Тектілік теориясы
Ахмет-Зәки және Зәки Ахметов
Б.Омарұлы,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
Қазақстан, Астана
Түркі әлемінде өзіндік орны бөлек екі Зәки бар. Біріншісі – башқұрт халқының қайсар қайраткері, әйгілі шығыстанушы, әлемдік деңгейдегі тарихшы, ұлы ағартушы Зәки Уәлиди Тоған. Екіншісі – қазақтың аса көрнекті ғалымы, бұрынғы кеңестік кеңістіктің ғылыми ортасына кең танымал әдебиеттанушы Зәки Ахметов. Екеуі де өздерінің текті тұлғасы, бекзат болмысы арқылы елді аузына қаратты. Орамды ойларына, пайымды пікірлеріне жұртшылық имамға ұйығандай ұйыды.
Заманы дүрбелеңге толы алғашқы Зәкидің қайраткерлік қарымы басымдау, әрине. Ол бүкіл бір мемлекеттің негізін қалады. Өз елінің Үкіметін басқарды. Қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар өрістетті. Саяси күрестің туын биік көтерді. Сол үшін талай рет зардап шекті. Елден, жерден жырақта ғұмыр кешті. Бірақ руханият әлеміндегі іргелі істері жағынан кіші Зәки де қалыспайды. Жастайынан әдебиет теориясына терең бойлады. Екі тілдей бірдей жазды. Ғылыми мақалалары елдің қолы жете бермейтін «Советская тюркология», «Вопросы литературы» журналдарында, «Тюркологический сборник» жинағында үзбей жарияланып тұрды. Бұрынғы одақтың әдебиеттанушыларының ішіндегі ең жас ғылым докторларының бірі болды. Өркеуде Мәскеу мен Санкт-Петербургтің марғасқаларын мойындатты. Сол елдің ең іргелі университеттерінде лекция оқыды. Ресей Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттарында зерттеу жүргізді.
Зәки Уәлиди Тоған – башқұрттың Қай деп аталатын тайпасынан шыққан. Сол Қайдың өзі Сұқлы-Қай, Санақлы-Қай, Орақтау-Қай, Таулы-Қай деп жіктеледі екен. Таулы Қай башқұрт халқына Зәки Уәлидидей перзент сыйласа, Таулы Алтай қазаққа Зәки Ахметов сынды ұл берді. Алғашқысы Қайдан шықса да, «қайдан шыққан?», – деп айтқызбады. Күллі түркі әлеміне, бүкіл мұсылман жұртына есімі мәшһүр болды. Кейінгісі өз саласы бойынша, Орталық Азияның ғана емес кешегі кеңестік жүйенің бетке ұстар зерделі зерттеушілерінің біріне айналды.
Зәки Уәлидиді қазақ жұртымен тамырластыратын мысалдар да баршылық. Оның алғашқы зайыбы – Нәфиса қазақ жерінде айдауда жүргенде көз жұмған көрінеді. Екі Зәкидің шығармалары да күні бүгінге дейін ғылыми және рухани ортаның басты құндылықтары саналады. Оқу орындарында үзбей оқытылады. Екеуі де соңында сапалы ғылыми еңбек қана емес, саналы ұрпақ қалдырды. Үлкен Зәкидің ұлы Сүбідай Тоған – экономика саласының профессоры. Түркиядағы атақты Білкент университетінде сабақ береді. Ал қызы Есенбике Тоған – Түрік академиясының академигі, Башқұртстан Ғылым академиясының шетелдік мүшесі. Кіші Зәкидің перзенті Мұрат Зәкиұлы Ахметов – филология ғылымдарының кандидаты. Докторлық еңбегін философияға арнады. Ұзақ жыл бойы Философия және саясаттану институтында қызмет істеді.
Бір қызығы, Зәки Уәлиди Тоғанның шын аты Ахмет-Зәки екен. Заманы бөлек болса да мұраты бір Ахмет-Зәки мен Ахметов Зәкидің елдік мүдде, ұлттық ұстаным, ғылыми тұжырым жағынан ұқсастықтары баршылық.
Ең бастысы, екі Зәкидің бейнесі де өз заманындағы ұлт зиялысының болмысын бедерлейді.
Ақшам жамыраған шақ еді...
Қазақ үшін қайғылы күн боп саналатын желтоқсанның он жетісі халыққа тағы да қасірет әкелді. Ақшам жамыраған шақта Алматының көшесінде көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, академик Зәки Ахметовті шетелдің есік пен төрдей мәшинесі қағып кетті. Бұл әйгілі ғалымның үйінің іргесіндегі «Динамо» стадионына барып, жүгіріп, жаттығу жасап қайтатын уақыты болатын. Ертеңіне Семейге, Шәкәрім шығармашылығына арналған ғылыми конференцияға қатысу үшін жол жүрмек еді. Жасы жетпіс беске таяғанға дейін төсекке таңылып көрмеген, тіпті ауру-сырқауға бой алдырмаған ардақты азамат қапыда көз жұмды. Ажал болып жолыққан бір жүгірмектің жаңылыс қадамы әдебиеттанудың алып бәйтерегін құлатып кетті...
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты айбарынан айырылып қалғандай болды. Өмір бойы осында қызмет істеп келе жатқан бұл кісі осынау құдіретті қара шаңырақтың бір тіреуі сияқты еді. Жүріс-тұрысы ширақ академикті жұрт тоқсан жасқа дейін еркін баратын шығар деп ойлайтын. Әсіресе, әйгілі ғалымның тек кемеліне келген шағын ғана көрген біздің қатарластарымызға ол қайратты қарттықтың, абыройлы ақсақалдықтың, үйлесімді үлкендіктің бейнесіндей көрінетін.
Сол тұста Әдебиет және өнер институтында осы мекемеде тапжылмай алды жарты, соңы ширек ғасыр қызмет істеген мұндай зиялы кісілердің бірнешеуі бар еді. Әлі күнге дейін сыры мен сынын жоғалтпаған, берген уәдесін өмірі қайтып алып көрмеген, бір сөзді, біз түгілі әке-шешелеріміз оқыған мектеп оқулықтарының авторы, академик Серік Қирабаев, қазақ библиография ғылымының негізін салушы, Мүсірепов сынды тәкапбардың, Бекқожин сынды тарпаңның тілін тауып, шығармаларын зерттеген, жинап-теріп бастырған, ұқыпты да ұсынақты, институттағы еңбек стажы жағынан ешкімге ұпай бермейтін профессор Әбділхамит Нарымбетов, көне әдебиеттің тереңіне сүңгіп, айтыстың арғы тегі мен бергі тарихын түгел қопарған, мұнтаздай таза, найзадай тіп-тік қалпында жұмысқа келіп-кететін ғибратты ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, қазақшасы өзге ұлтты тіліңе табындыратын, орысшасы орысты жаңылдыратын, бұрынғы Баспасөз министрі, бүгінгі белгілі әдебиетші, сарабдал сыншы Шериаздан Елеукенов, талантты аудармашы, тегеурінді публицист, танымал абайтанушы Жұмағали Ысмағұлов, әдебиеттанушылармен бірге қара шаңырақтың бір қабырғасына тіреу болып тұрған өрелі өнертанушылар Бағыбек Құндақбаев пен Зейнұр Қоспақов... Міне, зерделі зерттеу мекемесінің бар байлығы осылар еді. Қазір бұл кісілердің де қатары селдіреп қалды. Сол үркердей топ аман-есен жүргенде сонау Сәтбаев заманында салынған қасиетті ғимараттың құт-берекесі өзінде тұрады екен. Мұны институтқа соңғы жылдарда келген жас буын екі ғасыр тоғысында қазақтың талантты қызы Шәмшиябану Сәтбаева өмірден өткенде алғаш рет сезінді. Көненің көзі, қазынаның асылы екен олар... Кейінгі ұрпақ академик Зәки Ахметов қапылыста мерт болғанда нағыз ғалымнан айырылу дегеннің не екенін ұқты.
Әдебиетші қауым Зәки Ахметовті соңғы рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Зейнолла Қабдоловтың жетпіс бес жасқа толуына орай өткізілген ғылыми кеңестің мәжілісінде көрді. Зәки аға өте көңілді отырды. Саңқылдап сөз сөйледі. Толғанып тілек айтты. Алдыңғы толқын ағалар репрессияның қанды шеңгеліне іліккен соң, солардың орнын басып, бесіктен белі шықпай жатып оқулық жазған, және бұл міндетті абыроймен орындаған, өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуінен бірге өткен Зәки ағаның қатарластары бүгінде өздерінің арыстарға арман болып қалған жасқа жеткеніне разы еді. Бұл – көбі әке-шешеден ерте айырылған, Алла тағала соның өтеуі болсын дегендей мықты денсаулық, қажырлы қайрат берген берекелі буын. Олардың қай-қайсысы да қазақ ұлтының қуатты екенін дәлелдегендей, жетпіс бестің жотасына жүгіріп шықты. Біразы кейін шаршамай-шалдықпай сексенді де бағындырды. Шетінен ширақ. Ешқайсысы да еңкіш тартқан жоқ. Жұмыс істеу қабілетінен айырылмады. Тіл-аузымыз тасқа, жастарының ұлғайғанына қарамастан құлақ пен көзге де өкпе айта алмайды. Солардың ішінде, әсіресе, Зәки Ахметовтің тұрпаты бөлек-ті. Көлденең кеселден аман болса, оның ғасырға жуық ғұмыр кешеріне ешкім күмәнданбайтын. Алайда Зейнолла досының мерейтойына жайылған дастарханда шалқып отырған академиктің бар-жоғы бес күндік ғұмыры қалғанын сол сәтте жан баласы білмеп еді...
Жетекшісі – Малов,
жанашыры – Жирмунский
Ол ғылымдағы шын мәніндегі теңдесі жоқ тұлғалардың бірі еді. Зәки ағаның алдымен ұстаздан жолы болған. Кандидаттық диссертациясына әлемге әйгілі түрколог, ежелгі жазба ескерткіштерді жеріне жеткізе зерттеген Сергей Ефимович Маловтың өзі жетекшілік етті. Тағы бір аты аңызға айналған ғалым Виктор Максимович Жирмунский «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы үшін докторлық дәреже беру жөнінде ұсыныс айтып, пікір жазған. «Зәки Ахметовтің кітабын оқи отырып, өзінің туған қазақ әдебиеті мен фольклорына қандай жетік болса, зерттеуінің жалпы және түркологиялық тұрғыдан алғандағы кеңейтілген ғылыми библиографиясына да сондай жетік автордың, қалыптасқан, қолтаңбасы айқындалған ғалымның білім-білігі пайдаланылғанын көреміз. Бұл кітап автордың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болып саналады. Сондай-ақ түркологияға, өлең теориясына қосылған ірі ғылыми үлес болатынына дау жоқ. Осы айтылғандардың негізінде З.А.Ахметов филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленуге толық лайық деп есептеймін» деген В.М.Жирмунскийдің 1964 жылғы желтоқсанның 10-ы күні жазған пікірі академиктің архивінде сақтаулы.
Докторлық диссертациясының ресми оппоненттері де – қазақ ғылымының марғасқалары. Ғылыми еңбекті академик Қажым Жұмалиев, академияның корреспондент-мүшесі Нина Сергеева, әйгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев сараптап, оң баға берді. Осы үшеуінің батасын алған Зәки Ахметов құлашын алысқа сермеді.
Мәскеу мен Санкт-Петербургтің әдебиеттану ғылымының аға буыны әлі күнге дейін Зәки Ахметовтің атын естісе, тік тұрады деседі. Диссертациясын Мәскеуде қорғаған белгілі ғалым ағаларымыз Зәки Ахметовтің абырой-беделінің арқасында көп бөгет-бөгесінге тап бола қоймағанын айтады. Батыс пен Шығыстың ілімін еркін игерген аса білімдар Зәки ағаның жібектей мінезі Мәскеудің мұзы мен тоңын лезде ерітіп жіберетін көрінеді. Зәкең өмірден өткен соң көп ұзамай Әдебиет және өнер институтының жігіттері ғылыми іссапармен Татарстан мен Башқұртстанға барып келген-ді. Тағы да сол оқыған-тоқығаны көп аға буын Зәки Ахметовті сұрапты. Ғұлама ғалымның қапылыста дүниеден озғанын естіген Қазан құлазып, Уфа уһілеп қалыпты... Ежелден ғылымның орталығына айналған қос қаланың зиялы қауымының қайғыратындай жөні бар. 1970 жылдан бастап кеңестік жүйе тарағанға дейін Бакуде тұрақты түрде шығып тұрған, ғалымдардың ғалымы ғана мақаласын ұсына алатын «Советская тюркология» журналының тігінділерін парақтап отырсаңыз, Зәки Ахметов есімін сәт сайын кездестіресіз. Не академиктің ғылыми мақаласы басылған, не зерттеушілер оның еңбектеріне сілтеме жасаған болып шығады.
Ғылымдағы несібесінің бәрін ертерек теру маңдайына жазылыпты. Жас күнінен зеректік танытты. Сабаққа алғыр жұдырықтай ғана бала жалпақ жұртты аузына қаратты. Ой өрісі, жүріс-тұрысы өзге қатарластарынан мүлде бөлек. Тіпті бала деуге келмейді. Болмысынан байсалды. Ойланып алмай тіл қатпайды. Сөзін үлкендерше салмақтайды. Бала Зәки Каз ГУ-ге оқуға түсетін студенттерді іріктеу мақсатымен Қазақстанның шығысына арнайы барған комиссияның көзіне бірден түсті. Комиссия бұл аймақтан екі-ақ ұланды таңдап алды. Соның бірі Зәки еді. Сөйтіп, өршеленіп тұрған өрен бар болғаны он бес жасында университеттің студенті атанды.
Оқу орнында да көптің бірі болып қалмай, ғылымға бейімділігін бірден байқатты. Ең алғашқы ғылыми мақаласы он алты жасында «Майдан» журналының 1944 жылғы 2-санында жарық көрді. Тырнақалды дүниесіне сол тұстағы саясаттың салқыны тимей қалған жоқ. Бұл еңбегі «Әдебиетте совет халықтарының достығы мен бірлігі таза сақталсын» деп аталады. Бірақ титімдей студенттің әдебиеттануға қатысты ой-тұжырымдары елең еткізерліктей еді. Одан кейін «Жамбыл – қазақ халқының ұлы мақтанышы» деген екінші мақаласын жазды. Бұдан соң мүйізі қарағайдай ұстаздары оған кәдімгідей назар аударды. Сөйтіп, өзі шынашақтай болғанымен кең тынысты Зәкидің ғылыми ғұмырнамасы басталды да кетті.
Зәки аға небәрі отыз жеті жасында филология ғылымдарының докторы атанды. Сондықтан елдегі ғылымды ұйымдастыру ісінің көш басында жүрді. Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті болды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарды. Елдің есінде жұртқа жайлы, ойлы шешім қабылдап, байсалды қадам жасайтын білікті басшы ретінде қалды.
Оның қаламынан «Қазақ өлеңінің құрылысы», «Лермонтов және Абай», «Қазақ поэзиясының тілі туралы», «Өлең сөздің теориясы», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы және дәстүрі», «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы», «Абайдың ақындық әлемі» атты ғылыми монографиялар туды. Зәки Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы поэзия теориясын жаңаша зерделеген құнды еңбек ретінде әдебиеттану тарихына енді. Өлеңге қатысты еңбек жазған бұрынғы одақ ғалымдарының ешқайсысы да бұл зерттеуді аттап өте алмайды. Ал түркі халықтарының поэзиясын зерттеушілер үшін «Қазақ өлеңінің құрылысы» айнымас бағыт-бағдар болды.
Зәки аға алты томдық қазақ әдебиетінің тарихын, орыс тілінде шыққан үш томдық әдебиет тарихын жазуға үлкен үлес қосты. Мәскеуде басылған «Көп ұлтты кеңес әдебиетінің тарихы» атты көптомдық авторларының бірі болды.
Айылдың арғы жағында
Өз басым Зәки Ахметовпен өмірімде бір-ақ рет сапарлас болдым. Оның өзі академиктің соңғы сапары болып шықты. 2002 жылғы қазан айының он бесінде ұзақ жылдардан бері әдебиеттану ғылымында үзеңгілес келе жатқан серігі академик Зейнолла Қабдолов екеуі Бішкекке жиналды. Екеуі де Қырғызстандағы филология ғылымдары бойынша диссертация қорғататын арнайы кеңестің мүшесі. Әдебиеттану саласындағы ғылым докторлары аса көп емес қырғыз бауырлар қазақтың қос ардақтысын кеңес мәжілісіне үнемі шақырады. Олардың Алатаудың арғы бетіне жұп жазбай бірге қатынап келе жатқанына ширек ғасыр. Осы жолы белгілі әдебиетші ғалымдар Жанғара Дәдебаев, Зинол-Ғабден Бисенғали, Болатжан Абылқасымов бірі кеңес мүшесі, бірі ресми оппонент ретінде жолға бірге шықты. Бұл бір естен кетпес сапар болды. Жол бойы екі академик те өте көңілді отырды. Көңілді болатындай жөні бар. Зейнолла Қабдолов енді екі, ал Зәки Ахметов жеті айдан соң жетпіс беске толады. Аузынан түскен сөзі мақал-мәтелге айналып жүре беретін Зейнолла аға қазақ Алатауынан қырғыз Алтауына жеткенше жарасымды әзілдерді бірінен соң бірін тоғытты. Бішкекте қос академикті Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелері Әбдіқадыр Садықов пен Абдылдажан Ақматалиев бастаған әдебиетші-ғалымдар құшақ жая қарсы алды.
Докторлық диссертация қорғаған қырғыздың екі жігітіне бата берген Зейнолла аға бірден елге қайтты да, біз Зәки ағамен бірге Бішкекте тағы бір күн аялдадық. Академикке қырғыз досы, танымал фольклорист-ғалым Самар Мұсаев дастархан жайды.
– Атайын (арнайы) геңешке атайын гелген экенсиндер, қырғыз жерінен қайберен жеп бір-ақ қайтыш керек, – деді Самар аға. Кейін білдік, қайбереніміз біздің киік сынды түз тағысы болып шықты. «Қайберен, ғайып ерен.., әдемі аталған екен», – дедік біз.
Ежелден бір-бірін жақсы білетін екі дос түнімен әңгіме тиегін ағытты. Өткен-кеткенді еске алысты. Күлді, күрсінді, күбірлесті... Оның үстіне докторлық еңбек қорғаған екі жігіттің бірі осы Самар Мұсаевтың ұлы еді. Сондықтан Зәки аға ескі досының қуанышына ортақтасқанды жөн санады. Самардың әдебиетші ұлы – Абдылда Мұсаев кейін Қырғызстанның Білім және ғылым министрі болды.
Жолға жиналдық. Қоштасарда Зәки аға қырғыз Алатауының қарлы шыңдарына қарап тұрып:
– Біз болсақ, үлкейдік. Сірә, енді осылай қарай көп жолымыз түсе бермес. Мына жігіттер келіп тұрады ғой, – деді өзімен ере барған жас әріптестерін нұсқап.
Сол сәтте біз Зәки ағаның талай рет келіп, жүзге жуық әдебиетші ғалымның тұсауын кескен қырғыз елімен қоштасып тұрғанын білмеппіз. Тура екі айдан соң академиктен айырылып қалдық...
Мейманханадан шығып, Алматыға қарай ала жөнелгісі кеп ытырынып тұрған көлікке мінер алдында інілерінің ортасында тұрып суретке түсті. Суретке түсерден бұрын қызыл былғары күртесінің өңірін сәл ашыңқырап қойды. Қалпағының маңдайын көтерді... Бішкектен шығып Алатауды бетке алып жүйткіген көліктің ішінде көбіне үнсіз отырды. Жүргізушімен екі ортадағы қуысқа қыстыра салған тоқ бүйірлі қызыл сөмкесіне шынтағын тіреп қойып, ойға кетті. Қордай асуын көктей өтетін ұлы жолға тесіле қараумен болды. Жанары алыс көкжиектің белгісіз бір нүктесіне қадалған. Академикті әрі-бері әңгімеге тартып көрген Болатжан ағам ақсақал шешіле қоймаған соң, күмістей аппақ шашының бір де бір талын қисайтпай, тікесінен тік отырған күйі қалғи бастады. Ал Зәки аға әлі үнсіз. Мәшинені жүргізіп келе жатқан грек-рим күресінен Қырғызстан құрамасының мүшесі болған, құлағы жентектелген түшпарадай мыж-мыж балуан жігітте де шаруасы жоқ. Қара жолдан көз алмайды. Сол сәтте не ойлады екен? Бір кезде өзі: «Көшпелі елдің санасында жол деген ұғымның мәні ерекше. Көшпеліліктің өзі кең даладағы ұшы-қиырсыз жолдарды елестетеді. Сондықтан жол деген кеңістікті білдіретін, аспан астындағы дүние-болмыстың аумақтылығын, шексіздігін мегзейтін ұғым. Жолдың алыс-қашықтығы, ұзақтығы, жүру мөлшері арқылы кеңістік ұғымы уақытпен де байланысты. Жолдың алыс-қашықтығы уақыттың өтуінен гөрі де көрнектірек, көзге айқын елестетерлік сипаты бар», – деп жазып еді. Енді сол жол пәлсапасының өмірлік деректерін таразыға тартып, салмақтап отырған секілді. Бәлкім, жол бойы бүкіл өмір жолын көз алдына келтірген шығар... Өйткені, қазір мына жеңіл мәшиненің алдыңғы орындығында аса бір жұмбақ түрге еніп, шалқалап отырған Зәки аға, Алтайдан түлеп ұшқан тастүлек, Мәскеу мен Ленинградты армансыз шарлаған зерделі ғалым сәлден соң өзінің жарты ғасырдан астам уақыт мекен еткен Алматысына жетеді. Бұдан кейін сапарға шықпайды. Өмірдегі жолы осы сапармен тұйықталады. Сірә, академик сол жолы осыны жан-тәнімен сезінген кісінің кейпінде болды-ау деймін...
Екі айдан соң айылдың арғы жағында әдебиеттанудың басы-қасында жүрген бір топ қырғыз Алматыға аңырап жетті.
Жүректі жылатқан жоқтау
Зәки аға ғылымдағы абыройлы ақсақалдықтың символындай болды. Абыройлы ақсақалдық дегеніміз не өзі? Оны аға буынның өзі айқындамауы мүмкін, ал кейінгі ұрпаққа тайға таңба басқандай анық көрінеді. Жасыратыны жоқ, кейбір ағаларымыздың бойынан егделік пен пенделіктің белгілері қатар көрініп қалады. Мұны әсіресе, ғылыми еңбек қорғауға талаптанып жүрген жастар айрықша сезінеді. Мәселен, бір ғалымға авторефератыңды апарсаң, түксиіп отырып, соңынан өзінің аты-жөнін іздейді. Зерттеуіңе еңбектерін пайдаланбағаның үшін сені жерден алып, жерге салады. «Менің еңбегімнің пайдаға жарайтындай құны бар ма?» деп ойламайды. Ал кейбірі бұлай деп ашық мәлімдемесе де, ішінен кек сақтайды. Қорғау алдындағы мәжілістерде бір бүйірден дауыл тұрғызып, жастардың зәресін алады. Бәзбір ағаларымыз еңбек қорғау барысындағы жіпсіз байлаған тәуелділікті пайдаланып, адамның санасына сыйматын ұсыныстар айтады. Сол арқылы жас буынның зердесінде өзінің жағымсыз бейнесін қалыптастырып жатқанын ұқпайды-ау, ұқпайды.
Алаштың ардақтысы Зәки Ахметов мұндай пенделіктің бәрінен аман болды. Жастар оны сол үшін де құрмет тұтты. Сол құрмет тұтқанының белгісі емес пе, академиктің қазасына күйзелген ақын, шығыстанушы ғалым Серікбай Қосан өзі талай көз майын тауысып, көне жазудан оқыған ескі жырлардың үлгісімен жоқтау жазды. Оған жаз деп қолқа салған ешкім жоқ. Қайта дүңк етпе, жоңбай мінез Серікбай шайырға біреуге арнап өлең жаз десең, қитығып қалар еді. Бұл жолы өзі жазды, егіліп жылап отырып, жүрегімен жазды. Қазақтың ардақты ұлын қазақы дәстүрмен жоқтады. Жоқтау өлеңін бастан аяқ жалғыз ұйқаспен әдіптен шықты:
О қайран аға,
Алаштың адал ұлы едің,
Ақсұңқардай шүюлі,
Аузына көпті қаратқан,
Кеудесі қазына үюлі.
Өлеңін сынап қазақтың,
Қалдырдың ойлар қиюлы.
Ұрпағыңа үлгі еттің,
Ұлт үшін қалай күюді.
...Соншама еңбек еткенде,
Жетпіспен жасың өткенде,
Жетпіс беске жеткенде,
Жемісін жылдар төккенде...
Жазғаның қалды жиюлы.
Қаламың қолда түюлі.
Сауытында сиясы қалды құюлы...
Кешегі күні Зәкеңнің поэзия теориясы туралы кітабын оқып, өз өлеңінің сыртқы сықпытын, ішкі әлемін жөндеген бала сол азаматты іздеп, жыр нөсерін селдетті. Дүйім жұртқа Зәки ағаның шынайы бейнесін танытты. Академиктің көзі тірісінде талай адам оған жыр арнаған шығар. Соның бәрі шаттыққа толы көңіл-күйден туғанына күмән жоқ. Алайда өлеңнің, қайран ғалымның маңдайының терін тамшылатып зерттеген құдіретті поэзияның Зәкеңе қарап көз жасын төгіп тұрғаны осы еді. Бұл жоқтау өлең азалы күні Әдебиет және өнер институтының қабырғасындағы Зәки Ахметовтің қаралы рәсімге сай безендірілген суретінің жанында жапсырулы тұрды. Көптің көкейіндегіні дәл аңғартқан ақынның көңілі үкіметтің көңіл айтуынан кем емес-ті.
Әдебиет тарихын зерттеушілер әр жылдарда жоқтау өлең үлгілерінің жеті атасын іздеп тапты. Мәселен, Кеңгірбай биді белгісіз ақын, Жәңгір ханды алаша Байтоқ, Шоқанды Орынбай ақын, Әйеке болысты Бұдабай Қабылұлы, Мұса Шормановты Мәшһүр Жүсіп Көпеев жоқтаған. Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда да жоқтау жырлар айтылған. Әдебиет институтында әдебиеттанушы ғалымды жоқтаған әдебиеттанушы ақынның жазған жоқтау жыры – сол желінің жиырма бірінші ғасырға дейін үзілмегенінің дәлелі.
Қара өлеңің ордасы ең,
Қара сөздің жорғасы ең.
Бір жақсымен құрдас ең,
Бір жақсымен жолдас ең,
Әттең, дүние опасыз...
Кеше ел иығына зерлі тон жапқан Ер Зәкең,
Бүгін жеңсіз көйлек киюлі.
Бұл қалай сірә болды деп,
Басыма қара төнді деп,
Жұртының басы июлі.
Туысқан, құрбы, қауметі,
Жазушы, ғалым әулеті,
Қайырлы болғай қазаңыз,
Қабырғасы сөгіліп,
Жандары қатты күюлі.
Шындығын айту керек, ел жылап-сықтап жүрген тұста бұл өлеңге ешкім мән бере қойған жоқ. Алайда бұл нағыз алаш ардақтаған арысты, зиялы азаматты жоқтаудың осы заманғы үлгісі еді. Қаламы қарымды журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов қайтыс болғанда белгілі суырыпсалма ақын Есенқұл Жақыпбековтың жырмен жоқтау айтқанын көргенбіз. Сонда ел егілген, егіле отырып, ер азаматты іздейтін інілер барына сүйсінген. Ал мына өлең тек Серікбай ақынның ғана емес, Зәки Ахметовті шексіз сыйлайтын кейінгі буынның да айтар сөзі болатын. Жас ақын: «Сәрсенбі жаудан бұқпа деп, Сейсенбі жауға шықпа деп, Кейінгі ұрпақ балаға-ай, Ақтамберді бабаңның, Айтқаны келген бола ма-ай», – деп, ел ішіндегі аңыздардың желісін пайдаланып, өлеңіне әр кіргізеді. Желтоқсанның он жетісі шынында да сейсенбіге сәйкес келіп тұр еді...
Еңбегі ерек, болмысы бөлек
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Зәки ағамен бірге біраз жыл қызмет істедік. Академик Ахметовтің нұрлы бейнесі бұл қара шаңыраққа тек қана шуақ сыйлайтын. Бұл бейне ғылымдағы ізгілік пен мәдениет, ақыл мен парасат, кішілік пен кісілік ұғымдарының баламасы сияқтанатын. Институтта талай жыл тер төккен әр көкем өзінше бір әлем. Әрқайсысы әрқилы мінездің адамдары. Сені бірі семсердей сөзімен, бірі оқты көзімен тәрбиелейді. Бірі – ишарамен ұқтырудың қалыптасқан маманы. Сол ишараны ұқпай, бейшара боп қалсаң, құрыдым дей бер.
Ал Зәки ағаның болмысы мүлде бөлек-ті. Мұндай ми қыртысына дейін мәдениет қонақтаған адамдар өте сирек болады. Ол ешқашан ашу шақырмайды. Негізінде, ашуланбайтын кісі болушы ма еді... Бұл кісі де күйінетін шығар. Бірақ ішкі толқынысын жан баласына білдірмейді. Әбден күйгенде айтатын сол сөздерін байсалды қалыппен, байыппен-ақ жеткізеді. Сосын саған қарап, жай ғана жымияды. Сол жымиысы керемет әдемі. Содан нәр аласың. Артық-ауыс әңгіме айтпайды. Ешкімді ғайбаттамайды, пенделікке бармайды. Біреуді асыра мақтап, аспандатып жіберуге де құлықты емес. Білімі көл-көсір болса да, ешқашан көп білетіндігін көрсетуге тырыспайды. Ұқыптылығында, тиянақтылығында шек жоқ. Сонысынан өнеге аласың. Сосын текті тұлға дегеніміз осындай-ақ болар деп ойлайсың.
Ол кісімен бірге таңертең институтқа жылылық ере кіреді. Ол жұмысын бітіріп, үйіне қарай беттегенде де сол жылылық мекемеміздің ішінде ұялап қалады. Сондықтан оны институттың үлкен-кішісі өте жақсы көретін. Зәки аға қайтыс болған күні ол кісінің аспиранты – Саят Қамшыгер деген жас ақынның академияның алдында аппақ қардың үстінде солығын баса алмай, еңкілдеп жылап отырғанын көрдім. Тегінде, ең жақынын жоғалтқан адам ғана дәл осылай жылайды.
Әңгімемізді екі Зәкидің тұлғасын таразылаудан бастап едік. Сөз соңында осыған тағы да тоқталғымыз келеді. Башқұрт халқы мен түрік жұрты Зәки Уәлиди Тоғанның тұлғасын ұлықтаудан кенде емес. Башқұртстан Республикасының ұлттық кітапханасына, Уфаның орталық көшелерінің біріне оның есімі берілген. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінде ғалымның бюсті орнатылған. Осы оқу орнының Түркітану зерттеу орталығы ұлы ағартушының есімімен аталады. Туған жерінде мұражай бар. Шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Ол туралы көптеген деректі және көркем фильмдер түсірілді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2010 жыл «Зәки Уәлиди Тоған жылы» болып жарияланды. Ғалымның туғанына 120 жыл толуы түркі тілдес мемлекеттердің бәрінде аталып өтті. Осыған орай Башқұртстан Республикасының Ғылым академиясы «Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған» медалін белгіледі. Башқұрт елінде еңбегімен ерекшеленген ғылым өкілдеріне Ахмет-Зәки Уәлиди атындағы сыйлық беріледі. 1992 жылдан бері жыл сайын халықаралық «Уәлиди оқулары» тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Зәки Уәлиди Тоған секілді күллі Еуропа мен түркі әлеміне аса танымал саяси қайраткер болмаса да, қазақтың Зәкиінің де әдебиеттанушы ретіндегі салмағы ешқандай ғұламаңнан кем емес. Ендеше ол да үнемі ұлықтауға лайық тұлға.
Өмір бойы әдебиет теориясын зерделеген Зәки ағаның өзі болмысы да тектіліктің теориясын танытып тұратынын жан баласы жоққа шығара алмас еді. Сондықтан Ахметов Зәкиді Ахмет-Зәки секілді қадірлегеннен ұтылмайтынымыз анық.
Достарыңызбен бөлісу: |