Тіл мәдениеттің элементі, ол белгілі бір мәдениет шеңберінде қызмет етеді, ал шетел тілін оқып үйренуші осы мәдениеттің ерекшеліктерімен, тілдің осы мәдениетте қолдану ерекшеліктерімен таныс болуы керек
Тіл мәдениеттің элементі, ол белгілі бір мәдениет шеңберінде қызмет етеді, ал шетел тілін оқып үйренуші осы мәдениеттің ерекшеліктерімен, тілдің осы мәдениетте қолдану ерекшеліктерімен таныс болуы керек. Біз тілдің әлеуметтік қызметіне, яғни адамзат қоғамына қатынас құралы ретіндегі қызметіне тоқталамыз, өйткені тіл белгілі бір ұлттың игілігі, әрі өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тіл – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын, пікір алысатын, өзара түсінісетін негізгі құралы. Сөйтіп, тіл – адамзат ісінің барлық саласында және күнделікті тұрмысында бірін-бірі түсінісуіне мүмкіндік беретін құрал. Сонымен, тілге анықтама беруде тілдің әлеуметтік, яғни адам қоғамына қызмет етуі және ойлаудың, ойды жүзеге асырудың құралы екендігі негізге алынады.
Әрбір елдің қуатты күші, байлығы экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өресімен де айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген сол халықтың ақыл-ойының көрінісі- тілге тікелей тәуелді екені бізге белгілі. Тіл – елтану мағлұматтарының қайнар көзі, өйткені белгілі бір елдің табиғат жағдайы, географиялық орны, қоғамдық идеологиясы, халық шаруашылығының деңгейі мен мамандануы, тарихи даму барысы, әлеуметтік құрылыс сипаты, ғылым мен өнердің даму деңгейі, қоғамдық ой-сана бағыты – яғни елдің өміріне тән барлық ерекшеліктер сол халықтың тілінде өз көрінісін табады. Сондықтан шетел тілін меңгере отырып адам өзінің ой-өрісін кеңейтіп қоймайды, сонымен қатар дүниетанымын, қоршаған ортаға көзқарасын дамытады.
Қазіргі уақытта шетел тілі сабағы шетел тілін оқытудың мақсаты мен мазмұнына сәйкес толығымен мәдениетаралық қарым-қатынасқа бағытталған, сондықтан оқу мен оқыту процесіндегі басты талап – студенттердің тілін оқып үйреніп жатқан халықпен ортақ көзқарас, мәдениетін түсіністікпен қабылдауға даярлық, төзімділік, икемділік сияқты қабілеттерін қалыптастыра отырып, оларды өз мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін сақтауға баулу. Олардың мәдениетаралық қарым-қатынас біліктілігін дамыту, танымдық белсенділіктерін арттыру.
Мәдениетаралық қарым-қатынас деген ұғымға тоқталар болсақ, ғылыми әдебиеттерде көрсетілгендей, ол әртүрлі тілде сөйлейтін және әртүрлі мәдениет иелері арасындағы қатынастар жиынтығы болып табылады (3). Яғни мәдениетаралық қарым-қатынас дегеніміз ол әр түрлі мәдениет өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауы. Мәдениетаралық қарым-қатынастың негізгі компоненттері мәдениет және қарым-қатынас. Қарым-қатынас түрі және оның сәтті өтуі, яғни нәтижесі бірнеше факторларға байланысты екендігі бізге белгілі. Егерде біз австриялық ғалым Х. Ю. Крумның мәдениетаралық қарым-қатынас жайлы еңбектеріне сүйенер болсақ, ол факторлар төмендегідей: жеке бастың қарым-қатынас біліктілігі , сұхбаттасқан адамның жан дүниесін тануға деген құлшыныс, сол халықтың мәдени құндылықтары жайлы білімі (4).
Ал Е.М. Верещагин мен В.Т. Костомаровтың ғылыми еңбектеріне сүйенер болсақ мәдениетаралық қарым-қатынас барысында кездесетін сәтсіздіктер тілін оқып үйреніп жатқан елге байланысты реалийлер жайлы білімнің жетіспеушілігінен болады (5).
Ендеше бүгінгі таңдағы шетел тілі сабағы толығымен мәдениетаралық қарым-қатынасқа бағытталады, ондағы басқы мақсат шетел тілін оқып үйренушілердің бойында басқа ұлт мәдениетін дұрыс қабылдауға дайындық, төзімділік сияқты қасиеттер мен тілдік қабілетті қалыптастыру.
Уақыт талабына сай тілдік білім беру жүйесінде қомақты өзгерістер орын алуда: тілдік материалдың таңдалуына, мазмұнына, оның ұйымдастырылуына, тексеру түрлеріне жаңа талаптар қойылып, өзгерістер енгізілуде. Сол себепті шетел тілін оқыту тұжырымдамасында еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерді ескере отырып, білім мазмұнын жаңаландыруға, болашақтың иесі болар жас ұрпаққа шетел тілін меңгеруге, оны практикалық тұрғыдан қолдана білуге үйретуге басты назар аударылуда.
Шетел тілінен білім беру саласында оқушыларды тілін оқып жатқан елдің мәдени құндылықтарымен, оның тарихымен, әдебиетімен, ғылымымен, өнерімен таныстыра отырып, сол ел халықтарымен түрлі салада қоян-қолтық араласуға үйрету қазіргі таңдағы өмір шындығынан туындап отыр.
Жоғарыда айтып өткендей сөз әрекетінің пәні-ой. Тіл осы ойды қалыптастыру мен тұжырымдап айтудың құралы. Осы жерде біздің көтеріп отырған мәселемізге орай төмендегідей тұжырымдар келіп шығады:
Оқушыларда барлық сөз әрекеті бойынша дағдылар мен іскерліктерін қалыптастыру үшін , сонымен қатар мемелекеттік стандарт және бағдарламада белгіленген деңгейде лингвистикалық компетенцияны қалыптастыру үшін оқушылардың әрқайсысына белсенді түрде ауызша практика керек.
Коммуникативтік компетенцияны қалыптастыру үшін коммуникативті міндетті шешуге бағытталған шартты коммуникативті жаттығуларды жасау жеткіліксіз.
Оқушыларды бірігіп бір мәселені шешу мүмкіндігін туғызатын, ол туралы ойлануға мүмкіндік беретін, осы әрекетті орындау барысында өз айтылымының , сөзінің мазмұнына ден қойып, яғни бастапқы түйін ой болып табылатын, ал тіл өзінің тікелей қызметі- осы ойды қалыптастырып , оны тұжырымдап айтуда көрінетін шынайы жағдаят жасауы керек.
Шетел тілін оқытудағы мақсаттарға жету үшін педагогтар, психологтар мен әдіскерлер оқыту процесінде жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың белсенді формаларын қолдану қажеттігіне тоқталады. Шетел тілін оқыту процесінде пайдаланылған әдіс-тәсілдер мынадай шарттарға сай болуы қажет: (6)
оқушы өзін жайлы, еркін сезінетін жағдай жасау,оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру, шетел тілін практикалық тұрғыда қолдануға деген ынтасын дамыту;
оқушының жеке тұлға ретінде қызығушылығын ескере отырып, шығармашылық қабілетін жетілдіру, өз сөзін жоспарлау икемділігін қалыптастыру;
оқушының оқу процесінде басқа да оқушылармен өзара әрекеттесу барысында оның жеке тұлға ретінде белсенділігін арттыру;
оқу процесін оқытушы негізгі тұлға емес, көмекші, бағыт беруші, кеңесшінің рөлін атқаратындай етіп ұйымдастыру, оқушы шетел тілін оқып үйрену көп дәрежеде оның жеке басының қызығушылығымен , белсенділігімен байланысты екендігіне көз жеткізуі қажет;
оқушыны өз бетімен пәннен білім алуға дағдыландыру, яғни арнайы оқу дағдысын жетілдіру, білім алу барысында жеке бас мүмкіндігі мен қабілетіне қарай үйренуге, тиесілі білім ауқымын меңгеруге жағдай жасау;
оқушының белсенділігін, шығармашылық қабілетін, дербестігін арттыруда жұп болып, ұжымда жұмыс жасау мүмкіншіліктерін ескеру.
Бүгінгі күннің талабына сай шет тілі сабағы шетел тілін оқытудың мақсаты мен мазмұнына сәйкес мәдениетаралық қарым-қатынасқа бағытталған, сондықтан оқу мен оқыту процесіндегі басты талап-студенттердің тілін үйреніп жатқан халықпен ортақ көзқарас, мәдениетін түсіністікпен қабылдауға даярлық, төзімділік, икемділік сияқты қабілеттерін қалыптастыра отырып, оларды өз мәдениетін , ұлттық салт-дәстүрін қадірлей білуге тәрбиелеу. Олардың мәдениетаралық қарым-қатынас біліктілігін дамыту, танымдық белсенділіктерін арттыру.
