Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған



бет9/10
Дата08.09.2017
өлшемі1,74 Mb.
#31907
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ахмет Байтұрсынұлы.


* * *
Тілді үйрену үшін ынта керек, ықылас керек, мәжбүрлік керек.

Осыған бір мысал айтайын. АҚШ-та университет бітірген Сюзен деген американ қызы Алматыда екі жыл тұрып қызмет істеді. Сол екі жылда ол қазақ тілін де, орыс тілін де бірдей біліп алды. Ол қыз менің қазір Англиядағы Кембридж университетінде оқып жүрген («Болашақ» бағдарламасымен барған жоқ) қазақша, орысша, ағылшынша жетік білетін Алма деген немеремнің құрбысы. Былтыр күзде Сюзен Американың Гарвард университетінің магистуратурасына оқуға кетті. Кетерінде менің «Халима» деген хикаятымды қазақшадан ағылшын тіліне аударып берді.

… Біздің орыстілді қыздарымыз бен жігіттеріміз осы Сюзеннен кем бе екен? Кем емес, әрине. Бірақ бұларда ынта жоқ, ықылас жоқ. Ана тілін ардақтай білмейді. Олардың ұлттық сезімдері сөнген. Сол сөнген сезімнің ұшқынын үрлеп, от шығару керек.
Әзілхан Нұршайықов,

жазушы.
* * *
... Біз Австрияда кездестірген Ақпар Қыран ағылшын, неміс, түрік тілдерін білуімен қатар қазақ тілінде де сайрап тұр... Елшіліктен бізді алып жүруге бекітілген Ермахан деген жігіт те ағылшын, неміс, орыс тілдерімен қатар ана тілінде де таза сөйлейді екен. Еңселерін орыс тілі басып, басқа тіл жоқтай бұйығып қалған елдегі ағайындарымыз ғана. Өзге тілдерді үйрене бастаса, ана тілін олар да білетін болар, бәлки...
Шерхан Мұртаза,

жазушы.
* * *
... Бұрын балабақша дегендер – ата-аналары күндіз жұмыс істеп жатқан кезде балаларға қарай тұратын жай бір орын деп қаралып келген-ді. Онда тәрбиенің қай тілде, қалай жүретініне ешкім де назар аударған жоқ. Сөйтсек, балабақша дегеніңіз – жас жеткіншектердің ана тілін дұрыс меңгеріп шығатын бірден-бір тәрбие орны, ұлттық саясаттың нағыз басталатын жері екен ғой. Болашақ ұрпақтың қай тілде сөйлеп, қандай мәдениетті қабылдайтыны осы жерде қалыптасады екен.
Қабдеш Жұмаділов,

жазушы.
* * *
Өзге ұлттың өкілдері жергілікті халықтың – жерге ие халықтың тілін үйренер, үйренбесе – өз еркінде. Барлық кінә өз ұлтымыздың «мақаулары мен сақауларында» болып тұр ғой. Ендеше, қазақтар үшін өз ана тілінде сөйлеп, жазып, оқуды міндеттеу керек.

«Орыс тілін білмесең, адам болмайсың» деген қалыптасып қалған қағидаға енді «қазақ тілін білмесең, маман болмайсың-ды» қоса уағыздаған, талап еткен жағдайда ғана ана тіліне деген ықылас-ынтаны арттыра аламыз.



Оралхан Бөкей,

жазушы.
* * *
… Ресейде орыс тілін білмейтін адам данышпан болса да, министр бола алмайды.
* * *
Мен тек бір-ақ опозициядан қорқамын. Ол – ұлтқа, тәуелсіздікке қарсы оппозиция. Өркениетті елдерде оппозиция мен биліктің мақсаты біреу-ақ. Ол – өз халқыңды көркейту, дамыту. Тек амал, тәсілдері, бағдарламалары бөлек. Ресейдегі оппозицияның ешқайсысы орыс халқының тіліне де, тәуелсіздігіне де қарсы емес.
Төлен Әбдікұлы,

жазушы.

Алтын сөз:
... Қазақ ұлтына әр түрлі елдерден дүниетаным әдістері мен салт-дәстүрлері жан-жақтан анталап тұр. Бұл елге 20-30 жылдардағыдай бір ғана мемлекеттің емес, ондаған елдердің ықпалы күннен-күнге күшейіп келеді.

