Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.
Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.
Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады.
Киіз үй
Қазақтың байырғы ұлттық баспанасы киіз үй болған, оны кейде киіз үй, кейде қазақ үйі деп атайды. Қазақ үйлерінің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Киіз үйлердің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін үлкенлері болған. Киіз үйлердің түрлері мен атаулары да көп. Бұрынғы хан-сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап 30 қанатқа дейін баратын. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, жаба салма, көтерме туырлықты, күрке, қамсау (шошала), отау, итарқа, жаппа деп атаған.
Қазақ үйлерінің сүйегі кереге, уық, шаңрақ, маңдайша, таяныш, табалдырық, сықырлауық деп аталатын ағаш құралдардан тұрады.
Кереге арналып кесіліп, тезге салып иген, ішкі жағын бірнеше сызықты, бояу, сырмен кейде басаяғын күміспен күптеген ағаштарды тор көздеп көктеп құрастыру арқылы жасалады. Оның әрбір бөлек қабырғаларын қанат деп атайды. Қанатқа көктелетін жеке-жеке ағаштарды кереге деп, қоспаларында болатын қысқа керегелерді сағанақ деп атайды. Керегелер торкөз, желкөз деп екі түрге бөлінеді. Торкөзді керегенің ағаштары жиі көктеледі, көздері тар, көбінесе 20—22 басты болып келеді. Желкөз сирек көктеліп, көздері ісең, кәбінесе бастары 17—-21 болып келеді. Керегелер тез керіліп жазылады, тез жиырылып жиналады және жайған кезде жарты шеңбер жасап дөңгелене қалады.
Керегенің басы мен шаңырақтың ортасын тұтастырып тұратын ұзын ағаш шыбықтарды уық дейді. Уық деген сөз үй оқ (үйдің оғы) деген сөздерден алынған. Оның кереге жақ басын уықтың иіні дейді. Ол әнтек доғалана бүгіліп барып, шаңырақ жағы түзуленіп келеді. Осы шаңырақ жағын уықтың қары дейді. Шаңыраққа сұғылысатын ұшы төрт қырлы сүйір болып келеді, оны қалам немесе уықтың қаламы дейді. Үйдегі керегенің басы нешеу болса, сонша уық керек.
Шаңырақ — киіз үйдің төбесі. Мұны керегенің қанат саны мен басына қарай мөлшерлеп, қайыңнан иіп немесе бірнеше иіндіні қималастырып шеңбер бейнелес етіп жасайды да, өн бойынан уық шанышатын төрт бұрышты тесіктер қашайды. Оны шаңырақтың көзі немесе қаламдығы дейді. Көздер керегенің басына, уықтың санына қарай істеледі. Шаңырақтың үстінде үш-үштен, кейде төрт-төрттен айқастырған бүгулі шыбықтар бар. Оны күлдіреуіш дейді. Олар жапқан түндік киізді көтеріп тұрады. Күлдіреуіштердің екі жақ басы шаңыраққа қашалады. Шаңыраққа қашалар тұсында оларды тізіп бекіткен тағы үш не төрт қысқа көлденең таяңшалар болады, оны кепілдік дейді. Шаңырақтың шеңбері қырланып, иректеліп кейде күміс білезіктермен әсемделінеді.
Маңдайша — екі босағаның үстіңгі жағынан бекітіп тұратын әшекейлі көлденең ағаш. Маңдайшаның үстіңгі қырында бес, алты уық тұратын үялар болады. Кейде маңдайшаға сықырлауық қиюласатыныра (ырып жасаған шұңқыр ернеу) қашалады. Киіз үй есігінің екі жақтау ағашын таяныш дейді. Ол маңдайша, табалдырықтан бөлек, жеке-жеке жасалып екі басы табалдырық пен маңдайшаға сұғылып бекітіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |