Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров— грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Жақсылық Үшкемпіров спорттағы жетістері үшін “Құрмет белгісі”орденімен, Герой труда Казахстан, Барыс орденімен марапатталған.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы Жамбыл облысына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы мал дәрігерлік институтына түсіп, зоотехникалық мамандықты таңдаған. Жақсылық Үшкемпіров 1974 жылы институтты тәмамдап, қазақ жеріне еңбегі сіңген жаттықтырушы В.А. Писаревтің басшылығымен Алматыға ат басын бұрады. Кішкентайынан қазақша күреспен айналысқан ол жоғары оқу орнында білім алып жүріп, күрестің классикалық және еркін түрлерімен шұғылдана бастаған. Роман Хасанұлы Ильматовтың кеңесімен 1970 жылдан бастап, өзіне таңсық күрестің жаңа классикалық түрімен айналысуды жөн көрген. Әр спортшының өзіндік құпия тәсілдері болады емес пе? Үшкемпіровтың де жауды тізе бүктіретін құпия тәсілдері болатын. Солардың бірі – арқадан асырып лақтыру, бұл тәсілді балуан жақсы меңгеріп, соның арқасында талай қарсыластарын тізе бүктірген. Жақсылық Үшкемпіров күрес кезінде өз қарсыласын дәл бағалай біліп, оның осал жерлерін анық байқап, кездесу нәтижелерін өз пайдасына шешетін. 1975 жылы Алматыда өткен алтыншы жазғы халықтар Спартакиадасында балуанның жолы болып, қазақ даласының ең таңдаулы боз кілем шеберлерімен белдесіп, бірін қалдырмай жеңіп, Спартакиада чемпионы атанады. Бұл Үшкемпіровтың бірінші алтын медалі еді. Бұл жарыстардан кейін де Ж.Үшкемпіров қазақ елінің чемпионаттарында жеті дүркін жүлдегер атанған. Халықаралық жарыстардан жүлдесіз қайтпайтын ол Олимпиада ойындарына да жолдама алды.
Биография
ХХІІ Олимпиада ойындарында Мәскеуде жеңіске ие болды. Бірнеше рет Грек-рим күресінен КСРО біріншілігінің жеңімпазы, КСРО халықтарының ВЫ жазғы спартакиадасының жеңімпазы,
1981 жылы әлем чемпионы,
1982 жылы әлем кубогінің күміс жеңімпазы,
1974-1984 жылдар Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы.
1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіровты үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
1984-1993 жылдар республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры.
Жұлдызды Сәті
1980 жыл. Мәскеу. Әлемдік спорт тарихындағы елеулі оқиға – Олимпиада ойындары. Бұл ойынға қазақ намысын қорғау үшін бірталай спортшыларымыз ат басын Мәскеуге бұрды. Солардың арасында Жақсылық Үшкемпіров те болды. Қазақ балуанының жеңіске жететініне тек оның жаттықтырушысы Вадим Александрович Писарев қана сенгенімен, қалғандары күмәнмен қарады. Міне,айқасатын сәт те келіп қалды. Олимпиаданың жеребе тастау рәсімінің қорытындысы бойынша, қазақ балуаны бірінші белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы Александрумен айқасатын болды. Үшкемпіров секілді чемпиондыққа үміткерлердің қатарында: румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештер болған. Бірақ, қарсыласын қырғидай қырған қазақ балуаны Ж.Үшкемпіров чемпион атанып, осы жарыста күллі әлемге ел атын асқақтатып қайтты.