Тәрбие сағатының тақырыбы: Ұрпаққа үлгі өткенің... Мақсаты: Қазақ халкының өр тұлғаларының жалғасы болған Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бауыржан атамыздың өмір жолдары, ерлік - күресі, халқына сіңірген еңбегі жайлы таныстыра отырып, келешек ұрпақты өз Отанын сүюге, оның намысы мен абыройын қорғауға даяр болуға, елінің болашағы үшін төккен тұлғаларды ұмытпауға баулу. Тәрбиелік: Отанды сүюге, адамгершілікке, имандылықка, патриоттыққа
тәрбиелеу.
Дамытушылық: Оқушылардың ой-өрісін, ойлау қабілеттерін дамыту,
қызығушылықтарын арттыру
Көрнекілігі: Оқулықтар, бүктеме, суреттер, нақыл сөздер.
Кіріспе сөз.
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Міне бүгін «Ұрпаққа үлгі өткенің...» атты тақырыптағы тәрбие сағатымызға қош келіпсіздер. Аты аңызға айналған қазақ халқының өр тұлғалаларының жалғасы, Отанды қорғаған қаһарман ұлдарының бірі-Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бауыржан атамыздың есімі мәңгі халық есінде сақтаулы. Бауыржан атамыздың өмірбаяны, ерлігі мен еңбектері, кайсарлығы мен көрегендігі жайлы сыр шертіп, ортаға салсақ дейміз. Қабыл алыңыздар.
Алтынай
Бүгінгі біздің сабағымыз аты аңызға айналған халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналады.
Кешіп өтіп кешегі от жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған.
Кең жауырынды, Талғардай тік иықты,
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған атынан жау ордасы
Панфиловтың жорықтағы жолдасы.
Даңқы туын майдандағы көтерген
Гвардия бөлімінін қолбасы.
Қазақта: «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан атамыз сияқты халқының ұлдарына байланысты сөз болар, сірә. Батыр атамыздың өмір жолына көз жүгірте отырып, осындай ойға қаларсың. Бауыржан Момышұлының туған жері, өмірі, отбасы жайында кысқаша мағлұмат алыңыздар.
Аяжан
Бауыржан Момышұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданында қарасты, Көлбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – Момыш, шешесі-Рәзия. Әкесі жаны жомарт кісі болған. Отбасыларында төрт қыздан кейін, әкесі Момыш, 50-ді еңсерген шағында Бауыржан дүниеге келіпті. Тәуіржан деген інісі 1 жасында қайтыс болып кеткен. Әкесінен аздап хат таныған Бауыржан көрші Евгеньевка ауылында орыс мектебінде 4 жыл оқып, келесі жылы Жамбыл қаласына келіп «Аса» интернатында 3 жыл оқып, бастауыш мектепті тәмамдады. 1921 жылы Шымкенттегі 7 жылдық мектеп интернатына оқуға түседі, 1928 жылы оны бітірген соң, біраз жыл мұғалім болып жұмыс істейді. Еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта-жігерімен, дарынымен көзге түскен Бауыржанға ауткомның хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан атамыз мұндай қасиеттерін соғыс кезеңінде де, соғыстан кейін де көрсете білген. Бауыржан Момышұлының зайыбының аты Бибіжамал, ұлы Бақытжан, қызы Шолпан екен. Келіні бүгінгі таңда белгілі этнограф жазушы Зейнеп Ахметова.
Рахима
Бүгінгі таңда қаһарман да ер жүрек атамыз Бауыржан Момышұлына арналған ақын-жазушыларымыздың өлең жырлары өте көп. Осы өлең-жолдарына кезек берейік.
Индира
Қасым Аманжоловтың өлеңі:
«Бауыржан»
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін
Теңселтіп темір топаң дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.
Нақ сол кезде естідім ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын
Үстінде туған елдің тұрды толқып:
«Бауыржан Момышұлы»деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн дауысын
Жер естіп, желкілдеген – гүл ынтызар.
«Батырым-Бауыржаным»! дейді халқым.
Алып үш ақын жүрек ердің даңқын
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерге жүрген қалпың.
Ақжүніс
Мыңбай Рәштің өлеңі
«Ерлік дастаны»
Айқастың асқан талй ауыр жолын,
Ағындап ақ боз атпен Бауыржаным.
Қиында қырандардай қайыспас ер
Қашанда риза саған бауырларың
Таймаған нұр жүзінен өр ұшқыны,
Желпіне тойлап бірге жеңіс күнің.
Жайраңдап ортамызда отыр Баукең
Әжімі-окоп жолы, келісті тым.
Басқарып отызында полкті өзі,
Жау жүрек Жуковқа да жолықты өзі.
Бес рет құрсауды да бұзып Баукең
Бес рет Крюкованы алыпты өзі.
Алтынай
Қалижан Бекқожиннің өлеңі
«Қол бастаған батыр»
Жүректе оты жанған жігіт едің,
Атаның алып қалған үміт-кегін.
Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға,
Қазақтың қайсар ноян жігіттерің,
Еріндей ертегінің қайта туған,
Ашуын атқан толқын айбатыңнан,
Кегінен қалың қазақ қайнап жігер,
Тасыған қайратыңмен жауға атылған.
Қаһарман қар бораған қабағынан,
Қанқор жау қалтыраған қамалыңнан.
Тапталған дүлей дұшпан табанына,
Тәйірі, қазақ деп пе ең таба қылған.
Бастаған қалың қолы тасқын еді,
Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі.
Қазақтың мұзды балық қыранындай,
Сен едің гвардия бас түлегі
Қас батыр жігіттерін қасындағы.
Қалың жау қаптағанда басынғалы
Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған.
Қарсы ұшқан қардай борап ашулары.
Жеңіске жорығынды жолдау үшін,
Жайпаған жаудың талай жолдағасын.
Жалындай аспанға ұшқан атағымен,
Мәліктей жойқын күшті жолбарысың.
Индира
Қалижан Бекқожиннің өлеңі
«Атыңды мен естідім»
Атыңды мен естідім- окоптардан.
Ормандардан, оқ жосып бұтақталған,
Жауынгердің аузынан Москва үшін,
Атой беріп, айбынды атақты алған.
Атыңды мен естідім- дүр атылған
Зеңбіректің зуынан, сұрапылдан,
Бұйрығынан мұз мұртты генералдың,
Түсін түсеп шыққанда сен лапылдан.
Атынды мен естідім- өрт ішінен.
Жалын шалған, шоқ шалған өр түсінен,
Қан жосадан, қаһарлы аңыз тарап,
Даусыңнан. майдангер ер түсінген.
Атыңды мен естідім- құзды шыңнан.
Жеңісті айтып, жүйткіген жыл құсынан
Еркебұлан
Мол тартқан қан майданның ғаламатын
Жаттатқан сұм жауға да қазақ атын.
Жан аға, жақсы аға-жетпес баға,
Кім сүймес Бауыржандай азаматын.
Ия, соғыс-адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс - адам жаннан қинайтын ең ауыр, ащы азап. Осы соғысқа Кеңес Одағының миллиондаған адамы қатысты. Солардың ішінде қазақ халқының арасында аты аңызға айналған, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да болды. Сұрапыл соғыс кезінде Бауыржан атамыз қандай қызмет атқарған екен.
Сәуле
Б. Момышұлы әскер қатарына І932 жылы алыныпты, 1936 жылы Ленинград финанс академиясы курсты тәмамдап қайтадан Қызыл армия қатарына алынды. Онда жүріп взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарды.
Бейбіт
1941 жылы қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болды. Генерал Панфиловпен бірге 316- атқыштар дивизиясын жасақтап, майданға аттанды. Әйгілі сегізінші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарды. Бес рет жаудың қоршауынан әскерін алып шыққан. 200-ден астам ұрысқа әскерді өзі бастап кірген.
Рахима
Мәскеу түбінде 27 рет сәтті шайқас жүргізген, 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалды. Екі рет өлімші болып жараланды. Жеті жылдай ажалдың өтінде жүрді.
Рүстем
Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің ерлігімен, соғыс өнерінің қыр сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп атақ- даңқы аңызға айналған.
Баукеңдей ер қолбасшы қалар ма естен,
Тапты ол тар қыспақта не бір шешім,-деп жырлағандай, Б.Момышұлы соғыста көрсеткен ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталды.
Бекзат
Б.Момышұлы Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» орден, медальдармен марапатталған. 15 жыл генерал қызметін атқарса да, 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан. Б.Момышұлына кешеуілдетіп 1990 жылы 11 желтоқсанда Кеңес Одағының батыры құрметті атағы берілді.
Хор: Бақыт күн тілегі.
Лаура
1955 жылы қаруын қаламға айырбастап азаматтық өмірге ауысқанда әдеби шығармаларымен де өз биігіне көтерілді. Оның қаламынан туындаған өмір шындығын арқау еткен тамаша романымен әңгімелері, повесьтері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналды.
Аяжан
Б.Момышұлының еңбектері:
«Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Ел басына күн туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» т.б.
Мирас
Б.Момышұлының кітаптарының жалпы таралымы 2миллионнан асып кеткен екен. Кубада, Израильде 20 рет, Польшада 15 рет, Чехославакияда 13 рет басылып шыққан. Бауыржан атамыз жайлы көптеген жазушылар шығармалар жазды. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» туындысы, Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» шығармасы, Ж.Есембердиеваның «Өмірдің өзі дастан» т.б.
Бақдәулет
Б.Момышұлы бейбіт өмірдің қаруын қалам етті. Өзі айтқандай «Анадан ешкім батыр болып тумайды, айбындылық аспаннан түспейді, тек табандылық-татымды тәрбиеден бастау алады» демекші тәрбиелі, адал, шыншыл, батыл, ұрпақ тәрбиелеуді армандады. Бауыржан атамыз атынан ұлағатты сөздермен мақал-мәтелдер де қалдырып үлгерген. Бауыржан атамыздың қалдырып кеткен өсиеттеріне, нақыл сөздеріне үңілейік.
Аяжан
-Тізе бүгіп тік жүргеннен,
Тіке тұрып өлген артық.
-Жерге тер төгіп қызмет ет,
Халыққа қан төгіп қызмет ет.
-Ерлік –тәрбие жемісі.
-Ежелден ер тілегі- ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса -ел тірегі.
-Опасызда Отан жоқ.
-Тәрбиелі- тәртіптің құлы,
Тәртіпті -елдің ұлы.
-Ана үшін аянба-ант ұрады,
Бала үшін аянба-бетің күйеді.
Ел үшін аянба-жігіттілігіңе сын.
-Ел дегенде-езіліп, жұрт дегенде -жұмылып істе.
-Қайрат-қамал бұзады.
-Үлкенді -ізетте, кішіні күзетке.
Аяна
-Адал болмай азамат пын демегін. -Ерлік -елдің қасиеті, Жүректілік-жігіттің қасиеті. -Кітап -әлемнің азаматы -Шындық-суреттердің ұлы міндеті. -Өтірік барып тұрған зиянды у -Шындық- парыз сезімің, ерлікке, адамгершілік жағынан кіршіксіз болуға, ерік- жігерді шыңдауға қажетті құрал. -Парыздан биік шын жоқ. -Тексізден тезек артық, Арсыздан айуан артық -Ар -парыздың бақылаушысы
Ажар
Өсиет
Ақыл айтар мезгілде Мың жасаған шалдай бол. Қатал болар мезгілде Шатырлаған жайдай бол. Мейірім түсер мезгілде Ағарып атқан таңдай бол. Жауды бөгер кезіңде Көлденең жатқан ордай бол.
Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабында автор Б. Момышұлына ең соңғы сұрағын былай қойған екен: -Бұрынғы мен бүгінгіні, онымен болашақты салыстыра отырып, жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?-дейді. Сондағы Б. Момышұлының айтқан жауабынан үзінді тыңдайық.
Ислам
Б. Момышұлының сөзі:
-Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!
Отаншылдық - әр адамға қажетті ең ұлы қасиет. Ал Отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде кім ата-анасын ардақтаса, бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауылын, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам Отаншыл болады. Өйткені, өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасың құрметтемейді. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың талын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды.
(Интербелсенді тақтадан Бауыржан Момышұлының өз сөзінен үзінді тыңдау).
Ғалымжан
1947 жылы Б. Момышұлы Красноярскіде әскери қызметте жүргенде былай деп жазған екен: Қадірің білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жырлар қайран қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Бейбіт
Қайсарлығы қара тасты жібіткен,
Қаһарынан қас дұшпаны үріккен, Қайырымдылығы тас жүректі жібіткен Бір ғасырда бір қырынан танылған, Жүз жасаған Бауыржан ата ерлігіңе бас ием! – дей отырып, Бауыржан
атамыздың қалдырып кеткен батасын қабыл алыңыздар: Еркебұлан ( Бата)
Иә, Құдайым, тілегімді қабыл ет, Дозақтың отынан сақта, Қаңғыған оқтан сақта, Парақор соттан сақта. Адамды қадірлемес есерден сақта, Нанды басқан кесірден сақта. Мезгілсіз келген өлімнен сақта, Ұятсыз қызыңнан сақта, Қайырымсыз жекжаттан сақта. Түнере аткан таңнан сақта, Жаңбырсыз шаңнан сақта.
Ажар Батыр ұл есімдері сақталады,
Жыр болып жүректерде жатталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
Осындай ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, артына өшпес із қалдырған ердің ісін ұмытпай тарихымызды жаңғыртып отыру - бүгінгі ұрпақтың парызы. Елім деп туған ерлердің есімі бір ғасыр өтсе де, жүз ғасыр өтсе де ел есінде сақталары сөзсіз. Қазақтың Бауыржандай дара да дана батыры ешқашан да ұмытылмақ емес. Осымен «Ұрпаққа үлгі өткенің...» атты Бауыржан атамызға арналаған тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |