Тентек болма,балам, әйтпесе мұғаліміңе айтып қоямын! -иә,саған,біздің апай маған мүлде ұрыспайды,ол бәрімізді жақсы көреді Айналдық сенің мұғаліміңнен, Алланың нұры жаусын! Жұрттың бәрі сол мұғалімдеріңді мақтайды
-Тентек болма,балам, әйтпесе мұғаліміңе айтып қоямын! -Иә,саған,біздің апай маған мүлде ұрыспайды,ол бәрімізді жақсы көреді... -Айналдық сенің мұғаліміңнен, Алланың нұры жаусын! Жұрттың бәрі сол мұғалімдеріңді мақтайды... Бұл әңгімені естіп,ойға қалдым. Қуандым.
Ұстаздық еңбек жолымды ойша шолып, қиындық-тарым мен жетістіктерімді екшедім. Шәкірт жүрегіне жол тауып, келешігіне айқын бағдар көрсететін ұстаздың ауыр да абыройлы міндетін атқарып жүргеніме қуандым. Дана да ,бала да бас иетін осынау абзал жандардың орны өмірде ерекше екенін жұрттың бәрі біледі. Ұстаз қашан да биік адамдықтың үлгісі.Әсіресе,қазіргі қым-қиғаш құбылмалы заманда да ұстаздың өмірдегі орны ерекше деп ойлаймын.
Шәкіртінің ертеңі алаңдатпайтын мұғалім-мұғалім емес. Тылсым дүниеге ойланта қарап, өзіне тек қажетін ғана таңдап ала алатын жеке тұлғаның қалыптасуына біздердей мұғалімдер жауапты болмағанда, кім жауапты болады? Елбасының «Болашақта еңбек етіп,өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» - деген сөзі ұстаздар қауымының ерелі еңбектерін тағы да бір үстегендей. Ұшса құс қанаты талар сайын даламыздағы табиғат байлықтарын көзінің аясындай қорғап, иелік ете білетін, жаһандық талаптарға сай білімді ұрпақ-ел келбеті екенін есте мықты ұстана отырып, еңбегімнің бәрін бала жанына,оның рухани толысуына арнап жүрмін десем, еш артық айтқаным емес.Өздерін өзге ұлттар алдында тең дәрежеде көрсете алатын, озық та өткір шәкірттер-біздің ұстаздық дастанымыздың айқын бедері іспетті емес пе?! «Ұстазы мықтының-ұстанымы мықты» деген танымға сүйенсек,мектептен басталған төзімді еңбек өз жемісін шәкірттерінің келешек өмірінен көрініс табары хақ. Елбасының ұстаздар қауымына жүктеген жүгінің ауырлығы да осында шығар.Сондықтан да өзімді ұстаз ретінде бағалай отырып, келер ұрпақ алдындағы борышыма жауаптылық міндетін ешқашан естен шығармаймын. Олардың жеке тұлға ретінде қоғамда «бір кірпіш» болып қаланып, өз орындарын табуына тамшыдай болсын, үлесімді қосуға аянбаймын. Мені оқушыларымның келешегі алаңдатады. Осы орайда Жалпыға бірдей Білім стандарты талаптарына сәйкес Білім министірлігі тағайындаған Ұлттық тестілеу көкейіме еш қонбайды. Бұл-менің өз пікірім. Неге десеңіз: ауыз әдебиетінен, халықтың төл әдебиетінен, тілінен нәр алып, өсіп келе жатқан жас буын жоғары сыныптарда мүлде бар ынтасын әдебиетке емес, қазақ тіліне аударып, робот іспетті жаттанды түрде тек қана тестпен жұмыс істейді. Сөйлеу мәнерін, тіл байлығын, ой-шеңберін жас буын қай жерде, қашан көрсете алады?! Институт, колледж,университеттерде де білімін компьютер алдында ғана бағалата алады. Бұрынғыдай ауызша емтихандар тапсырып, өздерін сарапшылар алдында көрсетіп, дәлелдей алса ғой! «Тестілеу әдісі- баланың ойын шектеуші әдіс пе?» деген ой мазалайды. Іргелес Ресей елі осыны біліп, тестік сынақтан бас тартты емес пе?! Лауазымы жоғары, билік басындағы мырзалар осыны ойланса ғой, шіркін! ...Ойымды жинақтап,көктемгі күн шуағы түсіп тұрған сынып терезесінің алдына келдім. Міне, мектеп іші-сыртын тірлікке шақырған қоңырау даусы да безілдеп қоя берді. Жүздері жайдары, кеуделерін үміт пен қуаныш кернеген шәкірттерім қасыма келеді қазір. Айналайындар, замандарың бейбіт,өмірлерің тыныш болсын!