Малдың терiсi мен желiнiн күту. Сауын сиырлардың терiсiн әрдайым тазалап, ластанған жерлерiн жуып тұру қажет. Сиырдың сүтi, оның терiсiнiң тазалығымен бiрден-бiр байланысты. Сиырдың терiсi, әсiресе, желiнi мен бауыр жағы сиыр жерге жатқан кезде құрамында көптеген бактериялары бар малдың қиымен ластанады. Оның көпшiлiгi iшек бактериялары мен спораланатын топырақ бациллалары (субтилис, мегатериум т.б.). Мұндай бактериялар сүттi ластап қана қоймай сиырдың емшек тесiгi арқылы оның сүт безiне енiп желiнсау ауруын туғызады.
Сиырдың үстiн тазаламай сауғанда терiсiнiң қайызғағы, босаған қылшығы, шаңы, жабысқан қиы, сүтiне түседi. Олармен бiрге сүт iшiне көптеген бактериялар енедi. Сөйтiп, үстiн таза ұстаған сиырдан сауылған сүт iшiндегi бактерияның саны тазартылмаған сиырға қарағанда екi есе кем болады.
Мұның өзi – сиыр терiсi сүттiң ластануының негiзгi көзi екендiгiн көрсетедi. Сиырды қора iшiнде тазаламай, оны манежге немесе тамбурға шығарады да, ауа райы жақсы болса, сыртта тазалайды. Терiнiң құрғақ жерiн щеткамен тазартады, ал лас жерiн жуады. Тарақты тек щетканы тазарту үшiн пайдаланады. Тазалап болғаннан кейiн сиыр денесiн сулы шүберекпен (мауыт, шұға) сүртiп, терiсiнiң қылшығын ұсақ шаңнан тазартады.
Қолмен тазалау жұмысының қиындығын ескерiп, соңғы уақытта механикаландырған әдiстi пайдаланып жүр. Ол үшiн Урал, Вихрь ЭП-2 немесе Нерис шаң сорғыштарын пайдалануға болады. Бiрнеше күннiң iшiнде мал қозғалтқыштың дыбысына үйренедi. Сондықтан, бұл жұмысты белгiлi бiр мезгiлде жүргiзiп отырған жөн. Сиыр терiсiн таза ұстау үшiн, оны ағын суда тоғытқан дұрыс. Бұл сүттiң сапасын ғана емес, оның көлемiн де, майлылығын да арттырады. Сиыр терiсiнiң тазалығы үшiн желiннiң, бауырдың, санның iшкi жағының жүнiн қырқып тастаған жөн.
Сиыр демалғанда астында төсенiшi болуы шарт. Ол үшiн, күздiк егiстiң сабаны өте тиiмдi. Әр сауын сиырға тәулiгiне 3-4 кг сабан төсенiш керек. Сабан төсегенде сиырдың үстi таза, асты жылы және құрғақ болады. Төсенiш ретiнде ағаш үгiндiсi мен жаңқасын да пайдаланады. Әр сиырға төсенiш үшiн тәулiгiне 3-6 кг ағаш үгiндiсi керек.
Желiндi күту. Сауар алдында сиыр желiнiн жуып, тазалау сүттiң сапалы болуы iсiнде шешушi орын алады. Осылай болмаған жағдайда желiн терiсiндегi мал қиының қалдығы т.б. лас нәрселер сүтке түседi. Сондықтан да, сиырды сауудан бұрын, оның желiнiн жылы сумен жуады да, таза орамалмен сүртедi. Желiнiн қолмен уқалайды (массаж). Сөйтiп, бұл жұмыс сүттiң сапалы сауылуын ғана қамтамасыз етумен қоса, сүттiң молаюына жағдай жасайды. Соңғы кезде, сиыр желiнiн тазалауға дезинфекциялық заттар (хлор, хлорамин т.б.) араласқан суды қолданған пайдалы.
Сүттiң майлылығын, тазалығын, қышқылдығын, жалпы сүттiң iшiнде желiнсау сиырдан алынған сүтті анықтайтын реактивтер жиынтығын арнайы ұжымдардан сатып алуға болады.
Ыдыс жуатын бөлiмшеде төменгiдей жабдықтардың болуы шарт. Су ағатын шүмектің жанында екi бөлiмшесi бар ванна болады. Оның бiр бөлiмшесi жуғыш немесе дезинфекциялық заттарға арналса, екiншiсi таза су үшiн керек.
Сауын шелектерi мен флягты тазалау үшiн флягты су және ыстық бумен өңдейтiн аппараттың екеуi болуы керек. Бу шығаратын аппараттың КВ-200 және КВ-300 типтері көптеп шығарылады. Сондықтан да, бұл аппараттың әр шаруашылықтың сүт фермаларында болуы шарт. Ыстық бу флягты 90-1000С-қа дейiн қыздырады. Мұның өзi сүт ыдыстарын өте жақсы тазалайды. Сауу аппаратын қоятын үлдiрiк;
Сауын шелегi мен флягты кептiретiн үлдiрiк;
Резинка жабдықтың артығын сақтайтын шкаф;
Жуу және дезинфекциялау заттарын сақтайтын ағаш жәшiк. Бу жасағыш аппарат iстен шыққан жағдайда пайдалану үшiн электр су ысытқышы да болуы керек.