1. Бірінші дәріс Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)
"Тіл біліміне кіріспе" - жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде өтілетін теориялық пән. Пәннің мақсаты мен міндеті - студенттерді тіл білімінің негізгі үғымдарымен, терминдерімен таныстыру, оның басты-басты теориялық кағидаларын баяндап беру.
1.1 Тіл білімі және оның салалары
Тіл білімі (лингвистика) - тіл және оның даму зандары туралы ғылым. Тіл - қоғамдағы адамдардың өзара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасау, сөйлесу құралы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады.
Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында (деңгейлерінде) қарастырылады. Мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы лексикология саласында сөз етіледі.
Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде тағы да бірнеше тармақтарға бөлінеді. Мысалы, фонетика саласы 1) сипаттама фонетика, 2) салыстырмалы-тарихи фонетика, 3) эксперименттік фонетика және тағы басқа болып сараланады. Лексикология, грамматика да дәл осындай.
Тіл және оның жоғарыда аталған әр түрлі салалары (деңгейлері) ылғи дамуда болады. Ол даму қалай болса солай емес, тілдің ішкі даму зандары бойынша дамиды.
Тілдің әр түрлі жақтары: дыбыс жүйесі (фонетика), сөздік құрамы (лексикология), грамматикалық құрылысы (грамматика) бір- бірімен тығыз байланыста болады және бір-бірімен тығыз бірлікте сөз етіледі. Өйткені, тіл білімі тілдің, жоғарыда айттық, әр түрлі салалары мен оның тармақтарын, олардың дамуын, өзара байланысын, тіл дамуының ішкі зандылықтарын зерттейді.
Тілдің белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған қалпын зерттейтін тіл білімі бар және оның шығуы мен тарихын, дамуын зерттейтін тіл білімі бар. Алдыңғысы - сипаттама тіл білімі (немесе синхрондық лингвистика), соңғысы — тарихи тіл білімі (немесе диахрондық лингвистика) деп аталады.
Белгілі бір тілді (оның жүйесі мен құрылымын) ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру үшін және оның даму зандарын айқындау үшін, ол тілді және ондағы фонетикалық, лексикалық, грамматикалық құбылыстарды туыстас тілдердегі бір тектес кұбылыстармен салыстыру тұрғысынан зерттеу кажет. Яғни тілдің табиғатын, оның даму зандарын айқындаудың басты шарты — тілдік құбылыстарды салыстыру және тарихи (өзгеру, даму) тұрғысынан зерттеу. Бұны салыстырмалы-тарихи әдіс деп атайды.
Белгілі бір тілдің жүйесі мен құрылысын және оның даму зандарын айқындайтын жеке тіл білімі (мысалы, қазақ тіл білімі немесе орыс тіл білімі) бар да, ғылым ретіндегі тіл білімінің теориясы болып саналатын жалпы тіл білімі бар. Жалпы тіл білімі — нақты бір тіл туралы емес, адам баласы тілінің дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Демек, тіл білімінің жалпы теориялық саласы болып саналатын жалпы тіл білімі, әдетте, бір ғана тілдің емес, көптеген тілдердің деректерін есепке алады. Оларды жинақтай келіп, жалпы теориялық топшылаулары мен қорытындылар жасайды.
Жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулары мен қорытындылары жеке тілді зерттеу үшін кажет. Ал жалпы тіл білімі жеке тілдерді зерттеуге бағыт-бағдар сілтейді.
Сөйтіп, жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның ойлаумен ара қатынасын, байланысын, адам баласы тілінің пайда болуын қарастырады; тілдің даму зандарын айқындайды; дүние жүзіндегі тілдерге классификация жасайды; ғылымдар жүйесінде тіл білімінің алатын орнын айқындайды.
Жалпы тіл білімі - тіл туралы ғылымның теориялық саласы. "Тіл біліміне кіріспе" деп аталатын курс - міне, осы жалпы тіл білімінің бастамасы. Ол жалпы тіл білімі қарастыратын мәселелерді оқып білу үшін алғашқы баспалдақ, соған жолдама іспетті.
Достарыңызбен бөлісу: |