Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институты Қазақ тілі мен әдебиеті
№ 2 - ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ
Пән атауы:Функционалды синтаксис және оны оқыту
Тақырыбы: Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғаларды оқыту әдістері
Орындаған: Әлімғожа Дастан
(ҚТӘ ЖОО 2-курс ДОТ)
Тексерген:Ильясова Нагима
Алматы, 2023
Практикалық сабақ 2. Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғаларды оқыту әдістері 1. Сөз тіркесіне ұқсас күрделі сөздер, олардың айырмашылықтары, оқыту процесіне енгізудің маңызы, оқыту әдістері.
2. Сөз тіркесіне ұқсас шектеулі тіркестер (терминдік тіркестер) ұқсастықтары мен айырмашылықтары, дискрипторлар құрастыру.
3. Сөз тіркесіне ұқсас атаулық тіркестер, ұқсастығы мен айырмашылықтары, дискрипторлары.
4. Сөз тіркесінің тұрақты (фразеологиялық) тіркестермен ұқсастығы және айырмашылықтары, оқыту жолдары.
1. Сөз тіркесіне ұқсас күрделі сөздер, олардың айырмашылықтары, оқыту процесіне енгізудің маңызы, оқыту әдістері Сөз тіркестері негізінен бес түрлі форма арқылы байланысатыны белгілі. Атап айтсақ: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Қиысу – сөйлемде атау септік жалғауы мен жіктік жалғаулар арқылы байланысқан сөздердің тіркесі. Қиысу формасы жақ категориясы арқылы байланысады.
Матасу – сөйлем ішіндегі сөздердің ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғау арқылы байланысуынан туындайтын сөз тіркесі формасы. Мысалы: ағаштың бұтағы, сенің кітабың, менің көргенім.
Сөз тіркесінің матасу формасы да жақ категориясына тәуелді. Мысалы:
І жақ: Менің кітабым
ІІ жақ: Сенің кітабың (Сіздің кітабыңыз)
ІІІ жақ: Оның кітабы Бірақ олардың өзіне тән ерекшеліктері бар: біріншіден, матасудың құрамында тек зат есімдер немесе заттанған сөздер мен есімдіктер ғана байланысады; екіншіден, матасу атрибуттық қатынаста жұмсалады.
Меңгеру – сөйлем ішідегі сөздердің атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып байланысу формасы. Меңгерілетін сөз барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларының бірінде тұрады да, меңгеретін сөз етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады. Осыған орай, меңгеру формасы үш түрге бөлінеді:
етістікті меңгеру (Мысалы; есікті ашты, тауға шықты, түнімен жүрді);
есімді меңгеру (Мысалы; қойдан жуас, қалада көп);
ортақ меңгеру (Мысалы, айтуға тілім жетпейді, жұртқа күлкі болдық, маған күлкі емес).
Септеулік шылаулар өзі бағынып тұрған сөздің меңгеру формасы арқылы байланысуына негіз болады. Мысалы: мектепке қарай жүрді, осыдан кейін барамын. Сөз тіркесі құрамынан септеулік шылауды алып тастасақ та, сөз тіркесінің синтаксистік байланысуы жойылмайды. Мысалы: мектепке қарай барамын – мектепке барамын. Меңгеру формасы синтетикалық тәсілмен байланысады, объектілік, адвербиалдық қатынаста жұмсалады.
Қабысу – сөйлем ішіндегі сөздердің еш жалғаусыз, қатаң орын тәртібі тәсілі арқылы байланысатын формасы. Қабыса байланысатын сөздер – есім сөздер. Сөз тіркесінің тірегі көбінесе, зат есімнен, кейде сын есімнен болып, оның қарым-қатынас үстіндегі мәнін анықтауға зат есім, сын есім, сан есім, модаль сөздер негіз болады. Мысалы: қызыл алма, нар түйе, үш бала, көп кітап. Қабыса байланысқан сөз тіркестері қатаң орын тәртібі бойынша байланысып, аналитикалық тәсілге негізделеді. Атрибуттық қатынаста жұмсалады.
Қабысу есімдік және есімшелі сөздермен байланысып та анықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Есімдік пен зат есімнің байланысуы: мына бала, сонау жыл, бүкіл әлем;
Есімше тұлғалы сөзбен зат есімнің байланысуы: келген қонақтар, айтар сөз, т.б.;
Жанасу – сөйлем ішіндегі сөздердің ешбір жалғаусыз, бірде алшақ, бірде іргелес тұрып байланысуы. Мысалы: биыл бітірді сөз тіркесі сөйлем ішінде іргелесе тұрып байланысуға да, алшақ тұрып байланысуға да қабілетті. Салыстырайық:
Ол мектепті биыл бітірді; Ол биыл мектепті бітірді.
Жанаса байланысатын сөз тіркестер:
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары адвербиалданған сын есім (жақын тұрды);
- тірек сыңары туынды сын есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары негізгі сын есім (баладай сүйкімді);
- тірек сыңары зат есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (бүгін кезекші);
- тірек сыңары сын есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (қазір көңілді);
- тірек сыңары сан есім, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (биыл онда);
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (кеше келді);
- тірек сыңары модаль сөз, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үстеу (бүгін бар, қазір жоқ);
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары сан есім (екі-екіден тұрды);
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары көсемше тұлғалы сөз (күле қарады);
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары үшін септеулік шылаулы сөз (сен үшін келдім);
- тірек сыңары етістік, қарым-қатынас үстіндегі мәнін айқындаушы сыңары еліктеуш сөз (қарқ-қарқ күлді) болса, сөз тіркесі адвербиалдық қатынаста жұмсалады.