Біздің пікірімізше, шетел тілін оқыту барысында оқытушы тек белгілі бір оқулыққа сүйенетін болса, оқушылардың дүниетанымын кеңейту, өздігінен білімін ары қарай жетілдіруге деген қажеттілікті дамыту мүмкіншіліктері шектеулі болады. Сондықтан шетел тілін оқыту барысында қолданылған әдіс-тәсілдің көмегімен оқытушы оқушыны тілдік қарым- қатынасқа екі адамның өзара іс- әрекеті ретінде қарауға, тілді мәдениетаралық қарым- қатынас құралы ретінде қолдану біліктілігін қалыптастырып, басқа ел мәдениеті, тарихы жайлы мағлұматтар алу барысында өз елінің мәдениетін тереңірек түсінуге ықпалын тигізуі қажет.
Қоғам талабы бойынша шетел тілін оқытудың басты мақсаты ретінде тіл үйренушілердің шетел тілінде мәдениетаралық коммуникативтік біліктілігін қалыптастыру қарастырылып отыр. Яғни шетел тілінде мәдениетаралық қарым-қатынасқа түсу дегеніміз әлеуметтік қарым-қатынас жасай ғана алу емес, сондай-ақ басқа елдің рухани құндылықтарын түсініп, қабылдай білу болып табылады.
Қазахстан Республикасының шетел тілінде білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілгендей, шетел тілін оқыту үрдісінде мақсатты түрде жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды енгізу жүзеге асырылуда (7).
«Технология» бүгінде педагогика және әдістеме саласында кеңінен қолданылатын ұғым. Ғалымдар оны оқыту, тәрбиелеушілік мақсаттарды іске асырылуға бағытталған білім беру үрдісін ұйымдастыру жөніндегі іс-әрекеттің ғылыми негізделген әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы ретінде түсіндіріледі, ал кейбір ғалымдар педагогикалық мақсатқа әдістемелік негіздің ерекшеліктері арқылы неғұрлым оңтайлы жолмен жетуді көздеген студенттермен өзара әрекеттескен оқытушының операциялы ұйымдасқан қызметі деп түсінеді (8).
Шетел тілін оқыту әдістемесінің деңгейі өсіп, оқыту процесінде бірігіп оқыту, интерактивтік тәсіл, жобалау тәсілі, ойындар, суггитивтік, рефлексивтік тәсілдер қолданыла бастады. Жаңа технологияларды қолдану жеке тұлғаның , яғни шетел тілін үйренушінің мәдениетаралық коммуникативтік біліктілігін дамытып, пәндік білімін кеңейтіп, сондай-ақ тілін үйренушілердің шығармашылық қабілеттерін ашуға, дамытуға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар ол мұғалімнің де кәсіби біліктілігін арттырады.
Әдістемелік әдебиеттерде көрсетілгендей қазіргі таңда шетел тілін оқытуда келесі мәселелер өте маңызды: (9)
Оқытудағы басты субьект оқушы, оның танымдық белсенділік әрекеті.
Мұғалім тұлғасы үлкен жауапкершілікке ие болады, дегенмен дәстүрлі оқытудан өзгешеліктер бар.
Оқу әрекетіндегі нәтижеге жетудің көпшілік бөлігін оқушы өзі атқарады.
Басты мақсат – оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілетін дамыту, яғни оқушылардың өз бетінше ойлай алуын, өз бетінше шешім қабылдай алуға, өз бетімен білім алуға үйренуін қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті. Сондықтан Н. Д. Гальскованың пікірінше шетел тілін толық, жан-жақты меңгеріп, сол елдің өкілімен тең құқылы тілдік қарым-қатынас жаасй алу дәрежесіне жету үшін тіл сол елді танып білумен үйлестіре оқытылуы қажет (10).
Біз жоғарыда атап өткен шетел тілін оқытудағы жаңа технологиялардың ішінде жобалау тәсілі аталған іскерліктерді қалыптастыруда ең тиімді жол деп ойлаймыз.