Қазақ енді не істеуі керек? Ақыры жеңбей тынбассың деп қол қусырып қарап отыруы керек пе? Әлде өлмей беріспеймін деп бір әрекет жасауы керек пе? Және ол қандай әрекет болуы мүмкін. Оны жүзеге асырудың қандай әдіс-айлалары бар? Бұған дайын рецепт жоқ. Сенетініміз – тіл, ұстанатынымыз – мәдениет пен өнер. Бізді ұлт ретінде сақтап қалатын да, қатарынан кем қылмай алға жетелейтін де осы екеуі. Осыны ұғынған азаматтар ұғынбаған азаматтардың көкірегінен итермелей бергеннен гөрі олардың тілдің жағасына жабысқан қолын тілдің жалынан ұстауды үйреткені абзал шығар. Әсіресе, Парламент Мәжілісінде отырған депутаттардың бұл салада бітірер шаруалары мол.

... Ұлт мүддесін қорғау «мен қазақпын» деп кеуде соғудан немесе «жер менікі» деп көршіге алакөзбен қараудан тұрмайтынынын түсінер кез жетті. Басқа ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне мәз болудың да қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз олардың қазақша үйренгенінен гөрі қазақтардың өз тілінде сөйлейтін толыққанды мемлекет құруына қызғанышпен қарауына тосқауыл салу, соны мойындату.

... Президент немесе Премьер-министр орысша сөйлей қалса, алыс ауылдағы адамдар ана тілінен айырылып қалатындай күңкілге басады. Әрине, Президент пен өзге басшылардың үнемі қазақша сөйлеп тұрғанына не жетсін, бірақ Қазақстанның ұлттық құрамымен санаспауға бола ма? Бұл жерде қазақ ағайындар бір нәрсені берік ұғынуы керек. Кім қай тілде сөйлесе, ол тілде сөйлей берсін, кім қандай ән айтса, өзі білсін, бірақ сенің өз тілің, өз әнің бар емес пе? Аузыңнан кеп оны ешкім тартып алып жатқан жоқ қой. Керісінше, төменгі жақ тек қазақ тілінде гуілдеп жатса, жоғарғы жақ оларға өздері-ақ қосылып кетпес пе? Балаңды қазақша оқытпа, өзің қазақша сөйлеме, қазақша ән тыңдама, ата салтыңды талақ ет деп жатқан біреу бар ма, тіпті кешегі тоталитарлық заманда да қазақтың қазақша тілін тартып алып жатқан ешкім жоқ еді ғой. Ұлт ретінде тозып, жойылып кетер болса, қырқыншы жылдары Қазақстанға зорлықпен шашып тасталған ұсақ Кавказ халықтары құрып-ақ кетер еді. Құрымады. Құру былай тұрсын, келген жерінде билеп-төстеп ала жөнелді. Соның бірі чешен халқы. Тілін де, ділін де, рухын да жоғалтқан жоқ. Ұзақ жылдардан соң дін аман елдеріне қайтып оралды. Жай ғана оралып қана қойған жоқ, ашу-ызамен оралды. Сол ашу-ызаның уыты ма, олар арыстанға қарсы шапты.

Қаһарман чешен халқының өршіл де намысшыл қасиетіне қарап отырып, кейде: «Бетін аулақ қылсын, егер олардың басына түскен қара күн қазақтың басына түссе қайтер едік. Басымыз қайта қосылар ма еді, барған елдің тілі мен салтын ұстап, сол бойы сабанға түскен инедей жойылып кетер ме едік» деген қорқынышты ойға берілесің.

Қазақ өзінің қазақ екенін мақтаныш тұтып үйренбей, өз тілі мен өз өнерін басқалардан жоғары қоюды бойына қандырып сіңірмей, өзгеге еліктегіш мінезінен арыла қоймайды...



Дулат Исабеков,

жазушы.
* * *
… Шын мәнісінде, тіл бірлігі жоқ жерде егеменді елдің тұтастығы туралы айту артық. Мысалы, көп ұлтты Ресейде отандастардың бәрі дерлік орысша сөйлейді. Өте дұрыс. Қырық құрау Америкада отандастар ағылшынша сөйлейді. Түрлі этностар өмір сүріп жатқан Түркияда түрікше сөйлеп жүргендерді естисіз. Бұл әділдік пе, әлде әділетсіздік пе? Ол жағын білмедік, бірақ қалыпты шындық.

Бүгінгі таңда жалпыға ортақ, көпшіліктің бәріне қажет ұлттық тілі қалыптасып үлгермеген бір ғана мемлекет бар, ол – біздің сүйікті Қазақстанымыз. Іргемізде жатқан Өзбекстанда – өзбекше, Тәжікстанда, негізінен, тәжікше сөйлейді, Түркіменстандағы жағдай да жаман емес.

... Кешегі қызыл империя дәуірінде зорлық-зомбылықты көбірек көргеніміз де өтірік емес. Бірақ кейде өзіміздің өзбек ағайынның: «Орыс болу үшін – алдымен қазақ болып ал!» деген қалжың сөзі есіңе түседі.

