«Талқан – көктеген және термоөңдеуден өткен бидай, қара бидай, сұлы және арпадан жасалған өнім. Күш беретін құнарлы тағам әсіресе, балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға пайдалы. Поволжье, Орта Азия, Оңтүстік Сібірдің көшпелі халықтарының көне рецептілері негізінде арнайы технологиямен әзірленген.
Талқан Талқан – сіңімді әрі дәмді. «Ыстық су құй да, жей бер. Сүтке пісір де балаға бер». Бұл – біздің емес, Ресейдің жарнамасы. Терістік көршімізде талқанның түр-түрі өндіріледі. Мәселен, Башқұртстанның ғалымдары сұлы талқанының технологиясын әлдеқашан әзірлеп тастаған. «Құнарлы дәм» деп атайтын бұл тағамның жарнамасы ең алдымен емділігімен байланыстырылады. Ал біз үшін талқан дегенің тіпті таңсық емес. Өзіміздің ұлттық тағам. Тек өндірісі қолға алынбаған. Жұрт іздегенін базардан табады. Айталық, Шымкенттің базарында қазір талқанның келісі – 500 теңгенің айналасында сатылып жатыр. Ораза кезінде ғана баға солай, былайғы уақытта талқанды іздейтіндер жоқтың қасы. Рамазан айы өте шыққаннан кейін базардан 1 келі тары не талқан табуыңыз мұң болып қалады. Сонда да болса, таза дәнді дақылдардан дайындалатын талқан бүгінге дейін қазақтың дастарханынан кете қойған жоқ. Жалпы, көшпелілер азық еткен тамақ түрлерінің қайсысы болса да құнарлылығымен, дәмділігімен таңғалдырады. Талқанды өндіруді Қостанай облысы Жітіқара қаласындағы «National Food Company Kazakhstan» ЖШС қолға алыпты. Үстіміздегі жылдың басынан бері кәсіпорын тұрғындарға көптеген бидайдан дайындаған талқан өнімін ұсынды.
Басшылық өнімді сол баяғы апа-әжелеріміз жасаған технологиямен өндіруді жөн санапты. Кәсіпорын көшпелілер күшінің қайнары саналатын талқанның күніне бір тоннасын өндіреді. Олар айына 20 тоннаға дейін осы экологиялық сапалы өнімді тұтынушыға ұсына алады. Алдағы уақытта өндіріс орны талқанды тек бидайдан ғана емес, дәнді дақылдардың өзге түрлерінен де дайындауды ойластырып отыр. Жуырда қостанайлық бір топ кәсіпкер ұлттық тағамымыз – талқан туралы дабыл қағып, Елбасына ашық хат жолдады. «Ұлттық тағамымыз ұмытылып барады» деген кәсіпкерлер талқанды күнделікті тұтынатын азық-түлік тізіміне енгізіп, балабақша мен әскерде ас мәзіріне қосуды сұрапты. Құптарлық-ақ ұсыныс. Талқан тек құнарлы тағам ғана емес, емдік қасиеті мол азық. Ғалымдардың айтуынша, күніне 200 грамм талқан жеген кісі қан аздығы ауруынан құлан-таза айығады екен. Ертеде ата-бабаларымыз талқанды сусамыр дертін емдеуге пайдаланған. Жалпы, ежелден-ақ, ұлттық тағамдар қатарында талқанның орны ерекше болған. Оны сәбиден бастап қарт кісілерге дейін сүйсініп жеген. Талқан күш-қуат берумен қатар, қартаю үдерісін баяулатады дейді дәрігерлер.