Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған



бет4/10
Дата08.09.2017
өлшемі1,74 Mb.
#31907
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Пікір. Ұсыныс. Тілек.




ОРТАҚ ТІЛ ОРТАҚ РУХТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ



2003 жылғы 30 қыркүйекте мемлекеттік тілге қатысты арнайы кеңес болып, ол туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Бұл семинар не берді, содан бері не істеліп, не болғанын салыстырып қарау үшін керек дүние ретінде ұсынамыз.

«Қазақ тілінің болашағы – қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да». Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі туралы осынау тұжырымы Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен кеңестің бүкіл жұмысына алтын арқау болып тұрғандай.

… 1995 жылы күшіне енген Конституцияға сәйкес еліміздегі мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып табылады. Ал Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы соңғы заң 1997 жылы қабылданды. Қазіргі күні мемлекеттік тіл саясаты тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді, дей келіп Мемлекеттік хатшы қазір еліміздің 4 облысында іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілетініне тоқталып өтті. Орталық басқару органдарында мемлекеттік тілде жүргізілетін құжат айналымы орта есеппен 17 пайызды құрайды. Соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін орта мектептердің жалпы саны 25 пайызға өсіп отыр. Биыл 112 мың бала қазақ тілінде, 56 мың ұл мен қыз орыс тілінде мектеп бітірді. Сөз жоқ, қазақ тілін оқып-үйрену төңірегінде бірқатар шаралар атқарылуда. Оқулықтар, көрнекі құралдар, методикалық әдістемелер, сөздіктер, терминологиялық жинақтар жарық көруде. Бірақ осының бәрі жеткілікті ме? Мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын кеңейту жолында жылына бір мәрте тіл фестивалін, өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінің сайысын өткізу деңгейінен аса алмай отырғанымыз халыққа құпия емес.

Тіл саясаты – ол мемлекетіміздің ішкі саясатының өзегі, деді мемлекеттік хатшы. Ортақ тіл арқылы ғана ортақ рухты, ортақ үмітті орнықтыра аламыз. Ендеше мемлекеттік тіл саясатының қазіргі ауқымы қандай, жақын келешектегі сипаты нендей болуы керек, кемшілік болса, оны қалай жоямыз, жетістік болса, оны қалай жетілдіре түсеміз?



Мәдениет министрі Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ: - Ашығын айту керек, тәуелсіздік алған 12 жыл ішінде атқарылған шаруа аз емес. Дегенмен, бұл мәселе әлі де көкейкесті күйінде қалып отыр. Қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілді жаппай қолданысқа енгізу, оны үйрету, ұлттық тілдегі терминологияны қалыптастыру, ономастикалық жұмыстарды жандандыру – осы тұрғыда шешімін таппаған мәселелер жеткілікті.

…Мемлекеттік тілді әлемдік интернет желісінде қолдану мен дамыту мақсатында алғаш рет қазақ тілінде www. Qazaqtili. Сom веб-порталы ашылды. Оған деген қызығушылық күннен-күнге өсіп келеді. Ашылғаннан бері (2002 жылғы 16 қыркүйек) АҚШ-та 31 мың, Түркияда 15 мың, Германияда 8 мың, Ұлыбританияда 3 мың, т.б. 57 мемлекеттің тұтынушылары 350 000 рет ашып оқыған.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету.

Біз үшін ендігі басты міндет осы оң бетбұрыстарды келесі бағыттар бойынша дамыту:



біріншіден, мемлекеттік тілді дамытуды жүзеге асыруды облыстық және Астана, Алматы қалаларының ішкі саясат департаменттеріне жүктеу;

екіншіден, Мемлекеттік хатшының төрағалық етуімен мемлекеттік тілді нығайту жөніндегі қоғамдық кеңес құру;

үшіншіден, ҚР Үкіметінің мәжілістерінде орталық және жергілікті басқару органдары бірінші басшыларының есеп беруін жалғастыру және соның нәтижесі бойынша нақты міндеттерді жүктеп, шара қолдану;

төртіншіден, облыстық әкімдіктер қаржыландыратын мемлекеттік тілді жеделдетіп үйрету орталықтарын ашу және олардың жұмысын Мәдениет министрлігі жанындағы Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының үйлестіруімен жүргізу.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан ҚАРАҚҰСОВА: - Елімізде қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеру туралы айтылғалы 10 жылдан асты. Тілдерді дамыту туралы әңгімені бастамас бұрын өзім туралы бір-екі ауыз сөз айтайын.

Мен балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында да орыс тілінде сөйлеп, білім алдым. Тұрмыста орыс тілінде сөйлеп, жоғары оқу орнында орыс тілінде сабақ бердім. Ғылыми ізденістерді сол тілде жазып, диссертация қорғадым. Бірақ заман талабы өзгерді.

«Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деп айтылған сөз ойланта береді. Он жылдан артық уақыт өтсе де ана тіліміз тиісті деңгейге неге көтерілмейді деген ой да бар.

Осындай жағдайда ана тілімді үйренуге тырыстым. Бірден айтайын, тіл игерудің оңай еместігіне көзім жетті.

Меніңше, әлеуметтік қорғау саласы жүйесінде мемлекеттік тілдің ерекше маңызы бар. Себебі біздің қызметкерлеріміз күн сайын халықпен тікелей жұмыс істейді және төлем алушылардың жартысынан астамы – ауыл тұрғындары.

… Біздің министрлікке Тіл туралы Заңның 23-бабы 3-тармағын жүзеге асыруға арналған заң жобасын әзірлеу тапсырылды. Қазіргі кезеңде сол заң жобасы мүдделі министрліктер мен ведомствоның көпшілігімен келісілді.

Жобаның мақсаты – заңдармен толықтырылып отыратын мемлекеттік тілді белгілі бір дәрежеде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі тиіс мамандықтар тізбесін бекіту, яғни мемлекеттік тілдің әлеуметтік коммуникативтік функциясын кеңейту мен нығайту.

Еліміздің тіл саясаты қазақстандық әрбір азаматтың қазақ тілін үйренуіне ғана бағытталмаған. Ол алдымен әркімнің рухани байлығын ұлғайтуға зор әсер етеді.

Сондықтан бұл арада мемлекеттік қызметкерлер өзі бірінші болып үлгі көрсетуі қажет. Үкімет мүшелері, басқару органдарының басшылары зор көңіл бөліп, әр азаматты ынталандыруы қажет. Осы бағытта әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, бәріміз бірігіп жұмыла жүргізсек, мақсатымызға жететініміз анық.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ: - Қазақ тілінде оқытатын мектептердің желісі еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта едәуір кеңейді. Осыдан 10 жыл бұрын қазақ мектептерінің саны – 3213 болып, барлық мектептің 38 пайызын құрайтын. Ал бүгінгі таңда республикадағы жалпы білім беретін 7989 мектептің 3632-сі қазақ тілінде оқытатын мектептер, олар барлық мектептің 46 пайызын құрайды.

Қазақ тілінде оқытатын мектептер желісінің өсуі қазақ балаларының өз ана тілінде білім алуына кең жол ашты. Бүгінгі күні мектепте оқитын қазақ баласының 80 пайызға жуығы өз ана тілінде оқиды. 1990 жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға тең еді.

Қазіргі кезде барлық мектеп оқушыларының 55,8 пайызы, яғни 1662,2 мың бала қазақ тілінде оқиды. Олардың 19,2 мыңы – басқа ұлт өкілдері. Қазақ мектептерінің дені, яғни 86,4 пайызы (3138) ауылдық жерлерде орналасқан.

Жергілікті органдар қазақ тілінде оқытатын мектептердің, әсіресе, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тарылған қалалық жерлерде ашылуына селқостық танытып отыр. Кейінгі жылдары қазақтардың ауылдан қалаға көптеп қоныс аударуына қарамастан, қалалық қазақ мектептерінің қатары өте баяу өсуде. Облыс орталықтарында қазақ тілінде оқытатын мектептер саны – 10-11 пайыз көлемінде ғана. Алматы мен Астанада да осындай жағдай қалыптасқан. Алматыдағы 174 мектептің тек 33-і (18,9 пайызы) ғана қазақ мектептері. Жалпы қаладағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны барлық қала мектептерінің 27,3 пайызын ғана құрайды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында қазақ мектептері жеткіліксіз.

Сонымен қатар барлық қазақша оқитын балалардың 36,5 пайызы аралас мектептерде қазақ тілінде білім алады. Бұл мектептерде, күнделікті тәжірибе көрсетіп жүргендей, мектепішілік шаралар негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілінде оқитын сыныптар оқушыларының, мұғалімдерінің, ата-аналарының алдынан тілдік кедергі туындайды, орыс тілінің басымдығын сезінуден іштей қобалжу орын алады, бұл жағдай оның өз ана тілін терең меңгеруіне нұқсан келтіреді. Сондықтан қала жағдайында таза қазақ тілінде оқытатын мектептерді жеткілікті ашқан жөн.

Тіл тағдырына қатысты мемлекеттік мәні зор мәселенің бірі – мұғалімдер дайындау болып табылады.

Қазақ тілінде оқытатын мектептердің кадрға зәрулігі жылдан-жылға төмендер емес. Қажеттілік өткен оқу жылында 2,1 мың адамға жеткен. Әсіресе, мектептер ағылшын тілі, математика, физика, химия, информатика, тарих пәндері мамандарына зәру.

Мектеп ісінің сапасына тікелей әсері бар фактордың бірі – оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сапасы екендігі белгілі десек, 1996 жылдан бастап өзіміздің төл оқулықтарымыз даярлана бастады.

Дегенмен, қазақ тілінде сөздіктер, анықтамалық және танымдық әдебиеттер, электрондық оқулықтар өте аз. Министрлік қазақ тілінде электрондық оқулықтар, мультимедиялық бағдарламалар, виртуалды зертханалар шығаруға баса көңіл бөлуде.

Қазіргі 8-11-сыныптарда оқытылып отырған бұрынғы оқулықтар тілімізге жоғары мәртебе беріліп, халқымыз азаттыққа қол жеткізген алғашқы жылдары жедел дайындалып шығарылғандықтан, сапасы ойдағыдай емес.

Бірқатар облыстар әлі күнге дейін мемлекеттік тілде мамандар даярлау ісінде артта қалып отыр. Мысалы, Қостанай облысындағы 17 колледждің 11-інде мемлекеттік тілде мамандар даярланбайды. Бұл мәселе жылда жергілікті білім басқармаларының алдына қойылғанымен, кадр, оқулық тапшылығына байланысты толық шешілмей келеді. Жылдан-жылға жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде дайындық жүргізетін мамандықтар саны өсуде.

Республикамыздың жоғары білім беру саласына 10 000-дай қазақ тіліндегі оқулық, оқу-әдістемелік құралдары қажет десек, қазіргі кезде бұл оқу орындарындағы мемлекеттік тілдегі оқулықтар үлесі бар болғаны 33 пайыз, аймақтық, спорт, аграрлық, халықаралық, медициналық және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында – 17 пайыз, техникалық жоғары оқу орындарында – 15 пайыз.

Жалпы мемлекеттік тілдің білім беру жүйесіндегі өрісін кеңейту мақсатында біздің алдымызда тұрған ең өзекті мәселелер: кадр даярлау ісін өз деңгейінде дұрыс жолға қою, оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу бағдарламаларын шығаруды жеделдету әрі оны сапалы іске асыру болып табылады.

Ақпарат министрі Сауытбек АБДРАХМАНОВ: - Мемлекеттік хатшының «Ортақ тіл ортақ рухты орнықтырады» деген пікірі мынандай жайды ойға оралтып отыр: Израиль мемлекеті 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен құрылғанын бәріңіз білесіздер. Сол мемлекетті құру ісі неден басталғанын да білесіздер. Израиль мемлекетін құру көне еврей тілін – ивритті тірілтуден басталды. Оған дейін еврейлер тек идишше сөйлесетін. Иврит тілі ежелгі әдеби мұраларда ғана сақталған болатын. Ивритті тірілтуге еврей халқы небәрі жарты ғасыр жұмсады. Бұл – тарих үшін қас-қағым сәт. Ақыры сол ортақ тіл ортақ рухты орнықтыруға өлшеусіз үлес қосты. Бұл мысал тілдің қоғам тағдырында қандайлық орны бар екенін келісті көрсетеді.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ: - … Өткен жылы облысымыздағы мекемелерге жоғары тұрған органдардан келіп түскен кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 46 пайыз болса, 2003 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша бұл көрсеткіш 42 пайызға төмендеді (яғни келіп түскен 170630 кіріс құжатының 72509-ы ғана мемлекеттік тілде).

… Телеарадиохабарларының тілін 50х50 етеміз деп дұрыс талап қойылып, Тіл туралы Заңды жүзеге асырудың игі шарасы белгіленді. Алайда… көпшілігінде, әсіресе, жеке телеарналарда, қазақ тіліндегі хабарлардың уақыты түнгі сағат бір мен екіге, ең жақсы дегенде күндіз, жұрттың бәрі қызметте жүрген уақытқа белгіленген. Көбісінде мазмұны қызықсыз, деңгейі төмен, әйтеуір 50 пайызға жеткізсек болды деген салғырттық басым. Осы орайда мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан, тынбай насихаттап жүрген үкіметтік ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарына және тағы басқа да қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік гранттар белгіленсе, дұрыс болар еді деп ойлаймыз…



ҰҒА корреспондент-мүшесі Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ: - … Егер әрбір әкім өз облысының, әрбір министр өз министрлігінің деңгейінде Конституция мен Тіл туралы Заң талаптарын, Бағдарлама баптары мен Президент нұсқауын үлгі етіп, бұлжытпай орындауды парыз санаса, қазақ тілінің бағы баяғыда-ақ жанған болар еді.

Орайы келгенде, төмендегі ұсыныстарды да айта кетсем деймін.



Біріншіден, Білім және ғылым министрлігі бойынша мемлекеттік тілдің балабақшалар мен орта мектептер және орта оқу орындарындағы (училище, колледж, гимназия) хал-ахуалын түбегейлі тексертіп, пікір түйіндейтін, шешім қабылдайтын кез келді.

Екіншіден, жоғары оқу орындарында да мемлекеттік тілдің барысы ойдағыдай емес. Тіпті қайсыбір университеттерде қазақша топтарды көбейтіп, мемлекеттік тілге өріс ашудың орнына «қазақша оқып қайтесіңдер?» дейтін ректорлар кездеседі.

Жазушы, аудармашы Кеңес ЮСУПОВ: - Мемлекеттік тіл дегеніміз не? Ол мемлекеттің өзінің азаматтарымен сөйлесетін тілі, демек қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын тіл, заңнама тілі.

… Туған тіліміздің әлемдік тілдердің бірі – орыс тілімен бәсеке жағдайында өмір сүріп отырғанын да естен шығармауымыз керек. Мұнда тайталас, қақтығыс, қайшылық жоқ. Әңгіме есетеңдік жайында болып отыр. Осы орайда екі игілікті қатар пайдаланудың қамын жасауымыз керек болар, алайда басқа тілге өз тіліміздің негізінде барудың амалдарын қарастыру керек.



Екінші түйінді мәселе – тілімізді терминдендіру, яғни заңнама тіліне қойылатын талаптарға сәйкес бір ізге түсіру. Керек десеңіз, белгілі бір құжаттардың шаблондарын жасау.

Терминге бай тіл – баршаға түсінікті тіл.

… Өркениетті елдердің тәжірибесіне жүгінгеннің артықтығы жоқ. Мысалы, ГФР-да барлық заң жобаларына Бонндағы Неміс тілі қоғамының редакциялық штабының рұқсаты берілмейінше, қол қойылмайды, бұқараға жария етілмейді. Бұл қоғамның ішкі істер министрлігімен келісілген заң және идаралық актілердің тілі жөнінде әзірленген арнаулы ережелер бар.

Енді Франциядағы тілге көзқарасты қарайық. Мұнда 1972 жылғы қаңтарда Премьер-министрдің тілді байытуға бағытталған №72-19 декреті шыққан екен. Онда министрлерге қажет болған жағдайда терминология жөнінен комиссиялар құруға рұқсат беріліп, француз тілінің олқы тұстарын, салалық терминологияның кемшіндерін анықтау, сонымен қатар жаңа ұғым-түсініктерді білдіретін және шет тілдерінен кірген сөздерді мүмкіндігінше өз тілінде бейнелейтін сөздерді табу ұсынылады.

… Тіліміздің проблемалары қадау-қадау. Айталық, біздің күні бүгінге дейін компьютерлік орталық бағдарламамыз болмай, соның салдарынан байланыс дамыған мына заманда бізге бір-біріміздің мәтінімізді оқу қиындыққа айналып отыр.

Аудармашылар дайындау ісіне де жете мән беру қажет.

… Ертең әрбір мемлекет қызметшісі еркін іс қағазын дайындай аларлық деңгейге көшкен кезде де, ондай күн туар, олар бәрібір керексіз болып қалмайды.

Ендеше жақсы аудармашы ертең де, бүрсігүні де керек. Сондықтан да басқару академиясының жанынан қысқа мерзімді, кәдімгідей сертификат беретін аудармашылар курсын ашса, артықтық жасамас еді деген ой келеді.



Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қонысбай ӘБІЛ: - Мемлекеттік тілдің құлашын кеңге жая алмай отыруының кейбір себептеріне тоқталып көрелік.

Бірінші, аударма туралы. Қазір негізінен аударма тілі қалыптасты… Мемлекеттік тіл дамуының бір орнында тұрып қалуына себепші осы секілді.

Мысалы, ілеспе аударма. Бәрі орысша толқынға қойып тыңдап отырады. Өзге ұлт өкілдері «магазин», «ресторан», «гостиница» деген сөздерді оқиды… Автобус хабарландыруларында… тек орысшасын тыңдайды. Егер сол хабарландыру тек қазақ тілінде жасалса, жолаушы өз аялдамасынан екі-үш рет өтіп кетер, алайда сол аялдаманың мемлекеттік тілдегі мәтінін жаттап алатын болады.



Тіл негізі – балабақша, мектепте…

Үшінші, сөздіктер туралы. Сөздіктерде бірізділік жоқ. … Демек сөздіктер жөнінде білгір мамандарды топтастыратын үйлестіру орталығы керек…

Төртіншіден, талапты күшейте түсу керек. Заңда: «Хат қай тілде түссе, сол тілде жауап берілу керек» делінген. 5000 хат түссе, соның 5-еуі ғана қазақша болуы мүмкін. Сонда олар мемлекеттік тілге қашан көшеді?

Бесіншіден, заңдарға өзгерістер енгізілсе. Мысалы, Тіл туралы Заң тестілеуге кіргізілді, енді «мемлекеттік тілді білмейтін адам, жауапты қызметке алынбасын» деген бап болса…

Әйтпесе, министрлік тізім әзірлей қалған жағдайда мемлекеттік тіл әлі он жылғы дейін тек байланысшылардың, жеделхат қабылдайтындардың, күзетшілердің, анықтама, куәлік беретіндердің тілі болып табылады.



Әділет министрлігінің департамент директоры Сұлтан ОРАЗАЛИНОВ: - … Жалпы екі тілде деген үрдіс қашанға дейін созылады?.. Біздің ұғымымызша, мемлекеттік тілде әзірленген құжаттың орысша нұсқасы болуы шарт емес, ал орыс тілінде әзірленген қандай құжаттың міндетті түрде мемлекеттік тілдегі мәтіні болуы тиіс. Мемлекеттік тілдің артықшылығы да, басымдығы да осында деп білеміз.

Өзіміздің шет елдердегі елшілік, дипломатиялық қызметтегілердің өзі мемлекеттік тілді міндетті білуі шарт болмай қалды. Мұндай жаңсақтық жіберілген нормативтік заң актілеріне қайтадан өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін қалпына келтіру қажет.

Ендігі жерде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңын жүзеге асырудың тетіктерін ойластырып, мына төмендегі мәселелерді жүзеге асыру қажет деп білемін.

Олар: ең алдымен, Тіл туралы Заңның 23-бабының 3-тармағы бойынша… мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін белгілейтін заң жобасы шұғыл қаралып, қабылдануы тиіс;



Екінші, мемлекеттік тілге қолдан жасалған қиянат – тілге ғана емес, мемлекет мүддесіне қатер төндіру деп танылып, бұл туралы ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы бап енгізілуі қажет;

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Президентіне қойылатын мемлекеттік тілді міндетті білу талабы Үкімет мүшелеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына, министрлер мен агенттік төрағаларына, облыс әкімдеріне де қойылуы керек, біртіндеп министрлер мен Агенттік төрағаларының орынбасарларынан, өзге де басшылардан, қала мен аудан әкімдерінен де талап етілетін заң ережелері қабылдануы тиіс…

Мемлекеттік хатшы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ: - … Мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейтудің бірден-бір тиімді жолы – мемлекеттік тілді білуді міндетті түрде талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру. Бұл жұмыс Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеледі. Біріншіден, Конституция бойынша Президенттік сайлауға түсетін әрбір үміткер мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Ендеше республикадағы қай қызметкердің де мәртебесі Елбасынікінен жоғары емес. Екіншіден, мемлекеттік тілден басқа білмейтін азаматтарға Қазақстанда өмір сүру қиын. Мұндай жағдай, әсіресе, тарихи отанына оралып жатқан отандастарымызға байланысты болып отыр. …Өйткені көп мекемелерде, әсіресе, әлеуметтік қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілді білетін мамандар аз. Мұның өзі көптеген отандастарымыздың азаматтық және конституциялық құқықтарын шектеу. Жалпы әр нәрсеге де сұраныс қажеттіліктен туындайтыны анық. Сондықтан бұл бағытта бірқатар нақты іс-шаралар кешенін белгілеп, іс жүзіне асыру кезек күттірмейтін мәселе. Елдің де, Елбасының да талабы осы.