... Басқасы басқа, ал жергілікті тұрғындарының 90 пайызынан астамы кәдімгі қаракөздер болып келетін Қызылорда облысында, мәселен, осы күнге шейін орыс мектептерінде оқитын оқушылардың дені – қазақ есімдестер. Қызылорда мен Шымкенттен шыққан зиялылардың біразының отбасында осы күнге шейін балалары орысша сайрап отыратыны тағы өтірік емес.

Көпшілік арасындағы қазіргі ахуалымыз осындай. Қазақшаның көсегесін көгертпей отырған үкімет мүшелерін, парламент депутаттарын сынай-сынай әбден шаршадық. Бірнеше мәрте өзгертіп, толықтырып қабылдаған Тіл туралы Заңымыз да бәріміз күткендей қауқар таныта алмай отыр.

... Сонда қайтпек керек? Әрине, кез келген тіл қажеттілік жағдайында ғана өмір сүре алады. Қазақ тілінің қажеттілігін арттырудың жалғыз жолы – осы тілде сөйлейтіндердің санын көбейту. Ал жұртымыздың санын жедел көбейтудің қазіргі төте әдісі – шет мемлекеттерді жайлап жүрген қазақтардың көшін ата қонысқа қарай бұрап әкету, дұрысы – бұрып әкелу. Айрықша Қытай жайлаған біржарым миллион қандастарымызды, Өзбекстан жайлаған миллионнан астам қандастарымызды қара шаңыраққа әкеліп қоныстандырмай, жуық арада біздің тілдік, демек елдік мәртебемізді көтеріп әкету оңайға түспек емес.

... Осы ағайындарымызды республикамыздың теріскей аймақтарына апарып тұрақтатсақ, ол жақтың демографиялық ахуалы түзеліп, қазақша сөйлейтіндер саны көбейе түсер еді. Әрине, ол ағайындарымыздың мына біздің қалың қазақ жайлаған Қызылорда мен Шымкент қалаларында тұратын менің кейбір туысқандарым секілді балаларын орыс мектебіне оқуға бермейтіні кәміл.

Қалың елің тұтас ана тілінде сөйлемей, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге көтерілмесі айдан анық.


Оразбек Сәрсенбай,

жазушы.
* * *
…Тілді білуге міндетті емес, мәжбүр бол.

…Мәжбүр дегенді мен, көбінесе, немістерге қарап айтамын. Кеңестік, қазақстандық, ресейлік немістер дейміз, солардың Германияға көшкендерінің әдеби тілде сөйлеулері мәз емес. Кезінде олар сөйлеген диалект 200 жылдан бері істен шығып қалған. Германияға осы жақтан көшіп барған немістер «толық неміс» болмай қалды да, сол мәжбүрлік дегеннің арқасында екі-үш жылдың ішінде тілді үйреніп үлгерді.

…Осы дайын емеспіз (мемлекеттік тілге көшуге – Д.Д.) деген сөз – бекер сөз. Қазір дайын болмаса, ол қашан дайын болады.

…Қазақстанда тұрады екенсің, қазақ тілін білгенің жөн. Орыс бол, шүршіт бол, қазақ тілін білгенің жөн. Ал қазақтардың өздері қазақ тілін білуі міндетті. Мәселен, немісі, шүршітіңіз қазақшаны қанша меңгергенімен олар қазақ тілін байытпайды, қазақ тілін ары қарай дамыта алмайды. Қазақ тілін дамытатын да, байытатын да қазақтардың өздері.


* * *
Германияда ана тілін білмейтін қай неміс лауазымды қызметте жүріп, халықтың қалаулысы болып, парламентте отыр? Қай неміс, қай француз орысша сөйлеп, жазып, дана болып жүр? Осы жағдайға да бірауық назар аударып көрейікші...
Герольд Бельгер,

жазушы.
* * *
Назарбаев мырзамен алғашқы жиналыстарымызды 1992 жылдың 28 қыркүйек айында Ыстанбұлда өткіздік. Жиналыстан төрт сағат бұрын Назарбаев мырзадан бұл жиналысты қай тілде жүргізетінімізді сұрадым. «Орысша-түрікше» деп жауап береді деп ойлаған едім. «Қазақша-түрікше» деп жауап берді. Аз уақыттың ішінде қазақ тілін білетін аудармашыны қайдан табамын деп сасып, біреу төбемнен ыстық су құйып жібергендей болды.

Ыстанбұлда қазақ қоғамы бар. Төрағасына телефон ашып, жағдайды түсіндірдім. 3 сағат ішінде әр секцияның басында қазақ тілінде сөйлейтін аудармашыларымыз сақадай сай тұрды.


