Екінші, ортақ сипаты - аталған үдерістердің қайталанып отыруы. Үнемі мақсатты анықтау оның нәтижеге жетуіне қызмет етерлік құралдарды, амалдарды, әдістерді, технологияларды қарастыру. Бір жағынан оқытушы оқу міндеттерін және мақсаттарын айқындаса, екінші жағынан студенттердің білім деңгейінің електі жоспарын толтырады, білім нәтижесін тексеріп, одан әрі жүретін жұмысын жобалайды. Осы арада оқытушы студенттердің білімін тексеру барысында диагностика жүргізсе, білім мазмұнының құрылымындағы дидактиканың нысанында суәлетке қатысты тереңдеп қолданылды, оларды қабылдауда бір мәселелерге жинақтап, дидактикалық негіздің жүйесіне салынады. Мұнымен бірге бұл әрекет студентке де таныс болып, ол өзінің танымдық деңгейін қай жіктемеге жатқызуын интериоризациясымен бағалайды. Міне, бүгінгі оқыту теориясының ортақ характері осы .
Үшінші оқыту теориялық ортақ сипаты - оқыту әрекетінің құрылымын оқытушының алдын-ала болжауы. Мұның өзі жүзеге асыратын мақсатты шешуге көмегі бар, нәтижеге бағдарлайтын технологияларды екшеп, сұрыптап алу мәселесін жүзеге асырумен құнды. Оны істе қолдану үдерісі студент пен оқытушының субъективті қызметінің стилін орнықтырады.
Оқыту амалы - оқытушының сабақ өткізу жолы. Әдістерді жүйелеу үдерістері бұрыннан қалыптасқан. Біріншісі, сөз әдісі - вербальді әдіс. Бұған жататындар: әңгіме, сұхбат, пікірталас, дәріс, мәтінмен жұмыс. Екіншісі, тәжірибе әдісі - жаттығу, тәжірибелік сабақтар, зертханалық сабақтар, эксперимент кредитті технологияда екінші басымдықта.Үшіншісі, бақылау әдістері - бақылау жұмысы, курстық жұмыс, мәтіндік тапсырмалар, сынақ, емтихан, жобаны қорғау. Дәріс және тәжірибешілік сабақтарды өткізудегі өзіне тән белгілерімен ерекшеліктері:
– дәріс - студенттердің 70 % өздігінен жұмысын ұйымдастыруға ақпараттық жүйе ретінде ауқымды құрылған дидактикалық пән;
– тәжірибешілік сабақ - жұмысты ұйымдастыру, кеңейту, тереңдету, бекіту, білім беру теориясын ақпараттық тұрғыда жүйелеу. Бұл танымдық қызметті жоғары оқу орнының оқытушысы басқарады;
– оқытудың дидактикалық негізі болып студенттердің жеке ізденісті зерттелім қабілетін дамыту;
– оқу тобы - студенттердің танымдық қызметін ұйымдастыратын түрі (түпкілікті құрам үнемі өзгеріске түсуі мүмкін);
– сабақ кестесінің талабына орай курс тек бір оқулықтар мен бағдарламаға жүгініп өткізіледі;
– оқу жылы екі семестрден, сынақты және емтиханды кезең мен демалыстардан тұрады;
– оқыту үдерісі жоғары мектеп түлектерінің мемлекеттік емтихан тапсыруымен немесе дипломдық жұмысты қорғаумен қорытылады.
Бүгінгі таңда дидактика Ресей мен біздің елімізде де қарқындылықпен өркендеу үстінде. Қазақстан Республикасында жоғары білім ерекше орын алып, мемлекет қызметінің барлық жақтарына ықпал еткеніне біз куәміз. Рухани өндірістің аса маңызды бұл саласы қоғамның қызмет етуінің интеллектуалдық және экономикалық базасын құрайды. Ол мәдениетті сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің басты құралы болып табылады, соның ішінде, болашақ мамандарды даярлауда жоғары мектеп дидактикасы айрықша орын алады. Тәуелсіздікке ие болған Қазақстан мемлекеті жаңа Қазақстандық қоғамға сәйкес жоғары мектептен дидактиканың жаңаша құрылуына қолайлы жағдай туғызуда. Мұнда ең басты мақсат - бұрынғы зиялы қауымның, педагог-зерттеушілерінің құнды ой-тұжырымдарын зерттеп, студенттерді оқыту іс-әрекетіне қатысты идеяларына, бүгінгі жоғары мектеп дидактикасына, білім мазмұнының өзгерістеріне сәйкес етіп талдап, жинақтап, тиімді пайдалану көзделеді. Мен зерттеу мәселесіне байланысты ғылыми, тарихи, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге талдау жасау барысында бірқатар тұжырымдар жасадық: біріншіден, ерте заманнан бері зерделенген адамның ойлау, таным іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру мақсатында еңбек сіңірген данагөй, педагог-зерттеушілердің озық идеялары мен тұжырымдамаларын, ірі дәстүрлерін сақтай мектеп дидактикасының дамуына тірек бола алатындығы; екіншіден, өз тағдырын өзі айқындаған Қазақстанның барлық халқы әлемдік интеллектуалды әлеуеттің жаһандануына ерекше назар аударып отырғандығы; үшіншіден, жоғары оқу орындарында болашақ мамандарды даярлау үлгісі қоғамымыздың нарықтық экономикалық жағдайына сәйкесетіндігін жоғары білім меңгертудің қазіргі бағыттары: ғылым түрлеріне қарай оның философиялық, психологиялық, педагогикалық ұштастыққа келуінің үздіксіз жаңаруы; жоғары мектеп дидактикасының ғаламдық мүддеге сәйкесіп келуі; мемлекеттік жоғары білім стандартын болашақ мамандығында ұтымды негіздеуі, білімді ақпараттандыру, оған жаңа оқыту технологияларын жасауы, жұмысты ұйымдастыру формаларын, түрлерін ғылыми негізде аталған төрт бағыт жоғары мектептен оқыту үдерісінің қоғам өзгерісіне ілесе отырып дамуына және оқытушы мен студенттің өзін-өзі субъектілі дәрежеге ынталандыра алудың тәсілдерін меңгеруге қозғаушы күш болатындығы. Сол себепті өз зерттеулерімде рухани байлыққа ұмтылыстың өзі жоғары мектептің оқыту үдерісін талапқа сай құру тұрғысынан дамуына назар аударудың қажеттігі туып отыр. Осыған орай, мен зерттеу жұмысымды біріншіден, жалпы дидактиканың тарихы, оның әдіснамалық-философиялық негізін зерттеулерге мән бердік; екіншіден, дидактиканың тарихи-философиялық генезисіне талдау жасап, оның іс-әрекетінің дидактикалық шарттарына тоқталдым. Үшіншіден, қазіргі жоғары оқу орындарындағы дидактиканың орны мен ерекшеліктерін айқындадық; төртіншіден, студенттердің оқыту үдерісіндегі танымдық қызметінің мәнін, маңызын, құрылымын, саралап, олардың жеке тұлғалық дәрежеге жетілуі үшін тәжірибеге қажетті ұтымды педагогикалық технологиялары жасалды.
Осындай мәселелерді шешуде жоғары оқу орындарының дидактикасының ғылыми-педагогикалық негізін тұтас қараудың қазіргі жағдайына сүйене отырып қарастырылды. Дидактиканың тарихи даму сипатында бағамдасақ, оның бастау көзі әлемдік кеңістікте екені белгілі болды. Ж.Аймауытов (1889-1931) таным теориясының тірегі пәлсапалық жадты үздіксіз дамыту деп есептеген. Адамның ойлау іс-әрекетін "ой сандығы" деген атаумен ғұлама зерттеуші бүгінгі компьютерлік жүйені білгендей. «Ынта», «Мүдде», «Берне», «Бағам», «Перцевтив», «Апперсепсе» және т.б. атауларды алғаш дидактикаға енгізгенін сараладық . Сол секілді М. Жұмабаев (1893-1938 ж.ж.) оқыту үдерісіне қатысты іс-әрекет, амал жүйесін құрып, бірқатар терминдерді өзінің "Педагогика" еңбегінде қолданады. Мәселен, "индукция", "дедукция", "талдау", "жинақтау" "силлогизм" және т.б. Осы арада әлемдік педагогика саласынан қазақ ұлтының ғылымына сырттан дидактикалық лексика қорына енген сөздердің бір тобы аталған ғұлама, елінің озық қайраткерлері, XX ғасырдың басында қолданғанын айқындадық [41].
Жоғары оқу орындарының дидактикасының ғылыми-педагогикалық даму үдерісінің бастау көзі ғұлама-данышпандардың еңбектеріндегі құнды ой-тұжырымдамалар біздің алыс болашағамызға да өзінің рухани байлығымен толықтыратынына көзіміз жетті. XX ғасырдың 80-жылдарына дейінгі кезеңде Л.С. Выготский [42], Ц. Гальперин [43], және т.б. ғалымдардың еңбектері арқылы эвристикалық деңгейді қалыптастырғандығын көрдік. Аталған зерттеу еңбектердің табыстары дидактика нысанасына ерекше нәтиже әкелді:
– ойлау әрекетін қалыптастырудың кезеңдік теориясы (П.А. Гальперин);
– мәселелі оқытудың әдістері (М.Н. Скаткин, И.Я. Лернер);
– танымдық ойлау белсенділігін арттырудың тәсілі (Т. Шамова).
Қандай ғылым саласы болса да, оның біліми-ғылыми аспектісінен бөліп алмаушылықтың амалы т.б. тәрбиелілік мәні бар. Тәрбиелік мән сол қарастырылатын нысананың ішінен шығады. Оқыту мен оқу үдерісінде осы тәлімнің ізгілікті үлгісін жинақтап алуға ерекше көңіл бөлінеді.
1999-2008 жылдың аралығы білім алушы болашақ маман студент эвристикалық сападан шығармашылық деңгейге көтеріледі. Оның парадигмасы заманның өзгерісіне орай құбылып отырады. Тәрбие мен біліктілік арасында заңды байланыс бар. Мұның өзі оқыту және даму үдерісі сияқты жұптық сапаның көрсеткішінен тұратынын байқаймыз. Осы орайда мен креативтік деңгейге ұмтылдыратын эвристиканың мынандай деңгейін анықтадым:
– бірінші деңгей, аталған деңгей репродуктивтік, эмпирикалық кезеңнің өнімі;
– екінші деңгей, студенттің ерік күші көп жағдайда көрініс табады; көптеген пәндер бойынша сабақтарда ынталы жұмыс істейді; жұмысты ақырына дейін жеткізуге ықыластанады, бірақ таным барысындағы елеулі қиындықтарға тап болғанда, тайқып шығады; семестр бойына жүйелі жұмыс істеуге бағыттайды; көбіне семестр аяғында жұмыс қыза түседі;
– үшінші деңгей, эвристикалық деңгейдегі студенттің ерік күші оқу-танымдық қызметінің барлық түрлерінде көрініс табады - пәндер бойынша сабақтарда бүкіл уақыт бойына қызу жұмыс істейді; кез келген оқу жұмысын әрқашанда ақырына жеткізеді; семестр бойына жүйелі жұмыс істейді. Қоғамның, ғылымның және техниканың қарқынды дамуы кезеңінде оқу мен оқыту үдерісі өзгеріске ұшырайды деген Лотар Клинберг [44]. Бұдан дидактиканы өздігінен танудың қажеттігін пайымдағанын аңғарамыз. Л. Клинбергтің ойын әрі қарай дамытсақ, онда мынадай тұжырымдар шығады:
– бүгінгі таңда дидактикалық мәселелерді таза дидактикалық тұрғыда шешуге болмайтыны байқалды;
– қазіргі уақытта дидактиканың саласы бұрынғыға қарағанда өрісі кеңейіп, мазмұны тереңдегенінің салдарынан ғылымдар арасындағы сабақтастығының негізінде қарастыру керектігін түйіндейді;
– оқу үдерісіне талдау жасаудың барысында, аңғарғанымыз, жаңа талаптарды қанағаттандыру үшін жоғары мектепте біржақты, дәстүрлі, үйреншікті оқытудан арылудың қажеттігі қарастырылады.
Л.Клинберг дидактика адамның оқыту үдерісін тұтас қамтуы керек және онтогенез аспектісі ретінде ол барлық білім беру мен оқыту үдерісінде маңызды болып табылады деп бағамдаған. Философиялық сөздікте генезис ұғымына мынадай анықтама беріледі: (грекше - genezis) - шығу, пайда болды. Бастапқыда "Генезис" термині ежелгі грек мифологиясында, кейіннен философияда (Фалес, Гераклит, Кант, Гегель және т.б) қарастырылған. Сонымен, жалпы философияда көбінесе ескінің негізінде жаңаның алғы шарттарының пайда болуы. Осы сапаның соқыр сезімге ұласып, саңылау сезімдеріне, білім мен ғылымға үлкен кедергі екеніне ерекше мән береді. "Генезис" сөзін дидактикалық тұрғыдан қарастыру, бірде алғаш шығуы, даму үдерісін айқындайтын әрекет. Дидактика дамуының генезисін зерттеуіміздің басты мақсаты ол арқылы кезеңдерді шартты тұрғыда бөлуге, оның ғылыми-педагогикалық негіздерін дамытуға себеп - ғұлама-педагогтардың ізденістері. Бұрын айтылған идеяларды "Адамның оқыту үдерісін тұтас қамту" деген тұжырымды дәлелдеу үшін менде дидактика дамуының генезисін толық қарастыруымның қажеттілігі туды. Осы қажеттіліктің шындығына жету барысында мен ғұлама-педагогтардың еңбектеріне талдау жасадым.
Қорыта келгенде, жоғары оқу орындарындағы дидактикасының ғылыми-педагогикалық дамуына назар аударсақ, репродуктивті-эмпирикалықтан эвристикалыққа өту арасы тым ұзақ мерзімді қамтығанын байқаймыз. Бұдан шығар тұжырым, адамзат алған білімін өздігінен дамыта алмай, оны тек қайталаушылық сапада қабылдаған. Ал ол іс-әрекетін тәжірибеде қолдана алуы нәтижеге апармаған. Кредиттік технологиямен оқыту – оқытушы-профессорлар мен студенттер арасындағы өзара байланыс, оқыту және оқу білім мазмұнының мемлекеттік стандарт (жоғары оқу орындарында) ауқымындағы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру; студенттерді ғылым салаларымен интеллектуалды әлеуетін үзіліссіз дамыта алуға бағдарлау және олардың біліми-ғылыми оқу еңбектерін өздігінен ұйымдастыра алуға бағыттау. «Инженерлік сызба» пәнін тәрбие мазмұнының ыңғайына қарай іске асырып, оқытудың басымдығы ескеріліп, оның нысаналы өнері мен жүйесі мына түйіндермен студенттер назарына ұсынылады:
1) Белгілермен (әріптер, сандық көрсеткіштер, диаграмма, матрица, схема және т.б.);
2) Схемаға түсірілген нұсқалармен;
3)Символдық таңбалармен немесе абстрактылы ұғымдармен, тұспалдаулармен, астарлаулармен;
4) Жүйелермен;
5) Үлгілермен.
Оқыту іс-әрекеті қай ғасырда болмасын үш түрлі құндылықпен жүзеге асуда:
1) Логикалық;
2) Танымдық, когнитивтік-гносеологиялық;
3) Аксиологиялық.
Аталған үш құрамдық белгілі бір тұлғаның (студент немесе кемелденген маман) логикалық ой-өрісін біліммен, ғылыммен сусындатып, оны меңгеріп, икем-дағдысын ұштайды, ал танымдық, когнитивтік өреде өзінің парасатты іс-әрекетін танымдық ойлау, пайым жасау, түйіндеу, тұжырымдау сапасында – кемелдену мәресіне ынталануына мүмкіндік алады. Сөйтіп, екінші іс-әрекет сабағында студент бейімделу технологиясының ішкі бір бөлігі стохастикалық парадигманы қабылдап, оны тәжірибеде, теориялық білім мен ғылым негіздерін меңгеруде сәтті қолдана алатын дәрежеге жетіледі.
Жоғары оқу орындарында кредиттік технологияның алатын орны ерекше. Оқыту – оқу іс-әрекетінің дұрыс жүруіне қатысты ұйымдастыру және бақылау жасау, нәтижесінде студенттер меңгеруге тиісті білім мазмұнын (стандартқа сай) парасатты іс-әрекеті мен креативтік пайымдау қабілеттілігінің деңгейінде меңгеру. Бүгінгі дидактикада аталған іс-әрекет кредиттік технологиялармен жүзеге асады. Сол себепті бұрынғыдай «дәріс» деген ұғымның мазмұны түбірімен өзгеріске ұшырап, дәстүрлі сабақтардың орнына инновациялық іс-әрекеттер жүйесі енгізілді. Оқыту қызметінің ұстанымдары: оқытушы-профессорлар құрамы стандартты зерделеп, типтік бағдарлама мен оқыту жоспарын негізге алып, өзінің пәндеріне сәйкес жұмыс бағдарламасын тамыз айында құрып, оқу қарсаңында кафедра меңгерушісіне бекітіп, оқу бөліміне бекіттіріп алуға бағдарлайды. Құжаттар ресми тұрғыда рұхсаттама алғаннан кейін білім мазмұнын әр студентке өсімімен меңгерту қызметін ұйымдастыру (кредит мөлшеріне сай аудиториялық және аудиториядан тыс жұмыстардың қамтылуы) студенттің өздігінен жеке жұмыстарды орындаудағы талаптың дұрыс қойылуы мен кері байланыстың іске асу қарқыны оқытудың негізгі көрсетікіші болып есептеледі. Оқыту қызметін іске асыру үдерісінде оқытушы-профессор ғылыми еңбегін мынадай жүйеде ұйымдастырады:
Оқу материалын құрудың логикалық сұлбасын жасау;
Оқытудың амал-тәсілдері мен технологиясын нұсқалы тұрғыда әзірлеу;
Оқыту үдерісінде оны құбылта алу тұстарын ескеру;
Кредиттік технология талабына сай білім мазмұнының стандарт ауқымын жүзеге асыру тұрғысында 30 % -ын аудиторияда, ал 70 % - ын әр студенттің жеке даярлануына негізгі әдебиеттер мен қосымша әдебиеттер тізімін беріп, әрқайсысына түйіндеме ұсыну;
Студенттердің аудиториялық іс-әрекеті мен парасатты ойлау қызметін алдын-ала оқытушы-профессорлардың жобалау іскерлігін күннен-күнге ұштау;
Атқарылған парасатты іс-әрекет жоспарын қорыту;
Студенттердің парасатты іс-әрекетінің перцептивті тұсын шығару (қабылдау әдісі);
Студенттердің біліми-ғылыми қабылдау деңгейліктерінің маңызын межелеу;
Студенттердің белгілі оғаш немесе жағымды мінез-құлықтарының шығу көздерін анықтау;
Студенттердің біліми-ғылыми дәрежесінің сыртқы көрсеткішін айқындау (рейтинг жүйесімен);
Алған білімі мен ғылымына өзінің сенімділік мүмкіндігін бағамдай алу іскерлігін дамыту;
Жан-дүниесінің комфортты кеңістікте болу жағдайын бағамдау;
Қарым-қатынас жасауда оқытушы-профессорлардың студенттермен, студенттердің студенттермен әртүрлілігін іске асыру (монолог, сұхбат, пікірталас және т.б.);
Ынта қоюдың белгілі бір жоғарғы түйсігіне жету;
Қызметін ажырату;
Жұмыс жабдығын қамтамасыз ету.
Қорыта келгенде, оқыту қызметінің дидактикалық негізінің ең жоғары шарықтау шегі – студенттердің ғылыми-біліми еңбегін оңтайлы ұйымдастыруда парасатты іс-әрекет құру бейіміне көңіл бөлу екендігін естен бір сәт шығармау. Парасатты іс-әрекеттті тәжірибеде нәтижеге бағдарлай алатын аталған 20 құрамдық бөліктер ұдайы ұстаным ретінде оқытушы-профессорлардың жадына тұрақталса, онда мұны студенттердің кредиттік технологияға білімдену қызметі негізіне құратыны сөзсіз.