Әлемде ЖҚТБ тұмсығын сұқпаған елдер жоққа тән. Бұл ажалдың тырнағынан жыл сайын 3 млн. адам өліп отырады. Оның 92 мыңы араб елдерінен. Бар-жоғы 700 мың халқы бар Бахрейнде 23 адам, Мысырда 1500 адам қатерлі дертті жұқтырған. Демек, бұл ислам әлемінің де одан сақтандырылмағанын көрсетеді. Жалпы бүгінде күллі әлемде ЖҚТБ (СПИД) ауруына шалдыққандар саны 50 миллионға жетіпті. Жыл сайын көрсеткіш те өсе түсуде. Дүниежүзілік ЖҚТБ-ға қарсы күрес орталығының деректеріне сүйенсек, күні бүгін бұл сырқаттың таралуы жағынан бірінші орында Тайланд келеді. Екінші орын Ресейге тиесілі. Үшінші, төртінші кезекте Австралия мен АҚШ тұр. “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” дегендей, Қазақстанға 32-ші орын тиген екен. Осы тізімнің ең соңғы қатарында Польша бар. Бір қызығы мәліметтерге көз жүгіртсек Монғолия, Қытай және Кубада ЖҚТБ жоққа тән екен. Осы ұйымның хабарлауынша 2015 жылға қарай бұл аждаһадан 75 млн. адам ажал құшатын көрінеді. Қазақстанда 1 шілдедегі дерек бойынша АҚТБ/ЖҚТБ дертіне шалдыққандар саны 14812 адамға жетіпті. Оның ішіндегі 334-і 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл жөнінен көршілес Өзбекстанды басып озыппыз (12816 адам).
Жұқпа жұқтырылған күнінен бастап ағзада өзінің бұзушылық жұмысын атқарады, иммундық жүйенің жасушаларын жаулап алады. ЖҚТБ диагнозы осы жасушалардың 80 пайызын бұзылуын білдіреді. АҚТҚ жұқпасын емдеуге арналған дәрі-дәрмек әлі ойластырылып табылмаған. Бірақ бүгінгі таңда науқастың өмір сапасын жақсартуы және өмірінің ұзақтығына әсер ететін дәрі-дәрмек бар.