Нихат Гөкигит

ТЕКФЕН холдинг АҚ президенті

(«Егемен Қазақстан», 30.06.00).

Татымды сөз
Тіл тұтастығы туралы
Біз Алла тағала берген өз мәртебемізді өзіміз кемітпейік. Диаспораның тілінде сөйлеп отыру дүниежүзілік қауымдастық алдында ұят емес пе? Бұл - өзімізді-өзіміз сыйламау ғой. Өзін-өзі сыйламайтын елді, түптің түбінде, ешкім де сыйламайтын болады.

... Америка Құрама Штаттары, аты айтып тұрғандай, құрама ұлттардан құралған. Егер ол штаттардың әрқайсысы әр ұлт тілімен сөйлесе, онда ол ел баяғыда-ақ ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кеткен болар еді. Ол елді біріктіріп тұрған – ең алдымен, тіл!

... Сол Америкамен жапсарлас орналасқан Канадада англо-канадалықтар мен франко-канадалықтар қатар өмір сүріп жатқаны белгілі. Соның Квебек жағын мекен ететін француздар біздер жеке мемлекет боламыз деп қайта-қайта референдум өткізеді. Неге? Тіл тұтастығы жоқтықтан.

Ұлт қауіпсіздігін қандай бір саясатыңыз да, қандай бір қарулы күштеріңіз де, қандай бір заң орындарыңыз да тіл сияқты сақтап, қорғай алмайды. Олардың бәрі де ұлы мәртебелі Тілдің алдында дәрменсіз!
Темірхан Медетбек,

ақын.
* * *
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның бірқатар баптары әлі күнге … қозғалыссыз күйінде қалып келеді. Тіпті Үкімет тапсырмасы бойынша 2002 жылы күшіне енуге тиісті жоғарыда аталған заңның 23-бабының 3-тармағы бойынша, атап айтқанда, мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде біліктілік талабына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін белгілейтін заң жобасы …әзер деп қолға алына бастады. Соның өзінде кейбір лауазым иелері: «Бұның уақыты әлі жетпеген мәселе. Қоя тұрсақ қайтеді?» десе, екіншілері одан Конституцияға қайшылық іздеп әуре болуда. Кезінде Тіл заңын Конституциялық Кеңес қарап, толықтай мақұлдағанын, сірә, ұмытып кетсе керек. Мен мұны мемлекеттік тілге қолдан жасалған қиянат деп санаймын. Мәселен, Пәкістанда мемлекеттік тілге қарсылықты мемлекетке қарсылық деп таниды. Қытай тіл тұтастығын ел тұтастығы деп ұғады. Ал түпкілікті халықтың саны келімсектерден аз болып отырған Малайзияда мемлекеттік тіл мәселесіне күмән келтіруге тыйым салынған.

… Бір кездері тілдік тұйықталуды бастан кешкен жапон тілі қазір әлемнің төрт тарабына еркін тарауда. Өйткені жапон тілін дамытуды мемлекет түгел өз мойнына алған. Бюджеттен қаржыландыратын шет елдердегі Жапон қоры мен Жапон тілі мұғалімдерінің қоғамы Сыртқы істер министрлігімен тізе қоса отырып, 1983 жылы ғана әлемнің 105 орталығы мен 359 ұйымын мұғалімдермен, бейнебағдарламалармен, слайд, сөздік, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен.

… Әлемнің Қытай, Түркия, Франция, Латвия және т.б. көптеген елдерінде Тіл заңын іске асыру мен оны бақылауды жүзеге асыратын арнайы мекемелер жұмыс істейді. Мысалы, Латвияның «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Заңы бойынша кәсіптік міндеттерін атқаруда мемлекеттік тілді белгіленген дәрежеде пайдаланбағаны үшін өте үлкен айып салынады. Одан түскен қаражатты тілді дамытуға жұмсайды.

… Тіл тазалығы жөнінде Түркия, Франция мемлекеттерінің жүргізіп отырған саясаттарының сабақтары мол. Түркиядағы Ататүрік бастаған тіл реформаларының орны бөлек.

… Франция президенті Жорж Помпиду кезінде француз тілінің тазалығын қорғау комитетін құрған. Ал 1985 жылы Франсуа Миттеран компьютер бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізуге тыйым салды. Бүгінде Франциядағы саяси партиялар мен қозғалыстар «англо-американдық тілдік империализмге» қарсы күресуде. Мұны барынша қолдаған Сенат «Француз тілі туралы» жаңа Заң жобасын талқылауда. Ол Заң бойынша Францияда француз тілінің тазалығы мемлекет тарапынан жан-жақты қорғалады. Заңда 3500-ден астам ағылшын терминін қолданыстан шығару көзделген. Ал орынсыз қолданғандарға айып салынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет