Мезенхима. Мезенхима эмбриондық дамудың бастапқы кезінде ұрықтық жапырақшалар пайда болғаннан кейін түзілетін жабайы дәнекер ұлпасы. Мезенхима негізінде мезодермадан бөлініп шығатын ұрықтық жапырақшалар мен біліктік мүшелердің аралығын толтыратын тармақтары бір – бірімен ұштасып тор құрайтын жұлдыз пішінді клеткалардан тұрады. Мезодермадан пайда болатын мезенхиманы энтомезенхима деп атайды. Мезенхима қан клеткаларына, алғашқы қан тамырларына, дәнекер ұлпасына, шеміршек, сүйек ұлпаларына жіктеледі. Мезенхиманы түзуге эктодермадан пайда болатын ми қабығы дамитын ұрықтық бастама – эктомезенхиманы немесе нейромезенхиманы құраушы нерв жолағы да қатысады. Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы мезенхимадан пайда болады. Мезенхиманың клеткаларының ядросы ірі, пішіні сопақша келеді, цитоплазмасында эндоплазмалық тор жақсы жетілген және митохондриялар көп болады. Клеткаларының арасында белоктармен қосылған мукополисахаридтік клеткааралық зат орналасқан.
Қан– трофикалық және қорғаныш функцияларын атқаратын сұйық дәнекер ұлпа. Ол пішіндік элементтер мен плазмадан тұрады. Пішіндік элеметтерге қызыл және ақ клеткалар жатады. Плазмада қан пластинкалары (тромбоциттер) болады.
Қызыл клеткаларды эритроциттер (гректің эритрос – қызыл), ақ клеткалары лейкоциттер (гректің лейкос – ақ) дейді. Қан пластинкалары (тромбоциттер) тұтас клеткалар емес, мембранамен қапталған цитоплазманың бөлігі. Бұлар сүйек майында өте ірі клеткалар – мегакариоциттердің ыдырауының нәтижесінде пайда болады. Қан пластинкаларының ядроның құрылымды бөліктері болмайды. Осы белгісі жағынан сүтқоректілердің қаны құстардың қанынан ажырайды. Құстарда адамның қан пластинкаларының қызметін атқаратын тромбоциттер (грекше тробос – ұю) деп аталатын ядролы кішкене клеткалар болады. Бірақ қан пластинкалары тұтас клеткалар болмаса да тромбоциттер делінеді. Олардың 1 мм3 қандағы саны 250 000 – 350 000 деп бағаланады.
Эритроциттер мен пластинкалар қызметтерін тікелей қанның ішінде, ал лейкоциттер өздерінің әртүрлі міндеттерін қанда емес, дәнекер ұлпасында атқарады.
Эритроциттерді 1673 ж Левенгук ашқан. Бұлар қаннның негізгі клеткалары. Лейкоциттерге қарағанда 500-1000 есе көп. Ерлердің 1мм3 қанында 5миллионға жуық, әйелдерде 4-4,5 миллион эритроциттер болады. Адам организмдегі эритроциттердің саны орташа есеппен 25 триллион. Эритроциттердің саны организм жынысына, жасына, физикалық күйіне, жердің биіктігіне, жыл маусымына және басқа факторларға байланысты өзгеріп отырады. Жаңа туған нәрестелердің 1 мм3 қанындағы эритроциттердің саны 6-7 млн – ға жетеді. Содан кейін азаяды, 10-11 жасқа келгенде қалпына келеді. Ерлерде қартайған кезде қайтадан көбейеді, оның себебі олардағы гемоглобиннің азаюының салдары.
Эритроцит құрамының 66 проценті су, 33 проценті гемоглобин белогі. Гемоглобин белоктік бөлік глобин мен пигмент гемнен тұрады. Сонымен бірге эритроциттерде басқа белоктар, атап айтқанда, ферменттер және липидтер болады. Эритроциттер оттегін тасымалдауға бейімделген жоғары дәрежеде жіктелген клеткалар. Осы бағытта адаптациялану процесі кезінде олар сүтқоректілерде ядросынан айрылған. Төменгі сатыдағы омыртқалылардың эритроциттері ядролы клеткалар, бірақ ересек кезінде бөліну қабілетінен айрылады. Эритроциттерде митохондриялар, рибосомалар, клетка ішіндегі мембраналар жүйесі болмайды. Бұл жағдайда олардың өмірі ұзаққа созылуға тиісті емес, 100 – 120 күннен кейін өледі. Секунд сайын организмде эритроциттердің миллиондаған саны өледі. Бірақ олардың саны қан жасалуы арқылы қалпына келеді. Эритроциттер организмнің қуаттануында маңызды рөл атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |