Тәуелсіздік жылдарындағы Еуропадағы қазақ диаспорасымен қарым-қатынас және оның тарихы



Дата25.02.2018
өлшемі126,38 Kb.
#38230
Тәуелсіздік жылдарындағы Еуропадағы қазақ диаспорасымен

қарым-қатынас және оның тарихы

Тулекова М.К.

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Әлем тарихы кафедрасының

меңгерушісі,т.ғ.д.,профессор

(Алматы)

Қазақстан Республикасының егемендігінің 25 жылдық мерей тойы қарсанында өткен тарихымызды тағыда бір рет ой елегінен өткізе отырып, зерделеп, тұжырымдалмаған «ақтаңдақтарын» қайта қарастыру тарихшылар үшін бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі. Мәңгілік ел идеясының өзі халқымыздың тарихының тереңде жатқандығы, Ұлы даланы мекендеген түркі тілдес тайпалардың өткен тарихымен тікелей байланыстылығы және сол идеяның бастауы Түрік қағанаты тарихымен байланыстылығына ешкімде шек келтіре алмайды. Сондықтан да осы еліміздің өткені мен бүгінгі тарихы сабақтастық негізінде дамып келе жатыр. Сол тарихи кезеңдер мен тарихи оқиғаларды жаңа деректер мен құжаттарға сүйене отырып зерттеу және белгілі бір ғылыми тұжырымдама беру біздің міндетіміз.

1992 ж.30 қыркүйекте дүниежүзі қазақтарының Бірінші Құрылтайының ресми ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға ашық» атты баяндамасын жасады. Ел басы шетелдегі қандастарымызға Отанына ораламыз десе құшағымыз кеңінен ашық екендігін айта келіп Ұлы көш бағдарламасының жалғасатындығы және сол арқылы шеттен көшіп келетін қазақтарға арналған квотаның санының қайтадан қаралатындығын шетте жүрген қазақ бауырларымызға арнап қолда бар мүмкіндіктер арқылы қолдау жасалатындығын Құрылтайда баса көрсетті [1].

ХХ ғасырдың ақырғы он жылында бұрынғы Кеңес Одағы территориясындағы миграциялық процесс өзінің сипаты жағынан саяси мәселеге болды. Миграциялық процесс - елдің саяси, экономикалық-әлеуметтік дамуының көрсеткіш - индикаторына айналды. Демографиялық қауіпсіздік және миграциялық процесс ұлттық қауіпсіздікпен қатар қарала басталды.

ХХ ғ. аяғындағы КСРО -ың ыдырауымен дүниенің саяси картасының өзгеруі, бұрын саяси тәуелділікте болған мемлекеттер өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізіп, өздерінің еркін сыртқы және ішкі саясатын жүргізе бастады.

Қазақстан тарихында миграция мәселесі бұрыннан негізгі мәселенің бірі. Кеңес кезінде Қазақстанға көптеген халықтарды күшпен қоныс аудару, тың және тыңайған жерлерді игеру нәтижесінде көптеген халықтардың сырттан қоныс аударуы республиканың саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлкен әсер ете отырып халықтың ұлттық құрамын өзгертті.

Қазақстан Республикасының Президентінің Халыққа Жолдауындағы негізгі мәселенің бірі -сол елдегі демографиялық жағдай. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып шетелдегі қазақтардың елге қайтуына жағдай жасау негізгі проблемалардың бірі болып отырғаны белгілі. Қазіргі кезде сыртта 5 млн. астам қазақ бар [2]. Ол еліміздің келешегі үшін, дамыған алдынғы қатарлы 50 елдің қатарына өтуде адам факторын дамыту үшін де елімізге қажетті табылмас байлық екендігін барлығымыз да білеміз. Осы шетелде жүрген қазақтар өз елінен, өз Отанынан сыртқа ауыр да қиын кезеңдерде, тарихи оқиғалардың әсерінен қоныс аударған қандастарымыз, бауырларымыз. Олардың өткен тарихын біле отырып, қазіргі жағдайын білу біз үшін өте қажет. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан қашқан, жаны мен малын сақтап қалу үшін өздерінің туған жерлерінен сыртқа қоныс аударып кеткен отандастарымыз көптеген қиындықты бастарынан өткере отырып дүниенің төрт бұрышына барып орын тебе бастады, қазір сол қазақтардың ұрпақтары Еуропалық елдерде баршылық [3].

Қазақстан Респуликасы өзінің егемендігін алған алғашқы күннен бастап-ақ сыртқы саясатандағы басты бағыттарды айқындап берді. Бейбітшілік пен ынтымақтастықты қатар қоя отырып елімізде өмір сүріп жатқан 130- дан астам ұлт өкілдерінің құқықтарын тең сақтау және олардың ұлттық мәдениеті мен тіліне ерекше құрметпен қарау, әрбір этностың өзінің ұлттық мәдениеті мен тілін үйренуіне мүмкіндіктер тудыратын іс-шараларды жүзеге асыруына жағдай жасап отыр. Елімізге қилы тағдырмен сырттан қоныс аударып келген басқа ұлт өкілдерінің тағдырына алаңдаушылық білдірумен қатар өзіміздің қандастарымыздың да қилы заманда бастарына түскен зұлапаттан құтылу үшін, өмір сүру үшін шет елге асып кеткенін білеміз. Шетелдегі қазақ диаспораларымен байланыс орнату, шет жақта жүрген бауырластарымыздың Отанына қайтуына жағдай жасауда үкімет біраз іс-шараларды жүзеге асырды. Шетелде қанша қазақ бар, олардың әлеуметтік жағдайы қалай және олар қашан қоныс аударды деген сұрақтарға жауап беру үшін де біз шеттегі қазақ диаспораларының тарихын терең зерделей түсуіміз қажет. Осы өзекті тақырыптарды зерттеуге де мүмкіндіктер туды. ЖОО білім беру мен оқытушыларға жасалынып жатқан жеңілдіктер мен ғылыми зерттеулер үшін беріліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып шетелдегі қазақтар тарихын зерттеп, оқып, түсінуге жол аштық, мүмкіндік алдық. Атап айтар болсақ егемендігімізді алған күннен бастап Елбасы білім мен ғылым саласына да ерекше қамқорлықтар жасады, мысалы, Болашақ бағдарламасы, ЖОО оқытушылары арасындағы «Үздік оқытушы» конкурсы және т.б.

Ел басшысының тікелей араласуымен шетелдегі қазақ диаспораларымен қарым-қатынастар жолға қойылды. Еуропалық қазақтармен кездесу, олардың өткен тарихымен танысудың мен үшін сәті осы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»Грантын 2006 жылы бірінші рет жарияланғанда ұтып алуыммен байланысты болды. Гранттың тақырыбы «Еуропадағы қазақ диаспорасы:өткені мен қазірі» деп аталған еді. Грант бағдарламасына сай Лондондағ ҚР елшілігінің қолдауымен Лондон, Франция. Германия елдерінде болып сондағы қазақтармен кездесіп. Олардың отбасымен, әлеуметтік жағдайларымен таныстық. Еуропадағыы қазақтардың көші-қонының негізгі бастауының тарихымен таныса отырып қилы тағдырлар туралы естеліктер алдық.

ҚР Лондондағы Елшілігіне қарасты Ұлыбритания, Швеция және Норвегиядағы қазақ диаспораларының негізгі бөлімі Алтай тауының баурайларынан тағдырдың тәлкегімен Қытай аумағынан Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға көшкен қазақтардың ұрпақтары болып табылады.

Қазақтардың 1930 жылдардан бастап, 1950 жылдарға дейін созылған жиырма жылдық соғыс, күрес, ауру-сырқау, аштық жағдайындағы, өлім мен қиындықтарға толы көші – тарихымыздағы аз зерттелген аспектілердің бірі.

Түркиядағы Гебзе Жоғары Технологиялар Институтының Менеджмент Факультетінің Стратегия бөлімінің ұстазы тегі қазақ Каюм Кесиджидің аталған көшке қатысқан Атайхан Білгіннің айтқанына және осы тақырыпта жазылған кітаптар мен деректерге сүйене отырып, жазған «Шығыс Түркістандағы қазақтардың Түркияға көш аударғанына 50 жыл толуына байланысты» атты мақаласында төмендегідей мәліметтер берген:

ХХ ғасырдың 10-шы және 30-шы жылдары аралығында өздері мекен еткен Батыс Қытайда (қазіргі Шыңжаң Ұйғыр автономиялық республикасының аумағы) әскермен қақтығыс, зорлық-зомбылық көрген қазақтардың бір бөлімі 1937 жылы дүниедегі аса қиын асулар болып табылатын Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауларынан асып, Үндістанға бет алды. Бұлар бірнеше жылға созылған Алтайдан Үндістан арқылы Түркияға дейінгі көшті бастаған алғашқы топты құрады. Олардың әуелден бас тіреген жері – көбіне дүнгендер өмір сүретін Қытайдың Гансу аймағы болды. Сонымен қатар, 1938 жылы Баркөлдегі қазақтардың да бір бөлімі өз жерлерін тастап көшті. Шың Шисайдың (сол уақыттағы аймақтың билеушісінің аты) тұрақты әскерімен соғыса отырып, 1939 жылы Гансу аймағына жетіп сол жерде осы провинцияға өздерінен бұрын келген қазақтарға қосылған, бірақ ол жерде қазақтар көп тұрақтай алмайдыда одан ары 1940 жылдың көктемінде Гансудан Үндістанға көшуге шешім қабылдайды. Жолдарында өздеріне қарсы шапқан дүнген әскерлерімен соғыса отырып, Тибетке жетеді. Көшті кері қайтаруға тырысқан Тибет әскерімен қақтығысып, Гималай тауларына өтеді. Аштықтан әлсіреген топ биік тауларда қатал климатпен күресе отырып, Тибет пен Кашмир шекарасына жетеді. Көшпенді топтардың келе жатқаны туралы ақпарат алған Кашмир өз әскерін жолдап, олармен де қақтығыс болады. Ақырында Кашмир әскерлеріне елші жіберіп, келіссөздер арқасында Кашмирге кіруге рұқсат алады. 1941 жылғы 18 тамызда қалған 3039 адам қаруларын тастап, Кашмирдің Ладак аймағына кірген. Кейін Музаффарабадта әдейі құрылған лагерьде 10 ай тұрады. Әбден әлсіреген жұрт бұл лагерьде ауруларға шалдығып, қырыла бастайды. 10 айдан кейін бұлардың 1200-і ғана тірі қалады. Қазақтарды бастаған топ басшылары жергілікті билік өкілдеріне қойған табанды талаптары арқасында олар Пенджап провинциясындағы Тернова ауылына орналасады. Алайда Қытайдың Батысында қалған қазақтар өз жандары мен малдарын қорғауды жалғастырады. 1936 жылы олар құрған «Ұлтты қорғау ұйымын» әуелі Баймолда, ол қайтыс болғаннан кейін Әлібек Әкім (1985 жылы Түркияның Маниса қаласында дүние салады) басқарады. Осы кезде Қытайдың Батысында қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар, дүнгендер жаппай бас көтерген уақыт болды.

1943 жылы Алтай аймағындағы қазақтар Осман Батырдың бастауымен көтеріліске шығып, айтарлықтай жеңістерге жеткен. Дегенмен қытай әскері қару және сан жағынан басым болды. 1944 жыл Іле аумағындағы қазақтар Әлихан Төренің бастауымен көтеріліске шығып, Осман Батырға қосылады. Аймақтық деңгейдегі жеңістер нәтижесінде 1944 жылғы 15 қарашада үш аймақтан құралған Шығыс Түркістан Республикасы жарияланады. Бұл Республика тарқағаннан кейін, зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған халықтан 1950 жылы жазда шамамен 15 мың адам Үндістанға көшуге бет алып екінші көш осылайша басталады. Екінші көш Лоп Нор, Такламакан шөлдері, Тибет, Гималай тауларынан өтетін 5 мың шақырымдық қиын-қыстау жолмен Үндістанға 1951 жылғы тамызда 350 адам ғана жетеді. Шекарадағы бір айға созылған келіссөздерден кейін Шринагарда босқындар лагері құрылып, сол жерге орналастырылады. Отанына жырақта жапа шеккен халық қиындықтардан басын көтере алмай қалады. Бірлесе отырып мәселелерді шешу үшін 1951 жылғы 17 қазанда Халифа Алтайдың ұсынысымен Пешаварда «Шығыс Түркістандық қазақ босқындарының ассоциациясы» құрылып, қазақтардың құқықтарын қорғау, өмір сүру үшін қажетті негізгі шарттарды алу үшін жұмыстар жүргізіле бастады. Солардың бірі Лахордағы Түркия Елшісі Небиль Батумен кездесу болды. Жағдайды түсіндіргеннен кейін, Н.Бату мәселеге байланысты Анкарамен хабарласатынын білдіреді.

Еліміздің егемендігін алғаш таныған Түркия Республикасы одан бұрында басына күн туған қазақ көшіне де өз қамқорлығын аямады, оларды өз қанаттарының астына алды.

1951 жылғы 21 мамырда Анкарадағы министрлер кеңесінің шешімімен Түркия қазақтарды қабылдайтын болды. 1953 жылы түрік ресми мекемелерінен тиісті құжаттар келіп, қазақтар өз күштерімен Бағдатқа дейін келіп, одан әрі түрік тарапы алып кететін болып келісілді. Осылайша алғашқы топ 1953 жылғы 12 қыркүйекте Пәкістанның Карачи портынан Басраға, ол жерден Бағдатқа, ал Бағдаттан темір жолы арқылы Түркияға жетті[4].

Түркияда Батыс Қытайдан көшкен қазақтарға қоса, 1980-ші жылдары Ауғанстаннан көшкен қандастарымыз да бар еді. Түрік үкіметі қазақтарды орналастырып, тұрмысқа қажетті заттарын беріп қамқорлық жасады. Қазақтар да бірдіндеп өз кәсіптерімен айналыса бастады.

Батыс Еуропадағы диаспора болса, негізінен сол Түркияға көшкен қазақтардың ұрпақтары. Еуропа елдеріне екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Түркия азаматтары ретінде жұмысшы болып келген. Қазіргі уақытта барлығының дерлік Түрік паспортымен қатар, тұрып жатқан елдерінің (Ұлыбритания, Швеция және Норвегия) азаматтығы да бар. Даниядағылар болса, 1980-ші жылдары Ауғанстаннан көшіп келген отандастар, олардың Дания азаматтығы бар, сол кездегі қазақ көштерінің ішінде шет тілін меңгерген сауатты азаматтар болған және олар тілмаштық қызметтерді атқарған.

Түркиядағы Ниғде провинциясындағы Алтай ауылында тұратын Атайхан Білгін болса осы көштің басы қасында Халифа Алтай секілді белсенділер қатарында болған және ағылшын тілін меңгеріп, пәкістандықтармен келіссөздер жүргізген. Каюм Кесиджидің мақаласында жүгінген осы ақсақалдың әңгімелері болып табылады. Осы екі ақсақалдың өмірі келер ұрпаққа үлгіге толы. Жат жерде азаматтықтары жоқ, құқықтары жоқ бауырларымен жергілікті билік өкілдерімен олардың тілінде келіссөздер өткізіп, жан пида белсенділік көрсеткен. Сондай-ақ, Х.Алтайдың Пәкістаннан Түркияға көшуде бәрін түгендеп болғаннан кейін, соңғы топпен бірге көшкені – азаматтық белгісі.Ұлыбританиядағы елшілікке қарасты мемлекеттердегі (Ұлыбритания, Швеция, Норвегия және Дания) қазақ диаспоралары өмір сүріп жатқан елдерінде ассоциацияларда ұйымдасқан (көп топтасқаны Швецияның Вастерос қаласындағы қазақтар). Бұл ассоциациялар қайырымдылық-қолдаушылық ұйымдар ретінде құрылып, жұмыс істеуде.

Түркиядан Ұлыбританияға қазақтар 1980-жылдардың бастарында келе бастаған және қазір шамамен 45 отбасы бар. Ұлыбританиядағы Қазақ Ассоциациясының төрағасы – Исмаил Кесиджи.



Швецияда 57, ал Норвегияда 3 отбасы қазақ тұрады. Швециядағы қазақтардың шоғырланған жері – Вастерос қаласында (130 мың халқы бар) 40 шақты қазақ отбасы (200-ден астам кісі) тұрып жатыр. Швеция мен Норвегиядағы қазақтардың алды 1960-жылдардың ортасында жұмысшы ретінде Түркиядан келіп, енді міне 3-ұрпақтары осы жерде дүниеге келіп жатыр. Олар өзара біріге отырып Швециядағы Қазақ мәдени ассоциациясын құрып, ұйымдасқан бауырларымыз қазіргі таңда осы қаладағы бұрынғы шіркеу ғимаратын сатып алып мешітке айналдырған және осы жерде жастардың рухани тәрбиесіне мән беруде. Ассоциация жастардан фольклорлық би тобын құрып Стокгольм және басқа да қалаларда өтетін салтанатты шараларға қатысуда. Сонымен бірге Вастерос қазақтары «Kazakiska» командасын құрып Швеция футбол федерациясының лигасында сайысқа түсе бастады (Швециядағы футбол сезоны ауа-райы шарттарына байланысты Қазақстандағыдай көктемде басталып, күзде аяқталады).Еуропадағы қазақтар мемлекеттік істерге де жиі араласа бастады, мысалы, Вастерос қаласының мәслихатында Мұрат Ерміш атты бауырымыз депутат болып сайланған[5].Жалпы алғанда шеттегі диаспора арасындағы жоғары білім алғандардың саны салыстырмалы түрде төмен болып отыр. Көбіне диаспора жастары орта біліммен төменгі, біліктілік қажет етпейтін жұмыстарды (жүргізуші, ресторан қызметкері, т.с.с.) істеуге кірісіп кетеді. Осы орайда Швециядағы Қазақ мәдени ассоциациясы 20-ға жуық жасөспірімге университетке түсудің пайдасы және жоғары білім алғаннан кейін жұмысқа тұрудың жолы, методологиясы (CV дайындау, емтихандарға әзірлік, ықтимал қиындықтарды жеңу жолдары т.б.) туралы мотивациялық семинарлар ұйымдастырып, оған жоғары білімді өз араларынан шыққан IBM, Bombardier, ABB секілді компанияларда менеджер, инженер болып жұмыс істеп жүрген жастарды лекция оқуға шақыруда. Швециядағы жалпы жұмыссыздар ара-қатынасының 8 пайыз екенін ескерер болсақ, бұндай жасөспірімдерге жөн көрсету шараларының маңызы айтарлықтай. Сондай-ақ, соңғы уақыттарда Батыс Еуропадағы ағайын арасында оқудың қаншалықты маңызды екенінің түсінігі артып келеді. Шетелдегі қазақ диаспорасының негізінен әлеуметтік қорғалуы өте жақсы. Олардың негізгі кәсібі жеке кісіпкерлікпен айналысу, басымдылықты жеңіл өнеркәсіп алады. Қазақтар шетелге келіп орналасқанда олардың алдында көптеген әлеуметтік мәселелер тұрды: тіл мәселесі, жұмысқа орналасу, үймен қамтамасыз ету және шетелде жанұясын асырау және т.б. Шетелге қоныс аударған қазақтар Германия, Англия, Франция жерлеріне келгенде топтаса орналасты, осылайша өздерінің мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын сақтап қалу үшін өздерінің қарым-қатынастарын сақтауға тырысады. Шетелдегі қазақтарды мазасыздандыратын мәселенің бірі жоғары білім алу және балаларының өз тілін ұмытпауына жағдай жасауды мақсат етеді. Елшілік ұйымдастырған тілдік курстарға бару, ұлттық мейрамдарды атап өту, біріге отырып қазақ балаларының бір-бірімен қатынас орнатуына мүмкіндік жасау басты мәселе.

Жас қазақ балалары арасында жоғары білім алуда жоғары дәрежеге жеткен қазақ балалары бар. Соның бірі Лондонда Кембридж университетіне түсу үшін жүргізілген тестік бақылауда сүрінбей өтіп Кембридж университетінің грантын ұтып алған Талғат деген бауырымыздың қызы. Шетелдегі басқа жоғары оқу орындарында да қазақ балаларының саны жылдан жылға өсіп отыр. Ал жастар негізінен кейінгі кезде өз тілін ұмыту сатысында тұр. Себебі олар сол тұрып жатқан елдің тілінде білім алады, қызмет істейді, жұмыс істегенде де сол елдің тілінде де сөйлеседі, яғни ортасы қай тілде сөйлесе сол тілді біледі, сондықтан да қазақ тілін, өзінің ұлттық дәстүрін ұмытпау үшін де қазақтар өз отбасымен біріге отырып мейрамдарда шаралар өткізіп тұрады және оған елшіліктегі азаматтар көп қолдау көрсетіп келе жатыр. Еуропалық қазақтарға, жалпы шетелдердегі қазақтарға еліміз тарапынан қолдау көрсету қажеттігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі, ол қандай көмек. Салт-дәстүр мен тілді жастар арасында ұмыттырмау үшін елшіліктер арқылы қазақ ауылдарындағы отбасыларына жазғы демалыс кезінде қазақ балаларын алып келу, еліміздің мәдени орындарымен таныстыру, ұлттық ойындарға қатыстыру, тіл мерекелерін өткізу т.б. шаралар арқылы сыртта жүрген қандастарымызбен үнемі байланыста болу керек[6]. Ол біздің келешектегі дамуымызға да әсер ететін мәселе. «Бірінді- бірін көрмесен жат болып кетерсін»- дегендей олар өздерінің Отандарына келіп таныспаса, білмесе, топырағын баспаса ұлттық енрекшелігімізді терең білмесе қазақ екендігін де ұмытып, тілді толығымен ұмытары сөзсіз. Қазіргі жас ұрпақ қай мемлекетте тұрып жатса соның тілін жақсы меңгерген. Ол заңды құбылыс, себебі жас ұрпақ қоршаған ортасына қарай тәрбие ала отырып өседі. Еліміздің сыртқы саясатындағы басты бағыттар мемлекеттермен экономикалық, саяса байланыстармен қатар мәдени байланыстарды нығайту, осы келісімдер аясында шетелде Болашақ бағдарламасымен оқып жатқан қандастарымыз сол жердегі қазақ диаспорасымен тғыз байланыс жасауына мүмкіндік беру, оларға арнайы тілді үйрету үшін курстар ашу, қазақ радисы мен қазақша хабарлар желісін кеңейте түсу дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Еуропалық қазақтардың көші-қонының тарихын оқумен қатар олардың қазіргі кездегі әлеуметтік жағдайымен де танысу, жұмысқа тартылуы, білімі мен ғылыма араласуы, олардың сол мемлекеттердегі елшіліктермен байланысы туралы да деректерді зерттей отырып талдауымыз қажет. Қорыта келгенде, туған жерінен, Отанынан алыста жүрген қандастарымыздың өткен тарихымен таныса отырып олардың қазіргі әлеуметтік тұрмыс-тіршілігімен де хабардар бола отырып өз еліне, Отанына оралуы туралы мәселені қарастыру қажет. Егемендігіміздің 25 жылдық мерей тойы қарсанында шетелдерден Отанына оралған қандастарымызға әлеуметтік жағынан қорғау шараларын кеңейту және жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ең бастысы тұратын жерлерін анықтау секілді жұмыстарды қолға ала отырып қазақ халқының сандық және сапалық құрамын жақсартуда миграциялық процеске ерекше көңіл бөлу қажеттігі туып отыр. Еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін де біз сырттағы бауырларымыздың өз Отанына оралуына қолдан келген көмекті аямауымыз керек. Еуропалық білімі мен тәрбиесі бар жастарды өз еліне орала отырып Отанына қызмет етуге, өзінің ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауға деген қызығушылығын оятуымыз керек. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастау алған шетелдегі қазақтармен қарым-қатынас, байланыс, елге оралу мәселелесі әліде жалғаса отырып отандастарымыздың біртіндеп өз еліне, жеріне оралатындығы және ол үшін сыртқы саясатымыздың басты бағыттарының бірі осы өзекті мәселеге арналатындығы сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын алыстағы қандастарымызда бірге тойлап елміздің жетістігіне қуанатындары сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. «Құшағымыз бауырларымызға айқара ашық» // Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы (құжаттар жинағы) - Алматы: Атамұра, 1993. – 280 б.    

  2. Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі : ғылыми басылым / бас ред. А. Қошанов, Ә. Нысанбаев. - Астана : Елорда, 2005. - 352 б. –

  3. Гольдин Г.Г. Международная миграция: зарубежный опыт и Россия. -М., 1998. 121 с.

  4. ҚР Лондондағы Елшілігінің деректік құжаттары, Елшілік есебі, Алматы-Лондон,2007 ж.

  5. Рустемов Н.Т. Стратегия развитие социальной сферы Казахстана.- Алматы, 2002. 116 с.

  6. Садовская Е.Ю. Миграция в Казахстане на рубеже ХХІ века: основные тенденции и перспективы. -Алма-Ата, 2001. 260 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет