылы ұйқы безіндегі түйіндік ошаққа жіңішке инемен пункция жасап, сорынды алуға болады.
- Фиброгастродуоденоскопия (ФГДЗ) тәсілін қолдану кезінде өңеш арқылы ұлта- барға жоғарғы жиіліктегі ультрадыбыстық эндоскопиялық датчикті кіргізу арқылы пан креатикобилиарлық аймақ жөнінде толық мағлұмат алуға болады. Мысалы, ұйқы безінің ұлпалық құрылымы мен тығыздығын, Фатеров еміздігінің қалыпты, қалыпсыздығын білуге болады. Транспаппилярлық УДЗ зерттеу арқылы Фатеров еміздігінен бастап жалпы өт және ұйқы безінің өзектеріндегі қалыптан тыс ақауларды анықтай отырып, ісіктік үрдіске күмәнданған түзілістен биопсиялық материал алуға болады. ФГДЗ кезінде Фатеров еміздігі арқылы жалпы өт түтігіне контрастылық сұйықтықты тифлондық сүмбе арқылы енгізіп, бауыр сыртындағы, өт жолдарындағы холангиографиялық өзгерістерді анықтауға болады.
- УДЗ арқылы ұйқы безінің аймақтық лимфалық түйіндерде метастаздың бар немесе жоқ екендігі анықталады.
- УДЗ-дің нәтижесінде ұйқы безі рагының тура және көмескі белгілері анықталады.
- Ісіктің тура белгісіне бездік ұлпадағы оқшауланған, әртүрлі эхогенді, тығызданған ісіктік ошақ. Егер ісік ұйқы безінің басында орналасса, ісіктік ошақ ерте даму сатысында (1-2см) айқын анықталады, ал ісік бездің денесі мен құйрығында орналасса, оның эндоскопиялық көрінісі онша айқын болмайды.
- Ісіктің көмескі белгілері ісіктік ошақтың жалпы өт, ұйқы безі өзектерімен арақатынасымен байланысты болады. Егер ісік жалпы өт өзегінің дисталдық бөлігін бітесе, өт өзегінің проксималдық бөлігі кеңейеді, өт қабының көлемі үлкейеді. Егер ісік Вирсунгов өзегінің ампулаға өтетін жерін бітесе немесе күрт тарылтса, өзектің ісіктен тыс жағы кеңейеді, тіпті өзек жарылып, ұйқы безі ұлпасында өліеттену үрдісі өрбиді.
3. Спиральдық компьютерлік томография (КТ) – ұйқы безі рагын анықтауға қолданылатын стандарттық тәсіл. Оның көмегімен ұйқы безінің кез келген бөлігіндегі көлемі 1,5 см және одан үлкен ісіктерді, жылауықтарды анықтауға болады. Томографиялық рентгенограммада ісіктік ошақтың шекарасы анық, тығыздығы қалыпты жағдайдан жоғары болады. КТ зерттеу кезінде көктамырға 3мл/секунд жылдамдықпен 100мл Омнипак енгізу арқылы ұйқы безіндегі қалыпты, қалыпсыз өзгерістерді айқындауға болады. Мысалы, қалыпты жағдайдағы бездік тінде Омнипакт бірқалыппен жоғарғы деңгейде сіңіп таралады, ал ісіктік ошаққа Омнипак сіңбейді. КТ арқылы жалпы өт және ұйқы безі өзектерінің тарылғаны, кеңейгені, ірі қан тамырларының қысылғаны, аймақтық лимфалық түйіндерде метастаздың бар немесе жоқтығы анықталады. КТ бақылауымен тері арқылы ісіктік ошаққа пункция жасап, биопсиялық материал алуға болады.
4. Магнитті-резонансты томография (МРТ). МРТ- ны қолдану кезінде көктамыр арқылы парамагнитті контрастылық ДТРА сұйықтығын енгізгеннен кейін пайда болатын қарқынды электромагниттік хабар ісіктік ошақта ұйқы безінің қалыпты тінінен төмен болады. МРТ арқылы ісіктің көрші ағзаларды, лимфалық бездерді, қан тамырларын зақымдағанын айқын анықтауға болады.
5. Лапароскопиялық зерттеу ертеректе ұйқы безінің артқы құрсақтық аймақта орналасуына байланысты бездегі ісіктік ошақтың көмескі белгілерін ғана анықтады. Ал соңғы жылдары күнделікті тәжірибеде ультрадыбыстық лапароскопиялық тәсіл кеңінен қолданыс табуда.
Лапароскопиялық ультрадыбысты зерттеудің нәтижесінде ұйқы безіндегі рактың орналасқан жері, оның нақты көлемі, іргелес орналасқан ағзалар мен қақпа көктамырлары, қолқа, құрсақ сабауына, жүйке тамырларына тараған немесе тарамағандығы, бауыр, аймақтық лимфа бездерде метастаздардың бар немесе жоқ екендігі анықталып, түбегейлі тұрғыда хирургиялық ем тәсілін қолдануға мүмкіншіліктің бар немесе жоқ екендігі анықталады.
6. Цилиакоангиография – Сельдингер әдісімен шап аймағындағы Пупартов байламының төменгі жағында орналасқан сан лыпыма тамырын тері арқылы тесіп, тамыр қуысына контрастылық сүңгі түтігі енгізіліп, сүңгі қолқа арқылы құрсақтық сабау тамырына дейін жеткізіліп, құрсақтық ірі тамырға контрастылық сұйықтық (верографин т.с.с.) жіберген сәтте көп сериялық рентгенография жасалынады. Рентгенограммалардың лыпыма және көктамырлық фазалық көрінісінен бауыр, қақпа көктамыры, ұйқы безі, көкбауыр, асқазанның қан тамырларындағы қалыпты, қалыптан ауытқыған көріністерді, яғни қанның тамырларда таралу ерекшеліктерін (қысылу, созылу, кеңу, бітелу, ісіктік аймақтағы тамыр тұқылы) көруге болады.
7. Радиоизотопты зерттеу тәсілін технеций -99 изотопымен белгіленген селенметионин-75-ті көктамырға енгізу арқылы қолданады. Ұйқы безі ұлпасына селенметионин-75 талғамды өткізгіш. Ол қалыпты жағдайдағы ұйқы безінің ұлпалық тініне бірқалыпты жоғары деңгейде жиналады, ал бездегі ісіктік ошақ пен жылауықтарға сіңбейді, жиналмайды. Бұл тәсілді қолдану арқылы көлемі 3см-ден жоғары ісіктік ошақты анықтауға болады.
8. Позитрондық эмиссиялық томография (ПЭТ). Зерттеу алаңында орналасқан ағзаларда, оның ішінде ұйқы безінің ісікпен зақымдалған тіндік құрылымында жүріп жатқан биохимиялық үрдістердің сандық сапасы мен белсенділігін молекулалық тұрғыда позитрондық (оң зарядталған электрондық) спецификалық радиофармпрепараттарды көктамырға енгізу арқылы анықталады.
ПЭТ арқылы аймақтық лимфалық түйіндерде немесе алыс ағзаларда қатерлі ісіктің метастаздарының бар немесе жоқтығын, жасалған операцияның немесе басқа қолданылған кешенді емдердің түбегейлі немесе түбегейсіздігін, емделгеннен кейін диспансерлік бақылауға алынған адамдарда қатерлі ісіктің қайталаныс белгілерін анықтауға болады.
Жоғарыда жүргізілген анықтау тәсілдеріне сүйене отырып, ұйқы безінің даму сатысы екіге бөлінеді:
І-сі – шектелген рак (І-ІІ даму сатысындағы), оларға түбегейлі тұрғыда операция жасау жоспарланады.
ІІ-сіне – ұйқы безінің айналасындағы қан тамырлары мен ағзаларға жергілікті тараған (ІІІ даму сатысы) және басқа ағзаларда метастаздары бар (ІV даму сатысындағы) науқастар, оларға паллиативті тұрғыда хирургиялық, сәулелік, химиосәулелік ем тәсілдері жоспарланады.
Достарыңызбен бөлісу: |