Республикалық дәрежеде өткен мемлекеттік тіл мәселесіне арналған алқалы жиында қозғалған ой-пікірлерді қорытындылай келіп Иманғали Нұрғалиұлы 2010 жылға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әркім мүлтіксіз орындап, 2008 жылы барлық облыстар іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне көшіріп бітуі керек, деп сөзін түйіндеді.
2002 жылғы 1 қазан.
Тіл саясаты – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі
Еліміздегі мемлекеттік тіл саясаты – Қазақстан сияқты бірнеше ұлттың өкілдері тұратын мемлекеттегі тілдік ахуалды, тіл құрылысын қалыптастыру мен дамытудың негізгі факторы және ұлтаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді реттеудің бір тетігі, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық реформалардың құрамдас бөлшегі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылдануымен тіл саласындағы оң үрдістерді динамикалы және кешенді дамыту кезеңі басталды...



Біздегі талдау-сараптау жұмыстарының нәтижесі Орталық мемлекеттік органдарда іс қағаздарын, құжаттарды екі тілде дайындау жөнінде ілгері басқандық байқалады. Қазіргі күнгі талапқа сәйкес мемлекеттік органдар аппараттары мен құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын мамандар алынып, мемлекеттік қызметшілер аз көлемді құжат, азаматтардан келген өтініштерге жауап, өндірістік бұйрық, актілер, хаттамалар сияқты шағын мәтіндерді мемлекеттік тілде дайындау практикасы енгізілуде. Статистикалық есеп, қаржы және техникалық құжаттамалар аударма арқылы мемлекеттік және ресми тілдерде жүргізілуде. Алайда, мемлекеттік тілде хат алмасудың сандық көрсеткіштерінің әлі күнге дейін төмен болып отырғанының себебі – жоғары тұрған құрылымдардан хат-хабардың көбінесе орыс тілінде жолдануында. Мысалы, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бері жергілікті бір мемлекеттік мекемеге жоғары тұрған органдардан келіп түскен мемлекеттік тілдегі құжаттардың саны 13%-тен аспайды. Бұл жағдай іс жүргізуді мемлекеттік тілге толығымен көшірген (Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Жамбыл) аумақтар үшін белгілі бір проблемалар тудырып отыр.

Мемлекеттік органдарға қазақ тілде түсетін құжаттар 13 пайыз болса, орталық органдардан шығатын құжаттардың 17 пайызын ғана құрайды және де бұл – тек азаматтардан түскен арыздар мен шағымдарға берілетін мемлекеттік тілде дайындалатын хаттар негізінде ғана. Міне, байқап отырсаңыздар, бүгінгі мемлекеттік тіл саясатының күрделі мәселесінің бірі – осы орталықтан шығатын те орыс тіліндегі құжаттардың арасалмағын азайту болып отыр. Бұл шаруа осында отырған баршамыздың да жауапкершілігімізге сын.

Басқару органдарында мемлекеттік тілдің қолданылуын кадрлық қамтамасыз етудің маңыздығын ескере отырып, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қажетті қаржылық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі жанынан құрылған және Білім және ғылым министрлігінің бекіткен арнайы бағдарламасымен жұмыс істейтін Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының жұмысы жолға қойылған... Талдау қорытындылары осы Орталық арқылы мемлекеттік тілді үйренушілер санының біртіндеп өсіп отырғандығын көрсетеді. Мысалы, 2000-2001 жылы – 23 топта 276 тыңдаушы оқытылса, 2001-2002 жылы 28 топта 345, 2003 жылы топтар мен тыңдаушылар да көбейген...


1-диаграмма. Орталықтың мемлекеттік тілді оқыту топтары мен тыңдаушылардың өсу үрдісі

Мұндай мемлекеттік тілді үйрету үйірмелері барлық облыстар мен қалаларда жұмыс істеуде. Ал Ішкі істер, Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі мемлекеттік тілді оқыту мен оны меңгеруге қажеттілікті ынталандыру жөнінде мейлінше құнды тәжірибе жинақталған. Әділет, Ішкі істер министрліктері мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оны үйренуге арналған мемлекеттік тіл кабинетін бүгінгі талапқа сай лингофондық, компьютерлік сипатқа көшіру жұмыстары қолға алынған...

Осы таңда мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту әдістемелерін әзірлеу, дыбыс-бейне материалдарды, компьютерлік технологияларды пайдалануға көп көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Мәдениет министрлігі мемлекеттік тілді үйренуге арналған оқыту бағдарламаларын жаңарту, кешенді компьютерлік бағдарламалар жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда. Қазақ тілін оқытуға, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге арналған электрондық оқулықтар мен оқыту әдістемеліктері әзірленуде, қазақ тілінде дұрыс жазылуын тексеретін, қазақ шрифтерін тану, орыс тілінен қазақ тіліне автоматты түрде аударуды қамтамасыз ететін компьютерлік бағдарламаларды дайындайтын фирмалардың өнімдері зерделенуде.



Интернетте мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға бағытталған қазақ тіліндегі www.qazaqtili.com web-порталы ашылғалы бері, оған деген қызығушылық ұлғаюда. Оған бүгінге дейін 58 мемлекеттен 250 мыңнан астам оқырман кіріп отыр.

Төменде берілген диаграмма порталдың қолданушы – оқырмандардың өсу тенденциясы мен болашақта порталға деген қызығушылықтың аса беретінін, аталмыш электронды жүйесінің қолданушылары көбейе түсетінін айқындайды. Қазақ тіліндегі www.qazaqtili.com web-порталдың дүниежүзілік ақпараттық құралына айналады деуге толық негіз бар.


2-диаграмма. www.qazaqtili.com веб-портал пайдаланушылардың

2002 жылғы қыркүйек пен 2003 жылғы маусым айларындағы өсу үрдісі

Сондай-ақ, соңғы он жылда орыс тілінің коммуникативтік әсері барлық салаларда: ғылымда, білімде, ақпараттық кеңістікте, іс жүргізуде дәстүрлі басым болып қалуда.

Мемлекет Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлттар өкілдерінің ана тілдерін оқуларына, ұлттық тілдердің бұқаралық ақпарат құралдарында және мәдениетте қолданылуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Ана тілін оқудың тиімді нысаны тіл курстары мен ұлттық жексенбілік мектептер ашу болып табылады: қазір республикада 200-дей жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оларда 23 ұлттық тіл оқытылады. Жүйелі түрде төрт ұлттық – “Дойче альгемайне цайтунг”, “Коре ильбо”, “Украински новини”, “Уйгур авази” газеттері шығарылады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының, Қазақ радиосының эфирінде кәріс, ұйғыр және неміс тілдерінде хабарлар таратылады. Тұтастай алғанда республикада 11 ұлттық тілде газеттер мен журналдар басылады, теле-радиохабарлар эфирге шығады, олардың қатарында украин, поляк, ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, түрік, дұнған, өзбек тілдері және басқалары бар.



Республикада ТМД-дағы жалғыз кәріс, ұйғыр және неміс театрлары жұмыс істейді, олардың қызметтері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.

Республикадағы жалпы білім беретін 7989 мектептің 3632-сі (45,5%) қазақ тілінде оқытады. Қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны едәуір өсуде. Мәселен, 1991 жылға қарағанда 727-ге артты. Мемлекеттік тілде оқитын балалар саны 1990 жылы 908.9 мың болса, биылғы жылы 1662,2 мыңға жетті (2-диаграммадан қараңыз). Бүгінгі күні мектепте оқитын балалардың 80% қазақ тілінде білім алуда. 1990 жылы бұл көрсеткіш 60%-ті құраған болатын.
3-диаграмма. Қазақ мектептерінің жағдайы






Қорыта айтқанда, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарын орындауға деген оң көзқарас қалыптасқаны байқалады. Ұлттық – мәдени орталықтарының да мемлекеттік тілді оқытуға деген ынтасы бар екені мәлім. Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы жексенбілік мектептер ана тілімен қатар мемлекеттік тілді оқыта бастады. Дегенмен, мемлекеттік тіл саясатының әлі де болса өз дәрежесінде қамтылмай келе жатқан тұстары да бар. Біздің мақсат –осы нақтылы, жүйелі қалыптасқан жұмыстарды бір сәт те босаңсытпай жүргізе беру.


2004 жыл.

_______________________




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет