Тексерілді: Күні



бет78/78
Дата08.09.2024
өлшемі230,66 Kb.
#203928
түріСабақ
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   78
Байланысты:
11-сынып Абайтану қмж

ІІ Үй тапсырмасын сұрау:

  1. Абайдың талантты ақын шәкірттері: Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әсет, Әріп, Әубәкір туралы түсінік.

  2. Реферат жазу.



ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:

Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сонау бағзы замандағы қазақ даласы мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқын әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Оның даналығы мен парасаттылығы, озық идеялары – Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер кеңістігіне апарар лайықты жолға жөн сілтейді. Абай – бүгінгі дәуір тұлғасы.


Абайдың кейінгі дәуірде қазақ әдебиетінде жаңаша сипат алып қалыптасқан биік қоғамдық-эстетикалық идеялар, мақсат-мұраттар ұлы ақынға ілесе шыққан Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет пен Міржақып сияқты қайраткерлердің шығармаларында әрқайсысының өмірдегі, өнердегі ұстаған бағыты, ізденістеріне орай өзгеше жарқын көрініс тапты. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне халықтың рухани өміріне шексіз мол жаңалық әкелген осы ақындардың әрқайсысы Абайдың ағартушылық, демократиялық озат ой-пікірлерін, өнерпаздық дәстүрлерін өзінше жалғастырды. Абай дәстүрін жалғастырған Алаштың ардақты ақындары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы шығармашылығы жайлы арнайы сөз етпекпіз. ХХ ғасыр басындағы қазақтың бірқатар көрнекті ақындары Абайдан үйренді, Абайды өздеріне ұстаз санады. Абай үлгісімен өлең жазды, халқының мұңын жырлады. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Осы кезеңді сөз еткенде, «Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы Абай салған дәстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен жалғастырғанын атап өту ләзім. Аталмыш ақындардың ішінде «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығуға» талпынған өршіл рухты Сұлтанмахмұт Абай поэзиясын оқып, тәлім алуға шақырады.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жат тоқып ал көңілге.
Сұлтанмахмұт асыл сөзді іздесең, адамдықты көздесең Абайды оқы, ерінбе деген өсиет айтады. Ақынның айтқан өсиеті бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін маңызы зор. Себебі Абай мұрасында асыл сөз бен терең ойдың, адамдық қасиеттің бар қазынасы жатыр. Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін жалғастырушы. Сұлтанмахмұттың Абайды ұстаз тұтқандығы, алғашқы кезде еліктеп жазғандары оның өлең өлшеулері мен сөздіктерінен көрінеді. Абайдың оқу-ағарту, білім-ғылым саласындағы ойларын, әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, өз заманының шындығын өз өлеңдерінде өрбітіп дамытады.
Абайдың «улы сия, ащы тілмен» түйреген айналасындағы опасыз, надан, жағымпаз, сөзі жылмаң, екіжүзді адамдардың мінез-қылықтары Сұлтанмахмұт өлеңдерінде де кездеседі. Соқыр сопы, мақтаншақ төре, шұбар қожа, дүниеқоңыз байлар – өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері. Олардың іс-әрекеттерін сынап, ел ішінде етек алып отырған надандық пен пасықтықты, өтірік пен өсекті, жалқаулық пен жатып ішерді өткір түйрейді. Екіжүзді, жағымпаз, жылпос, жорға мінезді адамдарды қоғамға дерт әкелуші, ірітіп-шірітетін індет деп қарайды. «Төре көрсе, жалаңбас шұлғып, билеп» атты төрт тармақтан тұратын шағын өлеңінде жағымпаздықты қатты сынайды: Төре көрсе, жалаңбас шұлғып, билеп, Бәйек болып әулиедей ізін сүймек.
Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін ілгері дамытып, қазақ поэзиясында өзіндік жаңа айшықты өрнегімен, өз жаңалығымен артынан соны із қалдырған ақын деген қорытынды жасаймыз.
Қазақ әдебиетіндегі тағы бір ірі құбылыс – Шәкәрім шығармашылығы. Ол – Абайдың жақын інісі болумен бірге, Абайдың тікелей шәкірті. Мұхтар Әуезов 1934 жылы жазған «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында атап көрсеткен: «Мұндай ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың балалары... Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. Абайдың аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған». Шындығында да Шәкәрім – Абайдың ең дарынды әрі мол мұра қалдырған шәкірті. Абайдың ақын шәкірттері деп Абаймен күнделікті өмірде тікелей араласып, ақыл кеңесін тыңдаған әрі ақын мұрасын таратуға атсалысқан өнер саңлақтарын айтамыз. Ал бұлардан кейінгілер Абайдың ақындық дәстүрін дамытушылар деп аталады. Абайдың ақын шәкірттерінің ішінде Шәкәрімнің орны бөлек, ол Абай шәкірттерінің ішіндегі бас шәкірті деп аталады. Өйткені оның ақындық өнерімен қоса ойшылдық тереңдігі, философиялық толғаныстары өз заманы үшін теңдесі жоқ қайталанбас рухани құбылысқа айналды. Абайды терең танып білгендер ғана Шәкәрімнің ойшылдық табиғатына адаспай кіріп, жол таба алмақ. «Шәкәрім Абай шәкірттерінің ішіндегі ең ұзақ өмір сүргені ғана емес, артында ең мол мұра қалдырғаны да. Оның поэзиясы шын мәнінде Абайдың ақындық дәстүрінде туған. Құнарлы топырақтан нәр алған қуатты поэзия». Шәкәрім Абайдың қоғам туралы толғамын, адам болмысын танудағы ізденісін, адамның адам болып қалу жолындағы имандылықты, ар-ұяты, адамгершілікті уағыздау өнегесін, білім мен өнер шашпақ үлгісін, теңіздей терең ойшылдығын ұлы ұстаз дәстүрін сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты. Осы құбылысты анықтап дер кезінде айтқан Ж.Аймауытұлы: «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шаһкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шаһкәрім өлеңінде шанышпа, ащылық бар», - деген. Шәкәрім – Шығыс әлеміндегі аса ірі көрнекті қазақ әдебиетінің классигі. Ол – ХХ ғасырдың басында қазақ елінің арасында данышпандығымен айналасына танылған адам.
Абай дәстүріне Шәкәрім шығармашылығының өте жақын-жанасымды болғанын біз зерттеу барысында байқадық. Сондықтан Абайға өкшелес шыққан, оған дәстүр-өнегесі жағынан өте жақын ұқсас Шәкәрім екенін ерекше айтуымыз қажет. «Тарихи тығырыққа тіреліп, басы хатерге байланып тұрған халқының қайғылы халін ойлап қамыққан Абай дәстүрін Шәкәрімнен кейін іліп әкетіп, әрі қарай дамытқан Алаш қозғалысының қайраткерлері; Абайдың уытты сөздерін нақты іске айналдырудың жолын нұсқаған Алаш ақындары. Бұл бағытта біздің ең бірінші ауызға аларымыз, әрине, Алаш көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсынов», - дейді белгілі ғалым Ж.Ысмағұлов. Қазақ әдебиетінде Абай дәстүрін тікелей жалғастырған Алаш қаламгерлердің ішінен халқымыздың «рухани көсемі» Ахмет Байтұрсынұлын ерекше атап айтамыз. Аласапыран саяси ушыққан заманда А.Байтұрсынұлының тарихтағы орны туралы жас М.Әуезов дер кезінде өте орынды баға береді. «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды», - деп, М.Әуезов Ахметтің қазақ халқы үшін атқарған қыруар еңбегінің ешуақытта ұмытылмайтынына сенім білдіреді.
Ж.Аймауытұлы Ахмет Байтұрсынұлын халықшыл ақын деп, өлеңдерінің негізгі идеясы мен көздеген мақсатын былай түсіндірген еді: «Ойды оятуға, миды сергітуге, мұңлы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса халықтың көзін ашпақ». Ахмет өлеңдерінің негізгі идеясы халықтың көзін ашу екенін сипаттайды. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әдебиетінде Абайдың азаматтық үнін, ұлтжанды сезімін барынша күшейтіп дамытқан ақын.
Жазба әдебиетте азаматтық сарын Абай шығармаларынан бастау алады. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл сарындағы лирика Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы поэзиясында үлкен әлеуметтік маңызға ие болды. Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың әдеби дәстүрлерін көбінесе қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді, заман жайын, халық тағдырын жырлау тұрғысынан жалғастырды. Оның өлеңдерінің Абай поэзиясымен үндестігі аса маңызды қоғамдық мәселелерді қозғайтын толғауларынан анық байқалады. «Қырық мысал», «Маса» кітаптарында ұлы Абайдың көркем ойлары, поэтикалық үлгілері, өлең өлшемдері жаңғыра құлпырып, жандана түсті, жаңашыл дәстүр ілгері жалғасты».
Азаттықтың, тәуелсіздіктің биік идеясымен қатар қазақтың өз ішіндегі өзекті проблемалары – партиягершілік, әйел теңдігі, надандық, халықтың жағдайы поэзияның өзекті тақырыбына айналды. Қандай бағыт өкілі болмасын қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Сондықтан олардың шығармалары сарындас, желілес болып отырды.
Абайдан соңғы ақындардың ішінен Ж.Аймауытұлы М.Дулатұлын ерекше атап, оның ақындық өнеріне, өлеңдерінің күшті қуаттылығына жоғары баға береді.
Ж.Аймауытұлының: «Бұл айтылған өлеңшілердің ішінде өзінің ақындық беті күшті, түр тапқыш, аса еліктегіш емесі – Міржақып. Кенеттен келген оқиғаны тез сезіп, тез сіңіріп, тез жауап тапқыш, жүйрік қиялды өлең Міржақыптан шығады», - деген пікірі – осының айғағы. «Міржақып – өз халқына қызмет етуге бойындағы бар жақсы қасиетін, бар саналы өмірін арнаған, сол жолда қандай қиындық, ауыр азап, қауіп-қатер болса да, бәріне басын байлаған қайраткер, азамат ақын. Сондықтан да ол өзінің әдеби есімін (псевдонимін) «Азамат» деп атаған», - деген ғалым Қ.Мұхамедхановтың пікірі ақынның азаматтық тұлғасын танытады.
Абайдың азаматтық лирикасының сарыны Міржақып өлеңдерінде ерекше көрініс тапқан. Абайдың халық тағдырын жырлаған қоғамдық азаматтық пікірлерімен Міржақыптың халықты ояту, өнер-ғылымға шақыру, прогреске үндеу идеясындағы өлеңдері сабақтас. «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» атты өлеңінде ақын қазақ халқының арты жар, алды тұйық тұманға кірген күйін ащы шындықпен жырлайды.
Міржақып өз шығармаларында қоғам өмірінің сан алуан маңызды мәселелерін Абай дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа заманның тілек-талабына сәйкес, батыл қоя білді. Ол Абайға, әсіресе, сөз өнерін халықтың санасын оятудың, қоғам көшін алға бастаудың бірден бір күшті құралы деп санаған ағартушылық өнегесі жағынан үндес.
Міржақыптың «Сайлаулар хақында» өлеңі сол кездегі болыс сайлауын егжей-тегжейлі сөз етеді. Абай заманында шыққан болыс сайлауының сол кездегіден еш өзгермей, халықтың дегбірін қашырып, мазасын алып болғаны ащы тілмен сыналады. Абай шығармаларында өткір сөз болатын болыс сайлауы Міржақыптың өлеңінде де ащы шындықпен әшкереленеді. Сол кезеңнің шынайы келбеті өлеңде бар болмысымен көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Абайдың: Болыс болым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап – десе, Міржақып: Бай болып, мырза атанып, мал біткендер, Таласып волостыққа ақша төкті, - дейді. Абай да Міржақып та бар малын шашып шығындап, болыс болудың қамында жүрген, болыстыққа таласқан елдің әбігерге түскен жайын сөз етеді. Екі ақынның өлеңдерінде де болыс болудың жолында өтірік, қулық, екіжүзділік пен алаяқтық іске баратын адамдардың қылықтары жиіркенішпен әшкереленеді.
Ақындық өнерінде өзінің рухани ұстазы ретінде пір тұтып, көркем сөз үлгісін жалғастырған келесі қаламгер иесі – Мағжан Жұмабайұлы. Ол Абай дәстүрін дамытып, қазақ поэзиясын тың өрнектермен, жаңа айшықтармен байытты. 1909 жылы жарыққа шыққан баспадан Абай өлеңдерін оқып, Абайға арнап «Алтын хакім Абайға» деген өлең жазады. Абайды өзіне рухани ұстаз тұтқан Мағжан ақынға табынып, «алтын хакім» деп жоғары бағалап жыр шашуын арнайды. Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан үні кетпес. Мағжан сол кезде-ақ Абайдың дүниежүзіне танымал болатынын болжап, ақынның даналық үні әлемнің мәңгілік рухани қазынасына айналарына кемеңгерлікпен сенім артады.


ІV Сабақты бекіту:

  1. Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы ақындар кімдер?

  2. Мұхтар Әуезов 1934 жылы жазған «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында кімдерді атап көрсеткен?

  3. Абайдың өз шәкірттерінің шығармаларына әсері.



V Үйге тапсырма:

  1. Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы ақындар туралы түсінік.

  2. Реферат жазу.



Бағалау: оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет